ХЕЙАН ДӘУІРІНДЕГІ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІ

Көне Жапонияның жұмбақ сырлары

Утагва Хиросигэ. Мурасаки Шикибудың портреті. 19 ғасыр/ Alamy

Неліктен патриархалдық Жапонияда ұлдан гөрі қыздың дүниеге келуіне қуанышты болды, хейан ханымдарының күнделіктері не туралы айтады және өнегелі қыз қанша иероглифті білуі қажет еді? Qalam редакциясы жауап береді.

Кез келген адамзат қоғамы бірыңғай әлеуметтік және биологиялық қағидаттарға сәйкес дамуға ұмтылатын шығар, бірақ оның нәтижесі әрқашан бір нүктеде тоғыспайтыны белгілі.

Мысалы, Жапония...

Аралдың орналасқан жері ортақ өркениеттен оқшау. Бір кездері Қытай мен Кореядан шыққан жаһангерлер қорапқа ұқсас кемелерімен осында әкелгеннің бәрін ой елегінен қайта өткізіп, түрін өзгертіп, жапон мәнерінде жасай бастады. Ал Жапония өз қазанында қайнап, мүлдем дербес дамыды.

Соның нәтижесінде еуропалықтарды осындағы жөн-жосыққа аузын ашып, таңғалуға мәжбүр еткен мүлдем өзге әлем пайда болды. Егер мәнісіне терең бойласақ, Ұлы айдаһар аралдарында тамыр жайған нәрселермен салыстырғанда тіпті үйректұмсыққа да дәл сондай әуестікпен қарап, айран-асыр болмайсыз.

Әсіресе, Хейан туралы айтатын болсақ. Біздің дәуіріміздің шамамен 8 ғасырынан 12 ғасырына дейінгі кезеңді елдің сол кездегі астанасының (қазіргі Киото) атымен атау әдетке айналған. Сол кезде Жапония дүние жүзі үшін түбегейлі жабық болмаса да, барынша оқшау тіршілік құрып, құрлықтағы мәдениеттің аналық сабағын ақырындап кесіп тастай берді де, сол сабақта Хейанның нәзік, үлбіреген ғажайып гүлі шешек жарды.

Хэйан дәуірінің атақты жапон жазушысы Сэй-Сенагонның портреті /Getty Images

Бұл дәуір керемет әдебиетті, ең әуелі — сезімдерді, тәрбиені, қарым-қатынасты суреттейтін, сол кез үшін жаңа, заманауи психологиялық романды дүниеге келтірді.

Тіпті өз дәуірінде заманауи болып саналған Рим әдебиетінің өзі де бізге тек өзінің оңтайлы негізімен ғана түсінікті, ол бізге логикасы мен ойы жағынан жақын.

Ал Хейан күнделігін (никки немесе дзуйхицу) Алматыда, Мәскеуде немесе Парижде тұратын кез келген әйел жүргізе алар еді, өйткені ол — күні бойы әуреге салған жеке басының әсерлері, сезімдері және түкке тұрмайтын нәрселер туралы жазбалар.

Мың жылға жуық дерлік уақыт өткен соң «Тәкаппарлық пен жаңылыс» романы жарыққа шыққанға дейін Хейан романы моноготаридің Еуропада да және басқа елде де баламасы болған жоқ. Өйткені бұл романдарда көбіне оқиғалар ғана суреттелмей, психологиялық талдау жасалады.

Сонымен қатар Хейан әдебиетінің көптеген туындылары әйелдердің қаламынан шыққан. Оның үстіне, сол кезде роман жазған ер адамдар көбінесе әйелдердің бүркеншік аттарын пайдаланып, солардың атынан әңгімелейтін. Жорж Санд пен ағайынды Белл сияқты — тек керісінше.

«Мен де әйелмін, мен де күнделік деп аталатын нәрсені жазуға тырысамын деп шештім, ер адамдар да күнделік жүргізеді деседі» деп бастайды өзінің әйгілі «Тостан жасалған саяхат күнделігін» жапонның ұлы ақыны, классикалық поэзия антологияларын құрастырушы Ки-но Цураюки. Оның әйел атын жамылғысы келгенінің себебі — оның мәтіні кандзи иероглифтерін қолданбай буынды әліпбимен жазылған, әйелдер осылай жазған, әйелдер үшін де осылай жазылған және бүкіл әйгілі хейан әдебиеті де осылай жазылған.

Ақын Оно но Комачи қолжазбасын жуып жатыр. Сол аттас пьесаға негізделген жапондық гравюраның танымал сюжеті /Superstock

Дәл осы әдебиеттің арқасында, өткен шаққа сіңіп кетіп, елеске айналған Хейан бүгін алдымызға бүкіл беймәлім болмысымен шығып, осындай жасампаз әйелдердің ол жерде қайдан пайда болғанын түсінуге мүмкіндік береді. Өкінішке орай, Хейанның керемет әдебиетінен сақталған дүние аз. Жиырма шақты автордың ондаған ірі туындысы мен үзік-үзік нақыл сөздері ғана. Жоғалып кеткен мәтіндерге сілтейтін толып жатқан мәлімет бойынша қанша мұрадан айырылғанымызды елестетуге болады, сол дәуірде жазылған еңбектердің орасан зор көлемінен қолымызда тек болмашы дүниенің қалғанын көре аламыз. Әйтеуір жоқтан тәуір.

Егер қызым болса ғой...

Қазіргі таңда үстемдік құрған солшыл көзқарасқа қарама-қайшы, көптеген мәдениеттерде қыз баланың дүниеге келуі көбінесе ұл баланың туғаны сияқты қуанышты жайт болатын немесе жағдайдың қандай болғанына қарай дәл сондай ренішті жайт болды. Дегенмен, болашақ асыраушы әрі қорғаушы ретінде ұл баланың тууы жақсырақ жайт еді. Тек Хейанда емес.

Ұл нәрестенің дүниеге келуі аса қалаулы болған бірден бір перзентхана — император сарайындағы перзентханалар, ал басқа отбасылардың бәрінде ата-аналар ең әуелі қыз баланың дүниеге келуін қалаған. Әсіресе, ақсүйектердің және салыстырмалы түрдегі орташа таптың арасында. Ұл бала емес, қыз бала (әрине, сәтті туған қыз) отбасының жағдайын айтарлықтай жақсартатын мүмкіндік еді.

Әрине, барлық буддалық қағидаттарға сәйкес әйел, әрине, екінші дәрежелі әлсіз, бағынышты жан иесі саналады — бәрі де солай болуы керек, хейандық ханымдардың өздері де, керек болсын-болмасын, әйел болмысының күнәһарлығы туралы өкініш білдіргенді аса жақсы көретін... бірақ бізге, мүмкіндік болса, қыз бала беріңіз. Ал ұл баланы күріш егілген алқапқа лақтырып тастасаңыз болады, көп рақмет.

Белгісіз автор. Гравюрадағы Мурасаки Сикибудың бәсекелесі Сэй-Сенагон. 1760-жылдар/Superstock

Себебі қыз бала тапшы болды — оның себебі де түсінікті. Біріншіден, хейандық Жапония соғыспайтын. Жоқ, ол жақта провинцияларда тұтанатын наразылық отын мезгіл-мезгіл басып тұруға тура келетін, айндар мен басқа да «жергілікті жабайылар» кейде шектен шығатын, бірақ мұның бәрі күшті әскер мен ерекше қантөгісті талап етпейтін шамалы қақтығыстар ғана. Сондықтан бұл жақтың бозбалаларының соғыста мерт болуы мүлде сирек еді, ал әйелдердің босанған кезде қайтыс болуы әлемнің басқа өлкелерінен кем болған жоқ. Мүмкін тіпті көбірек болған шығар, себебі күрішпен және өсімдік тағаммен тамақтанудың салдарынан қаңқа сүйектің дамуы жиі бұзылатын (соңғы жарты ғасырда ұлттық тамақтану құрамының өзгергенінің арқасында жапон әйелдерінің бойы жиырма сантиметрге жуық өсіп, жамбас буындарының жаппай қисық өсуінен біржола дерлік құтылды).

Екіншіден, Жапонияда нағашылардың қолында жүру дәстүрі болған. Әйел адам өмір бойы ата-анасының үйінде тұрып, оның балалары сол отбасында қалатын. Ал ер адам болса, өзінің зайыбына немесе зайыптарына тек барып қайтып жүрді, себебі Жапонияда бір некелі қатынас көпке дейін болмаған — Хейанға ол енді ғана келе бастады, оның өзінде де оның өзіндік ерекше қырлары бар, бірақ бұл тақырыпқа біз кейінірек ораламыз. Осындай жағдайға байланысты көптеген ер адамдарда әйел де, кездесіп жүретін бикеш те болмайтын, өйткені әйелдер түкке тұрмайтын сегізінші дәрежелі бір байғұстың жалғыз әрі қайталанбас зайыбы болғаннан гөрі тюдзе мырзаның бесінші әйелі болғанды жөн көріп, серіктесін ең табысты, атақты әрі бай ерлердің ішінен таңдаған.

IX–X ғасырларда вака жанрында еңбек еткен «6 өлмес ақын» образындағы 6 қыз/Getty Images

Ал егер біз жағдайы жақсы кез келген әйелге жас және онша онша жас емес фрейлин мен қызметші әйелдердің (олар да жалпы неке нарығынан ұзақ уақыт тыс қалатын) қисапсыз саны берілгенін ұмытпасақ, онда хейандық Жапониядан өзіне сыңар табудың өте күрделі іс болғанын түсінеміз, қайталап айтайық, қалағандардың бәріне бірдей қыз балалар жетіспейтін. Шаруалар қыз балаларын астанаға, кәсіпкерлер — мырзаларға, төмен дәрежелі ақсүйектер — жоғары дәрежелі ақсүйектерге, жоғары дәрежелі ақсүйектер — император сарайына беретін.

Иә, айтпақшы, сол кезде кең тараған ережені еске түсірейік, яғни ұлының дәрежесі әкесінен, ал немересінікі — атасынан жоғары бола алмайтын, демек егер отбасыңның мүшелері тек алтыншы дәрежеге ғана жетсе, сен қанша дарынды болсаң да, ешқашан бесінші дәрежені ала алмайсың және табысыңды көбейтпейсің, себебі дәстүр бұзылады да, жанжал шығады. Ал егер сен ақсүйектің жүрегін жаулаған әдемі, дарынды қыз бала болсаң... Онда ақсүйектің сенен туған балалары текті болып саналуы үшін сенің марқұм болған ұлы атаңа ерекше жарлықпен биігірек дәреже берілуі де мүмкін еді. Сонда сенің бүкіл отбасың қызғаныштан іші өртеніп бара жатқан көршілердің көз алдында әлеуметтік сатымен өрлеп бара жатады.

Хейан романдарының басым бөлігінде бір кедей әулетте (о бастан текті жерден шыққан, бірақ провинцияда азып-тозып, берекесі кеткен) биік лауазымды шенеунікті тыныштығынан айырған мінсіз, сұлу бойжеткеннің дүниеге келгені, ал ол сұлудың император сарайына тап болып, императорлардың анасы болғаны туралы хикаялар баяндалады. Адам естімеген бақыт! Мысалы, «Гендзи-моноготари» романындағы Акаси ханымның немесе аттас повестегі әсем Отикубоның тарихы осындай.

Хейан дәуіріндегі мемлекет қайраткерінің шытырман оқиғаларын бейнелейтін жапон жазба қағаздарынан алынған иллюстрация. 12 ғасыр/Getty Images

Бірақ император сарайына жалтақтамай-ақ, тәрбиелі, әдемі қыздарың көп болса, көптеген атақты отбасылармен туыстасып, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларына ықпал ету тетіктеріне ие бола аласың. Тағы бір классикалық шығарма «Уцухо-моноготари» романында, түрлі әйелдерінен туған он сегіз қызы бар ақсүйектің хикаясы баяндалады. Оның қыздары сұлулығымен әйгілі, олардың төңірегінде жігіттер айналсоқтап жүреді, ал түптің түбінде епті ақсүйек мемлекеттің барлық ісін уысында жұдырықтай ұстайды, өйткені, егер олай болмаса, ол қыздарын күйеулерінің үйінен немерелерімен бірге алып кетеді. Хейан заманындағы жапондық отбасында әйелдердің үстемдік ететіні, ал ерлердің құқығы түкке де тұрмайтыны біздің есімізде ғой? Барлық мәселені аталары мен әжелері шешеді. Атаны ренжітпеу керек еді, министр мырза, енді өкініштен көз жасыңызды көл қылып, кешірім сұрайсыз!

Сондықтан жапонның ақсүйектері аналарының даңқын асыратын қыз балаларды дүниеге әкелуі үшін дарынды, атақты сұлу бикештердің басын айналдырамын деп бар күшін салатын. Ал ұл балалар оларға не үшін керек? Жарайды, ұл тусын, бірақ көп емес.

« – Қалай сен өз ұлыңа осылай қарай аласың? – деп таңғалды Наката. – Қызым дүниеге келген бетте мен оны дереу кеудеме бастым. – Сенің қызыңдай қызым болса ғой... – деп күрсінді Судзуси. – Менің ұлым өзімнен асып түспейді. Ал егер ол маған жете алмаса, неден үміттенуге болады? Егер қызым дүниеге келсе, мен оған кото ойнауды үйретер едім, неше түрлі керемет заттарды сыйлап, оның сарайда қалай қызмет етіп, жарқылдап жүруін күтетін едім. Менің қыз балаға қажетті қазына-байлыққа толы қоймам бар».i«Уцухо-моноготари» (Аударған В. Сисаури)

Жасырын асылтас

Ақыры кітаптан үзінді келтірген екенбіз, тағы бірнешеуін жазайық...

«Накатаданың анасы жаңа туған нәрестені жақсылап сүртіп, кесілген кіндігін Накатада берген шалбарға орады да, қыз баланы қолына алды. Накатада әйелі жатқан шымылдықтың жанына тізерлеп тұрып:

– Әуелі маған берші, – деп өтіне бастады.

– Сен не деп тұрсың? – деп дауыстады ханым. – Нәрестені сыртқа шығаруға бола ма екен?!

Накатада сол орнында қалды да, басына шымылдықты жамылып алып, нәрестені қолына алды. Нәресте ірі болатын және мойынын жақсы ұстайтын. Ол өте әдемі еді және асыл тас сияқты жарқырап тұрды.

– Қандай үлкен! Сондықтан да әйелім соншалықты ұзақ қиналған шығар, – деді ол қызын кеудесіне қысқан күйде.

– Қане, қане, – деп Масаёри оған жақындап келді. Бірақ Накатада:

– Қазір көрсетпеймін, – деп жауап қатты.

– Сен енді қызыңды жасыратын болдың ба? – деп күлді ол».i«Уцухо-моноготари». (Аударған В. Сисаури)

Жапонияда әйелдерді жасырып қою, қамап қою гинекей немесе гарем дәстүріне немесе Қытай үйлеріндегі әйелдердің жайларына мүлде ұқсамайтын. Жапон әйелін, әсіресе, Хейан заманында сырт көзден жасырмаған. Қарапайым қыздар көшеде зыр жүгіріп, ұл балалармен бірге ойнайтын, шаруа қыздары көбінесе еркек сияқты киініп, өздерін солай ұстайтын, қала қыздары келушілерді шақырып, дүкендерде сауда жасайтын, қызметші қыздар көшеде жүзін де, дене бітімін де жасырмай жүре беретін.

Ал текті немесе текті деген атқа үміткер отбасының қыздарының жайы мүлде басқаша болатын. Бұл кез келген қызға емес, «сұлу қыз ретінде тәрбиеленетін» қызға ғана қатысты еді. Бір отбасында айтарлықтай еркін жағдайда өмір сүретін қыздардың бет-жүзін тіпті өз аға-інісі, атасы да, тіпті әжелері де ешқашан көрмеген мүмкін еді.

Кацусика Хокусай. Сэй Сенагонның портреті. Шамамен 1820-жылдар/Getty Images

Бөтен адамдардың қарағаны әдепсіздік қана емес, сондай-ақ мінсіз сұлулыққа да зиян келтіреді деп саналатын. Әйелге көз қадайтындар неғұрлым аз болса, ол соғұрлым сирек ауырады, сұлулығы асқақ әрі нәзік болады, ұзақ уақыт жас болады деп сенген. (Егер Хейанның суықтан болатын аурулардың таусылмас індеті және жаппай құрт ауруы жайлаған уақыт екенін еске алсақ, онда осы ырымшылдықтың ақиқатқа сәл де болса жақын екенін мойындауға болады).

Қыздың бөлмесіндегі ши төсеніштің айналасын қосымша шымылдық қоршап тұратын, бойжеткен өмірінің көп бөлігін сонда өткізетін — оның төсегінің қасына жазу жазуға, тамақ ішуге және тағы басқа іске арналған аласа үстелдер қойылатын. Қыздың тура алдында оның ерекше рәсімдік пердесі ілінетін — бұл перденің ар жағына тек оның ата-анасы, апа-сіңілісі мен ең жақын қызметшілері ғана қарай алатын еді. Ол ол ма, тіпті ең жақын туыстарымен сөйлескен кезде де бойжеткеннің желпуішпен немесе жеңімен бетін бүркеп тұруы қош алынатын. Егер бойжеткен салтанатты рәсімді тамашалауға, ғибадатханаға немесе қонаққа барса (жылына бір-екі рет болатын аса сирек іс-шаралар), оның күймеге баратын жолы қалқанмен және кермемен қалқаланып, айналасы жамылғымен жабылатын, күймесі пердемен тасаланатын.

Уақытының көбін бойжеткен отырып немесе жатып өткізеді, себебі түрегеп тұру немесе жүру текті қыз үшін әдепсіз іс деп саналатын — бөлменің ішінде ол тізерлеп жүретін. Әрине, кейде түрегелуге де тура келетін, бірақ бикештің олай еткенін ешкімнің көрмегені абзал. «Гэндзи-моноготари» романындағы кейіпкерлердің бірі бөлменің ортасында түрегеп тұрған бойжеткенді кездейсоқ көріп қалып, оған ғашық болады: бұл көріністің әдепке қаншалықты жатпайтынын еуропалықтың түсінуі қиынға соғады, тек біздегі бір ақсүйектің еденде төрт аяқтап жүрген ханшайымды кездестіріп қалғанын елестетсек — міне, дәл сондай әсер қалдырар еді.

Тіпті бақтағы гүлдерді де бойжеткен сырғымалы ситоми есіктің сәл ашық жармасын жауып тұратын перденің саңылауынан ғана тамашалай алатын. Я болмаса, түнде, толған айды тамашалау үшін шырағдандарды сөндіріп, пердені мүлдем сырып тастаған кезде гүлдердің хош иісімен тыныстауға болатын. Қараңғыда сұлу қызды көру мүмкін емес, аса сақтанбауға болады.

Сөйтіп бар күшін қызын тәрбиелеуге салды

Қалай дегенмен де, Хейан заманының бойжеткені перденің артында бос жата алмайтын, себебі кішкентай кезінен бастап әр нәрсені оқып-үйренеді. Оның тәрбиесімен тікелей ата-анасы, сондай-ақ, егер әңгіме ақсүйектерге жататын отбасына қатысты болса, біздің аудармада «қызметші әйелдер» немесе император сарайы туралы сөз болған жағдайда «фрейлиндер» деп аталатын әйелдер айналысатын. Дегенмен, олардың екеуін де гувернанттар мен серіктес әйелдер деп атаған дұрыс болар еді, өйткені олардың атқаратын жұмысы дәл осы болатын, ал еден жуатын, түнгі дәрет сауыттарды шығаратын нағыз қарапайым қызметші әйелдердің бойжеткендерге бір қарыс та жақындауына болмайтын.

Мурасаки Сикибудың (978-1031) «Гэндзи туралы повесть» атты романына арналған иллюстрация. 11 ғасыр/Getty Images

Тіпті аса текті емес отбасынан шыққан қыздың да жағдайы керемет еді. Қыз баланы бір немесе екі әйел кем дегенде жеті-сегіз жасқа дейін емізетін. Себебі кішкентай қыздарға сүт ішкен пайдалы, ал сүтті мал шаруашылығын Жапония сол күйі ойлап таппаған болатын, бұқаларды тек жегін мал ретінде ғана асырайтын, ал хейандықтар, мысалы, шошқаның немесе иттің сүтін ішу туралы ұсынысты біз қалай қабылдасақ, сиырдың сүтін ішу туралы ойды дәл солай қабылдар еді. Сонымен қатар қыздардың жатын жайында олармен жасты бірнеше «қызметші қыз» болатын, олар жас ханшамен бірге оқып-үйренуге және ойнауға тиіс еді. Ал ересек «қызметші әйелдер» — әдетте жақсы музыканттар, көркем жазу шебері, ақындар мен суретшілер.

Қыз балалар қуыршақ ойнайды, асыранды торғайларды тәрбиелейді, ертегілер мен әндерді тыңдайды, сонымен қатар дұрыс мінез-құлық, салт-жора, ереже негіздерін бойларына сіңіреді, сауатты сөйлеуді үйренеді. Төрт-бес жасынан бастап олар сауатын ашып, қолмен жазу машықтарын үйренеді, ал музыканы одан сәл ертерек үйрене бастайды. Бойжеткен буынды әліпбиді жеті-сегіз жасқа дейін толық үйреніп алады, содан кейін оны мыңдаған кандзи иероглифін, «ерлердің жазуының шынайы таңбаларын» үйрену күтіп тұрады, бірақ мұның өз ерекшеліктері бар. Жалпы алғанда, әйелдердің иероглифтерді білуінің тіпті де керегі жоқ еді және ешқандай жағдайда да иероглифтерді және оларда жазылған Қытай әдебиетін жақсы білетінімен мақтануға болмайтын еді. Ал шын мәніне келгенде, ондай білімі болмаса, қыз баладан жақсы ақын шықпас еді, сондықтан ол осының бәрін оқып-үйренді, бірақ жасырын әрі тыйым салынған іспетті оқыды. Тіпті өзінің мәртебесі бойынша ең болмағанда қытай тіліндегі негізгі тарихи еңбектерді білуге тиіс болған император әйелдің өзі де ол еңбектерді басқа қызметші әйелдерден «құпия» түрде өзіне жақын әйелдермен бірге оқып-үйренумен айналысты. Сондықтан әйелдер өз өлеңдерінде иероглифтерді немесе қытай классиктерінің белгілі өлең жолдарын білетінін тұспалдап қана білдірді, ал жазуға иероглифтерді батыл қолданған әйелдер кеудесін керген мақтаншақ әрі кеудемсоқ немесе талғамы, тәлімі мен тәрбиесі жоқ сөзқұмарлар ретінде күлкіге қалды.

Хейандық білімді бойжеткен жапон поэзиясының «Кокинвакасю» және «Манъесю» атты толық антологияларын (ал бұл — мыңдаған танка өлең), басқа да толып жатқан әдебиетті білуге, кем дегенде бір ішекті аспапта, ал ең жақсысы үш-төрт аспапта ойнай алуға, көркем жазуға, тушпен ең болмағанда жеңіл сурет салып, олармен хатты безендіруге, іс-шараның сипаты мен жыл мезгіліне сәйкес бірнеше қабат жібек киімдерді түр-түсіне сай таңдай білуге, химия негіздерін білуге тиіс еді, себебі хош иіс шығаратын аспаптар үшін жұпар иістерді құрастыру өнері әйелдердің міндетті машықтарының қатарына кіретін, бойжеткен дін негіздері мен әдеп-ғұрыпты оқып-үйренетін — ал оның 12–13 жасында-ақ қалыңдық саналғанын ескерсек, қыз баланың бос уақыты көп болмаған.

Кацусика Хокусай. Екі Хейан аруы тотықұсты тамашалауда. 1821-жыл/Getty Images

Алайда одан талап етілген ең басты нәрсе — бес жолды танка өлеңді суырып салып шығара білу. Бұл жерде біз тағы да беймәлім әлемге қадам басамыз, өйткені жапон тілін білмейтін қазіргі заманның оқырманы дымқыл жеңдері, қаңқылдаған қаздары мен гүлденген өрігі таусылмайтын осы бірсарынды өлеңдердің мәні неде екенін түсінбейді. Мағынасы жоқ осындай бес жолды кім болса да жаза алады.

Мәселенің мәнісі — какэ-котоба. Жапон поэзиясының көп мағыналы сөзойнатымдарын жасауда қолданылатын тәсіл. Аудармашылар сөзойнатымдарды аударуға тіпті де әрекет жасамайды, олар тек өлең-жырдың үстірт мағынасын ғана береді немесе әр өлеңге бір-екі беттен тұратын ескертпелер жазады.

Себебі, буынды әліпбимен жазылған шығармаларды иероглифтермен де жазуға болады, ал иероглифтер түрліше оқылуы мүмкін, оның үстіне таңбалардың реті мен айтылу тәсілі де үлкен рөл атқарады. Мұның бәрін мысал келтіре отырып түсіндірген оңайырақ, бірақ әлемдегі тілдердің көпшілігі какэ-котоба үшін жарамайды, бірақ бір рет бұрмаласа ештеңе етпейтін шығар.

Хат

аулаудан оралдық, 

жаға мені күтті ме,

жанын тауға ашты ма?  

Бұл үстіңгі қабат. Балықшы үйіне қайтып оралады, табиғат көрінісіне сүйсінеді, таулармен және жағалаулармен әңгімелеседі. Енді былайша оқимыз:

Хат

сөздер оралды.

мені сақтады ма? Күтті ме?

қайғыны ашып, тұншықтырамын.

Мүлде басқа көрініс емес пе? Міне, міне, бұл әрқашан екі-үш қабат мағыналы күрделі өткір ойлы сөзойнатым болып табылатын бүкіл хэйандық поэзияны құрайтын какэ-котобаға барынша ұқсайды.

Сондай-ақ, түсініксіз бір күлгін гүлдер мен андыз тамыры туралы іш пыстыра тұспалдаған кезекті парақты ең бір қолайсыз уақытта алғаннан кейін мұндай сөзойнатымды тез арада құрастыруың керек, ал сен ол парақты жіберген адамның нені айтып тұрғанын білмейсің де, жаныңда ақылды тәлімгер қызметші әйелдің болғаны қандай жақсы, ол мұның қандай классикалық танкадан алынғанын және хатты жазушының оны қалай түрлендіргенін бірден ұқты....

Әрине, мұндай ойындарды тек миы барынша тез жұмыс істейтін және сөз бен ойды ең жақсы сезінетін ең дарынды қыздар ғана жақсы ойнай алатын, ал қалғандары өздерінің «суырып салма» өлеңдерін жаттанды антологиялардан ұрлайтын, соның өзінде де олар үшін көбінесе қызметші әйелдер жазатын. Бірақ ешкімді де бұлайша ұзақ уақыт бойы алдау мүмкін емес еді.

Сүйетін кез

Қыз бала 12–13 жасқа толғанда, неке нарығында оған қатысты қызығушылық туындай бастайды. Оның уақыты бұрынғыша қамауда өтетін. Бірақ енді оған көз салған еркектер соншалықты көп хат жолдай бастағандықтан, оның жатын бөлмесі кеңсеге ұқсай бастады. Сонымен қатар туыстас отбасылардан шыққан әйелдер де және ықтимал күйеулердің апа-сіңілілері де, отбасының достары да. Көшедегі әрбір ақсақ төбет те. Күн сайын жиырма шақты хат алу әбден үйреншікті нәрсе болатын.

Мейлі тұрмыстағы әйел болсын, мейлі монах әйел болсын, оған өлең жолдау әдеттегі іс болатын, тек өлеңде махаббат пен басқа да ақымақтық болмай, тек дұрыс істерге қатысты жазылса болғаны: тоғызыншы айдың тоғызыншы күнімен құттықтаймын, сыйға екі қырғауыл жіберіп отырмын, ал осыған байланысты міне, бір-екі өлең де бар. Дегенмен бикешпен некеге отыруға тіпті болмашы мүмкіндігің болмаса да немесе тіпті оны қаламасаң да, оған сүйіспеншілік хаттарын жолдауға болатын еді, өйткені хаттар ешкімге ешқандай міндет жүктемейтін, бұл Еуропадағы би кешінде билеген сияқты болатын (біздің осы салтымызға хэйандықтар қатты таңғалар еді).

Мурасаки Сикибу. Жапонның жазушы-ақыны/Alamy

Бойжеткеннің жауап беруі де, жауап бермеуі де мүмкін болатын. Егер ол ешқашан ешкімге жауап бермесе, оның сезімсіз әрі дарынсыз екені туралы қауесет тарала бастайтын, сондықтан қамқоршыл ата-аналары мен жауапты қызметшілері қыздың хат жазысып, керек адамға және тиісті түрде жауап беруін қадағалап отырды. Сонымен бір мезгілде бойжеткеннің некесінің сәтті болуына әрдайым мүдделі қызметші әйелдер жас ханшаның адам айтқысыз сұлу, кербез әрі барлық жағынан да теңдессіз екендігі туралы әңгіме таратты.

Егер бұл әңгімелер анда-санда болса да бойжеткеннің өз қолымен жазылған (мұны анықтау тез болатын, өйткені оның барлық қызметші әйелдерінің қолтаңбасын тауып алып, оның жазуымен салыстыру оңай еді) әдемі өлеңдері бар жауап хаттармен бірге жүрсе, онда қызды мадақтаған әңгімелер тарай бастайтын.

«Гендзи туралы повестерге» арналған иллюстрациялар. 17 ғасыр/Getty Images

Оның даусын бір рет естуге, жүзіне бір көз салуға, қызметші әйелге пара беріп, баққа кіріп кетіп, шырақтардың жарығында бұлыңғыр сұлбасын бір көруге құмартқан астаналық үміткер жігіттердің саңылаудан сығалағысы келіп есі кететін. Ғашық болып қалды!

Некенің мәнісі бойжеткеннің жатын жайына еркектің үш түн қатарынан жасырын кіріп, түнді онымен бірге өткізіп, таң ата шығып кетіп, алғыс өлеңдер жіберуінде болды, ал үшінші рет ол жасырынбастан қалып, таңертең жаңа туыстары оны ресми түрде қарсы алатын.

Әрине, әдеттегі отбасылар мұндай істерді бақылауда ұстауға тырысатын, қыздың туысқандары баққа керек еркек қана кіріп, бөтен ешкім кірмейтіндей етіп ұйымдастыратын, дегенмен түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін еді.

Ал егер қыздың ата-анасының оған қатысты артатын үміті көп болса, ал қолайлы күйеулер болмаса, онда бойжеткен хат ала бастаған кезде, ол Хэйандағы ең ірі таныстық үйі болған император сарайына қызмет етуге жіберілетін, өйткені онда сарай адамдарының фрейлиналарға қырындауы таусылмайтын, ғашық болу және некеге отыру жайттары бастау алатын. Императордың өзіне арналған қыздар, әрине, ерекше жағдайда, қатаң қадағалауда болатын, бірақ тіпті олар да император немесе тақтың мұрагері оларға жетіп үлгергенше абыройынан айырылып қалып отырған. Ондай жағдайда, әрине, биік мәртебеге ие болу туралы әңгіме де болмайтын, олар императордың зайыбы бола алмайтын, есесіне осында сарай ханымы күйінде қалып, жақсы білім алған құрбыларының ортасында, музыка, өлеңдер мен хикаялар тыңдап, сондай-ақ түрлі сарай адамдарымен көңіл жарастырудан ләззат алып жағымды өмір кеше алатын, анда-санда босану үшін үйіне барып-қайтып, ата-анасының жаңа туған немерелерін көріп бақытты болуына септесетін, ол балалардың әкелері де олардың отбасын қаржыландыру арқылы балаларына қалай болғанда да қамқорлық жасайтын. Дегенмен де қыздардың көпшілігі сарайда бірнеше аптаны немесе бірнеше айды өткізіп, қолайлы шенеуніктің көзіне түсіп үлгереді де, содан кейін оған тұрмысқа шығады.

Кім болуды өзің таңда

Хэйандық әйел некеге отырғаннан кейін оның тағдыры түрлі бағытта дамуы мүмкін еді. Мысалы, қонақ күйеуді анда-санда қарсы алып, өмір бойына өз үйінде қалуына да болатын және де сол сұмырай еркектің өзін жан азабын шегуге, қызғануға және жүдеуге мәжбүр ететіні туралы әсем өлеңдер жазып уақыт өткізер еді, өйткені ол еркектің соңғы кездері алтыншы махалладағы қай әйелдің қасында түнеп жүргені тек жындарға ғана аян. Қызғаншақ әйелдің осындай азабына Митицуна-но хаханың Баянсыз өмірдің күнделігі» атты керемет туындысы арналған. Оның авторы, шенеунік Фудзивара Канэиэнің зайыбы, көп жылдар бойы өзінің қайғылы тағдыры туралы күнделік жазып, Канэиэнің басқа әйелдерімен әсем хаттар алмасумен болған, ол оңбаған жаңа нақсүйерімен жақындасқанда, олар, әсіресе, оның опасыз жан дүниесін әсірелей айыптайтын.

Митицун-но хахадан — басты зайыбына 

Жалпақ жапырақты күрішті,
Тіпті сіздің жақта да
Еккен деседі.
Сонда ол қай батпақта
Тамырын жаяды екен? 

Басты зайыбынан — Митицуна-но хахаға 

Иә, еккен
Жалпақ жапырақты күрішті,
Содан ол бір жақтағы батпақта тамыр жайды.
Бірақ мен ол батпақты
Сіздікі деп санайтынмын!

Айтыңызшы, әсем емес пе? «Мен оны сенікінде жүр деп ойласам, ол басқа бір жаңа әйелге жүгіріп кетіпті! – Жоқ, мұнда оның келмегеніне көп болды, ал мен оны сенде жүр деп ойлап едім!» дегеннен әлдеқайда әсем.

Сондай-ақ ол «басты зайып», басқаша айтқанда Солтүстік жатын жайдың ханымы болып шығуы да мүмкін еді, ондай жағдайда бикеш еркектің үйіне көшіп барып, ондағы басты жатын бөлмелерді жайлап, оның шаруашылығына билік ететін. Мұндай тағдыр қызығуға тұрарлық, бірақ біршама сүреңсіз деп саналатын, өйткені әйелдің тағдыры мен жан дүниесін соншалықты әсем ететін нәзік әсерлерді әйел басынан кешіре бермейтін. Рас, егер әңгіме текті отбасылар туралы болса, онда бұл олқылықты әйелдің жұбайының үлкен үйдің бүйір флигельдеріне дәрежесі төмен бірнеше әйелін қоныстандыру арқылы толтыратыны сөзсіз, сонда бұл мекенде әйелдердің хэйандықтар жоғары бағалаған салауатты әрі шығармашыл бәсекелестігінің рухы пайда болады да, күнделікті өмірді айла-тартыс пен қызықты оқиғалардың таусылмас тізбегіне айналдырып, өте жандандырады.

Белгісіз суретші. Желпуіш ұстаған биші. 17 ғасыр/ Superstock

Жұбайымен айырылысып, басқа еркекпен көңіл қосуға да болатын — бұл да үйреншікті құбылыс еді немесе тәкаппар күйінде жалғыз қалып, монастырларға тауап етуге сапарға шығып, қала сыртында үйлері бар достарына және провинциялардағы салтанатты рәсімдерге қатысуға барып, қасына ерген бірнеше қызметшісімен бүкіл Жапонияны аралап, қонақ үйлерде түнеп, ыстық қайнарларға шомылып, тау соқпақтарымен жүгіріп, түптің түбінде «жабық сұлу қыз» деген бұғаудан босаған әйел толық құқығына жататын шын мәніндегі еркіндікті пайдалануына болатын еді. Оның үстіне хэйандық Жапониядағы жер телімдерінің, ақша мен жылжымайтын мүлік нысандарының көпшілігі әйелдердің қолында болды. Себебі әйелдердің үстемдігі жүретін жүйенің ережесі — «анасы әрқашан да белгілі, мұрагерлік әжесінен немере қызына ауысады, ал еркектер болса, бәрін бөтен қыздарға және олардың басқа некеден туған балаларына жұмсайды».

Әрине, Хэйан дәуірі тым ұзаққа созыла алмас еді. Соғыс дегенді және тіпті өлім жазасы дегенді білмейтін (егер императордың көңілдесінің басын айналдырып қармағына түсіргені үшін бір-екі жылға ғана жер аударылса, хэйан заңының қатал еместігін елестетуге болады) осы мәдениет пен дегдарлық жазирасы онсыз да адам сенгісіз өте ұзақ уақыт сақтала алды. Көркем жазу мен музыканы үйреніп, астанада топырлаған ақсүйектер елдің нақты билігін дөрекі әрі дамымаған «қызметші адамдардың» қолына біртіндеп табыстады да, олар ақыр соңында провинцияларды басқару тетіктерін басып алып, император сарайын еппен бір жаққа шеттетіп жіберіп, өз үкіметін ұйымдастырды. Ол қызметші адамдарды біз самурайлар деген атпен білеміз және олар Жапонияға мүлдем басқа тарих пен тәртіпті әкелді, ондағы жағдайдың барлығын, соның ішінде әйелдердің жағдайын да тайсалмай өзгертті.

Хэйанның бірегей әлемінен бізге тек тамаша кітаптар ғана қалды.

Сэй-Сенагонның негізгі еңбегі «Төсектің бас жасындағы жазбалардың» қолжазба мәтіні/Getty Images

Көшірілді