Жібек жолы бойындағы Соғды тұрғындары

Саудагерлер және Еуразия даласына дін таратушылар

~ 9 мин оқу
Жібек жолы бойындағы Соғды тұрғындары

Бактрий билеушісінің (Сатрап) бас мүсіні. Б.з.б. 3-2 ғасырлар. Окс ғибадатханасы, Тахти-Сангин, Тәжікстан. Тәжікстанның Ұлттық мұражайы / Wikimedia Commons

Орталық Азия Соғды тұрғындары сан ғасыр Жібек жолы бойындағы мәдени, сауда және рухани алмасудың негізгі ойыншылары, Батыс пен Шығыс арасын жалғайтын маңызды дәнекер болып келді. Саудагер, саяхатшы және аудармашы-тілмаш бола жүріп, олар бүкіл Еуразия даласына идеяларды, технологиялар мен дін ілімін таратып, аймақтағы бірегейліктің қалыптасуына ықпал еткен бай мұра қалдырып кетті.

Мазмұны

Өркениеттер тоғысындағы Соғды

Біздің заманымыздың алғашқы он бес ғасыры бойы, тіпті одан да ертерек болар, Орталық Азиядағы Соғды аталатын шағын ғана аймақ Еуразия құрлығын көктей өтіп жатқан, кейін Жібек жолы аталатын құрлық сауда жолдары желісімен тығыз байланыста болған. Соғды Шығыстан Батысқа қарай жүретін негізгі жолдар мен Оңтүстік Азияға апаратын тармақтардың торабында тұрғандықтан, Жерорта теңізі, Қытай және Үндістан арасындағы торап аймағы есебінде де маңызды болған. Сөйтіп, соғдылықтар, әсіресе саудагерлер мен миссионерлер Жібек жолының арқасында жанданған мәдени байланыстардың дәл ортасында жүрді.

Сол нәрсе кездейсоқ болмаса керек, өйткені адамзат тарихында идеялар мен технологиялар сауда жолдарының бойында тараған десек, сол жаңалықтарды ары-бері жеткізіп, таратып жүретіндер — ең алдымен саудагерлер болатын. Жиһан кезіп, ел аралап жүретін саудагерлер тауар сатып алып, ары-бері тасып, сатып қана жүрген жоқ, олар жұртпен араласып, өзара қатынасып, естігені мен көргенін көкейіне түйіп алып, еліне жаңа әсер, жаңа білім, жаңа ой алып қайтатын.

Парсы патшасына арналған сый ұстаған соғды елшілерінің суреті. Ападана (қонақ қабылдау орны) баспалдағындағы барельеф, Персеполь, Иран. Ахеменидтер дәуірі, б.з.б. 5-ғасыр / Wikimedia Commons

Парсы патшасына арналған сый ұстаған соғды елшілерінің суреті. Ападана (қонақ қабылдау орны) баспалдағындағы барельеф, Персеполь, Иран. Ахеменидтер дәуірі, б.з.б. 5-ғасыр / Wikimedia Commons

Ежелгі заманнан бері жол бойындағы тіршілік, тоқтаусыз жүретін сауда-саттық түрлі мәдениеттердің арасын жалғап жатқаны — технологиялар мен мәдениет аспектілері қатарлы, діни идеялар да бүкіл Еуразия даласының сауда жолдарын бойлай оңай таралғанын білдіреді. Аққан су арнасын табатыны сияқты, дін таралуы да түбінде болмай қоймайтын нәрсе еді. Оның үстіне, дін мен сауда-саттық қай кезде де қоян-қолтық жүрсе керек. Айталық, буддизмнің таралуына діни жоралғыларға жұмсалатын жібекке деген сұраныстың артуы ілесе жүрсе, буддизмнің өзі сол діннің таралуына ықпал еткен халықаралық сауда-саттықтың дамуына түрткі болған.

Керуен жолдары және діннің етек жаюы

Жібек жолы бойындағы Меру, Балқы, Бұқара, Самарқан, Қашқар, Тұрфан, Хотан, Кучар және бұлардан да өзге шұраттар бой көтергені, өркендеп, дамығаны, тіпті тіршілік етіп тұрғанының өзіне тоқтаусыз жүрген керуендер септігін тигізді. Сол шұраттардағы керуен-сарайларда (парсы kārvānsarāy) керуен тартқан, керуенге ілескен сансыз жолаушы бір қонып аттанып, ұзақ тұрақтап, азық қорын толықтырып, сол жердің тауарын сатып алып, өзі әкелген тауарларын сатып кететін. Керуен қозғалысы ең алдымен алысқа сауда жасауға керек десек, кейде керуен қозғалысына да сол алыс сауда керек. Әдетте саудагерлердің ғана алды не болары белгісіз қиын жолға аттанардай қаражаты, ынтасы мен төзімі жететін. Жібек жолы бойында саудагерлер салмағы мен көлеміне қарай бағасы да әжептәуір қымбат тауарлар алып жүретіні де соған байланысты болар, өйткені тәуекел етіп керуен тартқанның өтемі мол пайда болуы керек.

Көне Жібек жолындағы Таш Рабат керуен сарайы. Қырғызстан, Нарын/Alamy

Көне Жібек жолындағы Таш Рабат керуен сарайы. Қырғызстан, Нарын/Alamy

Сөйте тұра, керуендерге ілесіп, сауда-саттыққа қатысы жоқ адамдар да жүретін. Солардың бір парасы — елшілер. Айрықша дарыны бар не өзін дарындылар қатарына санайтын адамдар өзіне қамқорлық танытатын билеуші іздеп, алыс-алыс жерлердегі патша сарайларына жол тартатын. Ара-арасында табаны тимеген жерлерді көрсем деген әуестігі жетелеп аттанатындар да кездесетін. Кейбірі ғылыми мүддесін көздеп, барған жерін зерттеймін деп шығатын.

Тіл жағынан Жібек жолында жүрген саудагерлер мен өзге де жолаушылар негізінен ирантектес — парсы, парфиялықтар, бактриялықтар мен соғдылықтар еді. Олар дін жағынан зороастризм, яһуди, будда, христиан, манихей және ислам дінін ұстанатындар болуы мүмкін. Қытай дереккөздерінде «батыстан келген адамдар» (әдетте Hu) деген әдетте ирантектес адамдарға айтылатын.

Дін әралуандығы және тілдердің ықпалы

Жібек жолы бойындағы түрлі ирантектес халықтардың арасында соғдылықтардың орны бәрінен ерекшеленіп тұратын. Бұған дәлел — соғды тілі араб басқыншылығына дейін Жібек жолы бойында лингва франка болғаны. Соғды көпестері Азиядағы ең табысқа кенелген саудагерлер еді, олардың сауда-саттығы Шығыс пен Батыстың арасын жалғайтын маңызды рөл атқарды. Мәдени жәдігерлерді ары-бері жеткізіп, өркениеттер арасында идеялар мен дәстүрлер алмасуына жан бітіргендер де солар.

Ежелгі заманда соғдылықтар зороастризм дінін ұстанған делінгенімен, оған нақты дәлел аз. Олардың діни көзқарасы мен ұстанатын жосықтары ежелгі иран діни нанымдарынан, олар сенетін құдайлар мен батырлар культінен де келсе керек. Оған бір мысал ретінде Бұхара өңіріндегі Саяуыш культін және соғдылықтар арасында Месопотамия құдай-анасы Нанайя танымал болғанын айтамыз. Иран жұртына ортақ Наурыз мерекесінің де шығу тегі месопотамиялық болуы мүмкін.

Заратуштраның өзіне келсек, ол нақты қай кезеңде, қай жерде өмір сүргені белгісіз. Ол, бәлкім, Орталық Азияда біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтан бұрын өмір сүрсе керек, алайда біз зороастризм деп танитын дін Сасанилер кезеңінде (б.з.д. 224–651 жж.) ғана институт болып қалыптасқан. Соның өзінде ежелгі от ғибадатханалары Орталық Азия жұрты кейінірек зороастризмге қосылған рәсім-жоралғыларды ұстанғанынан хабар береді. Иран саудагерлері сол жоралғыларды Қытайға апарған, Қытай дереккөздерінде олардың ғибадатханалары аталады. Енді бір жағынан, Қытайдан табылған жәдігерлер құдай-ана Нанайя культі сынды зороастризмге тән емес діни элементтер де болғанын баяндайды.

Хирман-Тепеден шыққан зороастрийлік жерлеу ыдысы, Өзбекстан. Б.з. 7-8 ғасырлары / Wikimedia Commons

Хирман-Тепеден шыққан зороастрийлік жерлеу ыдысы, Өзбекстан. Б.з. 7-8 ғасырлары / Wikimedia Commons

Прозелит діндері пайда болған соң уағызшылар да шықты. Алдымен буддистер, содан кейін христиандар мен манихейлер, кейінірек сопы (суфий) мұсылмандар керуендерге ілесе жүріп, жер-жерге «рухани тауар» апаратын. Жаңа діни дәстүрлер шығысқа қарай тарап, Жібек жолы бойында сіңіп жатқан тұста, жолаушыларға түкпір-түкпірден нанымы ортақ адамдар жолығып, оларға көмегі мен рухани ортақтығын ұсынып жататын. Ал қайтар жолда саяхатшылар жаңа таныстықтарын да, тіпті ақшалай қайырымын да аямайтын.

Азиядағы дін таралуы діни зиярат сапарларының көбеюіне түрткі болды. Айталық, Қытайда буддизм жойылғаннан кейін, қытай буддистері сол дәстүрдің Үндістандағы бастауына тікелей баруды қажет етті. Қытай монахтары, әсіресе ең танымалдары — Фасянь (5-ғасыр) мен Сюаньцзан (7-ғасыр) Орталық Азиядан өтіп, Жібек жолы бойымен Үндістанға сапар шеккен. Кейін олардың ізіне еріп, Корея мен Жапониядан зияратшылар шығады. Ал 13-ғасырға қарай Моңғолиядағы христиан түркілер де, соның ішінде Раббан Саума мен оның шәкірті Маркос Батысқа — Палестинаға және одан да ары сапарға аттанады.

Верба жексенбісі болуы мүмкін. Кочодағы несториандық храм фрескасы, Қытай. Б.з. 683-770 жж. Азия өнері музейі, Берлин / Wikimedia Commons

Верба жексенбісі болуы мүмкін. Кочодағы несториандық храм фрескасы, Қытай. Б.з. 683-770 жж. Азия өнері музейі, Берлин / Wikimedia Commons

10-ғасырдан бастап, бәлкім одан да ерте болар, сопы уағызшылары мен мистиктер де Жібек жолында жүрген керуендерге ілесіп, шығысқа қарай — Ішкі Азия мен Қытайға — өзінің эзотерик исламын тарата бастайды. Көбіне олардың жұртты догмаға сай ілімінен бұрын, өз харизмасымен баурап, дінге кіргізетін мүридтері өте көп болатын. Жұрт олардың небір ғажайып қабілеті бар десетін, ал олар өлген соң шәкірттері оларға арнап кесене салып, кейін жұрт сол кесенелерге зиярат етіп баратын болған.

Сөйте тұра, Жібек жолы бойында діни идеялар таралуына миссионерлердің қызметі ғана сеп болған жоқ. Шығысқа қарай өткен «көшпелі» діни құрылымдардың ең алғашқылары — ең алдымен ежелгі иран нанымдары мен яһуди діні — табиғаты жағынан прозелиттік емес еді. Тіпті едәуір кейінгі миссионер діндердің өзі де жұртты соңынан ертерде миссионерлік қызметінен бұрын, абыройлы космополиттік дәстүрлерді пайдаланатын. Орталық Азиядағы буддизмнің, манихей және несториан христиан дінінің едәуір дүрілдегені олардың саудагерлер қауымы арасында таралғанына тұспа-тұс келгені де кездейсоқ емес.

Соғды саудагерлері халықаралық қатынастарының арқасында шет тілдерін білетін, ал кейбірі тіпті хат танитын. Сондықтан олар көбіне аудармашы, тілмәш қызметінде жүрген. Буддизм, манихей және христиан діни мәтіндерінің көбін Жібек жолы бойының тілдеріне — пракрит (Үндістан диалектілері), арамей және парфия тілдерінен бактрия, тохар, хотан, түрік және қытай тілдеріне, не соғды тілі арқылы не тура аударған да – сол соғды хатшылары. Одан бөлек, Батысқа Қытайдан қағаз шығару технологиясын әкеліп, ислам діні өркендеп тұрған тұста астанасы Самарқанның бүкіл әлемге қағазының сапасымен атын шығарған да сол — соғдылықтар.

Түрлі мемлекет (Қытай, Корея, Иран және Эфталит кінәздіктері…) елшілері Вархуман патшаға және, бәлкім, Батыс Түркі қағаны Шегүйге деген құрметін білдіруде. Оларды көптеген түркі төресі мен жауынгері қоршап тұр. Самарқандағы Афрасиаб сарайындағы «Елшілер залының» батыс қабырғасына салынған фреска. Б.з. 648-651 жж. Афрасиаб музейі, Самарқан / Wikimedia Commons

Түрлі мемлекет (Қытай, Корея, Иран және Эфталит кінәздіктері…) елшілері Вархуман патшаға және, бәлкім, Батыс Түркі қағаны Шегүйге деген құрметін білдіруде. Оларды көптеген түркі төресі мен жауынгері қоршап тұр. Самарқандағы Афрасиаб сарайындағы «Елшілер залының» батыс қабырғасына салынған фреска. Б.з. 648-651 жж. Афрасиаб музейі, Самарқан / Wikimedia Commons

Соғды жерінде израильдіктер біздің жыл санауымыздан бұрынғы 8-ғасырда, Израиль патшалығын ассириялықтар жаулап алып, тұрғындарды күштеп көшіріп жіберген тұста өмір сүрген сияқты. Парсылар біздің жыл санауымыздан бұрынғы 539 жылы Бабылды басып алардың алдында Орталық Азияға қоныс аударғаны нәтижесінде олардың саны арта түсіп, Самарқан мен Бұхарадағы қазіргі жөйт қауымдарының аталары солар болса керек. Соғдыдан шыққан парсыланған жөйттер екі мың жыл бұрын-ақ Жібек жолы бойындағы сауда-саттыққа араласып, Қытайда жөйт колонияларының негізін қалаған. Соғды жазуының орнын басқан постисламдық «жаңа парсы» жазуының алғашқы жазбаша куәліктері — Дуньхуанда табылып, 8-ғасырдікі теп танылған, жөйт әліпбиімен жазылған коммерциялық құжаттар болғанын да атап өту керек.

Бамиан буддалары, Ауғанстан. Б.з. 6-ғасырында жартасқа қашап салынған бұл алып ескерткіштерді 2001 жылы тәліптер жойған болатын. Фотосурет, 1960 жыл / Getty Images

Бамиан буддалары, Ауғанстан. Б.з. 6-ғасырында жартасқа қашап салынған бұл алып ескерткіштерді 2001 жылы тәліптер жойған болатын. Фотосурет, 1960 жыл / Getty Images

Үндістаннан солтүстік-батысқа қарай, қазіргі Ауғанстан жеріндегі өңірлерде қоныстанған иран халқы — бактриялықтар арасында б.з.д. 200–100 жылдары буддизм діні тамыр жая бастайды. Пали (Тхеравада тілі) тілінде сақталып жеткен аңызға сенсек, будда ілімін Жібек жолында керуен тартып жүрген саудагерлер Будданың көзі тірісінде-ақ тарата бастаған. Аңызда Бактриядан (Ауғанстан аумағындағы қазіргі Балқы) шыққан ағайынды Тапассу мен Бхаллика Буддаға аян қонғанына сегіз апта болғанда оған ерген алғашқы шәкірттері екен. Олар еліне оралған соң Буддаға арнап ғибадатхана салыпты.

Бұл аңыздың құжатта сақталған дәлелі болмаса да, бірнеше жүз жылдан кейін үнді императоры Ашока қойған тас бағандарға қашалған жазуға қарасақ, ол солтүстік-батыс провинцияларға уағызшы-миссионерлер аттандырып отырғанын білеміз. Одан кейінгі ғасырларда Бактрия шынымен буддизмді таратуда ықпалды аймаққа айналып, мұсылмандардың басқыншылығына дейін солай болып қала берген. 7-ғасырда, арабтар басып кірердің алдында, қытайлық зиярат етуші Сюаньцзан Балқыда 100 будда монастырі мен 3 000 монах барын санап шыққан.

Мұғалімін ортаға алған еврей балалары. Самарқан. С. М. Прокудин-Горскийдің фотосы, 1905-1915 жж. / Library of Congress

Мұғалімін ортаға алған еврей балалары. Самарқан. С. М. Прокудин-Горскийдің фотосы, 1905-1915 жж. / Library of Congress

Сол заманнан қалған будда ғибадатханасы Тәжікстанның оңтүстігіндегі Аджина-Тепеден де табылған. Будда монастырьлері саудагерлерден мол садақа алып отырған әрі Сюаньцзан тұсында Жібек жолының аса маңызды экономикалық тораптары саналған ұшы-қиыры жоқ құнарлы жер аумақтары солардың иелігінде болған. Бактрияда тұрып жатқан немесе сауда жасап жүрген соғдылықтар буддизмді қабылдап, оны бүкіл Жібек жолы бойындағы сауда колонияларына, Қытайдың өзіне дейін таратып отырған.

Әжин-Тепедегі жамбастап жатқан Будда мүсіні, Тәжікстан. Ұзындығы 13 метр болатын, б.з. VII ғасырда жасалған бұл алып ескерткіш 1966 жылы табылды. Қазіргі уақытта Душанбедегі Тәжікстанның Ұлттық музейінде тұр/Alamy

Әжин-Тепедегі жамбастап жатқан Будда мүсіні, Тәжікстан. Ұзындығы 13 метр болатын, б.з. VII ғасырда жасалған бұл алып ескерткіш 1966 жылы табылды. Қазіргі уақытта Душанбедегі Тәжікстанның Ұлттық музейінде тұр/Alamy

3-ғасырда Месопотамияда жаңа — манихей діні шықты. Оның негізін қалаушы Мани — Парфиядан шыққан. Бір бойына зороастризм, христиан діні мен буддизм элементтерін тоғыстырған манихей діні Мар Аммо сынды миссионерлердің арқасында Орталық Азияға тарайды. Самарқан манихей дінінің басты орталығына айналып, бұл наным Қытайға дейін жетіп, сол жерде 7-ғасырға дейін сақталады. Оған қоса, соғдылықтардың көбі христиан дінін, әсіресе оның Орталық Азияда 9-ғасырға, Әмір Темір дәуіріне дейін жүрген несториан бағытын қабылдаған.

Орталық Азияда исламның таралуы

8-ғасырда Хорасанда шоғырланған, араб қоныстанушылары мен ислам дініне өткен ирандықтардан құралған мұсылман әскері Орталық Азияны біртіндеп жаулап алып, соғды жерін Бағдат халифінің қоластындағы мұсылман империясына қосып алды. Алдымен жергілікті билеуші элита ислам дінін қабылдап, кейінірек ол қара халық арасында да кеңінен тарай бастады. Сөйтіп, 15-ғасырдан бастап Орталық Азияның отырықшы халқы ислам дінін толық дерлік қабылдайды.

Магок-и-Аттари мешіті, Бұқара, Өзбекстан. 9-10 ғасырларда зороастрийлік храмның орнында салынған, 12-ғасырда қалпына келтірілген, шығыс қақпасы 16-ғасырда қосылған / Alamy

Магок-и-Аттари мешіті, Бұқара, Өзбекстан. 9-10 ғасырларда зороастрийлік храмның орнында салынған, 12-ғасырда қалпына келтірілген, шығыс қақпасы 16-ғасырда қосылған / Alamy

Аймақта мұсылман өкіметі әбден орныққанға дейін-ақ соғды саудагерлері исламға бас ұрған алғашқы әрі ең ықыласты қауымдардың бірі болса керек. Мұның астары да бар: мұсылмандар Орталық Азияны Жерорта теңізіне жалғайтын сауда жолдарын бақылап отырған. Сауда-саттықтан қол үзіп қалмайын деген соғдылықтарға үстем дінге тиесілі болғаннан келер артықшылық көп еді. Кейін Орталық Азия мұсылмандардың қоластына өтіп, ислам құқығы орнағанда (бұл процесс өте ұзақ жүрген әрі жер-жерде дін көшбасшылары бастаған көтерілістер бұрқ етіп қалып отырған), саудагерлердің бұрынғы дінін ұстана беруіне себеп қалмайды.

Орталық Азиядағы соғды тұрғындары исламды қабылдаған сайын, шалғай жатқан шығыстағы соғдылықтар да жаңа дінге кіре бастайды. Бұл өзгеріс соғдылық емес мұсылмандардың мұсылман әлемінен тыс жатқан соғдылықтардың да саудасына араласуына жол ашты. Қытайға ислам жеткенде оның басты таратушылары соғдылықтар ғана емес, сондай-ақ парсы мұсылмандары мен арабтар еді. Осылайша 8-ғасырдан бастап соғдылықтар мен Орталық Азияның басқа халықтары ислам дінін қабылдап, мұсылман мәдениетін қалыптастыруға белсенді түрде атсалысты.

Парсы тіліндегі трансформация

Алайда ислам Орталық Азияға араб емес, парсы өркениеті арқылы сіңді. Ислам діні парсы өркениетінің бояуларын сіңіріп, араб мәдениетінен тыс жерлердегі ықпалының маңызды қайнарына айналған. Араб мұсылмандардың басты жеңісі — 640 жылдары Сасанилер империясын жаулап алды. 750 жылы Аббаси төңкерісі ислам билігінің орталығын Иран аймағына таятып тастады. Жаңа Аббаси мемлекеті иран мәдениеті мен саясатының дәстүрлерін сақтай отырып, оларға ислами сипат дарытты. Сөйтіп, ислам құқығы, философиясы, әдебиеті, өнері мен мистицизмі көп жағынан иран немесе парсы-тәжік мәдени контексінде дамыды.

Соғды жеріне тарап, кейінгі ғасырларда оны түрлендіріп, өзгертіп жіберген — исламның осы иран сипатты нұсқасы еді. Ислам мен мұсылман мәдениетін таратудағы басты құрал — «жаңа парсы тілі» болды. Мысыр мен Сирияда араб тілі жергілікті семит тілдерін ығыстырып шығарғанындай, Орталық Азияда соғды және басқа да жергілікті тілдердің орнын жаңа парсы тілі баса бастады. Бұрын Орталық Азия Ахеменилер, Парфиялықтар және Сасанилер сынды иран империяларының құрамында болғанымен, мұсылман билігі тұсында аймақтың мәдени болмысына парсы ықпалы толық сіңіп, Орталық Азия парсы тілінде сөйлейтін әлемнің ажырамас бөлігіне айналды.

Рашид әд-Дин. I Мансұр ибн Нұх әкесі Нұх Ибн Нәсірден 961 жылы билікті мұраға алып тұр. Жамиғ ат-тауарихтен миниатюра. Шамамен 1307 жыл / Wikimedia Commons

Рашид әд-Дин. I Мансұр ибн Нұх әкесі Нұх Ибн Нәсірден 961 жылы билікті мұраға алып тұр. Жамиғ ат-тауарихтен миниатюра. Шамамен 1307 жыл / Wikimedia Commons

10-ғасырға қарай Бұхарада орныққан жаңа парсы тілінде сөйлейтін Саманилер әулеті Орталық Азияны осы кеңістіктің басты орталығына айналдырды. Аймақтың бұл рөлі Әмір Темір әулеті билікке келгенге дейін, яғни бес ғасыр бойы сақталған. Осы кезеңді шартты түрде «Соғдының жасырын қайта өрлеуі» деуге де болады. Өйткені аймақтың қазір тәжік деп танылған шығыс иран халықтары тіл жағынан парсы кеңістігіне, ал дін жағынан мұсылман мәдениетіне бірігуі сол кезде жүрген.