ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ АШЫҚХАТ

Ең көне және ерекше жаңа жылдық ашықхат

Розенкрейцерлердің ежелгі жаңа жылдық ашықхаты. Михаэль Майер жазған. 1611 жыл

1611 жылдың желтоқсан айында Англияға әдеттен тыс хат жолданды. Оның екі ерекшелігі болды. Біріншіден, бұл хат — бүгінге дейін сақталған, Рождествомен және Жаңа жылмен құттықтайтын ең көне ашықхат. Оны 1611 жылдың желтоқсанында неміс алхимигі Михаэль Майер ағылшын королі VI Яков (1603–1625) пен оның ұлы ханзада Генрихке жіберген. Құттықтау мәтіні сол заман үшін әбден қалыпты мәнермен жазылған:

Исаның Туылуы құрметіне ең қадірменді және ең белсенді билеуші, Ұлыбритания мен Ирландияның королі, Қасиетті Діннің қорғаны, аса көрнекті Яковты Исаның Туылуы мерекесімен құттықтап сәлемімді жолдаймын. Зор қуанышқа бөленген біз аман-есен жаңа айтулы 1612 жылды бастаймыз.

Кішіпейілділікпен қызмет ету және мойынсұну жолымен құдайдың батасын алып, құрметке ие болған,

Михаэль Майер,

Германдық, Палестиналық граф, Медицина және философия докторы, Рыцарь және Ақын-лаурет.

Нақыш. Михаэль Майер. 1618 жыл/Wikimedia Commons

Бірақ бұл ашықхатты ерекше ететін нәрсе — сөздерден құралған жұмбақ раушан гүлі. Ал гүлдің сабағы корольге арналған ізгі тілектерді толықтыра түседі:

Саған осы қуаныш скипетрінің берілуін тілеп дұға етемін. Патшалыққа, Патшаға және Патша сарайына арналған сегіз тіркестің бәрінде сәттілік тілеймін.

Сегіз тілек деп раушан гүлінің айналасына жазылған 8 сөз тіркесін түсінеді:

1. Құдайдың жәннат берекесі

2. Деннің саулығы

3. Бейбіт заман

4. Еңбектің зейнеті

5. Жауды жеңу

6. Ұзақ өмір

7. Ынталы діншілдік

8. Ілімге деген сүйіспеншілік

Ашықхат авторы раушан гүлді көмкеріп тұрған оның күлтелеріне бірнеше нұсқау жазып қойған. Мысалы:

Ең маңызды сый — зор денсаулық және қажымас қайрат.

Раушан гүлінің периметрі бойымен падишаға және Англияға арнап өсіп-өркендеу мен Құдайдың батасын тілеген дастан түрінде жазылған шумақтар төгіле түседі. Поэмада Інжілдегі сюжеттер де, Антика заманының ежелгі мифологиясы да тілге тиек етіледі, сондай-ақ «раушан гүлді Солтүстіктен соққан жел ұшырып әкетпейді» деген үміт бар. Раушан гүлінің екі жағында тағы бірнеше шағын мәтін жазылған: ондағы нышанда шифрланған мәтінді қайталау және Ескі Өсиеттен бірнеше үзінді бар.

Раушан тәрізді жаңа жылдық ашықхаттың иллюстрациясы

Бұл қандай жұмбақ ашықхат?

Шындығында, Михаэль Майер Раушан және крест ордені немесе Розенкрейцерлер деп аталған құпия мистикалық қоғамның көрнекті мүшесі болған. Аңыз бойынша, орденнің негізін Таяу Шығыста болған Христиан Розенкрейц есімді әлдебір монах қалаған, яғни «құпия білімге» ие болғаннан кейін ол «адамзаттың дүниежүзілік реформасымен» шұғылданатын алхимиктер мен мистиктер қоғамын құруға кіріскен. Розенкрейцерлер 17 ғасырдың басында айтарлықтай дәрежеде танымал болып, кейінірек масоншылдықтың негізіне айналды. Жалпы, Михаэль Майер осы жаңа жылдық ашықхаттың көмегімен ағылшын короліне өзінің жаңа мистикалық ілімін жарнамалауға ұмтылса керек, бірақ бұдан нәтиже шыққан жоқ — оның хаты патшаға жетпеді.

Қалай болғанда да, егер сіз жаңа жылдық ашықхатты безендіру үшін шабыт көзін іздесеңіз, розенкрейцер өкілдерінің идеяларын пайдалануыңызға әбден болады.

Көшірілді