ЖӘҢГІР ХАННАН ЖАҢА МЕДИЦИНАҒА ДЕЙІН

Қазақстандағы алғашқы дәрігерлер мен індетке қарсы күрес тарихы

~ 6 мин оқу

Қаражар колхозының санитары Байекенова алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде. Ақтөбе облысы, 1939 жыл / ҚР ОКФДЖА / Жасанды интеллект көмегімен боялған

20-ғасырдың басы Қазақстан тарихындағы ең ірі гуманитарлық апаттар дәуірі болды. Ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмаса, олардың ізін ала келген індеттер бұл өлкеде дәрігерлер, медицина қызметкерлері, дәрі-дәрмек пен ауруханалардың тапшылығын анық көрсетті.

 

Медицина қызметкерлері күніне орай Qalam осындай аса ауыр жағдайда Қазақстанның қазіргі денсаулық сақтау жүйесі қалай қалыптаса бастағанын және халық денсаулығы үшін күресте дәрігерлер, медицина қызметкерлері мен ағартушылардың қандай үлес қосқанын еске алады.

Мазмұны

Қазақстандағы заманауи денсаулық сақтау жүйесінің тарихы 19-ғасырдан, Бөкей Ордасының ханы Жәңгір билік құрған кезеңнен бастау алады. 1832 жылы Жәңгір хан Ордаға алғашқы дәрігерді шақыртты. 1839 жылы тағы да Жәңгір ханның бастамасымен Хан Ордасында алғашқы дәріхана ашылды. Ал 1852 жылы Орда қоғамдық ауруханасы ресми түрде жұмысын бастады. Бұл Қазақстан аумағындағы алғашқы заманауи аурухана еді.

Жедел жәрдем. Қазақстан, 1920–1930 жылдар / ҚР ОКФДЖА

Алайда келесі алпыс жыл ішінде жағдай біртіндеп өзгерді. Мұны сол кезеңдегі өңірдегі денсаулық сақтау ахуалын сипаттайтын есептік құжаттар да көрсетеді:

«1913 жылы Дала өлкесі аумағында небәрі 244 дәрігер, 393 фельдшер еңбек етті және жалпы саны 1800 төсек-орынға арналған бірнеше аурухана ғана жұмыс істеді»iШарманов Т.Ш. Қазақстанда денсаулық сақтаудың дамуы. Алматы, 1980. – 4-б..

Індет пен ашаршылық құрсауындағы Қазақстан

20-ғасырдың басы қазақ халқы үшін ауыр сын-қатерлер мен күйзелістер кезеңі болды. 1916 жылдан 1921 жылға дейін, небәрі бес жылдың ішінде Қазақстандағы халық көтерілісі аяусыз басып-жаншылып, халық жаппай босып кетті. 1917 жылғы Қазан төңкерісі, ізін ала Азамат соғысынан кейін большевизм саясаты мен әскери коммунизмді күштеп енгізу ашаршылық пен індеттің жаппай таралуына әкелді.

Науқастанған Түрксіб құрылысшылары мен медицина қызметкерлері. 1928–1930 жылдар / ҚР ОКФДЖА

1920 жылдың тамызында Орал облысындағы жағдайды Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Михаил Шамов өз баяндамасында былай сипаттайды:

«...денсаулық сақтау бөліміне болыстардан, поселкелерден, станицалар мен ауылдардан келіп түскен сансыз өтініштердің негізінде ешқандай әсірелеусіз-ақ былай деп айтуға болады: Орал облысы өлім лагеріне айналды. Кейбір поселке, станица мен ауылдардың халқы түгелге жуық қырылған, бұл өңір қанды қырғыннан кейінгі майдан даласындай көмілмеген мәйіттерге толды. Қызыл әскер жедел әрі жеңісті адымдаған сайын бізге орасан зор әскери олжа мен трофейлермен бірге бұрынғы генералдардан қалған мұра — жартылай қираған елді мекендер мен ауылдар, ойрандалған шаруашылықтар мен 70–80 пайызы бөртпе сүзекке шалдыққан халық»iОрал губерниясындағы халық денсаулығын сақтау ісінің жай-күйі туралы Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының ұйымдастыру бөліміне жолданған ақпараттық баяндамадан / ҚР ОМА.

Ашаршылық, сондай-ақ ауызсудың аз болуы, кәріз жүйесінің болмауы салдарынан іш сүзегі мен бөртпе сүзегі, тырысқақ, оба және басқа да жұқпалы аурулар таралды. Мәселен, 1921 жылдың желтоқсанында сүзек ауруларының барлық түрі бойынша 15 086 жағдай тіркелсе, 1922 жылдың ақпанында олардың саны 46 265 жағдайға дейін өсті.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

1916 ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС

Азаматтық соғыстың басталуы және Қазақ даласы мен Жетісудағы отаршылдыққа қарсы наразылық

Сүзектен кейін безгек індеті күшейіп, 1923 жылдан бастап оның таралуы өзге жұқпалы аурулардан едәуір асып түсті. Олардан бөлек, Қазақ АКСР халқы арасындаi1925 жылға дейін республика орыс тілінде Қырғыз Автономиялық Кеңестік Республикасы деп аталды скарлатина, қызылша, көкжөтел, құрқұлақ, дизентерия, тырысқақ, күйдіргі және басқа да аурулар тіркелді. Сол жылдары балалар арасындағы өлім-жітім 70 пайызға дейін жетті.

Семей станциясындағы теміржол ауруханасы, дәріхана мен емхана, 1925 жыл / ҚР ОКФДЖА

Медицина қызметкерлері де басқа қарапайым халық сияқты, соғыс, індеттер мен ашаршылықтан ауыр зардап шекті. Бұл онсыз да мұндай мамандар тапшы қысылтаяң кезең еді. Сондықтан Денсаулық сақтау халық комиссариатының өзінде де, жергілікті жерлерде де медицина мамандарының жетіспеуі негізгі мәселелердің бірі болып қала берді. Мұны Қазақ АКСР «Денсаулық сақтау бөлімінің қызметі туралы қысқаша есеп» те айғақтайды:

«Азамат соғысының салдарынан медицина қызметкерлерінің саны одан әрі қысқарды. Мәселен, Қырғыз денсаулық сақтау бөлімі құрылған кезде Ырғыз уезінде бір де бір дәрігер қалмаған, Ақтөбе мен Торғай қалаларында бір-бірден ғана дәрігер болды... Орал облысында дәрігерлер негізінен қалаларда шоғырланып, уездерде маман жоқтың қасы еді»iҚазақ АКСР Денсаулық сақтау бөлімінің қызметі туралы қысқаша есеп, 1920 жыл / ҚР ОМА.

Кеңестік денсаулық сақтау жүйесі

Осындай жағдайда жаңа кеңес билігі медициналық көмек жүйесін құруға кірісті. Оның негізгі бағыттарының бірі денсаулық сақтау саласын басқару органдарын қалыптастыру болды. Осылайша, 1920 жылы Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариаты құрылды.

Сонымен қатар төтенше шаралар да қабылданды. Сүзек індетімен күресу үшін санитарлық комиссиялар құрылды. Олар басқа жұмыстармен қатар, қоғамдық орындарды, соның ішінде моншалар мен «Ашыққандар үйлерін» дезинфекциялаумен айналысты. Алайда бұл мекемелер көмек көрсетумен қатар, індеттің қосымша таралу ошағына да айналды. Ашыққан мыңдаған адам сол жерлерге азық үшін келді, ал олардың ұзақ кезекте тұруы індеттің одан әрі таралуына ықпал етті.

Осындай төтенше комиссиялар 1923 жылы безгек ошақтарымен, ал 1924 жылы оба індетімен күресу үшін де құрылды.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

Қазақ жеріндегі ашаршылық

Жұт пен қуаңшылықтан — кеңестік солақай саясатқа дейін

Дәріханалардың ашылуы

1921 жылы фармацевтика бөлімі жұмысын бастады. Ол көп ұзамай Денсаулық сақтау халық комиссариатының негізгі бөлімшелерінің біріне айналды. Дәрігерлер сияқты, дәрі-дәрмек те қат болды.

Дәріхана ісінің дамуына алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Мәжит Шомбалов маңызды үлес қосты. Революцияға дейін ол оба эпидемиологиясын зерттеу және оның ошақтарын жою мақсатында Илья Мечников ұйымдастырған екі экспедицияға қатысты. Осы еңбегі үшін ол «Қырғыз даласының Нарын бөлігінде және оңтүстік аудандарда обаға қарсы күрестегі еңбегі үшін» күміс медалімен екі рет марапатталды.

Мәжит Шомбалов. 1920 жылдар / Ашық дереккөздерден

Революциядан кейін Шомбалов өзі туған Бөкей губерниясының денсаулық сақтау бөлімін басқарды. 1922 жылы Қазақ АКСР денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары қызметінде жүрген кезінде ол Қазақстанның Ресей Қызыл Крестіндегі өкілі болып сайланды.

Шомбалов одан кейінгі жылдары да жаңа емдеу мекемелерін ашуға және дәріхана желісін дамытуға көп еңбек сіңірді. 1931 жылы Семейде алғашқы өлкелік фармацевтика техникумын ашуға бастамашы болды.

Медициналық білім беру және ағарту ісі

1923 жылы Қазақ АКСР астанасы Орынборда жергілікті халық өкілдерінен медбике даярлайтын алғашқы медициналық техникум ашылды. Оқу мерзімі екі жылдық дайындық курсын қоса есептегенде алты жыл болды. Ашылған жылы техникумда 150 адам оқыса, 1926–1927 оқу жылында студенттер саны 240-қа дейін өсті. Алайда бұл да жеткіліксіз еді.

Алғашқы медициналық жоғары оқу орнының ашылуына әлі жеті жыл бар еді. Дәрігерлер тапшылығын өтеуге тиіс бұл институтты 1930–1931 жылдары Санжар Асфендияров басқарып, кейін Қазақ АКСР денсаулық сақтау халық комиссары болды.

Әскери дәрігер, мемлекеттік қайраткер, профессор, Қазақ медициналық институтының тұңғыш ректоры Санжар Асфендияров отбасымен. Алматы, 1935 жыл / ҚР ОКФДЖА

1924 жылы оба індеті өрши бастады. Оны жою жұмыстарына «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің бірі, дәрігер әрі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы белсене қатысты. Сол жылы ол «Қырғыз халқы арасында обамен қалай күресу керек?» атты кітабын жариялады. Бұл — толықтырылған екінші басылым болатын. Онда ауру ошақтары пайда болған кезде дәрігерлер, фельдшерлер, тіпті милиционерлердің атқаратын іс-әрекеттері, дезинфекция тәсілдері және обадан қайтыс болған адамдарды жерлеу кезіндегі сақтық шаралары егжей-тегжейлі сипатталды.

Қазақтың әйел дәрігерлері

Медицина мамандарын даярлаумен қатар, алғашқы қазақ дәрігерлері халық арасында медициналық ағарту ісін де жүргізді. Бұл бастаманы қазақ зиялылары қолдап, індет пен жоғары өлім-жітімге қарсы күреске дәрігерлермен бірге ағартушылар да атсалысты.

Санжар Асфендияровтың әпкесі Гүлсім дәрігерлік жолын 1908 жылы бастап, Түркістан өлкесінде алғашқы кесарь тілігі операциясын жасады. Кейін Ташкентте алғашқы жеке перзентхана ашып, жергілікті халық арасынан медицина кадрларын даярлауға өмірін арнады.

Белгілі дәрігер Аққағаз Досжанова да еңбек жолының басым бөлігін Ташкентте өткізді. 1922 жылы ол Орта Азия мемлекеттік университетін тамамдап, Гүлсім Асфендиярова жетекшілік еткен қалалық балалар ауруханасында жұмыс істей бастады. Ол да қоғамдық-ағартушылық қызметпен қатар, ашаршылық кезінде эвакуацияланған балалар мен ересектерді орналастыру және емдеу жұмыстарына атсалысты.

Аққағаз Досжанова (ортада) / ia-centr.ru

Алғашқы қазақ журналистерінің бірі Нәзипа Құлжанова өзінің ағартушылық қызметінде әйелдер мен балалар арасындағы өлім-жітімнің жоғары болу себептеріне ерекше назар аударды. Ол мақалаларында жеке гигиена, тұрмыстағы санитария, нәресте күтімі, сондай-ақ жүктілік пен босану мәселелерін көтерді.

Мұндай ағартушылық жұмыстың қажет екені газет беттерінде де, халықпен тікелей жұмыс барысында да, архивтік есептер мен медициналық тексерулердің нәтижелері арқылы расталды.

Осы тақырып бойынша тағы

Адамдар

ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕН ҚАРЛЫҒАШ

Нәзипа Құлжанованың қазақ қыздарының теңдігі үшін күресі

Мәселен, 1926 жылы Ғылым академиясымен бірлесіп медициналық-санитарлық тексеру жүргізген дәрігер Бароновтың есебінде былай делінген:

«Халық тұрмысындағы аурулардың дамуына әсер ететін кейбір ерекшеліктерді атап өтпеске болмайды. Бірден назар аудартатын мәселе — ер мен әйел арасындағы еңбектің тең бөлінбеуі. Ауыр дене еңбегінің біраз бөлігі әйел үлесінде. Олар етеккір мен жүктілік кезінде де осы міндеттен босатылмай, кейде босану үшін ғана бірнеше сағатқа үзіліс алатын...»iФ.Бароновтың 1926 жылдың жазында Ғылым академиясы отрядының Кіші Орда қазақтары арасында жүргізген медициналық-санитарлық тексеруі туралы хабарламасынан / ҚР ОМА

Денсаулық сақтау жүйесінің белсенді даму кезеңі 1925–1935 жылдарға тұспа-тұс келді. Алайда осы жұмыстарға белсене атсалысқан тұлғалардың көбі кейін сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Санжар Асфендияров 1938 жылдың ақпанында, үкім шығарылған күні-ақ атылды. Ату жазасына кесілген Халел Досмұхамедұлы Алматыдағы түрме ауруханасында қайтыс болды. 1940 жылы Саратовтағы түрме ауруханасында Мәжит Шомбалов та өмірден өтті.

Осы тақырып бойынша тағы

Адамдар

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ

Дәрігер, ағартушы және репрессия құрбаны

1932 жылы Аққағаз Досжанова небәрі 38 жасында туберкулезден қайтыс болды. Екі жылдан кейін Нәзипа Құлжанова да ауыр дерттен көз жұмды.

Гүлсім Асфендиярова да осы қасіретті онжылдықтың соңына жете алмады: 1937 жылы Ташкентте ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болды.

Инесса Цой-Шлапак

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді