ҰМЫТ БОЛҒАН СОЛТҮСТІК ЖІБЕК ЖОЛЫ

Сырдария дәлізі Қытайды Алтын Ордамен қалай байланыстырды?

~ 13 мин оқу

Коллаж / Qalam

Әдетте Жібек жолын Қытайды Самарқан мен Бұхара сияқты ірі қалалармен байланыстырған оңтүстік бағыт ретінде атайды. Алайда соңғы зерттеулерде мүлде басқаша көзқарас басым: Сырдария өзені бойымен өтетін солтүстік дәліз бір кездері Шығыс Азия мен Алтын Орда арасындағы сауданың күретамыры болған екен.

Бүгінде қала қирандыларын құм қатпарларынан біртіндеп аршыған сайын, осынау ұмыт қалған желі Орталық Азияның әлем тарихындағы рөлі туралы түсінігімізді қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.

Мазмұны

Жібек жолы күллі Азияны тармақтай қамтыған сауда жолдарының желісі болған. Алайда қалыптасқан қоғамдық түсінік оны Самарқан мен Бұхара арқылы өтетін оңтүстік бағыт деп келеді.

Ал деректер басқаша сөйлейді: жүздеген жыл бойы, тіпті Жібек жолының 16–17-ғасырлардағы құлдырауына дейін, Сырдария бойымен өтіп, Отырар, Түркістан, Сығанақ және Сауран сияқты онша танымал емес қалаларды қамтыған солтүстік бағыттағы қатынас жолы анағұрлым маңызды рөл атқарған. Дәл осы жол Алтын Орданың орыс жерлерін түркі-моңғол әлемінің басқа бөліктерімен байланыстыратын негізгі сауда және қатынас дәлізінің қызметін атқарған.

Ескі Отырар қаласының төбеден көрінісі / Alamy

Жібек жолын қайта қарастырсақ...

«Жібек жолы» атауын 1877 жылы ғылыми айналымға енгізген неміс геологы Фердинанд фон Рихтгофен болса, содан бергі ғалымдар осы бір үлкен ұғымның нақты нені білдіретіні жөнінде әлі күнге дейін дауласып келеді.

Бір қарағанда, мұның қарапайым әрі түсінікті анықтамасы бар сияқты: «Жібек жолы деп жібекті Қытайдан Орталық Азия шөлдері арқылы Еуропаға құрлықпен тасымалдаған жолды атаймыз». Алайда бұл анықтамадан шығатын жауаптан гөрі сұрақ көп.

Фердинанд фон Рихтгофен. Германия, 19-ғасырдың соңы / Wikimedia Commons

Жібек жолын шығыс-оңтүстікте Қытаймен шектеу керек пе, әлде Жапония, Корея, Үндістан және басқа да өңірлерді де қамту қажет пе? Ол шынымен де ең алдымен жібек саудасымен байланысты болды ма, әлде Дэвид Чаффец еңбегіндеiDavid Chaffetz, Raiders, Rulers and Traders: The Horse and the Rise of Empires, New York: 2024 көрсеткендей, шешуші рөлді жылқы саудасы атқарып па еді? Ол бір ғана бағытта жылжыған жол болды ма, әлде күллі Азияның жүздеген қаласын жалғаған көптармақты желі ме еді?

Бұл сұрақтардың нақты бір жауабы жоқ. Ғалымдар мен тарихшылардың көзқарасы әртүрлі болса да, жаппай туризм дәуірінде көпшілік санасында бұл ұғым ең алдымен Орталық Азиядағы Самарқан мен Бұхара, сондай-ақ шығысқа қарай — Қашғар мен Жаркентпен байланыстырылып келеді.

Түйелі керуеннің тынығуы. Антиохия. Түрлі-түсті гравюра, 19-ғасыр / Getty Images

Алғашқы сауда байланыстары және өңірлік алмасу

Самарқан мен Бұхара тек 14-ғасырдың соңына қарай, Әмір Темір дәуірінде Жібек жолында ерекше маңызға ие бола бастады. Темір Самарқанды астана етіп (кейін өзі осында жерленді), оны сәулет ескерткіштерінің ғажайып үлгілерімен көркейткені белгілі. Бірақ бұл екі қала оған дейін дәл сол деңгейде маңызды болған жоқ.

Жібек Рим империясы заманынан-ақ бағалы тауар ретінде жоғары сұранысқа ие болғанымен, алғашқы кезеңдерде Қытай империясы Орталық Азия арқылы Батысқа тауар экспорттауға айтарлықтай мән бере қойған жоқ. Сауда негізінен жергілікті сипатта болып, көбіне көршілес қалалар арасында жүргізілді. Бұл әсіресе Орталық Азияда Қытай ықпалы күшейген және буддизм кең тараған кезеңдерде байқалды. Жібек жолы халықаралық сауда жүйесіндегі маңызды рөлге кейінірек ие бола бастаған-ды.

Әмір Темір мұражайындағы Темір бейнеленген сурет. Ташкент, Өзбекстан, 10 қараша / Getty Images

7-ғасырдан бастап арабтардың Орталық Азияның оңтүстік өңірлеріне жылжуы, сондай-ақ оның солтүстік және орталық аймақтарында түркі халықтарының ықпалының күшеюі, керісінше, Қытаймен арадағы сауданың дамуын тежеді. Өйткені сол кезеңде Самарқан мен Бұхараның өркендеуіне елеулі үлес қосқан арабтар сауда байланыстарын ең алдымен Бағдат пен Иранға бағыттаған еді.

Осы тақырып бойынша тағы

Орталық Азия

13-ҒАСЫРДАҒЫ ТӨЛҚҰЖАТ, ҚОНАҚҮЙ МЕН ЖЕДЕЛ ЖЕТКІЗУ ҚЫЗМЕТІ

Жібек жолы бойындағы саяхат шын мәнінде қалай жүргені және неге ол жай ғана керуен жолы болмағаны хақында

«Моңғол ғажайыбы»

Бір қызығы, 13-ғасырдың басында моңғолдар мен олардың одақтастарының пайда болуы Жібек жолы бойындағы сауданың дамуына үлкен серпін берді. Осы кезеңде Шыңғыс хан әскері небәрі бірнеше онжылдық ішінде Еуразияның едәуір бөлігін жаулап алды. Мұндай ұлан-ғайыр империяны басқару үшін тиімді байланыс жүйесі қажет болды. Ол моңғолдардың ям қызметіне (моңғ. örtöö)) негізделді: бұл пошта және курьерлік станциялардан тұратын желі еді. Осы жүйе империяның астанасы Қарақорым мен батысқа қарай созылған түрлі ұлыстар арасындағы жедел байланысты қамтамасыз етті.

Моңғол хабаршысы Гоби шөлі арқылы хат алып бара жатыр / bridgemanimages.com

1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін империя оның төрт ұлының иелігіне бөлінді: Жошы (қайтыс болғаннан кейін оның билігін ұлы Бату жалғастырды), Шағатай, Үгедей және Төле. Олардың ұрпақтары Ұлы ханның мәртебелі билігін мойындай отырып, Орталық Азияны ғана емес, Қытай, оңтүстік Ресей, Иран мен Шығыс Түркістанды алып жатқан алып империяны биледі.

Моңғолдардың ям жүйесі қатаң бақылаудағы, жақсы жабдықталған әрі сенімді қорғалған құрылым еді. Ол Жібек жолының керемет тірегіне айналды. Осы жолмен әскер жүрді, қару-жарақ, азық-түлік, тіпті мал азығы да тасымалданды. Кейін империя нығайған сайын бағалы бұйымдар жүктің қатарына қосыла бастады. Батысқа баратын ең күрделі бағыттардың бірі империяның ең шалғай аймақтарына — Балқаш пен Оралдан Мәскеуге дейінгі жерді қамтыған Алтын Ордаға жетелейтін жол еді.

«Pax Mongolica», яғни «моңғол бейбітшілігі» кезеңінде, әсіресе Шыңғыс ханның немересі Құбылай Юань әулетін құрып, император болғаннан кейін Қытайдан келетін тауар ағыны едәуір күшейді.

Осы тақырып бойынша тағы

Орталық Азия

ОРДАНЫ ҚАЙТА ОЙ ЕЛЕГІНЕН ӨТКІЗУ

Тарихшы Мари Фаверомен сұхбат

Қазіргі Шыңжаң аумағындағы Такла-Макан шөлін айналып өтетін екі негізгі керуен жолы болды: бірі — Хами арқылы өтетін солтүстік бағыт, екіншісі — Тибеттің солтүстігіндегі таулы аймақтарды жағалай өтетін оңтүстік бағыт. Солтүстік жолмен жүргендер не Қашғарға бұрылып, кейін оңтүстік тармақпен қосылатын, не болмаса Сырдария өзені бойымен Арал теңізінің солтүстігін айнала өтіп, одан әрі Еділ сағасына және Алтын Орданың астанасы Сарайға қарай бет алатын.

Солтүстік Жібек жолының гүлденуі

Сырдария бойымен өтетін солтүстік-батыс бағыт (шартты түрде Солтүстік Жібек жолы деп атауға болады) — Исфиджаб (Сайрам), Отырар, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Женд және Янгикент (Жанкент) қалалары арқылы өтіп, әрі қарай Арал теңізінің солтүстік жағалауын бойлай, шөлдер мен далалар арқылы Еділ сағасына жететін. Одан кейін жол Алтын Орданың орталықтары — Сарай мен Қазанға немесе батысқа қарай Қара теңіз жағалауындағы Қырым хандығына қарай жалғасатын.

Qalam редакциясы

Кей керуендер Қытайдан шығатын «Іле» бағытын таңдады: олар Хами мен Турфаннан Жоңғар қақпасы арқылы Алакөл маңынан өтіп, Балқаш көлінің оңтүстігіне қарай түсіп, Іле өзенінен өтіп, қазіргі Қазақстанның Жетісу өңірі арқылы жүретін.

Айта кетер бір жайт, 13-ғасырда (кері бағытта) Орталық Азияға келген алғашқы еуропалықтар дәл осы жолды пайдаланған. Мысалы, папа елшілерінің екеуі — дін қызметкерлері Вильгельм Рубрук пен Джованни да Плано Карпини Қарақорымдағы моңғол астанасына барарда осы жолмен жүрген. Бұл жағдай осы бағыттың сол кезеңде-ақ қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.

Өз кезеңінде Отырар Лондон мен Парижден де үлкен болған

Рубрук 1254 жылы Қаялықта (Қойлық) болған сапары туралы егжей-тегжейлі жазып қалдырған. Бұл — Жетісу өңірі, Балқаш көлі маңында, қазіргі Талдықорғаннан шамамен 190 шақырым солтүстікке қарай орналасқан ірі қарлұқ қаласы (қирандылары бүгінгі күнге дейін сақталған). Рубрук Қаялықта мешіттер, будда ғибадатханалары және несториан шіркеулері болғанын, ал тұрғындарының көпшілігі парсы тілінде сөйлегенін атап өтеді.

Автор Қаялықтағы будда ғибадатханасы қирандыларының ортасында. Жетісу / Суретті ұсынған — Ник Филдинг

Қытайдан немесе Моңғолиядан келген саяхатшылар Қаялықта аялдап, Жетісу қалалары — Ақтам, Қарамерген және Ағашаяқ арқылы оңтүстік-батысқа қарай Таразға немесе Исфиджабқа бет алып, сол жерден Жібек жолының Сырдария бойындағы негізгі тармағына түсетін. Бүгінде бұл қалалардың көпшілігінен із қалмаған, өйткені олардың біразы 13-ғасырда моңғол шапқыншылығы кезінде қиратылып, қайта қалпына келтірілмеді.

Сырдария алабындағы бірқатар көне қалашықтарда жүргізілген табысты археологиялық қазба жұмыстары өңір елдеріне олардың көпшілігін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жөнінде ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді. Мәселен, Қазақстан Ферғана — Сырдария дәлізіiК.М.Байпаков, Д.А.Воякин. Казахстанский отрезок Великого Шелкового пути в серийной номинации ЮНЕСКО. Алматы: 2012 деп аталатын нысандар қатарына кіретін тоғыз археологиялық ескерткіштің тізімін ұсынды. Бұл дәлізге Қытайдың орталығынан бастап қазіргі Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларына дейін созылатын, ұзындығы шамамен 5 000 шақырым болатын Чанъань — Тянь-Шань бағытымен байланысты және 6–16-ғасырларда гүлденген 33 қала кіредіi‘The Chinese Section of the Silk Roads’, https://whc.unesco.org/en/tentativelists/6093/.

Қазақстанның Ферғана-Сырдария дәлізі бойынша ЮНЕСКО-ға ұсынған өтінімінде әр көне қала жан-жақты сипатталады: олардың тарихи маңызы, сәулет ерекшеліктері, гүлдену және құлдырау кезеңдері, сондай-ақ археологиялық зерттеулер нәтижелері көрсетіледіi‘Silk Roads: Fergana-Syrdarya Corridor’, https://whc.unesco.org/en/tentativelists/6568/.

Мысалы, Түркістан маңында орналасқан Отырар моңғолдар қиратқанға дейін дамыған суару жүйесі бар маңызды әкімшілік орталық болған, басқа өңірлермен сауда байланысы да жолға қойылған еді.

Сол сияқты, Сырдария бойындағы қалалардың басым бөлігі шаһарды ауыз сумен де, егіншілікпен де қамтамасыз еткен күрделі ирригациялық жүйелерге тәуелді болды. Мәселен, 1200 жылы Отырар халқы шамамен 200 мың адам болса, сол кезеңде Лондонда 40 мыңдай, Парижде 110 мың, ал Венецияда 70 мың адам тұрған. Яғни Отырар өз кезеңінде Париж бен Лондоннан да, Венециядан да үлкен болған.

Отырар қирандысындағы Шахристан қақпасы / Getty Images

Бұл тізімге енген қалалармен қатар, Асанас (Арал теңізі мен Хорезммен байланысқан маңызды сауда торабы); Қызылорда маңында орналасқан, орта ғасырларда гүлденіп, Сырдария арнасының өзгеруі мен өңірлік қақтығыстар салдарынан құлдыраған Қышқала; қыпшақ мемлекетінің, кейін Ақ Орданың астанасы болған Сығанақ; ішінара сақталған қуатты қамал қабырғаларымен, орларымен және некрополімен белгілі Сауран; Арал теңізі маңындағы Жанқала (Женд қаласымен байланысты, құрамында бекініс орталығы, тұрғын аймақ, сауда-қолөнер бөлігі, керуен-сарайлар және дамыған суару жүйесі болған ірі қала); сондай-ақ б.з.б. 1-ғасырға жататын жерлеу ескерткіштері бар, оғыз мемлекетінің астанасы әрі ірі бекіністі сауда орталығы болған Жанкентті атауға болады.

Жанқала мен Жанкент маңында Қызылорда облысындағы Байқоңыр ғарыш айлағынан шамамен 90 шақырым оңтүстікке қарай орналасқан Жетіасар оазисі бар. Бұл — Қаңлы мемлекетімен (немесе соғды дәстүрімен) байланысты қоныстар мен қорымдардың (некропольдердің) бірегей шоғырланған аймағы. Осы оазис арқылы керуендер Тянь-Шаньнан бастап Еділ сағасындағы Итильге (Атиль) дейін қатынаған.

Сауран қаласының қабырғалары / Суретті ұсынған — Ник Филдинг

Сондай-ақ Түркістан қаласын да атап өтпеске болмайды. Мұнда Темір әулеті дәуіріндегі сәулет өнерінің ең көрнектілерінің бірі — Қожа Ахмет Яссауидің әйгілі кесенесі орналасқан. Қала ежелгі Ясы шаһарының орнында қалыптасып, орта ғасырларда Орталық Азияны, Қытайды және дала әлемін байланыстыратын маңызды сауда әрі діни орталыққа айналды. Кейін Қазақ хандығының астанасы болып, оның өңірлік маңызы тек саудамен ғана шектелмей, басқа салаларда да арта түсті.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

ЖЫЛҚЫ, ШАЙ МЕН КӨШПЕНДІНІҢ СЕРТІ

Қазақ хандығының экономикасы: қарапайым әрі күрделі құрылым

Көп қалалар 12–13-ғасырлардағы моңғол шапқыншылығына дейін-ақ қалыптасып, гүлденгенімен, бұл кезеңде сауда негізінен жергілікті сипатта болды. Олардың кейбірі, мысалы, моңғолдар қиратқан Отырар, Алтын Орданың Орталық Азия мен оңтүстік Ресейде күшеюінен кейін қайта жанданды. Жошы ұлысының иеліктері Еділден бастап оңтүстіктегі Арал теңізіне дейін созылып жатты. Дәл осы кезеңде Қытай мен Үндістаннан Орталық Азия арқылы өтетін сауда қарқынды түрде дами бастады. Бұл ең әуелі моңғол әскерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін керек еді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Түркістан, Қазақстан / Getty Images

Бұл саудадан Алтын Орда ғана пайда көрген жоқ. Тарихшы Чарльз Гальпериннің айтуынша:

«Кем дегенде 16-ғасырға дейін Мәскеу мемлекеті шығыс саудасына, әсіресе Парсы елімен жүргізілген саудаға белсенді қатысып отырды, сондай-ақ Ярославль мен Еділ бойындағы қосылған хандықтар — Қазан мен Астрахань да осы үдеріске тартылды»iCharles J. Halperin, Russia and the Golden Horde (London: 1985), 85.

Әмір Темір немесе оңтүстікке бет алу

Алайда екі ғасырға жуық уақыт бойы қарқынды дамыған, еуропалық көпестер белсене араласқан Солтүстік Жібек жолының «алтын дәуірі» 1391 жылы Әмір Темірдің Алтын Орданы жеңуімен аяқталды. Өңірді бағындырған Темір Русь бағытынан бас тартып, Сыр өңіріндегі қалалардан Самарқан мен Бұхараға қарай бет бұрды.

Шахи-Зинда архитектуралық ансамблі. 14–15-ғасырлардағы Темір дәуіріндегі қорым. Самарқан, Өзбекстан / Getty Images

Сауда өсе түсті, Иран арқылы Еуропаға жаңа жолдар ашылды. Темір әулеті сарайының ауқатты өкілдері осы қалаларда салтанатты сарайлар, мешіттер мен медреселер сала бастады. Кейін бірнеше ғасырда түрлі алапатқа ұшыраса да, Самарқан мен Бұхара күні бүгінге дейін сұлулығын сақтап, сәулет өнері, тоқыма бұйымдары мен әдеби мұрасының байлығымен таңғалдырудан танған жоқ.

Алтын Орда құлағаннан кейін керуендер табысы мол жаңа нарықтарға бағыт алды. Самарқаннан оңтүстік-батысқа қарай Мерв пен Гератқа, кейін Иранға, одан әрі Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы османдық қалалар Антиохия мен Тирге қарай бет алды. Сауда негізінен ирандық көпестердің қолына шоғырланып, олар тауарларды венециялықтар мен генуялықтарға өткізіп, кейін бұл өнімдер бүкіл Еуропаға тарады. Бұған сол дәуірдегі Еуропа сурет өнерінде түрік және парсы кілемдерінің бейнеленуі дәйек бола алады.

Ян Вермеер, «Ұйқыдағы ару». 1657. Метрополитен мұражайы, Нью-Йорк / Wikimedia Commons

Темірдің ондаған қаланы қиратуы және олардың халқын жойып жіберуі тұрақты империялық басқару үлгісін қалыптастыра алмады. Дегенмен бұл оған Самарқан, Бұхара, Ташкент және көркем Түркістан қалаларын көркейту үшін орасан байлық жинауға мүмкіндік берді. Оның билігі тұсында Самарқан әлемдегі ірі қалалардың біріне айналды. Шаһар байлығы Орталық Азия, Иран, Таяу Шығыс пен солтүстік Үндістанды тонау, халқын қанау есебінен артып отырған еді. Темір қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері өзара тартысқа түсіп, империя біртіндеп ыдырай бастады.

Британдық гамбит

16-ғасырдың ортасына қарай, әсіресе 1550 жылдары Қаһарлы Иван Қазан мен Астрахань хандықтарын жаулап алғаннан кейін, Жібек жолының бұрынғы Солтүстік бағыты бойындағы сауда күрт құлдырай бастады. Әл-ауқаты керуен саудасына тікелей тәуелді Сырдария бойындағы қалалар біртіндеп қаңырап бос қалды немесе бұрынғы қуатының әлсіз көлеңкесіне айналды. Бұрын моңғол әскерінің қатаң бақылауында болған қауіпсіздік жүйесі де күйреді. 1560 жылы ағылшын саяхатшы-көпесі Энтони Дженкинсон Бұхараға жеткенімен, жол бойындағы қақтығыстарға байланысты шығысқа қарай сапарын жалғастыра алмады.

Энтони Дженкинсонның түпнұсқа картасы. 1562 жыл / Wikimedia Commons

Ол Ресеймен сауда жасауға монополиялық құқыққа ие болған ағылшындардың «Мәскеу компаниясы» деп аталатын сауда ұйымының құрамында еді. Бұл топ әлі де Жібек жолы саудасының бір бөлігін Шығыс Жерорта теңізі мен Қара теңізде әрекет еткен генуялықтар мен венециялықтардан тартып алуға болады деп сенді. Олардың жоспары қарапайым болды: сауданы қайтадан солтүстікке бағыттау, не Самарқан мен Бұхарадан, не Каспий теңізі арқылы Ираннан Астрахань мен Еділге жеткізу. Одан әрі тауарларды орыс өзендері арқылы Ақ теңізге шығарып, сол жерден теңіз жолымен Англияға тасымалдау көзделді. Осылайша, жібек, асыл тастар мен дәмдеуіштер саудасынан түсетін аса жоғары табыс пен бақылау венециялықтар мен генуялықтардан ағылшын көпестерінің қолына өтуі тиіс еді.

Сол кезеңде «Мәскеу компаниясының» агенті Майкл Локк атап өткендей: «Парсы елінен Ресей арқылы өтетін сауда Англия үшін аса маңызды болар еді. Асыл тастар, жібек, дәрі-дәрмек, галл (тері илеу мен бояуда қолданылатын, жәндіктерден алынатын өнім), ашудас және басқа да тауарларды тікелей көзінен алуға мүмкіндік туды. Түріктерден төнетін қауіпті айналып өтіп, Италия мен Испанияның бақылауынсыз, сондай-ақ Португалия королінің рұқсатынсыз жеткізуге болар еді. Осылайша, Ресей мен Парсыдан келетін барлық тауар мол көлемде Солтүстік теңіз арқылы Англияға, одан әрі ағылшындар арқылы Фландрия, Германия, Франция, Испания мен Италияға таралатын еді»iSamuel H. Baron, The Travels of Olearius in seventeenth-century Russia (Stanford: 1967), 4.

«Мәскеу компаниясы» 1555 жылы корольдік хартия алып, екі жылдан кейін Мәскеу арқылы Орталық Азияға алғашқы экспедиция ұйымдастырды. Энтони Дженкинсон Лондоннан Жібек жолының байлығына жол ашу мақсатында төрт сапар жасаған. Соның біріншісі — осы Бұхара сапары. Ол Бұхараға жетіп, Каспий теңізін кесіп өткен алғашқы еуропалық болды.

Қалян кешені. Қалян мұнарасы, мешіті және Мири-Араб медресесі бар архитектуралық ансамбль. Бұхара, Өзбекстан / Getty Images

Кейін ол сауда байланыстарын орнату мақсатында Иранға екі рет сапарлады. 1557–1581 жылдар аралығында Еділ арқылы Иранға алты ағылшын экспедициясы жіберілді. Алайда 1590 жылдары орыс патшалары компанияны еркін транзит құқығынан айырған соң, ағылшындар Парсы шығанағында сауда өкілдігін ашты. 1620 жылы олар Иран шахы Ұлы Аббаспен одақ құрып, португалдарды Парсы шығанағындағы бекіністерінен ығыстырды. Осылайша, ағылшындар Жерорта теңізіндегі генуялықтар мен венециялықтардың ықпалын әлсіретіп, болашақ Британ империясының негізін қалады.

Осы тақырып бойынша тағы

Орталық Азия

КҮҢ БЕ, ӘЛДЕ ХАН ЕЛШІСІ МЕ?

Лондон сән өнерінде төңкеріс жасаған Ару Сұлтанның хикаясы

Бұл кезеңде халықаралық теңіз саудасы қарқынды түрде кеңейе түсті. Шығысқа апаратын жаңа теңіз жолдарының арқасында сауда қауіпсіздеу бола бастады, қарақшылар бұрынғыдай керуендерді емін-еркін тонап кете алмайтын болды. Алайда «Мәскеу компаниясының» сауданы солтүстікке қайта бағыттау әрекеттері нәтиже бермеді. Соған қарамастан, тіпті 18-ғасырда да ағылшын көпестері Иран саудасының бір бөлігін Ресей арқылы өткізу жолдарын іздеуді жалғастыра берді. Мәселен, 1743 жылдың қыркүйегінде ағылшын көпесі Джонас Хенвей Санкт-Петербургтен Мәскеу, Царицын және Астрахань арқылы сапар шегіп, сол жерден кемемен Каспий теңізін кесіп өтіп, Иранға бет алған-дыiJonas Hanway, An Historical Account of the British Trade over the Caspian Sea, with the Author’s Journal of Travels (London: 1754).

Джеймс Норткот. Джонас Хенвейдің портреті. 1785 жыл. Ұлттық портрет галереясы / Wikimedia Commons

Алайда Хенвейдің бұл сапары сәтсіз аяқталды: жүгінің көп бөлігі ұрланып, өзі сырқаттанып, кемесіне қарақшылар шабуыл жасады. Осыдан кейін ағылшындардың сауданы солтүстікке бұрмақ болған талпыныстары тоқтады деуге болады. Солайша, шамамен жүз жыл бойы Орталық Азия қалалары жаңа көлік түрлері басым бола бастаған әлемнен біртіндеп тыс қалып, құлдырай берді.

Орталық Азияны Ресейдің жаулауы және оның трансформациясы

19-ғасырдың соңында, Ресей Орталық Азия хандықтарын жаулап алғаннан кейін Каспий жағалауындағы теміржол салынды да, соның арқасында бұл аймаққа саяхаттау да, ішінара қатынау да едәуір жеңілдеді. 1888 жылдың көктемінде осы өңірді бақылауға алу мақсатында салынған әскери теміржол уақыт өте келе Орталық Азияның кіндігіне жеткізетін басты байланыс бағытына айналды. Каспий теңізі жағалауынан басталған бұл жол Ашхабад пен Мерв арқылы өтіп, Бұхара, Самарқан және Ташкентке жетті. Еуропа саяхатшылары үшін де ең қолайлы бағыттардың біріне айналды. Енді олар Самарқандағы Регистан алаңына еш қиындықсыз жете алатын еді.

Транскаспий теміржолы. Самарқанға алғашқы пойыз келуі. 1890 жыл / Wikimedia Commons

Жаңа теміржол Сырдария бойымен өтпей, Самарқан мен Бұхараны қамтыды. Соның әсерінен Жібек жолы дәуірінен сақталып қалған басты орталық дегенде әуелі осы екі қала еске түсетін болды. 20-ғасырдың басына қарай бұрынғы Солтүстік Жібек жолы біржола ұмытыла бастады.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

МАЙ, МЫС ЖӘНЕ ИМПЕРИЯНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Қазақ даласындағы индустриялану туралы британдардың жазғаны

Бүгінде Сырдария бойындағы көне қалалар қайтадан картаға түсіп, археологтар оларды тереңірек зерттеген сайын, Солтүстік Жібек жолының маңызы жаңа қырынан айқындала түсті. Жаңа дәуірдің бас кезінде дәл осы бағыт Моңғолия мен Қытайды Орталық Азияның далалары мен шөлдері арқылы Алтын Орда иеліктерімен, соның ішінде Ресейдің оңтүстігімен байланыстыратын басты сауда дәлізі болғаны анық. Өзен бойындағы қалалар желісін моңғолдардың пошта станциялар жүйесі қорғады, бұл тек қауіпсіздікті ғана емес, жылдам қатынасты да қамтамасыз етті. Бұл сол заман үшін таңғаларлық жылдамдық еді.

Сырдарияны кесіп өту. Гравюра, 19-ғасыр / Getty Images

Осынау табысты бағыттың құлдырауына бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, Алтын Орданың құлдырауынан кейін өңірде билігі басым болған Әмір Темірдің әскери жорықтары сауданың басым бөлігін оның сүйікті қалалары Самарқан мен Бұхараға бұрды. Ал шамамен бір жарым ғасырдан кейін Қаһарлы Иванның Қазан мен Астрахань хандықтарын жаулап алуы одан да үлкен соққы болды. Бұған қоса, Шығысқа, Оңтүстік Азияға теңіз жолдарының ашылуы әлемдік сауда жүйесін түбегейлі өзгертті.

Дегенмен Жібек жолының Солтүстік бағытының тарихы мұнымен аяқталмайды. Құм астынан көне қалалардың қалдықтары қайта аршылып, жаңа археологиялық зерттеулер жүргізілген сайын, Орталық Азия мен тұтас Жібек жолының тарихына қатысты түсінігімізді жаңаша пайымдауға мүмкіндік туып отыр.

Көшірілді