АДАМДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

3-дәріс. Неліктен біз ақылды бола бастадық

АДАМДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Ежелгі адам және жаңа технология/Getty Images

Энгельс адамды адам еткен еңбек деп есептеді. Алайда қазіргі ғалымдар біздің түрдің қалыптасуына махаббат, балалық таңырқау сезіміміз бен ұзақ қашыққа жүгіруіміз еңбектен де зор ықпал етті деп санайды. Палеонтолог Александр Марков Qalam-ға арналған жаңа лекциялар курсында саналы адамның қалайша және неліктен пайда болғаны жайында баяндайды.

Мазмұн

Анатомия тұрғысынан гоминидтер эволюциясының ең таңғаларлық ерекшелігі — мидың көлемінің айрықша жылдам ұлғаюы болып еді. Бұл ұлғаю абсолют қана емес (кубикалық сантиметрлермен), салыстырмалы (дене көлеміне пайыздық тұрғыда сай) сипатта да жүрді, соңғы екі миллион жыл ішінде Homo (адам) туыстастарында болған бұл өзгеріс шынында да ғаламат құбылыс. Осы уақыт ішінде біздің арғы тегіміздің миы — Homo туыстастарының тікелей арғы тегі саналатын австралопитектердің шамамен 400–500 см³ ми көлемінен, кейінгі Homo өкілі — неандертал мен сапиенстердің 1300–1500 см³ ми көлеміне дейін үш есеге ұлғайды. Адамзат тарихының соңғы екі миллион жылында мидың орташа ұлғаю жылдамдығы бір ұрпаққа шамамен 11 кубикалық миллиметрді құрады (бұл судың бір тамшысының шамамен төрттен бір көлеміне тең). Баяу көрінгенімен, эволюциялық өлшемдер бойынша бұл таңғаларлық жылдамдық. Жалпы ми көлемінің біртіндеп ұлғаю тенденциясы көптеген сүтқоректі тобында байқалғанымен, адамдардағыдай жылдам өсу ешкімде болмаған. Бұл — көзге көрінген жалпылама тұжырым емес, нақты сандық талдауға негізделген қорытынды. Homo туысының эволюциясындағы мидың ерекше жылдам ұлғаюы — бірегей, қайталанбас эволюциялық процесс.

Адам миының ұлғаю графигі. Австролопитектен Homo Sapiens-ке дейін/Александр Марков

Адам миының ұлғаю графигі. Австролопитектен Homo Sapiens-ке дейін/Александр Марков

Миы шимпанзе мен басқа да адам тәрізді маймылдарға қарағанда үлкенірек болған алғашқы гоминидтер дәстүрлі түрде Homo habilis (епті адам) түріне жатқызылады. Шамамен 2,3-тен 1,5 миллион жылға дейінгі уақытқа жататын бұл түрдің барша қазба қалдықтары Африкадан табылған. Хабилистер, болжам бойынша, австралопитектерден шыққан.

Хабилистердің миының қазіргі адамдардың сөйлеу мен қол қозғалысын үйлестіруге жауап беретін бөліктері австралопитектерге қарағанда қарқынды дами түскендігімен ерекшеленеді. Осылайша, хабилистер — эволюциялық даму барысында сөйлеу қабілетінің жетілуіне қарай ілгерілеу белгілері байқалған алғашқы гоминидтерге жатады.

Ежелгі адамдардың өмірі (Homo habilis)/Alamy

Ежелгі адамдардың өмірі (Homo habilis)/Alamy

Мидың ұлғаюы басталғанға дейінгі гоминидтердің эволюциясында көрініс тапқан азу тістің кішіреюі, екі аяқпен жүрудің жетілуі, табан құрылымындағы өзгерістер мен әлеуметтік өмірдегі ықтимал өзгерістің барлығын тек «маймыл ісі» деп қарастыруға болады. Егер осы гоминидтердің кейбірі еш өзгеріссіз қазіргі күнге дейін жетсе, дәл қазір зообақта отырар еді. Қоршаудың ішінде екі аяқтап жүріп, моногам отбасылар құрып, алдына қойылған жеміс-жидек пен бифштексті шайнаңдап жатар еді. Тіпті олардың кішігірім, адамға ұқсас азу тісінің өзі тамашалауға келген жандардың бойында осы «жануарлармен» қандай да бір туыстық сезімін тудыра қоюы неғайбыл дейміз. Қысқасы, адамдар әлеміне өтуге мүмкіндік беретін тек интеллект, ал интеллект үшін ми қажет.

ҮЛКЕН МИ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Хабилистерде мидың не себепті өсе бастағанына қатысты гипотезалар екі аяқпен жүрудің (бипедализм) пайда болу себептеріне қатысты гипотезаның санынан аз емес. Бұл тақырыпқа әлі ораламыз, бірақ бір маңызды жайтты бірден айтып өту қажет.

Мидың өсуі, барша ерекшеліктері мен ережеден тысқары аутқуларды ескере отырып қарағанның өзінде, бәрібір ақылдырақ бола түсуді білдіреді. Дәл қазір бізге мәлім мидың жұмысы жайлы зерттеулерге сүйене отырып, ми қыртысындағы нейрондар санының жай ғана артуы — қандай да бір ерекше қайта құрылымдау немесе қайта ұйымдастырусыз-ақ — интеллектуал қабілеттің өсуіне, яғни күрделі мәселелерді шешу қабілетіне әкеледі деп қорытынды жасауға болады. Естеліктер нейрондар арасы байланыстарда (синапстарда) «жазылады». Нейрондар неғұрлым көп болса, нейрондар арасы байланыстарды қалыптастыру мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады, ал бұл жад көлемін ұлғайтады.

Мида ақпарат көп болған сайын, ақылға сүйеніп шешім қабылдау мүмкіндігі де арта түседі.

Тұжырым қатаң ғылыми дәлелге сүйенеді демесек те, Homo туыстастардың миының өсуінің когнитив (яғни, ойлау және танымдық) қабілеттерді дамытудан басқа мағынасы жоқ, яғни бейімделу тұрғысынан қарағанда тек осы нұсқа ғана ақылға қонымды көрінеді.

Ми көлемі мен интеллект арасында сөзсіз оң корреляция бар. Бұл абсолют нақты корреляция емес (корреляция коэффициенті бірден кем), бірақ бұдан «көлемнің маңызы жоқ» деген қорытынды жасау тағы да болмайды. Корреляцияның мұндай түрі ешқашан нақты болмайды. Қандай тәуелді шаманы алсақ та корреляция коэффициенті әрдайым бірден төмен болады: мысалы, бұлшық ет массасы мен оның күші, аяқ ұзындығы мен оның жүру жылдамдығы арасындағы тәуелді шама секілді.

Кейде миы кішкентай болса да, өте ақылды адамдардың да, миы үлкен болғанына қарамастан ақымақтау жандардың да кездесетіні өтірік емес. Бұған қатысты көбіне ми көлемі бар болғаны 1017 см³ болған Анатоль Франс еске түседі — бұл көлем кейінгі «питекантроптар» (Homo erectus) үшін қалыпты және Homo sapiens үшін орташа деңгейден әлдеқайда төмен. Алайда, бұл интеллекттің артуы мидың ұлғаюына тәуелді дейтін қарқынды сұрыпталу процесіне қайшы келмейді. Мұндай ықпалдың іске асуы үшін мидың ұлғаюы жеке индивидтің ақылдырақ болып шығу мүмкіндігін аздап болса да арттыра алатын болуы жеткілікті. Ал ықтимал тұрғысынан айтсақ, мидың көлеміне орай интеллект сөзсіз артады. Ұлы адамдардың ми көлемі туралы кестелерді мұқият зерделей отырып, көбіне интеллект деңгейі мен ми көлемі арасындағы байланысты жоққа шығаруға тырысатын мысалдар көп болғанына қарамастан, генийлердің басым бөлігінде ми көлемі орташа деңгейден үлкен екенін байқау қиын емес. Анатоль Франс пен басқа да миы кішкентай бірнеше танымал адамдар, дәл осы жерде биологиядағы кез келген заңдылықта кезігетін статистикалық «ауытқу» ғана, яғни ерекше жағдай ретінде қарастырылуы тиіс.

Анатоль Франс (1844-1824) - көрнекті француз жазушысы, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (1921)/Culture Club/Getty Images

Анатоль Франс (1844-1824) - көрнекті француз жазушысы, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (1921)/Culture Club/Getty Images

Осы айтқанымыздан шығатын негізгі қорытынды мынадай: адам эволюциясындағы мидың қарқынды ұлғаюы — шамасы, олардың ақыл-ой қабілеттеріне қатысты тым қарқынды сұрыптаудың жүруіне ғана байланысты.

ҮЛКЕН МИ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

Ми — «қымбат» орган, себебі оның ұлғаюы бірқатар қиын шешілетін мәселелермен байланысты. Үлкен ми өте көп калорияны тұтынады, әсіресе кішкентай балаларда (олардың жалпы энергия шығынынын қоса есептеген кезде). Себебі нейрондар үнемі, тіпті тыныштық күйінде де, иондарды мембрана арқылы айдау үшін энергия жұмсайды. Олар әрдайым трансмембраналық потенциалдыiнейрон ішіндегі және сыртындағы оң және теріс зарядталған иондардың әртүрлі концентрациясын қолдап тұруы керек. Бұл жағдай үнсіз күйдегі шиеленіс тәрізді: сырт көзге ештеңе болып жатқан жоқ сияқты, бірақ оны бұзбау үшін қаншама күш пен энергия қажет екенін бәрі біледі. Сол сияқты, біз ештеңе істемесек те, ештеңе ойламасақ та, нейрондардың энергия шығыны айтарлықтай төмендеп кетпейді. Демек, басы үлкен приматқа, бірдей шарттар аясында көбірек азық қажет болады. Эволюциялық тұрғыдан қарасақ, дәл осы қыры үлкен мидың ең маңызды кемшілігі.

Ересек адамның миы дене массасының шамамен 2%-ын құрайды, бірақ бойдағы калорияның шамамен 20%-ын пайдаланады.

Тағы бір кемшілік — мойын омыртқасына жүктеменің артуы, себебі ауыр басты иықта көтеріп жүру қиындай түседі. Бұл жағдайда қаңқа құрылымын, дене сымбатын және бас сүйекті қайтадан бейімдеу қажет, әсіресе, үлкен шығыңқы жақ сүйекті кішірейту тиімді болар еді. Бірақ сол кезде қатты тағамды қалай шайнаймыз?

Палеолит кезеңіндегі «Гримальди адамының» бас сүйегі (көшірме). Кот-д'Азурдағы Баус-Росседе табылған/Photo by CM Dixon/Print Collector/Getty Images

Палеолит кезеңіндегі «Гримальди адамының» бас сүйегі (көшірме). Кот-д'Азурдағы Баус-Росседе табылған/Photo by CM Dixon/Print Collector/Getty Images

Үшінші, бәлкім, ең маңызды мәселе — басы үлкен нәрестелерді дүниеге әкелу қиын. Бұл мәселе екі аяқпен жүрудің кесірінен одан әрі күрделене түседі: жамбастағы өзгерістер, басы үлкен балаларды босануды жеңілдетуге септігі тиетін өзгерістер, екі аяқпен жүру қажеттігіне қайшы. Егер ми төрт аяқтап жүретін маймылдарда, мысалы, гориллалар мен шимпанзелерде ұлғая бастаса, бұл мәселені шешу оңайырақ болар еді. Алайда үлкен ми дәл екі аяқты маймылдарға «қажет болып» шықты, ал екі аяқпен тиімді жүру үшін жамбас тар болуы тиіс. Мәселеге қатысты компенсациялық бейімдеуші шешім ретінде гоминидтердің нәрестелері басқа адам тәрізді маймылдарға қарағанда мидың дамуының ерте сатысында дүниеге келетін болды. Бұл мидың үлкен бөлігінің өсуін туғаннан кейінгі жылдарға көшіруге мүмкіндік берді.

СОЗЫЛЫП КЕТКЕН БАЛАЛЫҚ

Эволюция — бұл үнемі компромисс іздеу және ешнәрсе онда тегін келмейді. Миы толық дамымаған күйде туатын нәрестелердің пайда болуы бірқатар салдарға әкелді, оның ішінде балалық шақтың ұзаққа созылуы және ата-аналарға түсетін жүктің артуы. Адам балалары шимпанзе немесе горилла балаларына қарағанда әлдеқайда дәрменсіз және оларға әлдеқайда көп күтім қажет. Бұл, өз кезегінде, ана махаббаты мен балаларға деген қамқорлықтың күшеюіне ықпал ететін сұрыптауды күшейтті. Ұрпақтың тірі қалуы бұрынғыдан да көбірек әке қамқорлығына (әкенің ұрпаққа қосқан үлесіне) тәуелді етті. Бұл, әкелердің отбасына эмоционал байланысын күшейтуге ықпал ететін сұрыптауды да күшейтті. Сондай-ақ, аналардың серіктестерін мұндай байланысты қалыптастыруға ынталандыра білу қабілеті де сұрыпталуға ұшырады. Осылайша, мидың ұлғаюы махаббаттың эволюциясына ықпал етуі тиіс болды.

Берта Моризо (1841-1895). Бесік. 1873/Wikimedia commons

Берта Моризо (1841-1895). Бесік. 1873/Wikimedia commons

Антропогенезді түсіну үшін ересек даралардың ми көлемі қалай өзгергенін ғана емес, сонымен қатар оның жеке-дара дамуының қалай өзгергенін де білу маңызды. Мидың белгілі бір кезеңдерде қаншалықты жылдам өскеніне байланысты балаларды өсірудің «метаболик бағасы» анықталады, яғни баланы асырап-бағуға ересек мүшелердің (ең алдымен анасының) жұмсаған ресурстарының мөлшері. Жылдам өсетін ми қарқынды қоректенуді қажет етеді. Сонымен қатар, ми пластикалық қасиетке ие: балаларда ми өсімі нейрондар арасындағы байланыстардың ауқымды қайта құрылымдануымен және өте жылдам үйренумен қатар жүреді. Өсіп келе жатқан ми тек калорияны ғана емес, сонымен қатар үлкен көлемдегі ақпаратты да тұтынады. Ақыл-ойдың дамуы үшін ересек мидың көлемі ғана емес, сонымен қатар оның босанғаннан кейінгі дамуына қажет ұзақ кезеңнің болуы да маңызды деп болжанады.

Өкінішке қарай, алыс ата-бабаларымыздың миының өсу динамикасын зерттеуге мүмкіндік беретін палеоантропологиялық материал өте аз. Австралопитектердің балалық шағына тиесілі жақсы сақталған үш қана бассүйегі белгілі. Хабилистердің балаларының бассүйегі, өкінішке қарай, табылмаған. Homo erectus (Ява аралынан табылған «Моджокерто баласы») туыстастарының тек бір ғана балалық шаққа тән бассүйегі белгілі, одан кейін — тағы да дерегі жоқ бос орын. Неандертальдықтарға қатысты алсақ жағдай сәл жақсырақ. Мәселе анықталмаған қосымша жағдаяттардың көптігімен тіпті күрделене түседі: дәлдігі бұлыңғыр мерзімдеу, дербес түрлердің қазба сүйектерінің жасын анықтаудағы қиындықтар, эндокранiми қабыршағының ірі ойықтарын, ирек жерлері мен ми тамырларының көлемін кескіндеуге мүмкіндік беретін бассүйек қуысының ішкі беткейіндегі рельеф көлемін өлшеудегі ықтимал қателіктер.

«Можокерто баласының» бас сүйегі/Google arts and culture

«Можокерто баласының» бас сүйегі/Google arts and culture

Дәл қазір біз мынаны айта аламыз: қазіргі адамдардың туған сәттен бастап ми көлемі шимпанзеден айтарлықтай көп. Бұдан ары даму барысында бұл айырмашылық күрт артады, бұған адамдардағы мидың өсу кезеңінің ұзақтығы ғана емес, сонымен қатар оның өсу жылдамдығының жоғары болуы да сеп. Әдетте, қазіргі адамның ми көлемінің ұлғаюы шамамен 8 жасында тоқтайды деп есептеледі, бірақ үлкен ми жартышарларының қыртысының (неокортекс) әртүрлі аймақтарының құрылымдық өзгерістері мен жетілуі 20–25 жасқа дейін жалғаса береді. Дегенмен, шын мәнінде мидың өсуі біртіндеп баяулайды, сондықтан оның қашан толық тоқтайтынын нақты анықтау қиын.

Австралопитектер туралы мәліметтер толықтай қазіргі шимпанзелердің өзгергіштік диапазонына сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, австралопитектер мидың көлемі жағынан да, балаларындағы оның өсу динамикасы жағынан да шимпанзелерден айтарлықтай айырмашылық білінбейді. Бұл динамика, шамасы, гоминидтердің бастапқы ата-бабалық күйіндегі көлемге жақын болуы мүмкін.

Моджокерто баласына қатысты деректерді интерпретациялауда оның жасын дұрыс бағалау өте маңызды. Кейбір сарапшылар баланың өлім сәтінде кем дегенде екі жаста болғанын болжаған. Алайда, басқа мамандар бұл жасты тым жоғары деп есептеп, баланың жасын бір жас деп көрсеткен. Олай болса, Моджокерто бас сүйегін қалай болғанда да Homo sapiens түрінің қалыпты өзгергіштік диапазонына жатқызуға болады. Әсіресе, ұл балалардың арасындағы ми көлемінің өзгергіштігі қыздарға қарағанда көбірек байқалады. Қазірдің өзінде бір жастағы ұл балалар арасында кейде Моджокерто баласының миына ұқсас кішкентай миы барлары кездеседі.

Индонезияның Ява аралынан табылған Ява адамының немесе тік жүретін Питекантроп (Homo Erectus) қалдықтары/Alamy

Индонезияның Ява аралынан табылған Ява адамының немесе тік жүретін Питекантроп (Homo Erectus) қалдықтары/Alamy

Жаңа туған сәбилердің ми көлемін, егер тікелей деректер болмаса, әйелдердегі жамбас сүйегінің пропорциялары арқылы да болжауға болады. Осы жанама көрсеткішке сүйене отырып, Homo erectus түрінің жаңа туған сәбилерінің бас сүйегі шамамен жаңа туған Homo sapiens сәбилерінің бас сүйегімен бірдей болған деп айтуға болады. Демек, ерте балалық шақта (өмірінің алғашқы жылында) Homo erectus сәбидің миы Homo sapiens миы сияқты өте тез өскен, бұл өсу шимпанзе мен австралопитектердің өсу динамикасынан әлдеқайда жылдам болған.

Екінші жағынан, ересек эректустардың миының орташа көлемі сапиенстерге қарағанда кіші болған. Демек, бір жастан кейін эректус балаларында ми не біздікіне қарағанда баяу өскен, не қысқа уақыт ішінде дамыған (балалық шақтың қысқаруы). Осыған сәйкес, эректус әйелдері баланың алғашқы жылында оны асырауға көп күш жұмсауы керек болған (шамамен кейінгі Homo түрлерімен бірдей). Алайда, келесі жылдарда ұрпақтың «метаболик бағасы» азайған болуы мүмкін. Яғни, не балалық шақ қысқарған, не бір жастан кейін мидың өсуі өте баяу жүрген: екі жағдайда да эректус аналары балаларын асырауға аз күш жұмсайтын болған. Бір жастан кейін мидың өсуінің мардымсыздығы олардың ақыл-ойының дамуын шектеген болуы ықтимал.

Эволюция процесінде церебральды қанның көтерілуі (X осі бойынша - жыл (млн), Y осі бойынша-церебральды қан ағымы секундына куб сантиметр)

Эволюция процесінде церебральды қанның көтерілуі (X осі бойынша - жыл (млн), Y осі бойынша-церебральды қан ағымы секундына куб сантиметр)

Неандертальдықтарға келетін болсақ, олардың ми көлемі туған кезде шамамен сапиенстердің миымен бірдей болған деп сенімді түрде айта аламыз. Алғашқы 3–4 жыл ішінде неандертальдықтар мен сапиенстердің ми өсу динамикасы іс жүзінде бірдей болған. Ересек неандертальдықтарда ми көлемі орташа алғанда қазіргі адамдардың көлемінен үлкенірек болған, бұл айырмашылық «кеш балалық шақ» деп атауға болатын 4 жастан 7 жасқа дейінгі неандертальдықтардың миының жылдам өсуіне байланысты қалыптасқан.

Homo туыстастардың эволюциясы барысында туғаннан кейінгі дамудың әртүрлі кезеңдерінде мидың өсу жылдамдығы анау айтқандай біркелкі болмағаны байқалады. Алдымен, жаңа туған нәрестелердің бас көлемі ұлғайып, туғаннан кейінгі алғашқы жылда мидың өсуі күрт жылдамдаған. Кейінгі кезеңде (кейінгі Homo туыстастарда) мидың «ерте» өсуі эректустардың миының өсуіндей қалыпта қалса да, «кеш» өсуі күшейе түсті. Мүмкін, дәл осы екінші өзгеріс адамдардың когнитив әлеуетінің артуында шешуші рөл атқарып, мәдени эволюцияның жылдамдауына негіз болған шығар? Өйткені адамдарды планетаның қожайынына айналдырған ең күрделі әрі маңызды мәдени ақпарат бірінші, тіпті екінші немесе үшінші жылында емес, одан кейінгі жылдарында жас ұрпаққа беріледі. Мидың туғаннан кейінгі өсу кезеңін ұзарту, болжам бойынша, ұзаққа созылған үйрену кезеңімен байланысты болуы мүмкін және бұл өмір сүру үшін қажетті мәдени ақпарат көлемі үнемі өсіп отырған қоғамға бейімделу ретінде қалыптасқан болса керек.

Неліктен сондай бағалы орган ата-бабамызда тез ұлғайды?

Homo эволюциясында мидың тым жылдам ұлғаюының себептеріне қайта оралайық. Егер біз қандай да бір эволюция сызығында екі миллион жыл бойы осындай бағалы орган — мидың үнемі үлкейіп отырғанын көретін болсақ, онда бұл сол кезеңнің өн бойында миы ұлғайған индивидтердің баршасын пайдалы болатын сұрыптаудың қарқынды қысымы іске асқанын білдіреді.

Мұны жақсылап ұғып алған жөн, сол үшін тағы да түсіндіріп өтейік. Үлкен миы бар адамдарда сұрыптау бойынша артықшылыртар бар деген сөз. Олар миы кіші адамдарға қарағанда орта есеппен көбірек ұрпақ қалдырып, генін келесі ұрпаққа жеткізуде тиімдірек әрекет еткен деуге болады. Бұл процесс ұзақ уақытқа созылды — шамамен, екі миллион жыл бойы. Елестетіп көріңіз! Мысалы, ми көлемі 700 см³ болатын ерте Homo, орта есеппен, 690 см³ миы бар туыстастарына қарағанда көбірек ұрпақ қалдырған. Миы 1030 см³ болатын эректустар миы 1020 см³ болатындарға қарағанда сәтті көбейген. Сол сияқты, миы 1190 см³ болатын гейдельберг адамдары 1180 см³ миы барларға қарағанда генін кеңірек таратқан. Осы жағдайлардың барлығында миы үлкенірек индивид атаулы (өзге шарттар тең болғанда дейтін көпмағыналы сөзі келтіре кетсек!) миы кішірек бәсекелестеріне қарағанда өзін және ұрпағын асырау барысында қиындыққа көбірек тап болғанына қарамастан, эволюциялық тұрғыда артықшылыққа ие болған.

Мұндай ұзақ та үздіксіз эволюция процесін климаттың өзгеруімен де, өмір салтының өзгеріске ұшырауымен де немесе бір реттік оқиғалармен түсіндіре салу әсте мүмкін емес.

Әрине, белгілі бір кезеңдерде мидың ұлғаюына қолайлы жағдай туғызған оқиғалар болып өткен болуы әбден мүмкін, мысалы, тамақты отта пісіруге көшу, бұл ми өсуінің энергия тұтынудағы шектеулі табиғатын жеңілдетіп, тіс пен жақтың редукциясының кері әсерін азайтқан.

Мұндай ұзақ әрі сұрыпталуға бағытталған процестер көбіне өзін-өзі қолдау режимінде іске асады. Бұл процестердің негізін оң нәтижеге жеткізетін кері байланыс механизмдері құрайды. Мидың ұлғаюы да, бәлкім, осындай механизмдерге сүйенген. Яғни, ата-бабаларымыздың ми көлемінің ұлғаюы, тікелей емес, қандай да бір жолмен жанама түрде, мидың әрі қарай ұлғаюына ықпал еткен болса керек. Процесс өзін-өзі қолдайтын механизмнің шеңберінде жүруі қажет еді.

Эволюция теоретиктері бұл құбылысты жақсы түсінеді. Ғылыми әдебиетте Homo туыстастарда мидың және когнитив қабілеттердің өзін-өзі қолдау режимінің дамуын «жеделдететін» бірнеше ықтимал оң сипаттағы кері байланыс механизмдері қарастырылады.

К.П.Кузнецов. Сыбызғы ұстаған үңгір адамы/Getty Images

К.П.Кузнецов. Сыбызғы ұстаған үңгір адамы/Getty Images

Бұл, біріншіден, интеллектке бағытталған жыныстық сұрыпталу, оны Фишердің «қашу» деп аталатын процесі үдете түседі. Эволюциялық процестің қажетсіз немесе тіпті тіршілікке зиянды болып көрінетін — мысалы, тауыс құсының үлкен әрі жарқын «құйрығы» (нақтырақ айтсақ, құйрық үсті) белгілерді туғызуын осылай атайды. Айталық, егер ұрғашылар қандай да бір себеппен жарқын (әрі бұл еркектерге пайдасыз болуы мүмкін) әшекейлері бар еркектерді таңдай бастаса, мұндай еркектер көбірек ұрпақ қалдырады. Осылайша, пайдасыз белгі эволюциялық тұрғыдан пайдалы бола бастайды (ол келесі ұрпақтарға геннің тиімді түрде берілуіне ықпал етеді). Сонымен қатар, оң сипаттағы кері байланыс ілмегі пайда болады: ұрғашылардың қалауы бастапқыда бейтарап немесе зиянды болған белгіні пайдалы етеді, ал бұл осылайша сол таңдаудың өзін де пайдалы етеді, себебі тартымды еркекті таңдаған ұрғашылар тартымды балалардың дүниеге әкеліп, ақыр соңында олардан көбірек немере қалады. Нәтижесінде «әшекей гені» мен «әшекейлі еркектерді ұнату гені» ымыралас кейіпте популяцияда тарайды. Кейбір ғалымдар когнитив қабілеттер ата-бабаларымыз үшін бір кездері осындай «тауыс әшекейлеріне» ұқсас жыныстық тартымды белгіге айналған деп болжайды. Бұл популяция осылайша «интеллект генінің» және «ақылды серіктестерге деген қалаудың» таралуына әкелген болуы мүмкін.

Алғашқы адамдар алғашқы өнер туындыларын салуда/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Алғашқы адамдар алғашқы өнер туындыларын салуда/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Екіншіден, бұл — макиавеллилік интеллект теориясы* (ұлы итальян ойшылы Никколо Макиавеллидің (1469–1527) құрметіне аталған. Оның «түпкі мақсат жолында кез келген құрал тиімді» және «қажеттік жақсылыққа мәжбүрлемесе адамдар негізі әрдайым пасық келеді» дейтін афоризмдері бар) бойынша түсіндіріледі. Ата-бабамыздың репродуктив табысы, шамасы, әлеуметтік мәртебеге тым қатты әсер еткен, бұл әдетте маймылдарда жиі кездесетін жағдай. Дегенмен, мәртебені тек күшпен көтеру (көптеген маймылдар осылай істейді) белгілі бір кезеңде қиындай түсті — мысалы, біз алдыңғы дәрісте талқылаған әлеуметтік құрылымның өзгерістеріне байланысты. Нәтижесінде әлеуметтік интеллектке бағытталған сұрыпталу күшейе түсті. Бұл интеллект тиімді одақтар құруға, тайпаластарға жақсы әсер қалдыруға, оларды шебер алдап, манипуляциялауға әрі әртүрлі «макиавеллистік айла-шарғыларды» іске асыруға мүмкіндік берді.

Антрополог ғалымдардың пайымдауынша, ерте гоминидтерде топ ішіндегі агрессия деңгейі төмендеген болса, мәртебе үшін күресте күштің рөлі азайып, макиавеллистік айлалардың рөлі артуы мүмкін еді. Ата-бабаларымыздың шағын әрі мығым ұйымдасқан тобының ішкі құрылымында шексіз «эволюциялық қарулану жарысы» қалай өрбігенін елестету қиын емес, бұл ақырында бұрын-соңды болмаған күшті әлеуметтік интеллекттің дамуына әкелді.

Британ антропологы Робин Данбар маймылдарда мидың көлемі (нақтырақ айтқанда, неокортекс — үлкен жарты шар қыртысының салыстырмалы көлемі) мен әлеуметтік топтың мөлшері арасында оң корреляция бар екенін анықтады. Қыртысы неғұрлым дамыған болса, маймылдар соғұрлым үлкен (орташа есеппен) ұжымдар құра алады. Приматтарда топ мөлшері мен мидың көлемі арасындағы оң байланыстың себептері әбден түсінікті. Приматтарды үйірлі жануарлардың көбінен айырып тұрған нәрсе, тайпаластарының барлығын «жеке тануы» әрі әрбірімен белгілі бір қарым-қатынасының болуы.

Ал жеке қарым-қатынас — интеллектуалдық тұрғыда ең көп ресурсты талап ететін қызмет түрі.

Тайпаластың реакциясын бағамдау — бәлкім, примат миының алдында тұрған ең күрделі жұмыстың бірі. Приматтың өзара әрекеттесуге мәжбүр болатын және белгілі бір деңгейде ықпал ете алатын басқа объектілерінің барлығы тайпаластарына қарағанда әлдеқайда қарапайым дүние.

Осы бір міндет өз құйрығыңды ұстауға тырысумен тең. Мысалы, сіз соншалықты ақылды болып, тайпаластардың әрекетін бағамдауды үйрендіңіз делік, бұл сізге көбею тұрғысынан артықшылық сыйлады. Геніңіз тез таралады әрі бірнеше ондаған ұрпақтан кейін популяциядағы барша дарақтағы ұрпағыңыз орта есеппен біршама ақылды бола түседі. Демек, олардың әрекетін бұрынғы әдістермен бағамдау мүмкін емес күйге жетеді. Ендеше барлығын басынан бастауға тура келеді!

Питер Брейгель (үл.). Зағиптар туралы аңыз. 1568. Каподимонте музейі, Неаполь, Италия/Wikimedia Commons

Питер Брейгель (үл.). Зағиптар туралы аңыз. 1568. Каподимонте музейі, Неаполь, Италия/Wikimedia Commons

Бұл міндет күрделі ғана емес, ең маңызды: приматтың репродуктив табысы айналасындағы жақындарына басқа түрлермен салыстырғанда барынша тәуелді болып келеді. Топтағы индивидтің «беделі» неғұрлым жоғары болса, ол қоғамда соғұрлым жоғары орын иеленеді, оның өміршең әрі көп ұрпақ қалдыру мүмкіндігі соғұрлым арта түседі. Бұл жалпылама алғанда еркектерге де, ұрғашыларға да ортақ тұжырым.

ДЕМОКРАТИЯ МИДЫ ДАМЫТАДЫ

Қатаң иерархияға негізделген, бағыну мен деспотизм үстемдік ететін қоғамда альфа-аталық (ерке) топтағы барша ұрғашыны иеленуді монополиялауы мүмкін. Мұндай жағдайда ұрпақ өрбітуге күштеп жол берілмеген бағынышты еркектер тиранды құлату мақсатында өзара «келіссөз жүргізіп», одақтар құруға мүдделі болады. Бұл іс қауіпті әрі одақтастардан жоғары ақыл-ой қабілетін талап етеді. Олардың әрқайсысы, бір жағынан, ұйымдасқан істің сәтті болуына, екінші жағынан, жеке басына тиетін қауіп-қатерді барынша азайтуға, яғни «біреудің қолымен от көсеуге» тырысады. Үшінші жағынан, сөз байласқан одақтастар оларға сатқындық жасалып жатқанын сезіп қоймауы тиіс: одақтастар арасындағы жеке бас беделін де бәйгеге тікпеуі тиіс. Төртінші жағынан, егер одақ сәтті жеңіске жетсе, биліктің қайта бөлінуі кезінде бас пайдасын қамтамасыз ете алуы керек (әрине, ең жақсысы — одақтастарды ығыстырып, тақтан тайдырылған тиранның орнына өзіні келуі болар еді).

Корнелис ван Харлем. Титандардың күйреуі.  Statens Museum for Kunst/Wikimedia Commons

Корнелис ван Харлем. Титандардың күйреуі. Statens Museum for Kunst/Wikimedia Commons

Ал тиран болса, бүлік шығу ықтималын барынша азайту мақсатында әртүрлі бірнеше стратегияны қолдана алады. Ол жас еркектерді топтан ерте қууы мүмкін — бұл жағдайда, гориллалардағыдай, кішігірім бөлек-бөлек гарем пайда болады. Бұл әдіс топтар арасында қатты бәсекелестік пен жыртқыштардың қысымы тым күшеймегенше тиімді. Егер сыртқы қауіп-қатерлер күшейсе, топты әлсіретіп, жастарды қудалау тиімсіз болады. Көшбасшы бұдан басқа, анағұрлым жұмсақ әрекеттерге де бара алады, мысалы, төмен шектегі еркектерге қолдау көрсетіп, оларды жақтас етіп алады. Бұл еркектер көшбасшының ықыласына айырбас ретінде орта шектегі еркектерді бақылауда ұстауға, осылайша адалдығын танытып көмектесуге дайын болады. Мәселен, осындай әдісті Иван Грозный қолданған, ол боярлармен күресте опричниктерге сүйенген. Бұл стратегия — тирандарға өте тән құбылыс.

Николай Неврев. Опричниктер. Ғапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейі/Wikimedia Commons

Николай Неврев. Опричниктер. Ғапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейі/Wikimedia Commons

Көріп отырғанымыздай, гаремдік-деспоттық қоғамдық құрылым интеллекттің дамуына кейбір алғышарттар жасағанымен, Homo туыстастары арасында мидың дамуының дүмпуіне негіз бола алмаған секілді.

Деспотизм ең алдымен күшке, ал тек екінші кезекте ғана айла-шарғы мен тайпаластарды манипуляциялауға сүйенеді. Ал топ мүшелері арасындағы эгалитар (теңқұқықты) қарым-қатынаста интеллекттің эволюциясына қызмет ететін алғышарттар көбірек. Себебі әрекет ету еркіндігі артады — көбею табысын арттырудың түрлі жолдары пайда болады, мінез-құлықты жағдайға сәйкес икемдеп өзгертуге мүмкіндік туады. Эгалитар қоғамда приматтардың табысты болуы күшке емес, деспоттық жүйеге қарағанда ақылға көбірек тәуелді болады. Енді тек еркектер ғана емес, ұрғашылар да тайпаластардың мінез-құлқын манипуляциялау арқылы көбею (репродуктив) артықшылығына қол жеткізе алады.

Ақылды ұрғашы басқа ұрғашылармен достасып, бір немесе бірнеше жоғары шектегі еркектердің қолдауын иелене алады. Нәтижесінде оған ұрпағын өсіру әлдеқайда жеңіл түседі, ал тайпаластарға жағымды әсер қалдыра алмайтын, өзара альтруизмге негізделген достық қарым-қатынас орнатуға қабілетсіз, ақылы кемшін ұрғашыға бұл қиынға соғады.

Эгалитар қоғамдағы еркек ұрғашыға қол жеткізуді бәсекелестеріне жұдырық жұмсау арқылы монополиялай алмайды. Олар бірігіп, тез арада астамшылды орнына қояды. Сондықтан қулыққа баруға тура келеді. Бәсекелестерді айналып өтіп, көбірек ұрғашыны баурап алудың неғұрлым күрделі тәсілдерін іздеу керек болады — бұл тәсілдер ұрғашыларға тартымды болумен қатар, еркек бәсекелестердің қатты ашуын тудырмауы да қажет. Табиғи сұрыпталу осындай еркектерді қолдайды, олар мүмкіндігінше көп ұрғашымен қосылып, бұған қоса басқа еркектердің көзінде адал, асыл әрі таза джентльмен болып көріне алуы керек. Бұл оңай іс емес және көп ақыл-ойды талап етеді.

ЖҰПТЫҚ ӨМІРДЕГІ ОПАСЫЗДЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫ

Егер қоғамда моногамия қабылданған болса, гоминидтерде дәл сондай деген болжам бар (шимпанзелердегі секілді ретсіз байланыс емес), онда репродуктив табысын арттыру әлдеқайда интеллектуал тұрғыда күрделі міндетке айналуы мүмкін.

Біріншіден, екі жыныс үшін де ең жақсы жұбайлық серіктесті таңдау (сонымен қатар оны баурап алу және ұстап қалу) мәселесі туындайды. Отбасы — жауапты іс.

Екіншіден, гоминидтердегі моногамды қатынас ешқашан толықтай тұрақты болмаған. Жұбайлар арасындағы опасыздық әрдайым болған әрі оларды болдырмауға арналған бейімделу механизмдері, сондай-ақ оларды сәтті әрі қауіпсіз іске асыру үшін қажетті бейімделулер, моногамия дәстүрінің қалыптасуымен эволюция барысында қоса-қабат дамуы керек болған.

Поль Жозеф Жамен (1853-1903). Тас дәуіріндегі зорлық. 1888. Руандағы бейнелеу өнері музейінің қоры/Photo by Fine Art Images/Heritage Images via Getty Images

Поль Жозеф Жамен (1853-1903). Тас дәуіріндегі зорлық. 1888. Руандағы бейнелеу өнері музейінің қоры/Photo by Fine Art Images/Heritage Images via Getty Images

Сұрыпталу ең қамқор, сенімді және күшті аталықты таңдап, оны өзіне мықтап баурап алып, өзіне және ұрпағына барынша қорған қылу мен материалдық қолдау көрсете алатын ұрғашыларға тиімді жүрді. Сұрыпталу ұрпағының аман қалуын барынша қамтамасыз ете алған, сондай-ақ ұрғашылары сирек опасыздық жасайтын еркектерді қолдады (еркектердің ұрғашыларды өздеріне қатты ғашық ету қабілетіне де сұрыпталу ықпал етті). Сондай-ақ сұрыпталу ұрғашысына опасыздық жасап, көп некесіз бала қалдыра алатын және оларды алданған күйеулердің қамқорлығына тапсыратын еркектерді де қолдауы керек еді. Күйеулердің әйелдерінің опасыздығын болдырмау, азғырушыларды қуып жіберу және жазалау қабілетіне де сұрыпталу ықпал еткен болуы керек. Қызғаныш секілді эмоция опасыздықпен күрес үшін эволюциялық бейімделу ретінде дамыған болуы кәдік (әрине, кең мағынада қызғаныш жыныстық серіктестер үшін бәсекелестікті ынталандыратын эмоция ретінде көптеген маймылдарда да кездеседі).

Бұған қоса, әйелдердің қамқор күйеулеріне кейде опасыздық жасап, басқа әйелдерді азғыруға шебер еркектермен байланыс орната алуға қабілеті де сұрыпталуға ұшыраған болуы керек еді. Өйткені, егер ұрғашы мұндай «мачо» еркектен ұл туып алса, оның ұлдары әкесінің азғыру қабілеттерін мұра етіп алады, ал ұрғашының немерелері көп болады. Нәтижесінде, ұрғашыларды шебер азғырушылармен жасырын байланыс орнатуға бейімдейтін гендері популяцияда тарауға мүмкіндік алады.

Күрделі айла-тәсілдер, интригалар, манипуляция мен құштарлыққа толы қатынастардың шиеленіскен түйнегі — гоминидтердің өміріне моногам отбасы дәстүрінің алып келуі тиіс нәрсе болып еді.

Мұндай ортада репродуктив табысын арттыру үшін жеке дара түрге не қажет деп ойлайсыз? Ми, тағы да ми.

Гоминидтердегі мидың және когнитив қабілеттің өзін-өзі қолдау негізіндегі эволюциясын түсіндіретін тағы бір (біздің тізімдегі үшінші) теория — «топішілік кооперацияға арналған ми» идеясы. Когнитив қабілеттің өзін-өзі қолдау эволюциясы макиавеллистік интеллект теориясындағыдай топішілік индивидтер арасындағы бәсекелестіктің емес, топтардың өзара бәсекелестігінің нәтижесі болуы мүмкін. Бұл жағдайда ең алдымен индивидтердің топ ішінде ынтымақтаса білу, келісімге келу, топтың игілігі үшін күрделі үйлесімді әрекеттер жасау және өз жақындарына адал болу қабілеттері дамуы тиіс еді. Мұндай мінез-құлықтың өзі де жақсы когнитив қабілеттерді талап етеді, ал топтар арасындағы қарқынды бәсекелестік бұл процеске өзін-өзі қолдау қабілетін ұштайтындай сипат дарытуы мүмкін.

Садақшылар шайқасы. Петроглиф. Куева дель Руре, Морелла-ла-Велла, Кастеллон, Валенсия, Испания/Wikimedia Commons

Садақшылар шайқасы. Петроглиф. Куева дель Руре, Морелла-ла-Велла, Кастеллон, Валенсия, Испания/Wikimedia Commons

Біздің тізімде тағы бір (төртінші) теория бар, ол бұрынғы теориялардың барлығын біріктіреді әрі бүгінгі күнгі көптеген маманға перспективасы зор әрі барынша шындыққа сай болып көрінеді. Бұл — мидың және мәдениеттің өзін-өзі қолдауға негізделген коэволюция теориясы. Осы бір механизмді «мәдени драйв» немесе «мәдени ми гипотезасы» деп те атайды. Бұл туралы келесі дәрісте әңгімелейміз.

Александр Марков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ