ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ҚЫТАЙДАҒЫ МОҢҒОЛ ӘУЛЕТІНЕ ҚАРСЫЛЫҒЫ

3-дәріс. Моңғол империясы, Юань және Мин әулеті, Алтын Орда мен Әмір Темір мемлекетін не байланыстырады?

~ 13 мин оқу

Коллаж / Qalam

13-ғасырда Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының жарты әлемді бағындыруы дүниежүзі тарихына орасан өзгеріс әкелді. Қытайдағы моңғол Юань патшалығы  қытай династияларының заңды жалғасы ма, әлде аты да, заты да бөлек мемлекет пе? Қалай десек те, сол бір аласапыран кезінде алып империя әлем таңғалған инновация — жол-қатынас бекеттерінің негізін қалап, Шығыс пен Батыс арасындағы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-рухани байланысты анағұрлым жандандырғаны рас.

Арнайы курстың үшінші дәрісінде профессор Нәбижан Мұқаметханұлы Шыңғыс ұрпақтарының арасындағы күрделі қарым-қатынастар, Құбылай құрған Юань империясы мен бауырлары иелік еткен ұлыстар арасындағы шым-шытырық күрес, Жошы ұлысының дербестік жолындағы әрекеттері мен кейін Әмір Темір әулетінің әлем картасын өзгертуге жасаған талпынысын баяндайды.

Мазмұны

Хан тағының төрт тірегі

Шыңғыс ханның немересі Құбылай негізін қалаған Юань империясы туралы сөз бастамас бұрын, моңғолдардың дүркін-дүркін жорығынан Азия мен Еуропа кеңістігінде бірі жойылып, бірі бой көтерген елдер, соның ішінде Алтын Орда мемлекеті — Жошы ұлысын айналып өте алмаймыз.

Qalam редакциясы

Парсы тарихшысы Жувейнидің айтуынша, Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошының еншісіне Қаялық (Qayaligh) пен Хорезм (Khorazm) аймағынан Сақсінге (Saqsin), сосын Бұлғар (Bulghar) жерінің шетіне дейін, одан әрі татар (моңғол) атының тұяғы жеткен жерге дейінгі аумақ тигенi(Жувейни. Әлемді бағындырушының тарихы). Қытай тіліне He Gaoji аударған нұсқасы. — Хухохоты: Ішкі Моңғол халық баспасы. 1981, 1 т., -425 б., -43 б.. Бұған қоса тарихшы З. Қинаятұлының:

«Хорезм мен Кіші батыс жорығында қолға түскен ел мен жерді, олжаны бөлісу мәселесі Құланбасыда емес, 1224 жылдың күзінде Ертіс бойындағы Бұқашошығанда өткен ұлы жиында шешілді. Мұнда Жошының өзі емес, оның етене жақын адамдары қатысты. Бірақ бұл жолы Шыңғыс ұрпақтары ішінде Жошы ең үлкен олжа иеленді. Ертістен батысқа қарай Қап таулары, Сақсін, Бұлғарға дейінгі ұлан-байтақ аймақ Жошының иелігіне өтті. Аталған аймақ Жетісудың батыс бөлігі мен Еділдің құйғанына дейінгі жерді қосқанда бүкіл Дешті Қыпшақ даласын қамтыды»iҚинятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. — Алматы: Елтаным баспасы. 2014, -360 б., -141 б. деген пікірі Жошы ұлысының иелігіндегі жер көлемін нақтылай түседі.

Ата-Мәлік Жувейнидің «Әлемді жаулап алушының тарихы» атты қолжазбасынан алынған миниатюра. Парсы елі, шамамен 1290 жыл. Bibliothèque nationale de France / Wikimedia Commons

Бірақ төрткүл дүниені тітіреткен Ұлы Моңғол империясының құрылуы мен нығаюы жолында Жошы мен үш інісінің сіңірген еңбегі ерекше еді. Мұны Жувейнидің мына жазбасынан анық байқаймыз:

«Шыңғыс ханның бәйбішесінен туған төрт ұл жанқиярлықпен күресіп, ұлы жеңістерге жетті. Олар бейне бір империя тағының төрт тағаны, Хан сарайының төрт арқалығы іспетті болды»iӘлемді бағындырушының тарихы. -41 б. .

1227 жылы Шыңғыс хан өмірден өткеcін, оның өсиеті бойынша үшінші ұлы Үгедей Ұлы хандық тағына мұрагерлік етеді. Ал Жошы қайтыс болған соң, оның екінші ұлы Бату әкесінің орнын басып, хан атанды.

Үгедей хан. «Юань әулеті императорларының альбомынан» алынған портрет, Қытай, 13–14-ғасырлар / Wikimedia Commons

Бұл кезде Шыңғыс хан ұрпақтары санаулы жылдардан соң билік үшін талас-тартысқа түсіп, әлемдік тарихтың жаңа парақтары ашылады деп ешкім болжамаған еді.

Моңғол жаһандануы

1229 жылы Үгедей Ұлы құрылтай шақырып, ресми түрде Моңғол мемлекетінің Ұлы ханы болып сайланды. Тағына жайғаса сала мемлекеттік басқару құрылымын күшейтіп, хандық билікті нығайту шараларын мықтап қолға алады. Жарияланған бірқатар заң-ережелерге орай шаруалардан алынатын салық мөлшерін нақтылайды, мемлекеттік қамба құрылып, жол-қатынас бекеттерін салдыра бастайды.

Үгедей ханды 1229 жылғы құрылтайда Ұлы хан деп жариялау сәті. «Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан алынған миниатюра, Парсы елі, 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Осы тұста Үгедейдің жарлығы бойынша Бату тағы да Батысқа жорық жасап (1236–1240), Орал өзенінің батысы, Еділ (Волга) өзенінің төменгі аңғарындағы қыпшақ, бұлғар рулары және русьтарды (орыстарды) бағындырып, оларды салық төлеуге міндеттеген болатын.

1243 жылы Еділге қайтып келген Бату шығысы — Ертіс өзенінен батысы — русьтарға дейін, оңтүстігі — Балқаш көлі, Арал теңізі және Қара теңізге дейін, солтүстігі — Арктика маңына дейінгі аралықта Қыпшақ (Алтын Орда) билігін құрдыiҚытай үлкен энциклопедиясы. Қытай тарихы, Юань тарихы. — Бейжің-Шанхай: Қытай үлкен энциклопедия баспасы. 1985, -193б., -80 б. .

Владимир қаласының іргесіндегі моңғол әскері. Орыс жылнамасынан алынған миниатюра, 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Сол аумақта жол-қатынас бекеттерін салдырған ол Жошы, Шағатай және Үгедей ұлыстарының арасын жалғап, тіпті оны Моңғол империясының астанасы Қарақорымға дейін жеткізді. Сонымен, Ұлы Моңғол мемлекеті мен ұлыстар арасында тұрақты жол және жол бойы бекеттер жүйесі қалыптасты. Бұл бекеттер алып империяның өз ішінде емін-еркін ақпарат алмасуына мүмкіндік туғызып қана қоймай, Батыс пен Шығыс арасында саяси, мәдени және сауда-экономикалық байланыстардың дамуына қолайлы жағдай жасады.

Мысалы, 1245 жылы Рим папасы IV Иннокентий жарлығымен Джованни Плано Карпини Францияның Лион қаласынан Моңғолияға сапар шеккені бар. Делегация Алтын Орда жерін басып өтіп, Балқаш көлінің оңтүстігін жағалап жүріп Алакөлден өткен соң, Шығысқа беттеп, Үліңгір мен Ертіс өзендерін кесіп өтіп, Алтай тауынан асып түсіп, Моңғол империясының астанасы Қарақорымға барады. Олар сапар барысында жол бойындағы бекеттерден ат ауыстырып мініп, қажетті азық-түлік алып отырған екен. Тіпті бір күнде бірнеше рет ат ауыстырғандықтан, тоқтамастан шаба беретін көрінедіi(Груссе, Рене. Дала империясы). Қытай тіліне Li Li, Feng Jinyao, Li Dandan аудармасы. — Бейжің. 2007, үшінші басылым, -270 б..

Бату Шыңғыс хан немерелерінің арасында беделі мен білігі, ақыл-парасаты мен қолбасшылық қабілеті жағынан ерекшеленіп тұратын. Соған сай ел ішінде оны «Сайын хан»iSaein qan — Жақсы хан деп те атап кеткен.

Францискан Аскелин Кремонскийдің моңғолдарға елшілігі. Қолжазбадан алынған миниатюра, 13-ғасыр / Wikimedia Commons

Еуразиялық тандем

1246 жылы Үгедейдің тұңғыш ұлы Күйік Ұлы хан тағына отырады. Кезінде Батудың өзіне қолдау көрсетпегені және өзге де ішкі наразылығы жанын жегідей жеген хан оған қарсы жорыққа шығуға бекінеді. Бірақ 1248 жылы кенеттен дүниеден өтіп кетеді. Өкінішке қарай, бұдан кейін де Ұлы Моңғол мемлекеті мен Алтын Орда арасындағы байланыс жақсара қоймады, керісінше, ушығып, қарсылық үдей түсті.

Күйік хан думанды жиында. «Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан алынған миниатюра, Парсы елі, 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Дегенмен Шыңғыс хан әулетінде сыйлы ақсақал ретінде Батудың беделі асқақтап тұрды. Тіпті оның қолдауымен Мөңке Ұлы хан тағына отырады (1251–1259). Содан бастап Ұлы Моңғол мемлекетінің Ұлы хандық жүйесі Үгедей ұрпақтарынан Төле (Tolui) ұрпағына ауысады.

Мөңке хан сарайында. «Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан алынған миниатюра, Парсы елі, 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Мөңке мен Батудың татулығы билік ісінде де жарасымын тауып, тіпті 1251–1255 жылдары екеуі бірлесіп моңғол әлемін басқарады. 1253 жылы Франция патшасы Х Луи нұсқауымен моңғолдарға барған діни миссионер Виллем Рубрук:

«Бату екеуінің билігі бейне күн сияқты бүкіл жерге нұрын төгіп тұрады. Бұл Мөңкенің империяны екі басшы бірлесіп басқарамыз дегенін растайды» дейді.

Жоғарыда — Рубрук король IX Людовикке есеп беріп тұр, төменде — Рубрук сапар барысында. Corpus Christi College MS 66A қолжазбасынан алынған миниатюра, Англия, 13-ғасыр / Wikimedia Commons

Екеуінің арасындағы мызғымас татулықтың ізі 1255 жылы Бату өмірден өткеннен кейін де айқын көрініп тұратын. Мөңке Бату ұрпақтарына көңіл бөліп, қамқорлық жасады, балалары Сартақ пен Улақшыны хандыққа тағайындап, кейін інісі Беркені хан көтерді. Алдынан кесе-көлденең кісі өтпеген Бату да Мөңкенің жарлықтарын бұлжытпай орындайтын. Ұлы хан бұйрығымен батысқа жорық жасап, Албанияға дейін атой салып қайтқаны да бар. Мұның бәрінен екі билеушінің арасындағы араластықта адамгершілік пен моральдық құндылықтар жоғары болғанымен, іс жүзінде билік бөлінісіне тән жоғары және төмен дәреженің сақталғанын аңғарамыз.

Моңғол империясындағы таққа талас: ағайындылардың араздығы

1259 жылы Моңғолдың Ұлы ханы Мөңке Қытайдың оңтүстігіндегі Сычуань өлкесінде болған сұрапыл соғыста опат болады. Осылайша, оның екінші інісі Құбылай мен кіші інісі Арық-Бұға арасында Ұлы хандық таққа талас басталып кетеді де, 1260 жылы наурызда Құбылай жақтас ақсүйектердің қолдауымен Кайпин қаласында өзін Ұлы хан деп жариялайды.

Міскін. Арық-Бұғаның Алғуды жеңген сәті. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің моғолдық басылымынан алынған миниатюра, Үндістан, 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Құбылай моңғолдардың ескі қоғамдық жүйесін өзгертуге, қытай заңы бойынша билігі бір орталыққа шоғырланған феодалдық патшалық орнатуға талпынады. Сол жылы мамырда Арық-Бұға да өз қолдаушыларының арқасында Қарақорымда Ұлы хан атанып, таққа отырады. Сонымен, кімнің Ұлы хан атанатынын шешетін негізгі мәселе — әскери күш болып шығады. Алайда Құбылай қытай жеріндегі барлық ресурсты қажетіне орай пайдалана біліп, соның арқасында Арық-Бұғаны ойсырата жеңеді де, Ұлы хан тағын сақтап қалады.

1271 жылы Құбылай қытай дәстүрі бойынша патшалығының атын «Юань» деп атайды да, келер жылы ел астанасын Қарақорымнан Бейжіңге (Ханбалық — Dadu) көшіреді.

Құбылай хан мүсіні. Сухэ-Батор алаңы, Ұланбатыр, Моңғолия / Wikimedia Commons

Сөйтіп, санаулы жыл ішінде Ұлы Моңғол мемлекеті Юань патшалығына айналып шыға келеді. Шындығында, бұл оқиға аймақтағы зор тарихи өзгеріс саналды. Содан бастап қытайлар Құбылай іргетасын қалаған Юань патшалығын дәстүрлі династиялық тарихының жалғасы есебінде қабылдауға мәжбүр болды. Құбылай болса олардың өз заңын өздеріне қолданып, бүкіл қытай халқын билеп-төстеді.

Айта кетерлігі, Құбылай мен Арық-Бұға арасында кескілескен соғыс өршіп тұрғанда, Алтын Орда ханы Берке Арық-Бұға жағында болды. Тіпті Құбылай Юань патшалығын құрғаннан кейін де Берке оған қарсы әрекеттердің бәріне қолдау білдірді. Бұл жағдайлар Алтын Орданың Ұлы Моңғол мемлекеті мен Юань империясына тәуелді емес, дербес мемлекетке айналғанын көрсетеді. Нақтылап айтқанда, 1260 жылғы құрылтайдан кейін-ақ Алтын Орда ресми түрде тәуелсіз мемлекет саналған едіiГреков Б.В., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. — М., 1950. Қытай тіліне Wei Dajun аудармасы. — Бейжиң: Shangwu yinshuguan. 1985, -411 б., -61 б..

Генри Юл. Құбылай ханның Үнді (Индонезия) архипелагы арқылы өтіп бара жатқан флоты. «Сэр Марко Полоның кітабы» басылымынан алынған иллюстрация, Лондон, 1871 жыл / Wikimedia Commons

1266 жылы Алтын Орда мен Елхан (Il-qan) ұлысы соғысында Берке мерт болып, жиені Мөңке-Темір таққа келеді. Ол билікті қолына алғасын Беркенің саясатын әрі қарай жалғастырып, Қайдумен тізе қоса отырып Құбылайдың Мәуераннахрдағы Шағатай ұлысын басқаруға жіберген Бала ханға ауыр соққы береді.

Мөңке-Темір мен орыс князьдері. Бетбейнелі жылнамалар жинағынан алынған миниатюра, Ресей, 1568 жыл / Wikimedia Commons

1270 жылы Қайду, Бергі-Шер мен Бала Таласта (Таразда) құрылтай өткізеді. Оған Ұлы хан Құбылай қатыспаған болатын. Жиында Мәуераннахр жерінің үштен екісі Қайдуға, үштен бірі Балаға бағынышты болады деген шешім қабылданады. Сондай-ақ Ирандағы Елханға шабуыл жасау жөнінде жоспар құрылады. Мөңке-Темір мен Қайду осы арқылы Елхан ұлысы мен Юань патшалығы арасындағы тонның ішкі бауындай астасқан байланысқа қарсылық көрсетуді көздейді. Себебі екеуі де Төле (Tolui) ұрпақтары құрған биліктің өкілдері еді.

Төле Сорқақтани бегімен бірге. «Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан алынған миниатюра, Парсы елі, 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Шындығында, сол ұрыстан кейін Жошы мен Төле әулеті арасындағы тату-тәтті күндер келмеске кетеді. Керек десеңіз, Мөңке-Темір Алтын Орданы билеп тұрған шағында Моңғолдың ұлы ханының аты Қыпшақ хандарының монетасынан өшіріледіiҚыпшақ хандығы және Шағатай хандығы // Xiyu ynjiu — Батыс өңірді зерттеу. 2002, № 4, -33 б. . Бұл деректер де Алтын Орда Юань империясының құрсауынан толық құтылғанын айғақтайды.

Негізінде, Шыңғыс ханның немерелері Құбылай мен Арық-Бұға арасындағы билік үшін ұрыстар «алтын әулеттің» іштен ыдырай бастағанын білдіреді. Ал Дуа басшылық еткен Шағатай әулеті мен Қайду билеген Үгедей әулеттері біртіндеп нығая түседі. Орталық Азияға табан тіреген олар Юань империясына қарсы күресті үдетеді. Соның салдарынан Үгедей заманында түскен жол бағыттары мен бекеттердің жұмысы тоқтап, Шығыс пен Батыс арасындағы сауда және мәдени байланыстар сирейді.

Қайду дәуіріндегі Шағатай ханзадаларының теңгесі. Самарқан теңге сарайы, хижраның 685 жылы (1285 жыл) көрсетілген / Wikimedia Commons

Бұл ретте екі мәселеге баса назару аудару керек. Біріншіден, Алтын Орда мен Юань империясын тығыз байланыстыратын экономикалық немесе саяси мүдде болған жоқ. Саяси мүдделері әртүрлі болғандықтан, билеушілер арасындағы қандастық, туысқандық жүлге үшінші буынға жеткенде үзіліп тынды. Сондықтан саяси мүдделер қайшылығынан өзара соғыс туындауы да заңды құбылысы еді. Екіншіден, қос мемлекеттің рухани үдерісі мүлде екі басқа бағытта дамыды. Құбылай қытайдың саяси заңы мен рухани трактаттары арқылы билеп-төстеу саясатын жүргізді. Ал моңғолдар буддизм дінінің лама ағымын қабылдады. Алтын Орда билеушілерінде түркілену, исламдану үдерісі жүріп жатты. Берке ханнан бастап ислам діні кеңінен қанат жайды. Осылайша, олардың дүниетанымындағы алшақтық айқын көрініп, уақыт өткен сайын мәдени айырмашылықтар ұлғая түсті.

Мин және Әмір Темір империясы: cыпайылық пен жауласу

1368 жылы Чжу Юаньчжан шаруалар көтерілісі арқылы Юань империясын төңкеріп тастап, Мин патшалығын құрады. Алайда Мин патшалығының ықпалы қазіргі шығыс Шыңжаңдағы Аратүріктен (Хами, Құмыл) батысқа қарай жүрмегендіктен, Алтын Ордамен тікелей қарым-қатынас жасай алмады. 14–15-ғасырларда Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық негізінен Мин патшалығы мен Темір империясы арасында өрбіді. Себебі бұлар екі басқа өркениет өкілдері болғанымен, сауда-экономикалық тұрғыда байланыс орнатуға мәжбүр болды.

Хун-у императорының (Чжу Юаньчжан) портреті. Қытай, Мин әулеті дәуірі (1368–1644), жібекке салынған кескіндеме. Ұлттық сарай мұражайы, Тайбэй / Wikimedia Commons

Сол кезеңдегі Қытай патшалықтары төңірегіндегі елдердің өздеріне келіп, тарту-таралғы ұсынғанын зор мәртебе санаған және оған сюзерен мәртебесін мойындағаны деп қараған. Мұны тарихта «чаогун жүйесі» (қытай тілінде — «Chaogong tixi», ағылшын тілінде — «Тributary system») деп атайды. Осы мақсатта Мин патшалығы Әмір Темірге қайта-қайта елші жіберіп, оның өздеріне келіп, тарту-таралғы ұсынуын талап етеді. Мұндай астамшылыққа келіспей, басын имеген Әмір Темір Иранға жасаған жорығын аяқтаған соң, яғни 1387 жылы Мин патшалығына алғашқы рет молла Хафиз бастаған елшілерін жіберді. Қытай деректерінде бұл жөнінде былай жазылған:

«Хун-у патша жылнамасының орта шенінде, Тайцзу патша (Мин патшалығын құрушы Чжу Юаньчжан) Батыс өңірмен байланыс жасамақ ниетпен оларға көп рет елші жіберіп, шақыру хатын жолдады. Бірақ алыстағы әміршіден келген адам болмады. 1387 жылдың (Хун-у жылнамасының 20 жылы) қыркүйек айында Темір бірінші рет өзінің мұсылман молла Хафиз жетекшілік еткен елшілерін жіберіп, 15 арғымақ, 2 түйе тарту етті. Елшілерге қонақасы беріп, 18 сәрі (1 сәрі — лян, 50 г — құйма) ақ алтын сыйлады. Содан бастап олар жыл сайын келіп, жылқы және түйе тарту етіп тұрды»iMing shi — Мин патшалығының тарихы. -2200 б. .

Тарихшы Клара Хафизова елшілер апарған он бес арғымақ пен екі түйені «Әмірдің тарту-таралғы ретінде жіберген сыйлығы» деп түсіндіредіiХафизова К.Ш. Китайская дипломатия в Центральной Азии (XIV–XIX вв.). — Алматы: Ғылым. 1995, -288 б., -120 б. .

1394 жылы қыркүйек айында Әмір Темір өзінің Делбіш бастаған елшілерін Мин патшалығына жіберіп, 200 жылқы тарту етеді. Бұдан кейін де үш жыл қатарынан елшілерін аттандырып, сыйға жүрген жылқылардың саны жылдан жылға артқан. «Сыйға сый» дегендей, Мин патшалығы да өз кезегінде ақшалай немесе басқа да қымбат сыйлықтар жіберетін болған.

Мысыр сұлтанының елшілері Әмір Темірге сыйлықтарын табыстаған сәті. Шараф әд-Дин Йездидің «Зафарнама» қолжазбасынан миниатюра, 1436 жыл. Johns Hopkins University Library / Wikimedia Commons

Бір қызығы, осы тұста Мин патшалығына елшілер әкелді деген Әмір Темірдің хаты бар. Оның мазмұнына үңілсеңіз, Темірдің Қытай императорын ең жоғарғы билеуші санайтыны сайрап тұр:

«Ұлы Мин патшалығының ұлы императоры, Сіз Тәңірдің ұйғаруымен, төрткүл дүниені бірлікке келтірдіңіз, қара халық көлдей мейір-шапағатыңызға кенеліп, түмен ел түгел шаттыққа бөленіп отыр. ...Нұрыңыз шартарапқа шашырап, аспан астын айнадай жарқыратты, алыс-жақынның бәрін алдыңызға әкелді. Пақырыңыз Темір, түмен шақырым қиыр шалғайда тұрып-ақ, қасиетті мейіріңіздің бұрынғылардан асып түскенін естідім. Ежелден ешкімге бұйырмаған бақыттың бәрі Сізге берілген екен! Бұрын ешкімге бағынбаған елдер Сізге бағынды»iWang Jigang. Чан Чэнның Батысқа сапары және Хун-у, Юйн-лэ патшалары кезіндегі Мин және Темір империясының қатынастары // Xiyu yanjiu — Батыс өңірді зеттеу. 2002, №4, -33 б. .

Кейбір тарихшылар Әмір Темірдің Мин императорына соншалықты бейшара кейіпте жарамсақтанғанын оның алыс-беріс сауда барысында мол пайда табуды көздегенімен түсіндіреді. Шындығында, бұл — қате байлам, бұл билеушінің атын жамылып жазған саудагерлердің хаты, жымысқы әрекеті еді. Бірақ хатқа имандай сенген Мин императоры 1395 жылы Фу Ань және Лию Вэй бастаған елшілерін Әмір Темірге аттандырып, «өзіне бағынышты елдерге жүктелген борышты өтегені» үшін ризашылық білдіреді. Ал императордың жарылқаушы бейнесінде сөйлегеніне ашуланған Әмір Темір елшілерді түгел қаматып тастайды. 1397 жылы келген елшілерді де тұтқынға алып, қайтармай қоядыiDenis Twitchett and Frederick W. Mote. The Cambridge History of China Volume, The Ming Dynasty, 1368–1644 Part 2. Cambridge, New York, Melbourne. Қытай тіліне аудармасы. — Beijing: Zhongguo shehuikexue chubanshe. 2020, -1134 б., -221 б. .

Әмір Темірдің Бағдатты жаулап алуы. Шараф әд-Дин Йездидің «Зафарнама» қолжазбасынан алынған миниатюра, Шираз, 1435–1436 жылдар. Метрополитен музейі, Нью-Йорк / Wikimedia Commons

Мин патшалығының императоры Юйн-лэ тұтқындағы елшілерді босатуын сұрайды. Бірақ Әмір Темір оларды кепілге алғанымен қоймай, Мин патшалығына өз саудагерлерін жібереді. Ондағы мақсаты қарсы жақтың қоғамдық ахуалын, географиялық ерекшелігі мен екі ортадағы жол жағдайын білу және түбінде Қытайға әскери жорық жасау болатын. Темірдің бұл ниетін Мин патшалығы да алдын ала сезеді. 1404 жылы Әмір Темір 200 мың қолды бастап жорыққа шыққанда, император Джу Лу Ганьсу провинциясындағы генерал Сунь Чэнге бұйрық беріп, Темірдің Бесбалық арқылы келетінін айтып, соғысқа дайын болуды тапсырадыiMing shi — Мин патшалығының тарихы. -2200 б.. Алайда Әмір Темір жол үстінде кенеттен қайтыс болып, екі империя арасында басталғалы тұрған жойқын соғыс болмай қалады. Сонымен, қос империя арасындағы саяси қарым-қатынастың алғашқы кезеңі де аяқталады.

Юйн-лэ императорының (Чжу Ди) портреті. Қытай, Мин әулеті дәуірі (1368–1644). Ұлттық сарай мұражайы, Тайбэй / Wikimedia Commons

Әмір Темір өмірден өткен соң Мин патшалығымен арадағы қарым-қатынас жаңа бағытта өрбиді. Қытай деректерінде бұл туралы былай дейді:

«Темір өлгеннен кейін оның немересі Мырза Қалел (Mirza Khalil Sultan) мұрагер болды. Ол уәзірі Қушида қатарлыларды Фу Аньды (кезінде Темір тұтқынға алған) Қытайға қайтарып апаруға жіберіп, императорға жергілікті бұйымдар ұсынады. «Император оларға мол сыйлық тарту етіп, қолбасшы Бейаршинтайды (Dujic-hun-bay-azkasay) Мырза Қалелге көңіл айтуға аттандырып, оған және оның руларына (еліне) күміс теңге жіберді… Фу Ань бастаған топ жеті жыл дегенде қайтып келді, патшаның жіберген елшілері онымен бірге келіп, тарту-таралғы ұсынды. Содан кейін жылына немесе жыл аралатып яки үш жылда бір мәрте тарту-таралғы әкеліп тұрды. 1415 жылы (Юйн-лэ жылнамасының 13 жылы) жіберген елшісі Ли Да, Чэн Чэндермен бірге келіп, тарту-таралғы ұсынды. Қайтарда Чэн Чэн мен Фу Аньге олармен бірге баруға бұйрық берді...»iMing shi — Мин патшалығының тарихы. -2200 б.

Сонымен қатар Хорасанда билік құрған Әмір Темірдің кенже ұлы Шаһрух (1405–1447) Мин патшалығына тарту-таралғымен елші жіберіп, Юйн-лэ императормен (1403–1424) сауда қатынасын орнатады. Тарихи деректерде 1407–1524 жылдар аралығында Темір империясының аумағындағы елдерден Мин патшалығына 20 делегация барғаны айтылады. Елшілер сәйгүлік, түйе, қой алып барса, қайтарымына қағаз ақша (сол жерден дүние сатып алу үшін), киім және жібек маталар алған.

Дегенмен деректерден екі мемлекеттің елшілері бір-біріне барып-келіп, тарту-таралғысын тасып жүргенін көргенімізбен, бұл екі тарапты түбегейлі тату болды дегенді білдірмейді. Бәрібір өзара дипломатиялық қарым-қатынас толыққанды бір қалыпқа түспеген еді, нақтысында, сый-сыяпат бөлісудің бәрі бір-бірін сырттай, сыпайы түрде бақылауға саятын.

Жең Хенің саяхаты кезінде Бенгалдан әкелінген керік. Суретші Шен Ду, 15-ғасыр. Император сарайының мұражайы, Бейжің / Wikimedia Commons

Қазынаны ортайтқан амбиция

Талайды тамсандырған «чаогун жүйесі» алыстан орағытқан саяси мүдде тұрғысынан Мин патшалығының оң жамбасына келгенімен, экономикалық жағынан империяға салмақ салды. Олар ұстанған «жұқа келгендерді қалың қайтару»iBo lai hou wang саясаты мемлекеттің қалтасын қағып, қаржысын тауысып, дағдарысқа ұшыратты. Ақырында олар дипломатиялық шығынды азайтуға мәжбүр болады. 1547 жылы маусымда императорға хат жолдаған Ганьсу провинциясының губернаторы Ян Бо:

«Батыс өңірден тарту-таралғы әкелушілер тым көбейіп кетті, оларды шектеу керек» деген ұсыныс айтады.

Минхуан императорының (Сюань-цзунның) және Ян Гуйфэйдің өмірінен көріністер. «Мәңгілік мұң жыры» поэмасының желісімен салынған жапондық бедерлі ширмалар, Момояма кезеңі, 16-ғасырдың соңы — 17-ғасырдың басы / Getty Images

Либу министрлігі де императорға мынадай ұсыныс жасайды:

«Жеті атамыздан бері тек Құмыл (Хами) ғана бір жылда бір рет чаогун әкелетін. Олардан 300 адам келетін, оның ішінде он бір адам ғана Бейжіңге жіберіліп, қалғандары Ұлы қорғанның ішіндегі қалада тұратын, олар тамақпен қамтылатын. Егер Герат, Қасан, Тұрпан, Араб, Самарқан сияқты елдерден келетіндер Құмылды басып өтсе, үш не бес жылда ғана бір мәрте чаогун жасап, 30–50 адаммен шектелсе. Қалғандарына сыйлықтар берілсе, Құмыл жөніндегі ереже қолданылса. Келгеннің бәрін бейберекет Бейжіңге кіргізе бермесін. Шекара шонжарлары осы ережені қатаң сақтасын, оны бұзғандар жазалансын».

Патша ордасы Либу министрлігінің бұл құжатын бекітіп, содан кейін чаогун жүйесі жойыладыi何茂春 (He Maochun)中国外交通史 (Zhongguo waijiao tongshi). — Beijing: Zhongguo shehui kexuechubanshe, 1996. -771 б., -313 б.. Уақыт өте келе Мин патшалығы мен Орталық Азия елдері арасындағы ресми сауда байланыстары саябырлайды.

Теңіздегі император кемесі. Қытай, Мин немесе Цин әулеттері дәуірі, 16–17-ғасырлар / Getty Images

Қалай дегенмен, жоғарыда аталған әулеттер мен империялар арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас күрделі тарихи трансформациялардан өтті. Саяси тұрғыда бір арнаға тоғыспаған мүдделер сауда-экономикалық бағытта көп жағдайда өзара тәуелді еді. Сондықтан сол үш ғасырда империялар өзгеріп, әулеттер алмасып, билік жаңарып жатса да, Қытай мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынас әртүрлі формада жалғасын тауып жатты.

Нәбижан Мұқаметханұлы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді