АДАМДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

4-дәріс. Мәдени драйв

АДАМДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Виктор Михайлович Васнецов. Тас дәуірі/Wikimedia Commons

Энгельс адамды адам еткен еңбек деп есептеді. Алайда қазіргі ғалымдар біздің түрдің қалыптасуына махаббат, балалық таңырқау сезіміміз бен ұзақ қашыққа жүгіруіміз еңбектен де зор ықпал етті деп санайды. Палеонтолог Александр Марков Qalam-ға арналған жаңа дәрістер курсында саналы адамның қалайша және неліктен пайда болғаны жайында баяндайды.  

Мазмұны

Алғаш рет «мәдени драйв» терминін қазіргі мағынасына жақын қолданған атақты америкалық генетик Алан Уилсон (1934–1991) болды. 1985 жылы Scientific American журналында жарияланған мақаласында Уилсон когнитив қабілеттердің, соның ішінде әлеуметтік үйрену мен мінез-құлық ерекшеліктерін мәдениет арқылы жеткізу қабілетінің дамуы биологиялық эволюцияны жылдамдатқан болуы мүмкін деген болжам жасады.

Идея келесідей. Басқа жануарларға қарағанда зерек әрі үйренуге бейім жануарлар мінез-құлықтың жаңа түрлерін жиі ойлап тауып, мінез-құлыққа қатысты жаңалықтарды туыстарына, мысалы, кіші жастағылардың үлкендерден үйренуі секілді жолмен тиімді түрде жеткізеді. Осылайша мәдени дәстүрлер қалыптасады. Бұл дәстүрлер жануарлардың мінез-құлқын айқындайды да сұрыпталудың жаңа бағыттарын туғызады. Мысалы, белгілі бір жануарлар жыртқышты көргенде ағашқа өрмелеуді үйренсе және бұл мінез-құлық популяцияда мәдени дәстүр ретінде сақталса, онда мұндай мінез-құлық тірі қалу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Нәтижесінде, сұрыптау бұл мінез-құлықты тезірек үйреніп, оны тиімді жүзеге асыратын индивидтерге қолайлы болады.

Бұл процесс туа бітті үйрену қабілетінің жақсаруына, сондай-ақ күшті саусақ пен тырнақ эволюциясына алып келген болуы мүмкін. Мінез-құлық тіпті ақырында инстинктке айналуы ықтимал, яғни жануарлар жыртқышты көргенде ешқандай үйренусіз, «автоматты» түрде ағаш діңіне өрмелей бастайды. Дегенмен приматтарда қатаң мағынадағы инстинкттер болмайды, яғни белгілі бір стимулға жауап ретінде орындалатын күрделі әрі толық туа біткен әрекеттер тізбегі жоқ. Приматтарда күрделі бейімделген мінез-құлық, үйренусіз, тек туа біткен жүйке жүйесінің қасиеттеріне сүйеніп қана ешқашан қалыптаспайды.

Қалай болғанда да, қарастырылып отырған гипотезада алдымен мінез-құлық (мәдени) дәстүрі пайда болады, содан кейін осы дәстүр сұрыпталудың бағыты мен қуатын өзгертіп, популяцияны жаңа бағытта эволюциялануға мәжбүрлейді.

Осылайша мәдениет эволюцияны бағыттайды.

Осыдан «мәдени драйв» термині туындайды. Жануарлардың ақыл-ой қабілеттері неғұрлым жақсы дамыған болса (соның ішінде өзгелерден үйрену қабілеті де), соғұрлым олардың эволюциясы мәдениетке тәуелді болуы керек. Кейде бұл механизмді «мәдени ниша құру» деп те атайды. Бұл термин жануарлар жаңа мәдени дәстүрді меңгере отырып түрлі эволюциялық салдарларға алып келетін жаңа экологиялық ниша жасап жатқанын білдіреді. Енді табиғи сұрыптау оларды осы жаңа «мәдени нишаға» бейімдейді.

Мысалы, егер барлығы суық ауа райында жануардың терісіне орануды үйренсе немесе саваннада алып гиеналар мен басқа да өлексемен қоректенуші жыртқыштармен ет үшін тиімді бәсекелесу мақсатында ірі жануарлардың өлексесін тас құралдармен бөлшектеуді меңгерсе, бұл популяцияның табиғи сұрыптау әсерімен бейімделе бастаған жаңа экологиялық нишасы емей, немене? Мұндай мәдени нишаға бейімделу — тістердің, жақтың және ішектің кішіреюінен бастап, мидың өсуіне қажет энергияның шектеуге ұшырауын әлсіретуге және түк қабатының жоғалуына дейінгі маңызды эволюциялық нәтижелерге әкелуі мүмкін.

Жалпақ сүйекті тігін инесі. «Піл үңгірі» деп аталатын Гурдан үңгірінен, Гурдан-Полиньнан, Жоғары Гаронна, Франция. Жоғарғы палеолиттік магдален мәдениеті (б.з.б. 17-10 мың жылдар аралығында)/Wikimedia Commons

Жалпақ сүйекті тігін инесі. «Піл үңгірі» деп аталатын Гурдан үңгірінен, Гурдан-Полиньнан, Жоғары Гаронна, Франция. Жоғарғы палеолиттік магдален мәдениеті (б.з.б. 17-10 мың жылдар аралығында)/Wikimedia Commons

Дегенмен адамдар түгін киімге байланысты емес, тұрақты қоныстардың пайда болуы мен осыған орай паразиттермен күрестің күрделенуіне байланысты жоғалтқан болуы мүмкін немесе бұл ұзақ қашыққа жүгіруге бейімделу барысында пайда болған шығар. Алдыңғы дәрістердің бірінде біз кейбір аңшылардың әлі күнге төзімділікке сүйеніп аң аулау тәжірибесін қолданатынын, яғни зебра, бұлан немесе антилопаны шаршату үшін соңына дейін қуалайтынын айтқанбыз. Қазір біз үшін маңызды нәрсе — киім, тұрақты қоныстар мен төзімділікпен аң аулау дегеннің барлығының мәдени дәстүр екенін ұғыну. Мұндай әрекеттер мәдени нишаны қалыптастырады. Бұл бейімделулер генде емес, мәдениетте «жазылған». Ал адамдардағы түктің болмауы және тер бездерінің ерекше күшті дамуы — бұл нағыз биологиялық, яғни генетикалық негіздегі бейімделулер. Олар мәдени нишаға бейімделу нәтижесінде, мәдениет бағыттаған табиғи сұрыптау негізінде қалыптасты.

БІЗ ҚАЛАЙ СҮТ ІШУДІ ҮЙРЕНДІК?

Гендік және мәдени коэволюцияның (ген мен мәдениеттің бірлескен эволюциясы) хрестоматиялық мысалы ретінде ересек адамдардың сүттің қанты саналатын — лактозаны қорытуын қамтамасыз еткен мутацияның таралуын айта аламыз. Бұл мутациялар Еуропа, Африка және Таяу Шығыстың кейбір аймақтарындағы халықтардың мал шаруашылығын игеруінен кейін таралды. Қалыпты сүтқоректінің баршасы (сүт өндірісіне негізделген мал шаруашылығын меңгерген адамдардан басқа) сүтті тек ерте балалық шақта ішеді. Сондықтан өздігінен қоректенуге көшу кезінде оларға лактаза ферменті қажет болмайды және оның синтезі тоқтайды. Бұдан кейін оларға сүтті қорыту қиынға соғады, бірақ бұл олар үшін проблема емес, себебі ересек сүтқоректілер сүт ішпейді. Алайда адамдар қолға үйретілген жануарларды — ешкі, қой, сиыр, жылқының биесін сауып іше бастағанда бұл проблемамен бетпе-бет келгені анық. Дәл осы популяцияларда ДНҚ кейбір реттеуші бөліктерінде сұрыпталу процесі мутанттық варицияларды қолдайтын сипат тапты. Мұндай мутацияны тасымалдаушылардың бойында өмір бойы лактоза ферменті өндіріледі, сондықтан олар ересек жасында сүт ішкенде ас қорыту ісінде проблема сезінбейді.

Ежелгі Мысырдағы мал шаруашылығы/Wikimedia commons

Ежелгі Мысырдағы мал шаруашылығы/Wikimedia commons

Қызығы сол, лактозаға төзімділіктің эволюциясы әртүрлі популяцияларда бір-бірінен тәуелсіз жүрді: Африка, Еуропа және Таяу Шығыс малшыларында әсері бірдей бірақ әртүрлі мутациялар таралған. Ал Орталық және Шығыс Азияның көшпелі малшылары, шамасы, сүт диетасына генетикалық емес, таза мәдени тұрғыдан бейімделген: олар лактозасы аз қышқыл сүт өнімдерін тұтыну арқылы бейімделуден өтті. Лактозаға төзімділік аллелдері (генетикалық нұсқалар) оларға таралмады.

Жақында палеогенетика саласының мамандары қола дәуірі мен ерте орта ғасырдағы еуропалықтардың геномдарын зерттеді. Нәтижесінде 3–4 мың жыл бұрын Батыс Еуропада лактозаға төзімділік әлі де сирек кездесетін белгі болғаны, бірақ кейінгі кезеңдерде тез таралғаны анықталды. Бұл мәліметтер соңғы үш мыңжылдықта Еуропада лактозаға төзімділік аллелінің таралуына ерекше күшті сұрыпталу процесі әсер еткенін көрсетеді.

 Ян Вермеер. Сауыншы/Wikimedia Commons

Ян Вермеер. Сауыншы/Wikimedia Commons

Бұл жағдайда мәдени инновация (шикі сүт ішу әдетімен ұштасқан мал шаруашылығы) лактоза ферментінің синтезі емізу кезеңі аяқталғаннан кейін де тоқтамаған адамдарға селекциялық артықшылық берді. Бұл селекциялық артықшылықтың мәні неде? Бірнеше гипотеза бар. Соның ішіндегі ең айқын тұжырым — сүт өте құнарлы өнім, ал бұрынғы замандарда адамдар артық калориядан сирек зардап шеккен. Дегенмен сүттің орнына айран немесе ірімшік жесе, лактозаға төзімсіздік мәселесі көбіне өз-өзінен шешіледі. Сүт, сондай-ақ, рационында D витамині аз болған адамдардағы кальций жетіспеушілігінен туындайтын қиындықтарын жеңілдетуі мүмкін еді, әсіресе күн сәулесі аз және ультракүлгін сәулелену арқылы бұл витаминді өндіру мүмкіндігі шектеулі ендік бойында өмір сүргендер үшін бұл оңтайлы жол еді. Бұған қоса, сүт ішу ішек микробиотасының құрамын өзгертіп, аштық кезеңдерінде диарея қаупін азайтып, тіпті безгектің белгілерін жеңілдеткен болуы мүмкін дейтін мәліметтер бар. Әрбірден соң, сүт ішу пайдалы болуы мүмкін еді, себебі ол сол уақыттарда әрдайым таза бола бермейтін, әйтсе де адамдар ішуге мәжбүр болып келген сумен салыстырғанда патогендермен азырақ ластанған сусын болған.

Ямс пен безгек

Гендік және мәдени коэволюцияның жақсы зерттелген тағы бір мысалы — ямс өсіретін батыс африкалық егіншілер арасында орақ тәрізді жасушалық анемия аллелінің таралуы. Егер адамның бойында ата-анасынан екеуінен де осы аллелдің екі көшірмесі бар болатын болса, онда ол ауыр анемиядан зардап шегеді, бұл енді жақсы нәрсе емес. Алайда егер ол тек біреуінің ғана көшірмесін иеленсе, анемиясы қатты мазаламайды, бұған қоса оның денсаулығы сол аймақта кең таралған безгектен қорғана алатын қабілет табады. Осы егіншілер қолданатын ямс өсіру технологиясы орман отауды қажет еткенге ұқсайды. Бұл әрекет жердің батпақтануына және безгек тасымалдаушы масалардың күрт көбеюіне әкелген. Мұндай жағдайда табиғи сұрыпталу орақ тәрізді жасушалық анемия аллеліне қолайлы жағдай жасайды, өйткені безгектен қорғану анемияның зардабынан әлдейқайда жеңілірек. Нәтижесінде ямс өсіретін егінші тайпалар безгектен басқа көршілеріне қарағанда азырақ зардап шегеді. Бәлкім, осы жағдай топ аралық бәсекеде оларға артықшылық берген де шығар: олар орманның кезекті бөлігін отап, сол жерде ямс (сонымен бірге безгек масаларын) өсірген уақытта қою орманда әлі де өмір сүріп келе жатқан көрші тайпалар безгектен қырыла бастады. Бұл егіншілерге олардың жерлерін тартып алып, жаңа аумақтарды игеруге мүмкіндік берді. Дәл осы жағдайда мәдени дәстүр (ямс өсіру) безгекке төзімділік сияқты генетикалық ерекшелікпен бірге эволюцияланған. Мүмкін мұнда кері байланыс та болған шығар, өйткені кейбір деректерге сәйкес ямс орақ тәрізді жасушалық анемияның белгілерін аздап жеңілдететін көрінеді.

Диқан Нандомдағы фермасында ямс жинауда/Alamy

Диқан Нандомдағы фермасында ямс жинауда/Alamy

МӘДЕНИ ДРАЙВ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Алан Уилсон мәдениеттің биологиялық эволюцияның тек бағыттаушы ғана емес, сонымен қатар оны жеделдетуші әсерін де ерекше атап өткен еді. Мәдени драйв идеясы одан әрі британдық эволюционист Кевин Лаланд пен басқа зерттеушілердің еңбектерінде дамытыла түсті, олар бұл ұғымды қайта қарастырып, әлеуметтік үйрену, когнитив қабілеттер мен мәдениеттің коэволюциясы автокаталитикалық сипатта, яғни өзін-өзі қолдайтын сипатта жүрген мүмкін дегенге баса назар аударды. Әлеуметтік үйрену деп өзінің жеке тәжірибесі, ақыл-ойымен немесе құлап қайта тұру әдісімен жиған білім, дағды мен мінез-құлық ерекшеліктерін емес, керісінше басқа индивидтерден, мысалы, еліктеу жолымен білім, дағды және мінез-құлық ерекшеліктерін қабылдап алуды айтатынын еске салайық.

Влияние культурного драйва на эволюцию/Александр Марков

Влияние культурного драйва на эволюцию/Александр Марков

Болжалды түрде алғанда оң кері байланыс механизмін қарапайым тілмен былай сипаттауға болады:

Әлеуметтік үйрену қабілеттерінің эволюциясы → мінез-құлық инновациялары мәдени дәстүр ретінде көбірек беки түседі, мәдениет осылайша байи түседі → қауымдастардан үйренуге болатын пайдалы дағдылар көбейеді; әлеуметтік үйрену қабілеттері анағұрлым пайдалы бола бастайды; күрделі әрі икемді мінез-құлық индивидтердің алдына жаңа когнитив міндеттер мен сынақтар қояды → бұдан да тиімдірек әлеуметтік үйрену мен когнитив қабілеттерге сұрыпталу жүреді → бұдан да бай мәдениет қалыптасады және т.б.

Влияние культурного драйва на эволюцию/Александр Марков

Влияние культурного драйва на эволюцию/Александр Марков

Суретте бейнеленген сызбаға бірнеше оң кері байланыс ілмектерін қосуға болады.

Олардың бірі — өмір сүру ұзақтығының артуына негізделген. Мәдениеттің дамуы өмірді қауіпсіз ете алады. Мысалы, қорек табудың жаңа тәсілдерін ойлап табу тіршілік шарттары өзгерген кезде (мысалы, құрғақшылық кезінде) аштықтан өлу қаупін азайтады, ал емдік шөптер мен тамырлар туралы білім аурудан өлім-жітім санын төмендете алады. Нәтижесінде, орташа өмір сүру ұзақтығы артады, ал ұзақ өмір адамдарды пайдалы білім мен дағдылардың тиімді сақтаушылары мен таратушыларына айналдырады:

Әлеуметтік үйрену қабілетіне сұрыпталу → дамыған мәдениет → жоғарылаған өмір сүру көрсеткіші → орташа өмір сүру ұзақтығының артуы → білімді сақтау және беру мүмкіндіктерінің жақсаруы → одан әрі дамыған мәдениет → әлеуметтік үйрену қабілетіне қатысты сұрыпталудың күшеюі және т.б.

 Шимпанзе термит аулап үйреніп жүр/Getty Images

Шимпанзе термит аулап үйреніп жүр/Getty Images

Сонымен қатар егер құнды білім тасымалдаушылары топтың өмір сүруіне және оның мүшелерінің табысты көбеюіне ықпал етсе, мәдениет ұзақ өмір сүруге (қартаюдың баяулауына) қатысты сұрыпталу шарттарын ыңғайластырады. Мысалы, топаралық бәсекелестік жағдайында топта ең болмағанда бір қарт әрі дана индивид болса, ол білімін қиын жағдайларда топтың аман қалуына көмектессе, мұндай топтар артықшылыққа ие болады немесе, мысалы, жинақталған өмірлік тәжірибе ұрпаққа күтім жасаудың тиімділігін айтарлықтай арттыратын болса, бұл да маңызды фактор. Ата-бабаларымыз ұзақ өмір сүруге қатысты қатты сұрыптауға ұшыраған сияқты. Мұны кем дегенде адамның ең ұзақ өмір сүру ұзақтығы шамамен 120 жыл болғанымен, ең жақын туыстарымыз (шимпанзе, горилла мен орангутандар) тіпті ең керемет жағдайларда және ең жақсы медициналық көмек көрсеткеннің өзінде 60 жасқа дейін жете алмайтыны, ал табиғатта 50 жас та өмір сүре алмайтыны көрсетіп бере алады.

Little Mama (Кішкентай мама) (1937 (?) — 2017), ең кәрі шимпанзе (доктор Джейн Гудолл оның жасы шамамен 78-де деп есептейді). Локсахатчидегі Lion Country Safari, Флорида, 22 желтоқсан, 2016 жыл/Allen Eyestone/The Palm Beach Post/ZUMA Wire/Alamy Live News

Little Mama (Кішкентай мама) (1937 (?) — 2017), ең кәрі шимпанзе (доктор Джейн Гудолл оның жасы шамамен 78-де деп есептейді). Локсахатчидегі Lion Country Safari, Флорида, 22 желтоқсан, 2016 жыл/Allen Eyestone/The Palm Beach Post/ZUMA Wire/Alamy Live News

Мәдениет адамда (және мәдениет маңызды рөл атқаратын кейбір киттәрізділерде) ұрғашы индивидтердегі ұзаққа созылатын пострепродуктив кезең (менопауза) сияқты ерекше белгінің пайда болуымен байланысты болуы мүмкін. Эволюция барысында менопаузаның пайда болуы әйелдердің жас ұлғайған сайын өз балаларын туудан күтетін эволюциялық табысының төмендейтінімен байланысты болса керек деген сыңайда болжанады (нәрестені көтеру, оны емізіп өсіру қиындайды, және оны аяқтауға уақыт жетпеу қаупі жоғарылайды). Сондықтан сұрыпталу әйелдердің репродуктив функциясының белгілі бір жаста өшуін қолдауы мүмкін, осыдан кейін жеке-дара, мысалы, немерелеріне қамқорлық жасауға өз уақытын арнай алады. Осы идеяға сәйкес, еркектерде менопауза жоқ, өйткені әкенің денсаулығы ұрпақтың өмір сүруі үшін соншалық маңызды емес (сүтқоректілерде, тіпті тұрақты жұптар құратын түрлерде де, ұрпаққа күтім жасаудың негізгі ауыртпалығы аналардың мойнында).

АҚЫЛ, ТАМАҚ ЖӘНЕ СЕКС

Оң кері байланыстың тағы бір ілмегі жақсартылған диета бола алады:

Құнарлы азық-түлік ресурсын алудың тиімді тәсілдерін қамтитын дамыған мәденит → жақсартылған тамақтану → мидың дамуына қойылатын энергия тұрғысынан шектеудің азаюы.

Мысалы, ерте эректустардың миының ұлғаюы дәстүрлі түрде ет тұтынудың артуымен байланыстырылады. Археологиялық дәлелдер де еттің эректустар рационында маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Мысалы, Кенияда гипервитаминоз А-ға тән патологиялық сүйек тінінің ұлғаюымен ауырған ересек ұрғашы-эректустың сүйектері табылды. Бұл гипервитаминоз ағзада шамадан тыс көп жануар майларын тұтыну нәтижесінде дамиды. Эректустар шебер аңшылар болды ма, әлде жай ғана өлекселерді жинады ма деген сұрақ әлі талқыланып жатыр, бірақ мына бір факт анық: олар тұрақтарына жануарлардың өлекселері мен олардың бөліктерін тасып, сүйектерді тас құралдармен бөлшектеген.

Мамонттан қашу/Fine Art Images/Heritage Images/Getty Images

Мамонттан қашу/Fine Art Images/Heritage Images/Getty Images

Алайда бұл жерде тек ет туралы ғана сөз болып отыр ма? 1999 жылы антрополог Ричард Рэнгэм және оның әріптестері алғашқы эректустар, шамамен екі миллион жыл бұрын пайда болған, тамақты отқа пісіруді меңгерген деген гипотеза ұсынды, бұл тамақты қорытуға кететін энергия шығындарын айтарлықтай төмендеткен болар еді. Осы бір болжамнан көптеген қызықты салдар шығаруға болады: жыныстар арасындағы еңбек бөлінісі (еркек аңшылықта, әйел ас үйде); әйелдердің асыраушы ретіндегі мәртебесінің өсуі, бұл эректустар мен хабилестер арасындағы жыныстық диморфизмнің азаюымен байланысты болуы мүмкін, тіпті тамақ пен секс арасындағы ассоциатив байланыстың қалыптасқанын білдіруі мүмкін.

Рэнгэмнің гипотезасы жанама деректерге негізделген. Мысалы, ерте эректустардың тек миы ғана емес, сонымен қатар жалпы дене көлемі де ұлғайған. Бұған қоса тістері кішірейген. Жақ сүйектері аз жұмыс істей бастады деген сөз.

Салыстыру үшін айтсақ, шимпанзелер тәулігіне орташа есеппен 5 сағатын шайнауға жұмсайды, ал тағамды отқа пісіретін қазіргі аңшылар — небәрі бір сағат.

Келесі жылдары Рэнгэм мен оның әріптестері осы идеяны дәлелдеу үшін бірнеше қызықты тәжірибе жүргізді. Әртүрлі жануарларды (мысалы, тышқандар мен бирма питондарын) шикі және пісірілген етпен тамақтандырды. Питондар пісірілген етті қорытуға 12,7%-ға аз энергия жұмсады, етті еттартқыш арқылы өткізіп пісіргенде энергияны үнемдеу 23,4%-ға жетті. Мұндай көлемдегі энергия үнемі жануарлардың бәсекеге қабілетін айтарлықтай арттырады және мұнысы табиғи сұрыпталу тарапынан қолдау табуы тиіс еді. Олай болса, асты дайындауды үйренген ежелгі адамдар тобы, шикі етпен қоректенетін артта қалған туыстарына қарағанда, тезірек көбеюі керек еді.

Пісірілген етпен қоректенген тышқандар бес апта ішінде шикі етпен тамақтанған тышқандарға қарағанда 29%-ға көбірек салмақ қосты (рационның калориялық құрамы бірдей). Бұл дегеніміз — ежелгі адамдардың тамақтану рационының өзгеруі олардың дене өлшемдеріне бірден, тіпті эволюциясыз-ақ әсер етуі мүмкін еді.

 «Әлем тарихы» кітабынан иллюстрация. 1897 жыл/Wikimedia Commons

«Әлем тарихы» кітабынан иллюстрация. 1897 жыл/Wikimedia Commons

Гипотеза өте қисынды көрінеді, дегенмен бір мәселе бар: ерте эректустардың отты пайдаланғанына тікелей дәлелдер әлі табылмады. Бүгінге дейін табылған ең көне және даусыз ошақ Израильде орналасқан және оның жасы 790 мың жылға тең. Оңтүстік Африкадан жақында табылған деректер бойынша, шамамен 1 миллион жыл бұрын адамдардың отты бақылауда ұстағанына салмақты дәлелдер бар. Алайда ертеректегі отты бақылауда ұстау дәлелдерінде зерттеушілер оттың тастар мен сүйектерде қалдырған іздеріне қарап адамның түбегейлі қолданысында болғанына нақты дәлел ұсына алмап еді. Кейбір эксперттер бұл іздердің табиғи өрттен қалған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Кесем үңгірінде табылған ошақ (фотосуреттің жоғарғы жағында), фотода уақыт өте келе жиналған күлдің бірнеше қабаты көрініп тұр/Photo by Ran Barkai, Department of Archeology, Tel-Aviv University/nationalgeographic.com

Кесем үңгірінде табылған ошақ (фотосуреттің жоғарғы жағында), фотода уақыт өте келе жиналған күлдің бірнеше қабаты көрініп тұр/Photo by Ran Barkai, Department of Archeology, Tel-Aviv University/nationalgeographic.com

Тамақтың барған сайын жеңіл сіңірілуіне біртіндеп өту жақ пен ас қорытуға жұмсалатын энергияны азайтып қана қоймай, ас қорыту жүйесі көлемінің қысқаруына да жағдай жасады, бұл да айтарлықтай энергия үнемдеуге әкелді. Приматтарда ми мен ас қорыту жүйесінің көлемі арасында кері байланыс бар екені анықталды. Ақылдырақ маймылдар, зерттеулерге сәйкес, жоғары калориялы тағамдарды (жәндіктер, құс жұмыртқалары және т.б.) көбірек тұтынады әрі олардың ас қорыту жүйесі кішірек болады. Миы кішірек түрлер оңай қол жетімді, бірақ құнары аз тағамдарға (жапырақтар, жемістер) көп жүгінеді, ал олардың ас қорыту жолы ұзындау келеді.

Мәдени драйв — ақылдылардың ісі

Мәдени драйв гипотезасы бірнеше жанама эмпирикалық дәлел тапты. Мысалы, приматтар арасында келесі көрсеткіштер арасында оң байланыстар анықталған:

1) әлеуметтік үйренудің дамуы бойынша (мұны бір индивидтен екінші индивидке дағдыларды сәтті беру жағдайларының бақыланған саны бойынша зерттеуге жұмсалған күш-жігерді міндетті түрде тіркей отырып бағалауға болады, яғни белгілі бір түрдің индивидін бақылауға кеткен жалпы уақыт бойынша бағалау);

2) ми көлемі бойынша (абсолют немесе салыстырмалы болуы маңызды емес: екі жағдайда да ұқсас корреляциялар байқалады);

3) өмір сүру мен балалық шақтың ұзақтығы бойынша (ең белсенді үйрену кезеңі);

4) әлеуметтік топтардың өлшемі бойынша.
Ұқсас корреляциялар кит тәрізділерде де анықталған.

Мәдени драйв гипотезасы әлеуметтік ми, Макиавелли интеллекті, топішілік кооперацияға қызмет ететін ми, тас құралдарын жасауға арналған ми немесе жыныстық серіктерді тартуға арналған ми секілді басқа идеяларға ешқандай қайшы келмейтінін түсіну маңызды.
Мәдени драйв идеясы осындай жеке-жеке гипотезалардың кең ауқымын қамти алады.

Мәселе мынада: ми мен мәдениеттің өзін-өзі қолдайтын коэволюциясы әртүрлі мәдени мұрагерлік білімдерге, дағдыларға және мінез-құлық әдістеріне негізделуі мүмкін. Ол белгілі бір дағды түрімен ғана мығым байланысып қала алмайды. Мұнда кез келген дерлік білім түрлері жарамды болуы мүмкін! Дегенмен кез келген білім түрі емес, әрине. Олар кем дегенде мына екі шартқа сай болуы тиіс.

Біріншіден, бұл білім түрлері тым қарабайыр болмауы керек. Егер кез келген адам оңай меңгере алатын дағды болса, мұндай дағдылардың мәдени ортада таралуы ақыл-ой қабілеттерін жақсартуға бағытталған сұрыпталу процесін тудырмайды. Әрине, білім де шамадан тыс күрделі болмауы керек. Егер қандай да бір мінез-құлық жаңалығы жүз жылда бір рет туатын данышпандарға ғана қолжетімді болса, онда мұндай жаңалық ешқашан мәдени дәстүрге айналмайды. Оны ойлап тапқан данышпанмен бірге дерлік өледі деген сөз.

Екіншіден, мұндай білім түрлері иелеріне репродуктив артықшылықтар беруі керек. Басқаша айтқанда, олар бейімделгіштікті арттыруы тиіс — биолог-эволюционистердің бұл дарытқан мағынасы бойынша айтсақ, пайдалы (немесе тиімді) білім болуы қажет. Тек репродуктив жетістікке үлес қосатын білім атаулы ғана мәдени ортада таралып, осы білімді жақсы меңгерген жеке индивидтердің генінің таралуына септігін тигізеді. Бұл, негізінен, алғыр және білімқұмар үйренушілердің гендері болмақ. Жақсы үйренушілердің генінің таралуы — мәдени драйв гипотезасының түпкі мәні. Егер жеке индивид білімді игеру қабілетіне ие болмаса, ол жаңа мәдени ортаға бейімделе алмайды, жаңа дәстүрлерге сәйкес әрекет етуді үйренбейді немесе бәрін қайтадан өзі ойлап табуға мәжбүр болады. Сондықтан білімсіз адамдар көп ұрпақ қалдырмайды. Үйренушінің үйрену қабілеті неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ол пайдалы білімді көп игереді, соғұрлым оның білімді ұрпақтары көбейеді және олардың балалары қоғамның мәдени дәстүрлерін, оның ішінде жаңадан пайда болған дәстүрлерді жақсы меңгереді. Осылайша қоғамның мәдени қоры артып, әлеуметтік үйренуге қатысты қабілеттерді одан әрі пайдалы және маңызды ете түседі.

Үңгір адамдарының өмірі. 19 ғасырдағы иллюстрация/Getty Images

Үңгір адамдарының өмірі. 19 ғасырдағы иллюстрация/Getty Images

Сонымен мәдени драйвқа негізделген дағдылардың күрделілігі мен пайдалылығына қатысты белгілі бір талаптар бар. Алайда мазмұны жағынан бұл дағдылар мен білім түрлері кез келген нәрсе болуы мүмкін. Олар аңшылық әдістері, тас құралдарын жасау технологиясы, туыстарымен қарым-қатынас жасау дағдылары және оларға жақсы әсер қалдыра алу қабілеті, жыныстық серіктестерді еліктіру тәсілдері, емдік шөптерді білу, улы жыланды қауіпсізінен ажырата білу, дұшпан топпен қақтығыс кезінде ұйымдасқан ұжымдық әрекеттерді ойластыра алу қабілеті болуы мүмкін және т.б. Әртүрлі пайдалы білім категориялары мәдени драйвтың тиімділігіне қалай әсер ететіні, бұл әсердің қалай көрінетіні және оның қандай факторларға байланысты болатыны — арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе.

Когнитив дүмпу

Мәдени драйв гипотезасының таңғажайып әмбебаптығы мен икемділігі 2006 жылы эволюция биологтары Сергей Гаврилец пен Аарон Воуз жасаған компьютерлік модель арқылы айқын түрде паш етілді.

Гаврилец пен Воуздың моделі былай ойластырылған. Модельдік популяциядағы еркектер ұрғашылар үшін бәсекелеседі. Популяцияда промискуитет және полигинияiяғни ретсіз сексуал байланыстар басым келетін еркектердің ұрпаққа қосатын үлесі минимал деңгейде, сондықтан еркектердің репродуктив ресурсы мол, ал ұрғашылардың ресурсы — дефицит. Мұндай жағдайда еркектің репродуктив табысы тікелей оның қанша ұрғашымен шағылыса алатынына байланысты. Мұны тікелей еркектердің бәсекелестік нәтижелері анықтайды, ал бұл бәсеке сол еркектердің мінез-құлқына тәуелді. Дәл осы жерде мәдениет іске қосылады. Кейде еркектер кездейсоқ мемдерді, яғни ұрғашыға қол жеткізу жолындағы бәсекелестікте жеңіске жету мүмкіндігін арттыратын мінез-құлық әдістері мен айла-тәсілдерді ойлап табады. Мұндай ойдан бірдеңе шығару өте сирек кездеседі, бірақ пайдалы мемді иеленудің басқа да жолы бар: бір еркек оны екіншісінен әлеуметтік үйрену жолымен үйрене алады. Мысалы, белгілі бір мінез-құлық әрекетін байқап қалады да дереу есте сақтап үлгереді.

Джеймс Генри Бирд. «Бұл өте қызық, солай емес пе?». 1885/Wikimedia Commons

Джеймс Генри Бирд. «Бұл өте қызық, солай емес пе?». 1885/Wikimedia Commons

Ерте ме, кеш пе тізбекті реакцияны еске түсіретін өзін-өзі қолдау процесі басталады, авторлар оны «когнитив дүмпу» деп атаған. Бұл процесс ерте ме, кеш пе біреу пайдалы, дегенмен өте қарапайым мемді ойлап тапқан кезде басталады. Алайда бұл мемді бәрі бірдей емес, тек популяциядағы ең «зеректері» ғана есте сақтай алады. Осы мемді меңгерген индивидтер сұрыпталу артықшылығына ие болады, яғни олар есте сақтау қабілеті мен үйренуге бейім гендерін көбірек ұрпағына бере отырып, көбірек ұрпақ қалдырады. Алғашқы пайдалы мем мәдениетте орныққан сәттен бастап, әлеуметтік үйренуге (жад пен үйрену) қабілеттің жақсаруына табиғи сұрыпталу басталады. Мұндай қабілеттердің жақсаруы жаңа пайдалы мемдердің жиі пайда болуына және беки түсуіне әкеледі.

Нәтижесінде, ақыл-ой қабілеті мен мәдени байлықтың (мемдер қорындағы мем саны), сондай-ақ индивидтердің макиавеллилік бейімделгіш қасиеті үшеуінің бірлесе жедел өсуі іске асады. Когнитив дүмпу мәдени драйв механизміне негізделген: мәдениетте мемдер қаншалық көп болса, жақсы есте сақтау мен үйрену қабілетіне ие болу соншалық тиімді.

Бұл бағыттағы зерттеулердің (әлеуметтік үйрену, мәдениет пен мидың бірлескен эволюциясын компьютермен модельдеу) одан әрі өрбитін қызықты нәтижелер береді. Соған сүйену Homo туыстастардың ерте өкілдерінің (маймыл емес!) қалайша ақыл-ой қуатының бұрын-соңды болмаған мәдени драйвқа қолайлы жағдайға тап болғанын түсінуге көмектеседі.

 Куэва-де-лас-Манос немесе Қол үнгірі, Аргентине/Wikimedia commons

Куэва-де-лас-Манос немесе Қол үнгірі, Аргентине/Wikimedia commons

Бұл әлеуметтік және экологиялық нишаның өзгеруіне орай іске асты. Әлеуметтік нишаның өзгеруі топ ішіндегі агрессия мен бәсекенің төмендеуімен, ұрпаққа ата-аналық (соның ішінде әкелік) қамқорлықтың артуымен және моногамияға, бейбіт өмір сүруге әрі тайпаластармен ымыраға қарай эволюциялық бейімделуді қатар туғызды. Мұның әлеуметтік мәртебені арттыру мен репродуктив табысқа жетуге қатысты тиімді стратегияларды туғызған болуы кәдік: енді индивидтер әлеуметтік жетістігі пен ұрпағының көбеюіне күш пен агрессия арқылы ғана емес, макиавеллилік интеллект арқылы да қол жеткізуі керек болды.

Экологиялық нишаның өзгеруі өлексені агрессия арқылы иемдену секілді азық табудың жаңа әдістері (плейстоцен дәуіріндегі Африка саваннасының алып гиеналары мен басқа да жыртқыштармен қатты бәсекеде) мен ірі жануарларға ұжымдық түрде аңшылық жасауға байланысты іске асты. Бұл топ ішіндегі жоғары ынтымақ пен күрделі (ақыл-ой қабілетін талап ететін) мінез-құлық үлгілерін, соның ішінде тас құралдарын жасауды қажет етті. Ерте Homo өкілдері арасында таралған олдувай мәдениетінің дәл осы примитив тас құралдарды жасауы ата-бабаларымызда мәдени драйвтың басталуына себеп болған алғашқы өте пайдалы әрі күрделі мемдер кешені болуы әбден мүмкін.

НЕЛІКТЕН МИ ӨСУІН ТОҚТАТТЫ?

Модельдеу нәтижелері антропогенездің ең қызықты жұмбақтарының біріне болжамды түсініктеме беруге де мүмкіндік береді: неліктен ата-бабаларымыздың миы мәдениет тасбақаның жүрісіндей баяу дамыған ерте палеолитте жылдам өсті де, есесіне орта және кейінгі палеолитте мәдени прогресс жеделдей бастағанда мидың өсуі тоқтап, тіпті сәл кішірейе бастады? Компьютерлік модельдеуде мидың өсуі аздаған ірі (үйренуге қиын) мемдерден тұратын қарапайым, примитив мәдениет кезеңінде жақсы стимул тапты. Ал мәдениет неғұрлым күрделі бола бастағанда (көптеген қарапайым мемдерге толғанда), мидың өсуі баяулайды, тіпті кері процесс жүреді. Бұл сценарийдің негізінде жатқан механизмді «мемдердің ұсақталуының шырғалаң шеңбері» деп атауға болады.

Адам эволюция шежіресі. 20 ғасыр басы/Wikimedia Commons

Адам эволюция шежіресі. 20 ғасыр басы/Wikimedia Commons

Сондай-ақ, антропогенезде мидың ерекше жылдам өсуін кейіннен өркениеттің дамуына бірегей (және, әрине, ешкім күтпеген) мүмкіндіктер ашқан құбылыс ретінде «эволюциялық кездейсоқтық» болуы мүмкін деп болжауға болады. Мәдени драйв мидың қайта құрылымдануы мен нейрондық желілердің нақты когнитив функцияларға дәл икемделуі арқылы баланс тауып эволюциялануына мүмкіндік беретіндей емес, тым қарқынды болды. Мұндай нәзік эволюциялық өзгерістер үшін көбірек уақыт қажет еді әрі сұрыптау процесі де әлдеқайда жұмсақ болуы керек еді. Алайда шынайы өмірде сұрыптау соншалық күшті болды, тіпті когнитив функцияларды жақсартатын аллелдер құны тым ауыр болғанына қарамастан тез қолдау тапты — осы себепті өте үлкен миға ие болдық.

Қысқасы, мәдени драйв когнитив функцияларды күшейтуге бағытталған үздіксіз қарқынды сұрыптауды туғызуға дәл келетін механизм болды.

Ми мен мәдениеттің қосарланған эволюциясын күшейтетін қосымша фактор халық санының өсуі арқылы (ауқымды популяцияда мәдени бейімделулер жиі пайда болады әрі сирек ұмытылады) және өмір сүру ұзақтығының артуы арқылы жүзеге асқан оң кері байланыс циклдері болуы мүмкін. Бұл екі фактордың да әсері болған болуы кәдік, мысалы, мәдени даму өлім деңгейінің төмендеуіне әкелген болуы мүмкін, мүмкін емес, дәл солай болған да еді. Бұл бұрыннан болжанып келген нәрсе, ал модельдеу тек соны растайды.

Модельдеу көрсеткендей, соңында топаралық қатаң бәсеке болмаса, үлкен миды дамыту өте қиын, ал паразиттік мемдермен соншалық толығып кетпеген мәдениетті дамыту одан да қиын. Топтар арасындағы күшті бәсеке тудырған мәдени топтық сұрыпталу мем қорындағы мазмұнды тиімді реттеп, қоғамға пайдалы мемдердің таралуына ықпал етеді және паразиттік әрі индивидке ғана пайдалы мемдердің таралуын тежейді. Айтпақшы, біздің адамгершілік қасиеттеріміздің дамуына топаралық бәсекелестік пен мәдени топтық сұрыпталу себеп болғанын Дарвин де жазған, бірақ ол ойын басқаша жеткізген еді.

Шамамен 100 000 жыл бұрын салынған петроглифтер. Бхимбетка, Мадхья-Прадеш /Wikimedia Commons

Шамамен 100 000 жыл бұрын салынған петроглифтер. Бхимбетка, Мадхья-Прадеш /Wikimedia Commons

Қорытынды

Ми мен мәдениеттің коэволюциясы туралы әңгімені аяқтай отырып, маңызды ойды ерекше атап өткім келеді: мәдени эволюция биологиялық эволюция дерлік соқыр процесс болуы мүмкін. Қолымыздың дәл қозғалу қабілетін, жалаңаш теріміздің көптеген тер бездерімен жабдықталуын немесе екі аяқпен жүруге тамаша бейімделген табандарымызды сықпытын ешкім әдейі жобалаған жоқ. Мұның бәрін соқыр табиғи күштер жасады, атап айтқанда, кездейсоқ (арнайы бағытталмаған) тұқым қуалайтын өзгергіштік пен табиғи сұрыпталу процесі қалыптады. Енді белгілі болғандай, сұрыпталу көп жағдайда мәдениет арқылы бағыт тауып отырды. Сол сияқты, ешкім әдейі қоз жүзі бар ашель шапқысын (Homo erectus-тың сүйікті сайманы), сүйектен жасалған инелерін немесе эскимостың қайығын жобаламаған (әрине, кейбір элементтер әдейі ойлап табылған болуы мүмкін). Аңшылар көбінесе неге дәл солай әрекет ететінін түсіндіре алмайды («бұл біздің дәстүріміз» — антропологтардың сұрақтарына олардың типтік жауабы осындай). Мәдени эволюция бізден ақылдырақ. Ол себеп пен салдарды түсінуді талап етпейді: мұнда да мінез-құлықтың кездейсоқ өзгергіштігі (әлеуметтік үйрену мен оны тұқым қуалаушылыққа айналуы) және жеке әрі топтық екі деңгейдегі сұрыптау жеткілікті. Нағыз адамдар қоғамындағы (тіпті маймылдарда да) жеке деңгейдегі мәдени сұрыпталу бұдан гөрі пәрмендірек болуы мүмкін, себебі адамның кейбірі жолы болмайтын басқаларға қарағанда, қоғамның табысты әрі беделді мүшелерінен үйренуге бейім. Топтық деңгейдегі мәдени сұрыпталу табысты мәдениеті бар қоғамдардың өсіп, көбеюі мен бәсекелестерін ығыстыруы арқылы жүреді. Сондай-ақ, бәсекелестер кейде табысты көршілердің мәдени элементтерін өздеріне бұл элементтердің қандай пайдалы функциялар атқаратынын түсінбестен бейсаналы түрде енгізіп те жатады. І Петр реформаларын-ақ еске түсіріп көрейікші: сақал қыру мен париктер Ресей империясының экономикалық және әскери қуатын арттыруға айтарлықтай үлес қосқан болуы неғайбіл, бірақ патша бұл әдеттерді де керек болады деген оймен еуропалықтардан сіңіріп алды.

Биологиялық эволюция мәдени эволюцияны туғызды да Homo туыстастарын дәл қазіргі күнге дейін құпиясын ішіне бүккен эволюция жолымен жетектей отырып біртұтас кешенді процеске бірікті. Бұл жол бізді қайда апаратынын — Галактиканы игеруге ме, дамудың бейбіт түрде тоқтауына ма, табиғатпен тепе-теңдікке ме, тоқырауға ма, әлде өзін-өзі жоюға ма — тек уақыт көрсетеді.

Рубило. Палеолит дәуірі/Wikimedia Commons

Рубило. Палеолит дәуірі/Wikimedia Commons

Александр Марков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ