ЖЕТІ АТА

Алматы

Жеті атасын білмеген жетесіз... (Әулет тарихы)

«Болар бала он үшінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» деп атам қазақ қалай дөп айтқан десеңізші. Ер жігіттің мойнына артылатын жауапкершіліктің ауырлығын тек сезінген адам ғана біледі. Замананың бұзылуы өткен мен болашақты ескермегеннен десек қателеспейміз. Қазақта тектілік деген ұғым бар. Ер жігіт пен қыз баланың құндылығы тектілігімен өлшенеді. Адамға тән асыл қасиеттерді бойына жиған адамды текті деп атаймыз. Өз басым ес жиып, ер жеткен сәттен бастап өзімнен бұрын өмір сүрген ата-баба тарихына қатты қызықтым. Қазақ халқына ғана тән жеті ата тізбегін шала-жансар болсын жаттап өстім. Дегенмен анығын ешкімнен біле алмадым. Көбі алдыңғы буын ата тектен қол үзіп қалған. Дегенмен тағдыр тамашасы дейін бе әйтеуір жеті атамның нақты тізбегін таба алдым. Сол жайында сіздерге әңгімелеп берсем...

Алматыдағы оқуымның шаруаларын тәмәмдағаннан кейін, ауылға бір аптаға демалып кетейін деп келген едім. Сол бір аптаны құр кетірмейін деп бар уақытымды барынша ізденуге, шығармашылыққа арнауға тырыстым. Көптен бері ойымда жүрген жеті ата мәселесін қалай шешуді ойландым. Менің әкем жеті жасымда бақилық болған. Әулетіміздің үлкендері кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбандары. Жеті ата мәселесіне келгенде көбі қанағаттарлық ештеңе айта алмайды. Атам болса бұл ғасырға бір екі жыл жетпей дүние салған. Ал мен ол кезде жоспарда да болмадым. Біздің руымыз — қожа. Қазақ дүниетанымында іргелі үш жүзге кірмейтін, хан тұқымы төрелермен қатар ақсүйек атанған қазақ жеріне ислам дінін тарату мақсатында келген араб миссионерлерінің ұрпағы делінеді. Бұл жайында алып-қашпа әңгімелер жетерлік. Рушылдық пен жершілдік негізгі дертіне айналған елімізде «ақсүйекпіз» деп кеуде қағатын, бірақ бір ауыз сөз құран аятын білмейтін қожа-сымақтар қадірін қашыратын секілді. Дегенмен өз басым ешқашанда «мен қожамын», «ақсүйекпін» деп мақтанған емеспін. Ру, шежіре бұл басқалардан ерекшелену үшін емес, өзіңнің өткеніңді білу үшін болашақты бағдарлау мақсатында ғана маңызды. Қазақ халқын негізін үш жүзге кіретін рулар қауымдастығы құрайды. Бұл жүздер қазақ хандығы құрылғанда елді басқару үшін рулардың географикалық-этникалық ерекшелігіне қарай бөлінген. Ал төре руы — атақты Шыңғыс ханнан тараған ұрпақтарын айтады. Төрелер қазақ даласында басшылық ісін атқарған. Небір айбарлы хандар осы төре руынан болса ғана сайлана алған. Ал қазақ жеріне ислам дінін насихаттаймыз деп келген араб-миссионерлерінің ұрпақтарын қазақтар төрелермен қоса құрметтеген. Бір жағынан билікті, екінші жағынан дінді ұстап тұрған төре және қожа руы өкілдері қазақтың үш жүзіне ортақ болған. Дегенмен қазақ жеріне кеңес үкіметінің орнауы сан ғасырлық ұрпақ байланысын үзіп тастады. Сондықтан қазіргі көп туысқандарым жеті ата дегенде кенжелеп қалатыны шындық. Осы мақсатта көз көргендерден шежіре сұрап, жинауға кірістім.

Адам бір іске білек сыбына кіріссе бәріне қол жеткізетіні ақиқат. Ең әуелі қожалар шежіресі жайлы әңгіме көршім әрі туысқаным Ақмарал есімді тәтеммен болды. Әкесі Салқожадан дүние салар алдын шежіре жайын сұрап жазып алыпты.

– Ақмарал тәте, біздің шежіреміз жайлы не білесіз?

– Біздің руымыз қожа. Қожаның ішінде сейіт қожа. Әбдікәрімнен Кіші дамла кетеді. Кіші дамланың шын аты ұмытылған, жұрт оны тапал бойына қарап кішкентай оқытушы яғни «Кіші дамла» деп атап кеткен екен. Кіші дамладан екі ұл, бір қыз туылады. Олар Жүней мен Сүннет. Сүннеттен Әсекей, Ізетула, Атаула туылады. Ал Жүнейден Раматулла, Немет, Атақожа туылады. Атақожадан Шады, Жолдас туылады. Араб жерінен қазақ жеріне дін тарату мақсатында он шал келіпті деседі. Солай Қазақстанның түпкір түпкіріне тарайды. Атақожа баба бесік ұстасы болыпты. Ташкенттен келген Ишан бабаны қолына су құйып үйіне қондырып алғаны үшін шолақ белсенділер Атақожа бабамызды НКВД жендеттеріне ұстатып жіберген. Ұстап әкетейін деп жатқан да: «бесік жасап жатыр едім, сәл қалды аяқтай салайын» дегеніне қарамастан қамауға алып, артынан ату жазасына кескен. Артынан ұлы Шадыны да тұтқындаған. Жолдас атамыз әйелімен бірге Қырғызстанға қарай бас сауғалап қашқанда белгісіз жағдайда қайтыс болған. Кеңес үкіметі қожалардың сан ғасырлық ұрпақ-аралық байланысын үзіп тастады. Ашарлышылық кезінде Шадының әйелі Күміс апа деген кісі болған. Жолдас атаның әйелі Мастура апамыз Созаққа күйеуге шығып бара жатқан кезде Күміс апа Жолдас бабамыздан қалған Күлбибі мен Берден атамызды алып, ауыл сыртындағы арыққа дейін жалынып барыпты. Арбада кетіп бара жатқан Мастура апамызға, Күміс апа: «мына балаларға жаның ашысын да тоқтасай» деп жалыныпты. Сонда Мастура апамыз: үш балам үш құмалағым, «үш күшенсем туып аламын» деп балаларынан бас тартыпты. Біздің бабаларымыз Салқожа мен Берден бір үйде өскен. Салқожадан он бір ал Берденнен он ер бала туылып, құрып кетуден аман қалдық. Сенің шежірең сонымен Бақытжан, Берден, Жолдас, Атақожа, Жүней, Кіші дамла, Әбдікәрім. Әрі қарай өкінішке қарай белгісіз. Дегенмен жетінші бабаң Әбдікәрімнің мазары Өр қақпаның үстіндегі Қайыр көкеңнің үйінің аяғында орналасқан. Ата-бабаңның басына барда құран оқып, зиярат ет балам. Жеті атасын білмеген жетесіз деп атам қазақ бекер айтпаған.

– Керемет жауап бердіңіз, мың да бір алғыс. Демек менің жеті ата тізбегім мынандай:

7. Әбдікәрім;

6. Кіші дамла;

5. Жүней;

4. Атақожа;

3. Жолдас;

2. Берден;

1. Бақытжан.

Жетінші атам Әбдікәрімнің мазары. Салқожа атамыздың баласы Қайыр көкемнің ауласында.

Ақмарал тәтем ескі альбомнан әкесінен жазып алып қалған шежіремен таныстырып, біраз әңгіме айтты. Жеті атам жайлы сүбелі әрі сенімді ақпаратқа қанық болдым. Ең бастысы өмірімде естімеген жетінші атам Әбдікәрім бабамыздың мазарын таптым.

Әбдікәрім бабамның мазарын іздеп, ертесіне Қайыр көкемнің үйіне бардым. Көке үйінде екен. Болған мән-жайды айтып, көкемді жолбасшы кетіп бабамыздың мазарын көрсетуді сұрадым. Көкеміз бірден келісіп, мені тиісті орынға алып барды. Темір қоршаумен қоршалған, түгелдей дерлік жермен жексен болып кеткен мазар менің жетінші атам — Әбдкәрімнің мазары екен. Мазар басында Қайыр көкемнің әңгімеге тартып, шежіре жайлы не білетінін сұрадым.

Көке, мына бейіт және шежіре жайында не білесіз? Бұл мазарды бұрын мен неге естімегенмін?

Бұл мазар балам бабамыз Әбдікәрімдікі екен. Енді біз шежіре жайында көп біле бермейміз. Әкелеріміз көп білетін еді. Бабамыз Кіші дамланы осы ауылдың жұрты арнайы Түркістаннан діни ілім алдыру үшін шақыртыпты. Кіші дамла бойдақ кезі екен, осы маңның жұрты өзі үйлендіріп, осында алып қалыпты. Кіші дамла деген негізен лақап ат. Шынайы есімін білмегендіктен шежірені әрі қарай соза алмадық. Бұл үйде негізінен Жүннен атты немересі отырған. Дегенмен Жұменге ұрпақ болмай, үйді біз иелендік. Ата-баба мазарын қараусыз қалдырмайын деп осында қоныстандық. Өзің білесің Атақожа атамыз бесік ұстасы болған. Ташкенттен келген дін адамын үйіне қондырамын деп арылмас бәлеге қалып, ұсталып кеткен. Біздің бабамыз Шадыны калхозда қызметте жүргенде қоса тұтқындап әкеткен.

Сізге көп-көп рақмет, көке!

Бабамыздың басына зиярат етіп құран оқып кері қайттым.

Атақожа мен Шадының жағдайы белгілі болды. Екеуі де аталып кеткен екен. Мен оны фейсбук желісінде жарияланған архив жазбаларынан таптым.

«Жунеев Атақожа 1879 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туылған, мешіт қызметшісі болған. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД «үштігі» 1937 жылдың 1 қарашада соттаған. 1989 жылы 31 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы ақтаған.

Атаходжаев Шади 1899 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында Шолаққорған ауылында туылған, өзбек, ферма меңгерушісі. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД «үштігі» 1937 жылы 19 қарашада соттаған. 1957 жылы 17 қазанда Оңтүстік Қазақстан облыстық соты ақтаған. 7».

Ал менің бабам Жолдасты таба алмадым. Үлкендерден сұрау барысында ол кісінің әйелімен қашып үлгергенін білдім. Әкесі Жолдас халық жауы деп қашып жүргенде атам Берден кішкентай бала екен. Әкесі қуғында қаза болған болуы керек, атам жетімдік қасіретін ерте татқан. Әкесін іздеп табамын деп атам біраз тыраштаныпты. Дегенмен таба алмаған. Сондықтан кеш үйленіп, апамыз Манзураны жар етіп алады. Екеуі бірге он баланы тәрбиелеп өсірді. Менің әкем Бақытжан олардың ең кенжесі. Атам атадан жалғыз. Ол кісінің басты ерлігі тұқымы тұздай құри жаздаған әулетті қайта түлетті. Атамның он баласы әулетімізді құрып кетуден сақтап қалды. Балаларын атап айтсам:

1. Тайыр;

2. Сабыр;

3. Талғат;

4. Қайрат;

5. Мұрат;

6. Марат;

7. Болат;

8. Қалдыбай;

9. Қанат;

10. Бақытжан деген он, қазір үлкен әулет өніп шықты. Әулетіміз «Жолдасовтар әулеті» деп аталады.

Атам Берден Жолдасұлы Өмірінің соңғы кезеңдері

Атақожаның қос ұлы Жолдас пен Шадыдан тараған ұрпақтар. Оң жақтан санағанда бірінші қатарда атам Берден отыр. Шамамен 1970жылдар

Атам Берден Жолдасұлы әскери адам болған. Бұл суретте мектепте оқушыларға әскери сабақ өтуде

Атам Берден Жолдасұлы, 1927 жылы дүниеге келген. Жастайынан жетімдіктің қиындығын көп тартса да еш мойымай, ер жетіп, отау құрады. Манзура апамызға үйленіп, жаңа айтқанымдай он ұлды дүниеге алып келді. Марқұм Манзура апам айтып отыратын:

– Жас кезімде шашым тобықтан келетін сұлу болдым. Жігіттер маған көп таласатын. Бірақ аталарың алып қашып қолына қондырды деп. Бір ешкі сойып, тойларын атап өтіпті. 50-жылдары бүгінгідей тойлау атымен болмаған ғой. Атамыз табиғатынан жуас, мінезі жайлы кісі болыпты. Арабша, парсыша сауытты екен. Қартайған шағында да кітаптан басын алмай оқи береді екен. Ауылымыздағы Қазіргі А.Сүлейменов бұрынғы Калинин мектебінде әскери пәннен сабақ берген екен. Кейіннен «Бибі Мәриям» кесенесінің жанындағы мешітті салуға мұрындық болып, молда қызметін атқарыпты.

Қазіргі біздің әулетіміз қарапайым қазақ әулеті. Дегенмен өткеніне көз салмаған ұрпақтың болашағы жарқын болады деп айта аласыз ба?! Әрине жоқ! Әулетіміздің қысқаша тарихнамасы осындай. Әрине тағы да зерттеулерді қажет етеді. Дегенмен осы ізденгенімнен де біраз істі аштым. Ендігі кезекте жеті атаны жалпы шежіремен байланыстырып, түпкі ата-бабаларымызды табу керек. Ол үшін Кіші дамла бабамыздың шын есімін білуіміз керек. Сонымен қатар сол кісілерге қатысты естелікпен заттарды жинастыру да аса қажет. Келешек ұрпақты асылдандыру үшін тектіліктің тамыр жаюы үшін бұл аса маңызды. Менің басты мақсатым — ұлтқа қызмет ету. Ал ол үшін мен ең әуелі өзімді реттеп алуым ләзім. Өз тегімді білмей, алты алаштың тарихын қалай қозғаймын?! Сондықтан осы секілді зерттеулер өткен үшін емес болашақ үшін! Жаратқан жар болғай!

Көшірілді