ҰШҚЫШ, ЖАЗУШЫ, ДИПЛОМАТ

Француз жазушысы Ромен Гаридің туғанына 110 жыл

Ромен Гари/Getty Images

2024 жылдың 8 мамырында ғаламат тағдырдың иесі француз жазушысы Ромен Гаридің туғанына 110 жыл толады.

Мазмұны

Адам өз тағдырының қожасы деген жалпыға аян тәмсіл, әдетте шынайы өмір қиындықтарымен бетпе-бет келгенде тас-талқан болып жатады. Миллиардтаған мұндай «қожайындар» кесіп берген ғұмырын (қожа болғаны былай тұрсын, өмірін гүлдендіріп, өз қолына алудың орнына, тағдыры қайда айдаса, сонда ұшқан қаңбақ секілді күн кешеді) қалай болса, солай өткізеді. Біріншіден, бұл — өте ыңғайлы. Екіншіден, бұл — басқалардың жолы болды, өйткені олар әдемі, күшті, ақылды болып туды, ата-анасы бай болды, оларға көл-көсір мүмкіндік берілді дегендей сылтауды алға тартуға жақсы себеп.

Сол үшін кейде ешқандай да артықшылықсыз өз тағдырын ертегіге айналдырған (ғаламат, ара-тұра сұрықсыз, кейде мұңлы, кейде ессіз, бірақ) жандардың жолына көз салған пайдалы.

Гари Ромен — Францияның 20 ғасырдағы қаламы қарымды жазушыларының бірі. Ол өз шығармалары арқылы замананың тілі мен бейнесін қалыптастырған тұлғалардың қатарынан орын алды. Дегенмен қаламгердің ең ұлы шығармасы ретінде оның өмір жолын айтуға болды.

«Аспан тамыры» кітабы Францияның Prix Goncourt әдеби сыйлығының иегері, 1956 жыл/Getty Images

Соғыстың баласы

Роман Лейбович Кацев Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы Вильнюсте дүниеге келді. Оның әкесін соғыс бастала сала бірден әскер қатарына алынса, ал анасы Мина Овчинская, жорамал бойынша революцияны, аштық пен құлдырауды көрген отбасына, Мәскеуге қайтып оралды. Балалық шағы аштықпен өткен жазушы рахитқа шалдығып, салдарынан өмір бойына арық, жүзі қуаң тартып жүретін болған.

«Таңсәрідегі уәде» фильмінің кадры (2017)/Charlotte Gainsbourg and Pawel Puchalski//Pathé Distribution

1921 жылы анасы Роменді ертіп Вильнюсқа қайта оралады, бәлкім ол қалаға келіп күйеуімен ара-қатынасын реттеуге тырыспақ болса керек, бірақ бұл ұмтылысының ақыры ажырасумен аяқталды. Гаридің әкесі жайында білеріміз тым мардымсыз. Өйткені жазушының автобиографиялық шығармаларындағы әкесі жөнінде жазылған баяндар шынайы өмірден алшақтау. Мәселен, Ромен естеліктерінде әкесі татар болғанын, ал есім Леон Қасаев екенін мәлімдеген. Дегенмен ғажайып жағдайда сол шақтан жеткен құжаттардан бізге әкесінің аты-жөні Арье-Лейб Кацев екені және оның таза қанды еврей болғаны белгілі болып отыр. Ара-тұра Ромен туған әкесі Кацаев емес, жұмбақ тұлға, я атақты актер, я корольдің тұқымы болғанын ымдайды. Кацаев шешесінің уақытша бас сауғалап барған күйеуі, өмірінде бір сәтке ғана жарқ етіп, тағдыр тәлкегімен тегін алған баласын мүлдем көрмеген біреу болған.

Бірақ алған бетінен қайтпайтын биограф, «Ромен Гари. Хамелеон» деп аталатын кітаптың авторы Мириам Анисимовтың айтуынша, Ромен 12 жасқа толғанша Вильнюсте тұрған және әкесімен үздіксіз араласқан, тіптен әкесі басқа әйелге кетіп қалған кезінде де баласы мен бұрынғы жарына көмек қолын созып тұрған. Анасының 1928 жылы Франция консулдігіне өткізген құжаттарына сәйкес, әкесі Роменге сол кезде де алимент төлеп отырған.

Ромен Гари, Софи Лорен және Питер Устинов/Alamy

Бәлкім, күйеуінің тастап кеткеніне қорланған Мина, баласын «туған» әкесі жөніндегі ертегімен алдап, бұрынғы жарының гротескілік бейнесін (бұлай жасау Минаның қолынан келеді) баласының құлағына құйса керек. Я Роменнің өзі бала кезінде әкесі жөнінде жағымсыз көз қарасын қалыптастырған оқиғаның куәсі болуы да ғажап емес. Айталық, Ромен Гари өмір бойына ішімдікке қырын қарап, ішімдікке салынып кеткен адамдарды жақтырмаған (алқаш әке-шешесінен бала кезінен қорлық көрген жандарға тән жағдай).

Осы бір тақырыптың нүктесін қоймас бұрын, Ромен Гаридің польяк-литовтық туған-туыстары (оның арасында әкесі де бар) бертін келе, жазушының оларға көз қарасы қандай болғанына қарамастан, концлагерлерде өлім құшқанын, осы бір жәйттің сұмдығын оның ауыр қабылдағын және шығармашылығында осы бір зобалаңға бірнеше рет тоқталғанын тілге тиек еткен жөн.

Анасының сәуегейлігі

Қалай болмасын, жиырмасыншы жылдардың соңына қарай анасы мен баласы көк тиынсыз, ешқандай байланыссыз, тіптен құжатсыз алдымен Варшаваға, сосын Ниццаға келіп табан тіреді.

Францияда жалғыз баласымен келіп орныққан Мина, баласының келешегі жарқын болуы үшін бар күшін салып бағады. Ол жалғыз баласын, сол кездің өлшемі бойынша тым кеш (35 жасында) босанған, ал Ниццаға келгенде жасы елуге келсе де, жаңа қаланы жас қыз секілді желпініп жүріп бағындыруға тырысқан. Мина өзіне қалпақ тоқып, сөмкесін қолдан жасап, үстіне күмәнді «отбасылық бұйымдарды» тағып алып, Ресейден қоныс аударған ақсүйек-эмигрант ретінде бай-бағландардың үйін аралайды. Жас кезінде Мина актриса болған және оның актерлік шеберлігі орасан болмаса да, сәтті сезіне алу қабілеті мен шамадан тыс эмоциялық серпілісі бойында болған тәрізді.

Баласына деген махаббаты зор болған ана, оның бақуатты өмірі, жо-жоқ бақуаты үшін емес, атаққа, ұлылыққа, әлемдік деңгейдегі алып тұлға атануы үшін барлық құрбандыққа баруға әзір болған.

Ромен Гари әйелі Жан Сибергпен бірге Венецияда (1961)/Getty Images

Ұлының данышпан екеніне шын жүрегімен иланған ананың сенімі айналасындағы жұртқа да сезіліп жатады және кейде кішкентай ғана орыс әйелінің әртістікке шамадан тыс салынып, мазаны алған әуре-сарсаңынан құтылғысы келген басқалар, Мина Овчинскаяның жалынышы мен айқайынан қашып Роменді ең үздік мектептерге қабылдап, музыканы, биді, сайыс өнерін, атта отыруды, теннисті тегін оқытуға келісе кеткен. Осы аталған істердің ешбіріне баланың икемі келмесе де, анасы алған бетінен қайтпаған. Өйткені ол данышпан баласының кешегі жарқын болатынына еш шүбә келтірмеген.

«Әр есікті қағып жүріп, ол көршілерден баспалдақ алаңына шығуын өтінетін. Олармен айқайласып болған соң (бұл істе анам үнемі үстем шығатын), анам мені құшағына алып, жиылған жұртқа мақтанышпен әрі естілетіндей етіп (оның үні әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді): «Нас буржуй мақлұқтар! Сендер кіммен байланысып тұрғандарыңды білмейсіңдер! Менің ұлым француздың ұлы елшісі, Құрмет легион орденінің кавалері, ұлы театр актері, Ибенсон, Габриел Д'Аннунцио секілді тұлға болады! Ол деген...» деп айқалай жөнелетін. Анам оларды таңдандыратын қасиетті атақты, өмірдегі ең игі сәттіліктерді іздеп әуреге түсетін. Сосын: «Ол лондондықтар тәрізді киінетін болады!» деп сөзін жалғайды.

Ромен Гари «Таңсәрідегі уәде»

Ромен Гари үйінде/Sophie Bassouls/Getty Images

Анасының осы бір асау екпініне Романның өзі де төтеп бере алмаған. Сахна, ғылым, музыка және сурет өнерінiiайталық, баланың сурет салуға аз-маз икемі болған, бірақ аяқ-асты анасы суретші болған қауіпті деп тапқан. Өйткені ұлы қыл қалам шеберлерінің басым көпшілігі кедейлікте өлім құшып, даңққа тек қайтыс болған соң ғана жетеді. Бұл нұсқа — анасына жарамайды. Сондықтан сурет өнеріне анасының тыйымы барбағындыра алмаған соң, ол жазушылыққа бет бұрған. Сондай-ақ ол француз елшісі әрі мемлекет қайраткері атанған.

Роман француз азаматтығын алмаған әрі ол бұл тілді жүйрік меңгермеген (өмірінің соңына дейін Роман құлаққа түрпідей тиетін орыс тіліндегі акцентімен сөйлеген), бірақ оның басқа амалы да қалмаған. Анасының асау мінезі кедергінің бәрін еңсерген. Оның үстіне Роман анасының өзі үшін қандай құрбандыққа барғанын көріп өскен.

«Он үш жылдай уақыт ол күйеусіз, өмірлік серігінсіз, жалғыз жүріп, өмір үшін күресіп бақты: майға, аяқкиімге, киім, пәтер, түскі асқа бифштекс, дәл сол күн сайын салтанатты түрде тағдыр тәлкегін жеңгенінің символына айналған бифштекс берілетін. Лицейден қайтып келген соң алдымда ұдайы бифштекс тұратын: ас жеп отырғанымда анам маған күшігін азықтандырған ит секілді көңілі тоқ болып қарап тұратын. Өзі көгөністі жақсы көретінін, ет пен май денсаулығына зиян екенін алға тартып, асқа саусақ ұшын да тигізбейтін. Бірде су ішу үшін үстелден тұрып, асханаға аттандым. Қайтып оралсам анам бифштекс салынған табаны тізесіне басып алып, астындағы майды нанға шылап, мешкейленіп құлғытып отыр. Оның вегетариандығының сырын осылайша білген едім.

Майлықтың астына асығыс-үсігіс жасырынған тәрелкеге және шошыңқырап қалып, айыпты жүзбен күлімсіреген анама бір орында мелшиіп қарап қалдым, сосын өксігімді тоқтата алмай, үйден шығып кеттім».

Ромен Гари «Таңсәрідегі уәде»

«Таңсәрідегі уәде» фильмінің кадры (2017)/Charlotte Gainsbourg et Pierre Niney/Pathé Distribution

Осылайша Ромен оқуды үйренеді, — сөзге үйір балалардай табиғи түрде емес, ынтығып, саналы түрде бір уақытта тілді де меңгеріп, әріптердің сынығынан түзілген жаңа әлемнің ғажайып механизмін түсінуге тырысады.

Он бес жасынан бастап ол әңгіме жазып, қаламынан туған шығармаларын жариялау үшін барлық баспаларға жолдайды (бірнеше әңгімесі — «Найзағай» және «Сылқым» деп аталатын өте әлсіз жазылған туындылары тіптен, жарияланған). Ол «Өлгендердің шарабы» деп аталатын роман жазады, алайда баспалар мұндай шикі шығарманы жариялаудан бас тартқан.i«Өлгендердің шарабы» деп аталатын роман Гари қайтыс болған соң ғана жарық көрді. Ол сондай-ақ дипломат мамандығын алуды мақсат еткендіктен, құқық саласын меңгеру үшін университетке түседі.

Роман Гари (1961)/ Getty Images

Ұшқыш әрі қаһарман

1936 жылдың күз мезгілінде ол әскерге шақыртылып, ұшқыштар мектебіне аттанады. Ол әскерде арнаулы ұшқыш-бақылаушы (қатты алаңдаған анасына ол көңілін орнына түсіретін хаттар жазып, ұшқыш-бақылаушы маман әуеге көтерілмейтінін, тек аэродромда отырып басқа ұшақтардың қалай ұшатынын тілге тиек етеді. Дегенмен Минаның бұл өтірікке сеніп-сенбегені белгісіз) мамандығын меңгереді. Ол оқуын үздік болып тәмамдайды, бірақ 290 кадеттер корпусында Роман және тағы бір жігіт қана офицерлік шенсіз қалады (оған ата-тегі кедергі келтірген).

1939 жылы көктем мезгілінде оқуын аяқтай сала, ол Франция соғысқа әзірлік жасап жатқандықтан, әскери бөлімге аттанады.

«Таңсәрідегі уәде» фильмінің кадры/Charlotte Gainsbourg et Pierre Niney/Pathé Distribution

1939 жылы, Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда, Роман әскери ұшқыш атанады. Франция немістерге 8 айдан кейін берілгенімен, бұл Романды тоқтатқан емес — ол Ұлыбританияға қашып кетіп, де Голл құрған «Еркін Француздар әскерінің» қатарына ұшқыш болып қосылады. Соғысқа аттанбас бұрын ол анасымен қоштасып үлгереді (Мина кездесу барысында ұлын ерлік жасауға қанаттандырады).

Әрмен қарай миф араласқан детектив оқиға басталады.

Бірнеше автобиографиялық шығармасында Ромен Гари, сол шақтың өзіне анасы асқазан қатерлі ісігіне шалдығып, ұлынан ауруын жасырып қалғанын сөз еткен. Кейінгі 4 жыл ішінде аптасына бір мәрте Ромен анасынан (үшінші әлем елдерінің айналмалы жолдары мен қолдары арқылы жеткен) хат алып тұрған. Тек соғыстан кейін ғана ол анасының майданға аттана сала қайтыс болғанын білген. Мина ұлын соғысқа шығарып салғаннан кейін дүние салғанымен, өмірі қиылар сәтте Романға арнап жүздеген хат жазып, «қамсыз соғысуы» үшін таныстарына жетісіне біреуін аттандырып тұруын өтінген.

Ромен Гари газет оқып отыр/Getty Images

Аталған оқиға миллиондаған оқырманның жүрегін қозғағанымен, бірақ шынтуайтында, бұл оқиға тек Гаридің қиялында ғана орын алуы бек-мүмкін. Сол шақта Минамен бірге өмір сүрген туысы Сюзан Ажидтің айтуынша, Ромен егер соғыста өліп кетер болса, майданға жөнелтіп отыру үшін мерзімі қойылмаған жүзге жуық хатты анасына беріп кеткен.

Сосын бірнеше жылға созылған соғыс болды. Гари бастапқы кезде Африкада соғысып, сосын Англияға жедел әрекет етуші «Лотарингия» бомбалаушы әуе эскадрильясына аттанды. Régime de VichyiiVichy үкіметі — Екінші дүниежүзілік соғыста Францияның жеңілісінен кейін, Оңтүстік Францияда құрылған коллаборационистік режим үкіметінің «Айрықша іздестірілетін еврейлер» деп аталатын жеке бөлімі болған. Олардың тізімінде бар-жоғы он адам болған, олардың ішінде — Роман Кацев те бар. Франция территориясындағы әскери объектілерді бомбалау кезінде, Гари басқарған ұшаққа зениттік қарудың оғы тиіп, Гари жараланып қалған. Дегенмен ол жарақатына қарамастан ұшақты базаға апарып, қондыра алған. Ішіне оқ тиген Гари өлім мен өмір арасында арпалысып біраз уақыт жатқан. Беті бері қарай бастағанда ол «Еуропалық тәрбие» деп аталатын романын жазуға кіріскен (ұшаққа отырып көкке көтерілген соң да жазуын жалғастырған).

Гари соғысты капитан шенінде, көптеген орденнің кавалері және Құрметті легион орденінің (Францияның ең жоғарғы мемлекеттік марапаты) командирі ретінде аяқтаған. Дәл сол жылдары ол «Роман Кацев» деген есімін ресми түрде «Ромен Гариге» өзгерткен.

Миф тудырушы

1945 жылы жарық көрген «Еуропалық тәрбие» романын сыншылар мен оқырман жылы қабылдады.

Гаридің прозасы — бұл шым-шытырық сюжеттер мен поэтикалық шұрайлы тілдің керемет үйлескен, субреткамен әрленген, ащы күлкімен жылататын трагедиялық, шалшықтан өніп шыққан пафостық шығармалар.

Ромен Гари және Жан Сиберг (оң жақта). 1970/Getty Images

Оның қайғыдан күлкіні және аянышты жағдайдан ұлы дүниені көре білер керемет қасиеті бар (концлагер, өлім, азап жөніндегі әңгімені ол күлкілі анекдотқа айналдырады. Бірақ ол дөрекі шықпайды, алайда сипатталған оқиғаның сұмдығы көрініп тұрады).

Бастапқы кезде Гариді Франция халқы, кейін — бүкіл әлем жақсы көрді.

Ол өте жемісті еңбек етті, әр екі жыл сайын бір романды аяқтап отырды және оның бәрін де жұрт махаббатпен қарсы алды. Дегенмен жазушылық Гаридің жалғыз кәсібі болмады. Ол анасы сенгендей дипломат атанды. Мәселен, 1956 жылы Роман Лос-Анджелестегі Францияның елшісі қызметіне жайғасты. Дәл сол 1956 жылы «Аспанның тамыры» деп аталатын романы үшін Гонкур сыйлығын иемденді.

Сонымен қатар ол күрделі миф тудырушы сызбаларды құрылымдап, романдарды лақап атымен жариялай бастайды. Осылайша Гаридің өзге Мені туындады (олардың арасындағы ең мәшһүр болғаны Эмиль Ажар болды). Ажардың арабтың Момо есімді жетім баласы жөніндегі «Бүкіл өмірің алдыңда» деп аталатын романы да бір жазушыға екі мәрте берілмейтін Гонкур сыйлығын алды және ол өзі тудырған мифтің арқасында осыған қол жеткізді.

Гари дүние салған соң ғана романның шынайы авторы кім екені ашылды. Бұл құпияның жарияға мәшһүр болуы үшін ол өлім алдында «Эмиль Ажардың Өлімі мен Өмірі» деп аталатын арнайы эссенің жазып, достарына өлгеннен кейін жарыққа шығаруын өтінген.

Актер Питер Устинов, Ромен Гари және Жан Сиберг / Getty Images

«Енді бәрін ашып айтар сәт жетті.

Бұл сырдың тек өз ішімде жатқанынан мезі болдым. Маған осыдан отыз жыл бұрын, «Еуропалық тәрбие» шығармасы аяқ-асты жап-жас ұшқышқа атақ әкеліп, ол жөнінде Сартр «Les Temps Modernes» журналында: «Бұл романды Қарсылық туралы жазылған ең үздік роман ретінде санау үшін әлі бірнеше жыл күту керек...» деп жазғанда қалыптасқан Гари Роменнің таңылған бейнесінен шаршадым. Отыз жыл! Маған бір кейіпті олар таңып берді! Бәлкім, мен осы бір іске бейсаналы түрде барған да болармын. Солай болғаны оңай еді: қалыптасқан бейнем дайын, тек соған енсең болғаны. Осы бір бейне маған жұрт алдында ағымнан жарылуға мүмкіндік бермеді. Ең бастысы, мен жастық шағымды, алғашқы жарияланған кітабымды, қайтадан жаңаша сағына бастадым. Бәрін қайтадан бастау, бәрін жаңадан өткеру, өзге адам болу — бұл менің өмірімдегі аңсарым ауған ең үлкен әуес ісім. Өзімнің кітаптарымның мұқабасынан: «... бірнеше адамның шым-шытырық өмірін бір өзі сүрді... ұшқыш, дипломат, жазушы...» деген сөздерді жиі көремін. Шынтуайтында мұның бәрі жай аңыз ғана».

Эмиль Ажардың Өлімі мен Өмірі. Ромен Гари.

Ромен Гари/Getty Images

Тек теңдессіз талант иесінің ғана «бәрін басынан бастау» деген сынақтан ләззат алу қолынан келеді. Өзінің жазушылығы хақында Гари: «Мен мүмкіндігімше сауық құрдым» деп жазады.

Дегенмен ол сауық-сайранын тек үстел үстімен ғана шектеп қоймады.

Гари өз дәуірінің ең тартымды әрі атақты әйелдерімен қатынас құрған. Бұл ісіне әйелдерде үнсіз келіскен.

Сымбатты, ұдайы талғампаз болып жүретін сырбаз қаһарман, ұшқыш әрі жазушы — Гари сырт келбеті мен рухы мінсіз рыцардың тірідей көрінісі.

1944–1962 жылдар аралығында Роменнің басы бос болмады. Ол сөз жүзіндегі әріптесі — британдық Vogue журналының редакторы, атақты эротикалық романдардың авторы Лесли Бланшпен отбасын құрды. Лесси орыс әлемімен байланысты дүниелердің бәріне құмартқан, сондықтан оның орысша акценті бар жігітке аңсары ауған. Бірқатар биографтардың пікірінше, дәл осы жәйт Романды еврейлік өткенінен толықтай қол үзіп, әкем я татар князі, я орыс актері деген аңызды шығаруға итермелеген. Әрмен қарай бәрі шым-шытырық өрбіген. Айталық, оның «Орман кегі» деп аталатын романының ағылшын тіліндегі нұсқасын шығарған баспаға жіберген автобиографиялық анықтамасы: «Роман Гари 1914 жылы, 8 мамырда Курск түбінде (Ресейде) туған. Ата-анасы — француздар» деп басталған.

Ромен Гари өзінің "Аспан тамыры"кітабымен / Getty Images

Бірақ Леслимен отасқан соң да Ромен тыстағы жүрістерін еш доғармаған. Көңілдес сылқымдарына ол дәстүрлі «Ой менің әйелім — бәрін түсінеді!» деген сөзді айтумен шектелген. Алайда Лесли қолынан келгенше түсініп баққан. Сосын түсінігі шытынай бастаған. Өйткені Гаридің жылына ондаған, тіптен жүздеген көңілдесі болған. Тіптен, Лос-Анджелесте Гари «секс-атташе» деген лақап атты да иемденген.

Соңғы қыз

Белгілі болғандай, әйелдер ешқашан кегін қайтармай тынбайды. Ромен Гариге аталған кек жиырма бір жастағы американ сылқымы Джин Сиберг түрінде келді.

Джин ол шақта атағы шыққан әрі сұраныс жоғары актриса болатын. Джиннің Бельмондамен бірге түскен, Жан-Люк Годардың «Соңғы дем» аталатын фильмі әлі күнге дейін теңдессіз кино жауһары ретінде танылып келеді.

Ромен Гари және Жан Сиберг/Getty Images

Гари Джин Сибергке ғашық болып қалды. Ол Джиннен 24 жасқа үлкен болғандықтан, осы бір жәйт жүрегін жаралады. Дегенмен Джин атақты жазушыға қуана-қуана тұрмысқа шыққанымен, мамандығынан бас тартпады. Ол киноға түсуін әрмен қарай жалғастырып, бүкіл әлемді шарлады. Қоғам арасында дау тудыруын еш доғармады, айталық, ол «Қара қабылан»iамерикалық радикалды солшыл топ қатарына қосылды және тіптен ФТБ-ның тергеуін қашып жүрді. Гари қайда барса да Джиннің соңынан еріп жүрді. Джин жаман аты шыққан еркектермен қарым-қатынас құрды, айталық, жоғарыда аталған террорлық топтың көшбасшыларымен және есірткі мафиясының серкелерімен жүрді. Соған қарамастан Гари жұбайын кешіріп, өзінің атақ-даңқымен қорғап бақты. Джин есірткі қабылдады, Гари оны емдеді. Джин Гариге ұл тауып берді және бірнеше жылдан кейін оның босанған қызы шетінеп кетті. Осыдан соң Джин жындыханаға жатып та шықты. Гари әйеліне қолдау көрсетпек болғанымен, бұл әрекетінен дым шықпады. 1979 жылы Джин өзіне қол салды. Бір жылдан кейін Гари, бұл әрекеті Джиннің қазасымен байланысты емес екенін ескерткен хат жазып, өзін атып өлтірді.

Ромен Гари және Жан Сиберг/Getty Images

Гаридің достары жиылған жұртқа жаназада қайғырудың жөні жоқ екенін ескертті. Олар атақты жазушыға жалпы қарттық мүлдем ұнамағандықтан, өмірін қиюды жөн деп тапқанын алға тартты.

Өйткені Гари ұдайы өзі дұрыс деп тапқан дүниені ғана істеп үйренген.

Назгүл Сұлтанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді