СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

7-дәріс. Кішкентай диктатураның үлкен үрейі

СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Ким Ир Сен мүсініне бас иіп жатқан адамдар / Alamy

Солтүстік Корея — сталинизм үстемдік құрған ел. Рас, Солтүстік Кореяда бір кездері экономика, мәдениет және азаматтардың күнделікті тұрмысы мемлекеттің жіті бақылауына алынған қоғам құрылған болатын. Мемлекеттің қоғамдық өмірді осыншалық дәрежеде бақылауда ұстауы — адамзат тарихында болмаған жайт. Дегенмен аталған қоғамдық тәртіптің ғұмыры келте болды. Ары кетсе 30–35 жыл үстемдік құрған жүйе сыртқы факторлар мен ішкі мәселелердің әсеріне шыдас бермей, біржола күйреді. Көрнекті шығыстанушы-корейтанушы ғалым Андрей Ланьков көне дәуірден бастау алып, бүгінде жалғасын тапқан Солтүстік Корея феномені туралы баяндайды.

Мазмұн

Солтүстік Корея жөнінде сөз қозғағанда, неліктен мемлекеттің зиялы қауымы елді және экономиканы сыртқы әлемге ашу секілді салмақты реформаларды жасауға ұмтылмады деген сұрақ туындайды. Түптеп келгенде, Солтүстік Корея басшылығы 1970-жылдары мүшкіл хәлде тұрған Қытай үлгісінің куәсі болды. Қытайдың жағдайы 1990-жылдары Солтүстік Кореядағы орнаған жағдаяттан қатты алыс болған жоқ. Дегенмен Қытай үкіметі нарықтық реформаларды жүргізіп, іс жүзінде капиталистік экономиканы тудыра алды. Осылайша үлкен экономикалық серпіліс жасады. Бірақ мемлекет үстем болған коммунистік партияның маңайына топтасқан, ескі авторитарлық саяси жүйені сақтап қалды. Сондықтан, осы бір жолды жүріп өткен Қытай мен Въетнам үлгісі, оларға тартымды идея ретінде көрінуге тиіс болған.

Хамхын қаласындағы көше, КХДР / Alamy

Хамхын қаласындағы көше, КХДР / Alamy

Оның үстіне кеңестік жүйенің ыдырау тәжірибесі, қайшылықты жағдайда, негізінен номенклатурадан шыққан, яғни партиялық-атқарушылық қызметтерде жүрген шенеуніктерге пайдалы болғанын көрсетіп отыр. Айталық КСРО мен Шығыс Еуропаның социалистік елдері ауыр саяси және экономикалық дағдарысқа тап болған мезетте, тек шенді-шекпенділердің (жалпы алғанда, тек солардың ғана шекесі шылқыды) ғана білімі, тәжірибесі, таныс-тамыры мен ең бастысы — мемлекеттік меншіктеріне жасаған бақылауы болды. Осындай маңызды әлеуметтік, саяси және материалдық ресурстарға иелік ету, бұрынғы саясат серкелеріне жекешелендіру барысында аты шулы «партия басшылығынан» бизнесменге және демократ «патриот» саясаткерге айналып шыға келуге мүмкіндік берді.

БӨЛІНГЕН ЕЛ

Бір қарағанда, Солтүстік Корей басшылығының реформалар мен ашықтық жолымен жүруді қаламағанына таңдануға болады. Алайда Солтүстік Корей үкіметі шешімдерді жағдаятқа байланысты саналы түрде қабылдап отыр. Айталық Солтүстік Корея бөлініп шыққан мемлекет. Оңтүстік Корея халқының саны Солтүстікке қарағанда екі есеге көп және ондағы өмір сүру деңгейі айтарлықтай жоғары. Оңтүстіктің ЖІӨ Солтүтіктен 50 есе, ал жан басына шаққандағы кірісі 25 есеге артық.

Қытайда ешқандай да Оңтүстік Қытай мемлекеті болмағандықтан, реформаларды жасауға мүмкіндік туды. Әлбетте, ұсақ аралдық мемлекет ретінде белгілі Тайвань аралы бар. Солтүстік Кореяда Қытайдағыдай реформалар ашық жасалатын болса, ел ішіне Оңтүстік Кореяның өркендеуі жөніндегі ақпарлар, сөзсіз жетер еді. Қытайға да өзге мемлекеттердің қарыштап дамып жатқаны жөнінде мәліметтер жетіп (әлі де еніп жатыр) отырды. Алайда Қытай тұрғындары үшін Жапония, АҚШ немесе Германия сынды мемлекеттердің экономикалық жетістіктері Қытайдағы режимнен жерініп кетуге негіз бола алмайды. Қытай халқы үшін Жапония мен Германия табиғаты өзге, тарихы бөлек, мәдениеті ерекше шет мемлекеттер екені түсінікті.

Солтүстік Кореяға келер болсақ, мұндағы жағдай мүлдем ерек. Ел ішінде Оңтүстік Кореяның қарыштап дамып жатқаны жөнінде ақпарат тарап кететін болса, Солтүстік Корей халқы екі сауалға бас қатыратын болады. Алғашқы сауалдың қандай болары айқын: Ким әулеті билікке келгенше Оңтүстік Кореядан барлық көрсеткіштер бойынша озып тұрған Солтүстік Кореяның кіріптар жағдайға тап болуына кім кінәлі? Екінші сұрақ: екі ел арасындағы айырмашылықты жойып, Оңтүстік Корея халқының өмір сүру деңгейіне тез арада жету үшін не істеу қажет?

Пхеньяндағы Қайта қосылу аркасы / Alamy

Пхеньяндағы Қайта қосылу аркасы / Alamy

Осы тұста екі сұрақтың да жауабы айқын секілді. Халықтың басым бөлігінің көзқарасы бойынша, оншақты жылға созылған зобалаңға Солтүстік Корей басшылығы, нақты айтқанда Ким әулеті жауапты. Мәселені Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяны Германия мысалындағыдай біріктіру арқылы шешуге болады (яғни, төтесінен тартар болсақ, кедей Солтүстікті басшылығын толықтай ығыстырып шығару арқылы бақуатты Оңтүстік жұтып қояды). Мұндай нұсқа Солтүстік Корей басшылығына ұнамасы анық. Сондай-ақ аталған нұсқа жақын арада іске асып кетер болса (олай болуы екіталай), нәтижесі қарапайым халыққа да жақпай қалуы мүмкін. Әлбетте, Сеулдің бақылауына алынған Оңтүстікпен бірігу әрекеті Солтүстік Корей халқының әл-ауқатын көтерері сөзсіз. Бірақ өмір сүру деңгейіндегі айырмашылық он шақты жылға дейін сақталып қалып, Солтүстік Корей халқы біріккен мемлекетте екінші сорттағы адамдарға айналары анық. Дегенмен, Солтүстік Корея халқы әзірге бұл жағдайдан бейхабар.

Басқаша айтар болсақ, екіге бөлініп кеткен Корея жағдайында, Қытай стильіндегі «реформа мен ашықтық саясаты», Солтүстік Кореяда көршілес оңтүстік халқының өркендеуі жөнінде аса қатерлі, іс жүзінде күйреткіш сипаттағы ақпараттың тарап кетуіне жол ашып береді. Осы бір ақпардың тарауы режимді құлатып, екі елдің Оңтүстік корейлік ту астына Солтүстік Корей басшылығын толықтай дерлік биліктен ығыстыру арқылы бірігуіне итермелеуі мүмкін. Оның үстіне, жағдай осылайша өрбитін болса, Солтүстік Корей басшылары күнәһар текеге айналып, олардың арасындағы көрнекі тұлғалар Ким әулеті Солтүстік Кореяда билік құрып тұрған уақытта орын алған көптеген «адам құқын аяққа таптау» (ресми саяси тілді қолданып айтқанда) әрекеттері үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Ең бастысы, Солтүстік Кореяның саяси элитасы бас сауғалап ешқайда қашып кете алмайды. Ұзақ уақыт бойына Солтүстік Корей элитасы барынша дербес әрі барынша ұлтқа бағдарланған мемлекетті құру үшін қолынан келгенін бәрін жасап келді. Олар үлкен құн төлесе де, бұл тапсырманы сәтті орындай алды. Дегенмен бұл құнды билік өкілдері емес, қарапайым халық төледі. Рузвельттің Сомос жөніндегі атақты сөзін аз-маз өзгертіп айтар болсақ: «Солтүстік Корей басшылығы ешқашан біреу үшін «иттің баласы» болған емес». Бұны ешкім қабыдамайды, біреу қабылдағанның өзінде, алғашқы мүмкіндік туа сала ұстап береді деген сөз. Тиісінше, Солтүстік Корей басшылығы өзін сүңгуір кеменің экипажы сияқты сезінеді. Бәлкім, олардың ішінде кеме командирінің әрекетіне наразы болғандар бар шығар, алайда барлығы дерлік — жеке жүріп бас сауғалап қалмайтындарын біледі және кез келген елеулі келіспеушілік орнайтын болса, басшылық құрам үшін салдары тым ауыр болуы мүмкін.

Ким Чен Ын Корея әскерінің офицерлерімен / Alamy

Ким Чен Ын Корея әскерінің офицерлерімен / Alamy

Осыған қарап, Солтүстік Корея басшылығының елді ашуға мүлдем құлық танытпауының, ел шегарасын барынша жауып, халыққа әлемдегі жаңалықтарды жеткізбей, оқшау ұстауының сырын аңғаруға болады. Сондықтан аталған әсіре сақтық ессіздіктен емес, керісінше, сау ақылға жүгініп жасалған қадам секілді көрінеді.

ТІРІ ҚАЛУ БҰЙЫРЫЛДЫ

Солтүстік Корея басшылығы саяси тұрғыдан аман қалуды өздерінің басты міндеті ретінде санайды. Пхеньянда саяси тұрғыдан аман қалу деген сөзді басшылық, физикалық тұрғыдан тірі қалу деп ұғынады. Сомен Солтүстік Корея басшыларының басына қандай қатерлер төнеді және олар бұл келеңсіздіктерді шешу үшін не істейді?

Авторитарлық режимдер жөніндегі заманауи зерттеулер, осы іспеттес режимдердің басым бөлігіне үш түрлі қатер төнетінін көрсетіп отыр: бірінші қатер — ел ішіндегі беделді топтар қастандық немесе төңкеріс ұйымдастырады, екінші қатер — халық көтеріліп кетеді, үшінші қатер — сыртқы күштер басып кіреді. Кеңестік және Голливудтық киноматограф бірдей тықпалауға тырысқан таптаурындар бойынша, (нақтырақ айтар болсақ, «авторитарлық режимді») халықтың көтеріліп, диктатураны құлатып тастауы сирек кездесетін құбылыс.

Ким Чен Ын қызымен және жасанды серік жасауды көздеген инженерлермен бірге / Getty images

Ким Чен Ын қызымен және жасанды серік жасауды көздеген инженерлермен бірге / Getty images

Сондай-ақ сыртқы күштердің шабуылына ұшырап, құлаған режимдер ілуде бір кездеседі, ал халық көтеріліп, билікті құлатуы мүлдем болмаған. Көбіне-көп авторитарлық режимдер қастандық пен төңкерістердің нәтижесінде құлайды. Осы тұста, ықтимал үш қатер жөнінде және Пхеньян олардың алдын алу үшін қандай әрекеттер жасап жатқаны хақында сөз еткен жөн секілді.

СЫРТТАН ТӨНЕТІН ҚАТЕР ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ

Солтүстік Корея ядролық қару жасауды сонау 1960-жылдары бастады. Кеңес Одағы Солтүстік Кореяның ядролық амбициясына үреймен қарап, олардың ядролық бағдарламасын бақылауға барын салды. Кеңестік-Солтүстік Кореялық келісім бойынша, Солтүстік Кореяның ядролық реакторында (оны 1965 жылы кеңестік технологияның көмегімен жасады) ұзақ уақыт бойына қайта өңдеу үшін КСРО-ға жөнелтілген жанармай білігі қолданылды. Бұл әрекет Солтүстік кореялықтарды ядролық зарядтың ықтимал құрамдастарының бірі саналатын өңделген плутоний білігінен жарылғыш затты алу мүмкіндігінен айырды. Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы 1970-жылдары айтарлықтай алға жылжыды, негізінен сол шақта Оңтүстік Кореяда жүзеге асырылып жатқан ядролық бағдарламаның ықпалымен ілгерілесе керек. Дейтұрғанмен, Корей түбегінде жаппай ядролық бомбамен қарулану әрекетін бір кездері Солтүстіктің емес, Оңтүстіктің бастағаны нағыз парадокс. 1970-жылдардың басында АҚШ Вьетнаммен арадағы соғыстан жеңілгеннен кейін Кореядан америкалық сарбаздарды шығаруды шындап талқылай бастады. Осындай қатермен бетпе-бет келген Оңтүстік Корея басшылығы сақтық үшін ядролық қару жасауға үлкен қарқынмен кірісті. Дегенмен аталған жоспар АҚШ басшылығына белгілі болып, америкалық қысымның ықпалымен Оңтүстік Корея ядролық қару жасау идеясынан бас тартты. Аталған жайттарға қарап, Оңтүстік Кореяның ядролық амбициясынан Пхеньян да хабардар болғанын аңдауға болады. Сеулдің ядролық қаруды жасау бағдарламасынан құлағдар болған олар, өздерінің қаруын жасауға кіріскен.

Солтүстік Кореядағы ядролық қару жасаушылардың жұмыстарының қалтарыс-бұлтарыстарын толық баяндаудың қажетін көріп отырғанымыз жоқ. Тек 1994 жылы, АҚШ, Оңтүстік Корея және бірқатар басқа мемлекеттер Солтүстік Корея алғашқы ядролық бомбасын жасап қойды я таяу уақытта дайын болады деген хабарды алған соң, алғашқы романтикалық Женева келісімі жасалғанын атап өткен жөн. Аталған құжатнамаға сәйкес Солтүстік Корея тарапы өз территориясындағы белгілі болған барлық ядролық нысандарды халықаралық бақылауға (нақтылар болсақ, АҚХА бақылауына) алуға рұқсат етті. Осы бір қызметінің қарымтасына Солтүстік Корея көп көлемде тыстан тегін жанармай алып отырды. Сонымен қатар осы бір тапсырманы орындау үшін арнаулы құрылған, бірінші кезекте АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Корея қаржыландырған халықаралық KEDO консорциумы, Солтүстік Корея территориясында реакторын жеңіл суда қолданатын АЭС-тің екі энергоблогын тұрғызуға міндетті болды. Құрылымына байланысты мұндай реакторлар қару ретінде қолданылатын плутонийді көп көлемде өндіруге жарамайды.

КХДР-да баллистикалық зымырандарды ұшыру кадрлары/Getty images

КХДР-да баллистикалық зымырандарды ұшыру кадрлары/Getty images

Аталған келісім 2002 жылы АҚШ бұзғанға дейін күшінде болды. Айталық америкалықтар Солтүстік Кореяныңi1994 жылы плутоний бағдарламасы бойынша жасалған Келісім аясында тоқтатылған уран негізінде ядролық қаруды жасауға бағытталған құпия бағдарламаны іске асырып жатқаны жөніндегі ақпарат алған. Бастапқыда Солтүстік Корея тарапы аталған айыпты мойындамады, бірақ уақыт келе тек мойындау былай тұрсын, шетелдік мамандарға ядролық зарядқа жоғары байытылған уранды қолданатын орталықтарын көрсетті. Женева келісімі бұзылған соң көп өтпей, 2006 жылы, Солтүстік Кореяда алғашқы ядролық жарылыс орын алды. Алғашқы жарылыстың артынша бірқатар сынақ жасалды. Солтүстік Корея ғалымдары мен мамандары плутоний негізінде де және жоғары байытылған уран негізінде де, ең бастысы, термоядролық зарядтар негізінде ядролық зарядтарды жасай алатын әлемге паш етті.

Солтүстік Кореяда қаруды жасаумен қатар, ядролық бомбаны тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Осы бір салада, 2011 жылдың желтоқсан айында Солтүстік Корея мемлекетінің басшылығына келген Кин Чен Ынның билігі тұсында айтарлықтай жетістікке жетті. 2017 жылы Солтүстік Корея теориялық тұрғыдан АҚШ территориясындағы нысандарды көздей алатын алғашқы құрлықаралық баллистикалық зымырандарын (ҚБЗ) сәтті түрде сынақтан өткізді. Сонымен қатар Солтүстік Кореялық әскери-өндірістік кешеннің арқасында әскер ядролық қаруды тасымалдайтын, зымырандық темір жол кешеніменiiСолтүстік Корея жер бедерінің және темір жол желілерінің айрықшалығын ескере отырып, жасырып қалу өте оңай қамтылған таңғаларлық арсеналға және алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандарға, сүңгуір қайықтарға, баллистикалық зымырандарға, тіптен ядролық зарядтармен жабдықталған су астында жүзетін дрондармен қамтамасыз етілді.

КХДР атомдық сүңгуір қайығы. Оңтүстік Кореяда КХДР мемлекеттік теледидарының кадрлары көрсетілуде / Getty images

КХДР атомдық сүңгуір қайығы. Оңтүстік Кореяда КХДР мемлекеттік теледидарының кадрлары көрсетілуде / Getty images

Солтүстік Корея аталған ядролық арсеналды неліктен жасақтады деген сұрақтың жауабы айқын тәрізді. Соңғы онжылдықтың тәжірибесі, Солтүстік Корей басшылығы ертеден бері күмәнсіз иланып келген сенімді тағы бір мәрте қуаттай түскендей болды: ұлы державалардың уәдесі мен халықаралық келісімдердің ешбірін мызғымастай берік келісім деп қабылдауға болмайды. Сондықтан бірнеше әлемдік алпауыт ойыншылармен ара-қатынасын бүлдіріп алған мемлекет, тек өзінің ядролық қаруына ие болу арқылы ғана қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Солтүстік Кореяға бір кездері ядролық қару жасауға ұмтылған Ирактың мысалы қатты әсер етті. 1981 жылы Ирактың зерттеу орталығына Израильдің әуе күштері шабуыл жасаған соң, аталған ұмтылыстың тамырына балта шабылған еді. Нәтижесінде ядролық қару жасай алмаған Ирак, АҚШ басып кірер нысанасына айналды. Шабуылдан кейін ел үкіметі толықтай дерлік ығыстырылып, мемлекеттің көшбасшысы Саддам Хусейн қолға түсіп, дарға асылды.

Солтүстік Кореяға Украинадағы оқиғаларда ықпал етті. Айталық, Украина шегара тұстастығын сақтауға кепілдік берген Будапешт меморандумына арқа сүйеп, ядролық арсеналынан бас тартты. Мұның арты неге әкеліп соққаны бәрімізге аян. Алайда Солтүстік Корея үшін Ливан оқиғасы үлкен сабақ болды. Ливияда, белгілі болғандай, Каддафи, соңғы жиырма жыл ішінде Вашингтон Сеулге ұдайы ұсынып келе жатқан шарттарға өте ұқсас, талаптарды қабылдаған. Каддафи ядролық қаруды жасақтау бойынша жасаған бағдарламасынан бас тартып (ол шақта, аяқталудан алыс тұрғанын мойындаған жөн), аталған бағдарлама аясында қолданылған барлық жабдықтарды тапсырды. Қарымтасына салынған санкциялар алынып тасталды және ел бірқатар экономикалық игіліктерге ие болды.

Ким Чен Ир және Ким Ир Сен таудың басында / Alamy

Ким Чен Ир және Ким Ир Сен таудың басында / Alamy

Бастапқы кезде келісілген талаптар орындалды. Алайда 2011 жылы Ливанда билікке қарсы үлкен қозғалыстар басталды. Дегенмен халықтың басым бөлігі Каддафи режиміне қарсы шыққанымен, оның жақтастары да жетерлік еді. Оның үстіне, заманауи ауыр қарумен жабдықталған Ливия әскерінің басым бөлігі Каддафидің жағында болды. Әуедегі басымдығына және өзіне адал әскери бөлімшелерге арқа сүйеген Каддафидің көтерілістерді басуға күші жететіндей көрінген. Алайда оның жоспары Ливия территориясын «ұшуға тиым салынған аймаққа» айналдырған батыс алпауыттарының араласуымен жүзеге аспай қалды. Аталған әрекеттен кейін Каддафи жақтастары әуеден берілетін қолдауды көрсете алмай, осының салдарынан жеңіліс тапты. Солтүстік Корея басшылығы үшін Ливиядағы оқиға тағы бір мәрте: сырттан келер қатерден қорғанып, ел ішіндегі дағдарысқа шетелдіктердің араласуын болдырмаудың жалғыз амалы — ядролық қаруды жасау екеніне көз жеткізген үлкен сабақ болды.

2006 жылғы Солтүстік кореялықтардың ядролық сынақтарынан кейін ядролық қару мәселесіне қатысты бірнеше мәрте дипломатиялық келіссөздер жүргізілді. Аталған келіссөздер барысында Солтүстік Кореяның серіктесі АҚШ пен Оңтүстік Корея мемлекеттері болғанымен, көп ел қатысқан жан-жақты келіссөздерді ұйымдастыру талпыныстары да жасалды. Олардың ішінде Солтүстік және Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, АҚШ және Ресей қатысқан «алты жақты келісім» жөнінде белгілі. Аталған келіссөз, негізінен, Солтүстік Кореяның «толыққанды ядролық қарудан бас тартып, бомбалардың көзі жоюды» көздеді.

Ким Ир Сен алаңындағы Корея Еңбек партиясының 70 жылдығына арналған әскери шеру / Alamy

Ким Ир Сен алаңындағы Корея Еңбек партиясының 70 жылдығына арналған әскери шеру / Alamy

Алайда аталған декларацияларға қатты маңыз берудің қажеті жоқ. Солтүстік Корея ядролық қарудан түбегейлі бас тарта алмайды. Солтүстік Корея тарапы бұл келіссөздерді оқтын-оқтын не уақыт ұтудың тәсілі (Дональд Трамп билікке келген алғашқы жылдары сәтті пайдаланды), не пайдалы экономикалық игілікке ие болудың амалы ретінде қолданып келеді. Жоғарыда сөз еткеніміздей, Солтүстік Корея басшылығы ядролық қаруға ие болу мемлекет пен режимнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалғыз жол деп санайды.

БҮЛІК ҚАТЕРІ

Авторитарлық режим үшін екінші кезекте халықтың көтерілуі қауіпті. Солтүстік Кореяның жағдайында аталған қауіп халықтың өмір сүру деңгейі әлдеқайда жоғары екінші жартысының, егізі деуге келетін Оңтүстік Кореяның есебінен тіптен еселене түседі. Сондықтан Солтүстік Кореяда саяси тұрақтылықты сақтап тұру үшін режим ел тұрғындарын тысқы ақпараттан оқшаулап тастауы қажет әрі ел билігі осы бір тапсырманы 1960-жылдан бері сәтті атқарып келеді. Бастапқыда режим сол шақта қатардағы Солтүстік Корея тұрғыны үшін тартымды болмаған Оңтүстік Кореяға емес, Кеңес Одағы мен оның «ревизионистік» идеологиясына қарсы әрекет еткен. Дәл осы жүйе Солтүстік Кореяның азаматтары үшін қызықты көрінген. Дегенмен уақыт өте келе режим кімнен оқшаулану керегін қайта ой елегінен өткізіп, елді Оңтүстік Корея ықпалынан сақтап қалуды мақсат етіп қойған. Солтүстік Корея шамадан тыс оқшаулан мемлекет. Айталық, Солтүстік Кореяда 1960-жылдардың соңынан бастап еркін баптанған қабылдағыш, яғни шетелдің ақпаратты тыңдауға мүмкіндік беретін құрылғыға иелік ету қылмыстық іс ретінде саналады. Техникалық бағыттан өзге шетелдік әдебиеттің барлығы арнаулы қызметтің рұқсатымен ғана оқуға болатын арнайы қоймаға жөнелтіледі. Елде тіптен өзге социалистік мемлекеттермен қатар, КСРО мен Қытайлық басылымдарға да тиым салынған. Солтүстік Кореялықтар ұзақ уақыт бойына жеке шаруасымен шетелге шығуға рұқсат берілмеді. Дегенмен 1982–1984 жылдары, жиырма жылға жуық үзілістен кейін, Солтүстік Корея азаматтары Қытайдағы туыстарына бару қақына ие болды. Осы іспеттес тысқа шығу мүмкіндіктері 2000-жылдардың басында тіптен арта түсті, оның үстіне Қытаймен арадағы шегара 2010-жылдардың басына дейін қорғалған емес.

Пханмунджом қаласындағы шекарашылар (Солтүстік және Оңтүстік Корея шекарасында) / Alamy

Пханмунджом қаласындағы шекарашылар (Солтүстік және Оңтүстік Корея шекарасында) / Alamy


2011 жылы билікке Ким Чен Ын келген соң Солтүстік Корея билігі шетелге шығуды бақылауға алу жұмыстарына маңыз беріп, осы бағыт бойынша шаралар қабылдай бастады. Солтүстік Кореяның қысымынан кейін Қытай билігі де өз шегарасын толыққанды күшейту жұмыстарын жүргізуге келісім берді. 2013 жылы Қытай тарапы екі ел арасындағы шегараға толық қоршау орнатты. Шегараға бейне бақылау камералары орнатылып, күзет қызметі күшейтілді, сондай-ақ шегара бекеттеріндегі бақылау да қатаңдатылды. Өз кезегінде Солтүстік Корея тарапы да 2011–2022 жылдар аралығында ұзындығы 1400 км созылған шегарасын инженерлік жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. 2011–2022 жылдары бүкіл шегара бойына екі қатар арасында бақылау жолағы орналасқан тікен сым тартылды. Сонымен қатар, Солтүстік Корея тарапы да бұған дейін тек Қытай шегарашыларында болған бақылау камералары мен қозғалыс даичиктерін орнатты. Осының арқасында шегарадағы қозғалыстар сап тиылды (заңсыз түрде шегара асқан еңбек мигранттарының ғана емес, контрабандалардың әрекеттері де доғарылды).

Жалпы алғанда 2011 жылы Ким Чен Ырдың орнына билікке келген ұлы Ким Чен Ын, елді тысқы әлемнен оқшаулау мәселесіне көп көңіл бөледі. Бәлкім ол, жастық шағын шетелде өткізгендіктен, елдегі тұрақтылыққа тысқы әлем жөніндегі (әсіресе, Оңтүстік Корея хақындағы) цензурадан өтпеген ақпараттың қаншалық қатер төндіретінін түйсінген болар. Айталық ол билікке келгеннен кейін елдегі компьютерлерге жасалатын бақылау бірден қатаңдатылды. Солтүстік Корея сынды кедей мемлекет үшін ел ішіндегі жеке қолданыста болған дербес компьютерлердің саны шамадан тыс көп (көбіне-көп бұл Қытайдан жеткізілген ұсталынған компьютерлер). Ағымдағы нұсқаулыққа сәйкес Солтүстік Кореядағы компьютерлерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Линукстің арнаулы жасақталған операциялық жүйесі орнатылуға тиіс. Аталған нұсқа, атап айтқанда, арнаулы «электрондық қолтаңбасы» жоқ файлдарды ашпайды. Ал ол қолтаңбаны тек мемлекеттің органдар ғана қоя алады. Жалпақ тілмен айтқанда, осындай жүйе орнатылған компьютерде USB немесе басқа да бөгде тасымалдаушылардың көмегімен ақпарат алмасу мүмкін емес. Әлбетте, елде бар барлық компьютерлер тіркелген және оқтын-оқтын оларды полиция тексеріп тұрады.

Көше көрінісі, Пхеньян, Солтүстік Корея/Alamy

Көше көрінісі, Пхеньян, Солтүстік Корея/Alamy

Бақылаудың тағы бір түрі ретінде — ел ішіндегі деңгейлес әлеуметтік байланыстарды қатаң түрде тұншықтыруға бағытталған кешенді шараларды айтуға болады. Солтүстік Кореяда кез келген ұйымды, егер ол ресми құрылымның қатарына кірсе және аталған ресми құрылымдар оны бақылайтын болса ғана ашуға рұқсат берілген. Сонымен қатар елде билікке қарсылық танытудың кез келген формасы құпталмайды. Дегенмен төменгі және орта шенді шенеуніктерге саяси астары болмайтын жағдайда ғана, аз-маз сын айтуға мүмкіндік берілген. Атап айтқанда, Солтүстік Кореяда 2000 жылдан кейін өз мүддесіне қайшы шешімдерді қабылдаған жергілікті билік өкілдеріне наразы болып көтерілген ұсақ кәсіпкерлердің қозғалыстары ара-тұра орнап тұрған. Солтүстік Кореяның билігі аталған наразылықтарды байыпты түрде қабылдап, кейде кәсіпкерлердің талабына көніп, тіптен сұрағандарын да берген.

Пхеньяндағы Салтанат аркасы жанында жаппай билеу / Alamy

Пхеньяндағы Салтанат аркасы жанында жаппай билеу / Alamy

Саяси тұтқындарға арналған Солтүстік Корея жүйесінің, саяси себептерге байланысты түрмеге қанша адам тоғытылғанын нақты анықтауға мүмкіндік беретін айрықшалығы бар. Айталық, Кеңес Одағынан айырмашылығы, Солтүстік Кореяның саяси тұтқындарға арналған лагері қылмыскерлерге арналған түрмелер жүйесінен бөлек салынған. Сондықтан ғарыштан түсірілген суреттерге талдау жасау арқылы саяси тұтқындардың санын, шамамен, анықтауға болады. Деректерге қарағанда саяси тұтқындар Ким Ир Сеннің билік еткен соңғы жылдарында шырқау шегіне жеткен тәрізі (шамамен, олардың саны 200 мыңға жеткен). Содан бері көрсеткіш айтарлықтай төмендеп, қазіргі уақытта Солтүстік Кореядағы саяси тұтқындардың саны, шамамен, 80 мың адамға дейін азайған. Аталған көрсеткіштің жақсара түскені байқалады, бірақ дегенмен Солтүстік Кореядағы саяси тұтқындардың үлесі, заманауи әлемдегі кез келген өзге мемлекетпен салыстырғанда шамадан тыс көп. Осындай жағдайды ескере отырып, Солтүстік Корея азаматтарының неліктен барлық әрекеті мен әрбір сөзін екшеп айтатынын түсінуге болады. Оның үстіне, алдыңғы дәрістердің бірінде сөз еткен «ұйымдық өмір» жүйесі, сондай-ақ инминбан деп аталатын халықтық топтар арқылы жүзеге асырылатын өзара бақылау жүйесі де жұртты үрейде ұстау үшін маңызды рөл атқарады.

ҚАСТАНДЫҚ ҚАТЕРІ

Авторитарлық режимге үшінші кезекте ықпалды топтардың қастандығы немесе әскери төңкеріс қатер төндіреді. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда Солтүстік Кореяда бұл қатердің орнай қоюы екіталай. Өйткені Солтүстік Кореядағы ықпалды топтар кез келген ішкі кикілжің не келіспеушілік, Солтүстік Кореяны ыдыратып, Оңтүстіктің Солтүстікті жұтып қоюына жол ашып беретінін жақсы түсінеді. Айталық егер әскери төңкеріс я ықпалды топтар ымыраласып қастандық ұйымдастыратын болса, билікке келген топтың да басына қара бұлт үйірілетін болады. Жалпақ тілмен айтқанда, Солтүстік Кореядағы ықпалды топтар бір кемеде екенін жақсы біледі және мүмкіндігінше кемені шайқамауға тырысып келеді.

Дегенмен Ким Чен Ын билікке келген алғашқы жылдары ықпалды топтардың қастандық жасау немесе мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру қатерін барынша азайтуға бағытталған бірқатар шаралар қабылданған болатын. Айталық Ким Чен Ын бастапқы кезде әскерилер мен мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты күштік құрылымдардағы жоғары шенді қызметкерлерге қарсы қуғын-сүргін науқанын бірнеше мәрте ұйымдастырды. Ол шақта күштік құрылымда қызмет атқарған маңызды тұлғалардың басым бөлігі іс-түссіз жоғалып кетті.

Ким Чен Ын Хвасонпхо құрлықаралық баллистикалық зымыранының сынақтарын жүргізуде. 24 наурыз 2022 жыл / Getty Images

Ким Чен Ын Хвасонпхо құрлықаралық баллистикалық зымыранының сынақтарын жүргізуде. 24 наурыз 2022 жыл / Getty Images

Бертін келе басылған жарияланымдардан олардың аттарымен қоса, топтық суреттердегі бейнелері де алынып тасталды. Бұл жағынан Солтүстік Корея Кеңестік үлгіге иек артқан: қуғын-сүргінге іліккен адамның суретін мүмкіндігінше барлық фотосуреттерден жойылады. Сонымен қатар Ким Чен Ын билікке келген алғашқы жылдары күштік құрылымдардағы маңыздың қызметте отырған тұлғалар жиі алмастырылып тұрды. Оның атасы мен әкесі билік құрған уақытта қорғаныс министрі өз қызметінде орта есеппен 10 жылға жуық отырса, ал Ким Чен Ын тұсында, яғни 2011–2022 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 11 айға дейін қысқарды.

Дегенмен қызметінен алынған шенді міндетті түрде қуғынға ұшырамады. Алайда қолдан жасалған мұндай дүрбелеңнің мақсаты белгілі: Ким Чен Ын мен оның кеңесшілері үлкен қызметке келген ықпалды генерал тамырын кеңге жайып, байланыстар орнатып, ақырында ымыраласқан қастандық немесе төңкеріс жасайтын топты жасақтамауы үшін осылай жасады. Дегенмен 2015–2016 жылдары күштік құрылымдағы жағдай айтарлықтай тұрақталғанын атап өткен жөн. Соған қарағанда, осы жылдан бастап Кым Чен Ын белгілі бір себептерге байланысты, қастандық қатеріне алаңдауын қойған тәрізді.

ГЕОСАЯСАТТЫҢ ТОСЫННАН ҰСЫНҒАН СЫЙЛЫҒЫ

2019–2020 жылдан кейінгі Қытайдың ұстанымы ел ішіндегі тұрақтылықтың сақталып қалуына қосымша дем берді. АҚШ-пен арадағы ұзаққа созылған қарсыластықтан кейін Қытай, Корей түбегінде статус-квосын сақтап қалуға мүдделі. Ертеден бері Қытай басшылығы Солтүстік Кореяға қырын қарайды. Бір жағынан, Пекин, Солтүстік Корея Маньчжуриядағы Қытайдың алпауыт өнеркәсіптік орталықтарын қорғап тұрған маңызды буферлік аймақ екенін жақсы түсінеді.iПекин де Корей түбегінен оншалық алшақ орналаспаған, айталық ұшақпен бір сағатта жетуге болады Екінші жағынан, Қытай Солтүстік Кореяның кейбір әрекеттеріне наразы (айталық Пхеньянның ядролық амбициясына алаңдаулы).

Ким Чен Ын мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2019 жылы қарусыздандырылған аймақта кездесуде / Alamy

Ким Чен Ын мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2019 жылы қарусыздандырылған аймақта кездесуде / Alamy

Алайда Америка-Қытай кикілжіңі басталған соң, барлық бұрынғы күмәндар сейілді: Корей түбегінің оңтүстік бөлігіне орналасқан америкалық әскер тұрғанда, ал Оңтүстік Корея дәл Жапония тәрізді АҚШ-тың жақын одақтасына айналған жағдайда, Қытай үшін стратегиялық буфер ретіндегі Солтүстік Кореяның маңызы артты. Сондықтан 2019 жылы Қытай Халық Республикасының басшылығы стратегиялық тұрғыдан өте маңызды шешімді қабылдап, Солтүстік Кореяға тұрақты түрде экономикалық жәрдем бере бастады.iайталық, аталған көмектің қарымтасына ешқандай да қосымша саяси талаптар қойылмады Бірінші кезекте жанармай,iСолтүстік Кореяның өзінде мұнай жоқ, сондықтан елдегі жанармайдың барлығы сырттан келеді азық-түлік пен минералды тыңайтқыштар жеткізілді. Аталған тауарлар ел ішіндегі экономикалық өсімді қамтамасыз ететіндей көп көлемде берілмеді. Дегенмен осының өзі Солтүстік Корея мемлекетін ыдыратпай, халқын аш қалдырмау үшін жеткілікті (әрі Қытайдың көздегені де осы).

РЕФОРМАЛАРДАН БАС ТАРТУ

Осындай жағдайда Солтүстік Корея басшылығы аяқ астынан берік тылға ие болды. Соған байланысты мемлекет 2012–2018 жылдар аралығында, яғни Ким Чен Ын билікке келген алғашқы жылдары сәтті жасалған экономикалық реформалардан бас тартты. Аталған реформалар бірінші кезекте Солтүстік Кореядағы нарықтық қатынастарды ынталандыруға бағытталды және көп жағынан 1980-жылдары Қытайда жүргізілген реформаларға ұқсас келді. Жалпы алғанда, көп жағдайда Солтүстік Кореялықтар Қытай тәжірибесін қаз-қалпында көшіргенімен, оны, әлбетте, ашық мойындамады. Бұл реформалар бастапқыда ел ішіндегі экономикалық жағдайды айтарлықтай жақсартқанымен, саяси тұрғыдан қауіпті құбылысқа айналды. Айталық, мұндай реформалар ұзақмерзімді перспективада бақылауда ұстау қиынға соғатын жаңа буржуазияны қалыптастырып, нарықты сөзсіз күшейтер еді.

Ким Чен Ын Ресей шекарасында өзінің құрышпен қапталған пойызынан шығып жатыр / Getty images

Ким Чен Ын Ресей шекарасында өзінің құрышпен қапталған пойызынан шығып жатыр / Getty images

Америка-Қытай кикілжіңі басталған 2019 жылдан кейін туындаған жаңа шарттарға байланысты, ұзаққа дейін үзілмесіне кепілдік берілген Қытайдың көмегіне иек артқан Ким Чен Ынның үкіметі, мүмкіндігінше нарықтық реформалардан бас тартып, жеке сектордың экономикаға ықпалын шектейтін шешімдерді қабылдады. 2000 жылдан кейін Солтүстік Корея экономикасында жеке сектордың рөлінің қаншалық арта түскенін ескерер болсақ, мұндай жоспардың сәтті жүзеге асарына күмән бар. Өйткені Солтүстік Корея экономикасының басым бөлігі, сөз жүзінде мемлекеттік мекеме ретінде тіркелгенімен, жеке адамдарға тиесілі меншік саналады. Дегенмен Солтүстік Корея басшылығы бір-екі қадам кері шегінудің амалын тапты. Саясаттағы аталған шегініс экономикалық игілік үшін емес, бірінші кезекте, ішкі саяси қауіпсіздік үшін жасалып отыр. Бұған дейін де айтқанымыздай, Солтүстік Корея басшылығы үшін қауіпсіздік, экономикалық дамудан да айтарлықтай маңызды, бірінші кезекте бас қатыратын мәселе саналады.

Осы бір жағдаяттар Солтүстік Корея басшыларының әрекеттерінің қисынын түсінуге мүмкіндік береді. Шетелдік мемлекеттердің оқтын-оқтын Солтүстік Корея режимін жарқын экономикалық келешекті уәде ету арқылы «азғырған» ұмтылыстары ұдайы сәтсіздікпен аяқталып отырды (түсінгеніміздей, мұндай ұмтылыстардың ешбірі опа бермейді). Бұл Солтүстік Корея басшылығының экономкалық өрлеуді мүлдем қаламайтынына байланысты емес. Керісінше, Солтүстік Корея басшылығында отырған шенді-шекпендінің барлығы жалпы алғанда, халықтың молшылықта өмір сүргенін қалайды. Алайда бұл кісілер үшін саяси тұрақтылықты және осымен тығыз байланысты Солтүстік Корея мемлекеттігін сақтау мәселесі, жалпы ішкі өнімнің көрсеткішін бірнеше пайызға өсіру сынды дүниелерге қарағанда әлдеқайда маңызды. Солтүстік Кореядағы ықпалды топтар, бұрынғы КСРО мен Шығыс Еуропаның басшылығынан айырмашылығы, социализмнен бас тарту арқылы айтарлықтай үлкен экономикалық және саяси артықшылыққа ие болмасын біледі. Сондай-ақ аталған ықпалды топтар, негізінен, Кеңестік үлгідегі социалистік мемлекеттің тиімділігіне қатысты жалған иллюзияға берілмеген. Олар социалистік мемлекет жүйесі қоғамды бақылауда ұстауға қосымша мүмкіндіктер беріп, тұрақтылықты сақтап қалуға ықпал ететін жақсы түсінеді. Түптеп келгенде, өлген адамға байлықтың не қажеті бар?!

Ким Чен Ын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен бірге

Ким Чен Ын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен бірге

Солтүстік Кореядағы ықпалды топтар жөнінде сөз қозғағанда, біз айтарлықтай көп адамды меңзейміз (жүздеген, тіптен мыңдаған адам емес, бәлкім, жүз мыңға жуық болар). Аталған жағдайда ықпалды топ категориясына жетпіс жыл бұрынғы кеңестік жабдықтар әлі күнге дейін қолданылатын зауыттардағы бас инженерлер мен әкімшілер былай тұрсын, Чучхе философиясы мен Ұлы Көсемнің революциялық тарихынан дәріс оқитын оқытушылар, партияның барлық өкілдері, әскер офицерлер мен, әсіресе, арнаулық қызмет офицерлері кіреді. Бұл кісілердің режим құлайтын болса, жаңа жүйеден өз орнын таба қоюы екіталай. Сондықтан аталған ықпалды топтардың әрмен қарай өмір сүруіне кепілдік беретін ағымдағы жүйені сақтап қалу үшін барын салып жатқаны түсінікті. Жоғарыда сөз еткен факторларды ескерер болсақ, олар жақын келешекте де мемлекеттегі билігін одан әрмен сақтап қала алатын тәрізді. Бұл тыстан бақылап отырғандарға ұнай ма әлде ұнамай ма — ол бөлек әңгіме (және бұл бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, шынтуайтында күрделі мәселе), бірақ қалай болмасын сыртқы бақылаушылардың қолынан келер қайран жоқ.

1 / 3