Түркі қағанаты кезіндегі тіл неге сөйлеу тілі болмады, қазақ тілі шын мәнінде қашан пайда болды, оған ислам діні, Шыңғыс хан империясы мен кириллица қалай әсер етті және бүгінгі күні латиницаға көшу неліктен оңтайлы шешім болып отыр? Лингвист, филология ғылымдарының кандидаты, Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козыревпен осы тақырыпта сұхбат құрдық.

Тимур Козырев / Qalam
Түркі қағанаты кезіндегі тіл қазіргі қазақ тіліне қаншалықты жақын болды?
Түркі қағанаты кезіндегі тіл бізге жазба ескерткіштер арқылы ғана таныс. Яғни оның жазба тіл болғаны анық, бірақ мамандар оның сөйлеу тілі болғанына күмәнмен қарайды. Бұл шындығында әдеби тіл болды, бәлкім, қағанаттағы әртүрлі диалектіден құралған болар. Көшпенділер бұл тілде сөйлеспеген болуы мүмкін. Қазақ тілі де, қазіргі түркітілдес тілдердің ешқайсысы да бұл тілдің тікелей ізбасары емес. Бұл өте маңызды, өйткені Түркі қағанаты — екі теңіздің арасын алып жатқан ірі жер көлемінен бөлек, сөзсіз түркі тілінде сөйлеген Түркі мемлекеті болды. Сондықтан қағанаттың маңызды екенін еш жоққа шығармаймын, бірақ мифті шындықпен шатастыру — қауіпті дүние. Қазіргі тірі түркі тілдерінің ешқайсысы да қағанаттың тілі болған емес.
Онда қазақ тілінің шығу тегінен бастап көрсек қайтеді?
Бір-біріне өте жақын үш тіл бар, бұларды тіпті кей жағдайда бір тілдің үш диалекті деп атауға болады. Олар — қазақ тілі, ноғай тілі және қарақалпақ тілі. Бұлардың барлығының да шығу тегі Алтын Орданың көшпелі халқы Дешті Қыпшақ тіліне барып тіреледі. Алайда олардың дәл осы күйінде қашан пайда болғанын тап басып айту қиын. Түркі тілдері өте консервативті, олар тым баяу өзгереді. Тіпті «Кодекс Куманикусті» заманауи түркілер еркін дерлік оқи алады. Сондықтан шығу тегін анықтау қиын, бірақ уақыт жағынан тым ерте кезден бастау алды дей аламыз.

Қыпшақтардың балбал тасы. 9–11-ғасырлар / Wikimedia Commons
Қыпшақ тілінің қандай сөздері қазіргі біздің тілімізде қолданылып жүр?
Барлығы дерлік. Кез келген сөз қолданыста, бас, көз, қол — қыпшақ сөздері. Қазақ тілінің 90%-ы — қыпшақ тілінде.
Ислам дінінің келуі тілге қалай әсер етті?
Ислам діні араб жазуын және араб-парсы сөздік қорын қалыптастырды. Бұл — қалыпты, табиғи нәрсе: Еуропадағы грек-латын тілдерінен енген сөздер сияқты, біз үшін де араб-парсы сөздері тілдің ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен қатар ғасырлар бойы араласқандықтан, моңғол тілі фонетикаға әсер етті.
Түркі әлемінің көп бөлігінің жазу тілі болған шағатай тілі туралы не айтуға болады?
Бұл — негізін қарлұқ тілі құрайтын тіл, қазіргі өзбек тілінің шыққан тегі. Бұл тіл үлкен аймақтың, дәлірегі, Түркия мен Әзербайжаннан басқа бүкіл түркі-мұсылман әлемінің жазба тілі болды. Аса ауқымды географиялық аймаққа таралғандықтан, бұл тілдің жергілікті нұсқалары да болды. Еділ бойында бір бөлек, Түркістан жақта бір бөлек деген сияқты.

Әлішер Науаидің шағатай тіліндегі өлең жолдары. Герат, Ауғанстан, 15-ғасырдың соңы. Цинциннати өнер музейінің топтамасынан (АҚШ) / Wikimedia Commons
Осының негізінде кеңес өкіметі кезінде «ескітатар тілі», «ескіөзбек тілі» деген жасанды терминдер енді. Мақсат — осы халықтардың тарихнамасын бір-бірінен ажырату болатын. Мысалы, «Жеті жарғы» жазылған тілді неліктен «ескіқазақ тілі» деп атамады? Міне, мәселе қайда жатыр. Солай атаса да болар еді ғой. Бірақ қазақтарды сауатсыз етіп көрсету керек болды. Қазақтарда әдебиет, жазу деген болмаған деген нарративті таратты, сол себепті оны ескіқазақ тілі деп атамады.
Бұл тіл сонда қашан «қазақ тілі» болды?
Саяси шекаралар белгіленіп, соның негізінде қазіргі этностар қалыптасып болған кезде. Бұл — 17-ғасыр. Яғни Қазақ хандығы пайда болғаннан кейінгі кезең. Шын мәнінде, қазақ тілі оған дейін бірнеше ғасыр бұрын бар болған, бірақ нақты қалыптасқан қазақ тілі туралы тек осы кезеңнен бастап айта аламыз.

Себастьян Мюнстердің картасындағы Қазақ Ордасы 1600 жыл / Wikimedia Commons
Ресей империясының тілге қандай ықпалы болды?
Кеңес кезеңіндегідей жалпылама, жаппай әсері болған жоқ. Әрине, жаңа сөздер пайда болды, бірақ ол құбылыс бар болғаны жаңа заттардың қолданысқа енуіне қатысты еді.
Кеңес кезіндегі латын қарпіне көшу кезеңі туралы не айтасыз?
Бұл процесс қалыпты өтті. Көпшілік тек жаңа қаріпте жазуды үйренді, бұл дәстүрден бас тарту емес еді. Үлкен кідіріс кейінірек, латиницаны кириллицаға ауыстырғанда басталды. Әлемдік революция болмайтыны белгілі болғаннан кейін КСРО «оқшаулануға» көшті. Кириллица жаңа мәдени стандарттың символына айналды. Сонымен бірге түркі халықтарының әліпбилерін әдейі, саналы түрде, Түркі халықтары бірін бірі оқып түсіне алмауы үшін бір-біріне ұқсамайтын етіп жасады.

«Sotsijaldy Qazaqstan» газеті. 1937 жыл (Қазақ КСР Конституциясы туралы арнайы шығарылым) / Wikimedia Commons
Сіздің ойыңызша, егер латиница қала бергенде қазақ тілі қалай дамитын еді?
Бәлкім, түркі тілдері бір-біріне жақынырақ болар еді. Қазіргі кезде тіпті түріктер мен әзербайжандар тілі ортақ деп санауға болатын халықтар бола тұра, терминдер сөздігіне жүгінуге мәжбүр. Латиница сақталған жағдайда біртекті кеңістікті сақтап қала алуымыз мүмкін еді.
Бүгінде Қазақстанда латиницаға көшу туралы мәселе жиі сөз болып жүр. Бұл туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?
Менің пікірім: бұл — Түркі әлемін өзара жақындататын бағыт. Бір жағынан, латиница — әлемдік қаріп. Ол бізді постсоветтік кеңістік аясынан тысқары алып шыға алады. Кириллица — славян-православиелік мәдени кеңістіктің алфавиті. Егер біз тәуелсіз мемлекет құрамыз десек, әлемдік қаріпке көшу ақылға қонымды қадам болар еді.
Бұл — лингвист Тимур Козыревпен болған қазақ тілі туралы сұхбаттың бір бөлігі. Сұхбаттың толық нұсқасын біздің Qalam History атты YouTube-каналымыздан көре аласыздар.

