Жоғалған гректер, құпия патшалықтар мен ұмытылған әлем

17-ғасырдағы утопия Орталық Азияға әуестікті қалай туғызды?

~ 14 мин оқу

«Жоғалған көкжиек» фильмінен көрініс. Жоғарғы ламаның өкілі рөліндегі Джон Гилгуд серігімен бірге апаттан аман қалғандарды құтқаруға келіп тұр. 1973 жыл / Columbia Pictures via Getty Images

1689 жылы жұмбақ әлемді суреттейтін роман шығып, оқырманға утопияның  жаңа бір түрін — Қазақстанның әлдебір өңірінде күнге табынатын гректер мекендейтін қаланы ұсынды. Шығарма «Шангри-Ла» мен «Шамбала» сынды аңыздардың бұқаралық беллетристика беттерінде пайда болуынан бір ғасыр бұрын жарық көрген еді. Қазіргі география карталары пайда болардан көп бұрын Орталық Азияның «белгісіз мекендері» Батыс көркем әдебиетінде ерекше бағытқа айналып, бойына миф, саясат пен қиял-ғажайып элементтерін жинақтаған «жоғалған халықтар» туралы романдар жанрының дамуына шабыт берді.

Мазмұны

Көз көрмеген әлемді суреттеу: әдебиеттегі Орталық Азияға қайран қалу

Католиктер мен протестанттар арасындағы діни қақтығыс Британ аралдарын шарпып тұрған 1689 жылы Лондонда тосын бір шығарма жарық көрді. «Тартарияға саяхат» (A Voyage to Tartary) деген атаумен жарық көрген роман бүркеншік атпен жарияланды. Роман жалғыз ғана басылыммен бір дана болып шықты. Бұған шығарманың әдеттен тыс сюжеті себеп болса керек: кітаптың басты кейіпкері Орталық Азияның жүрегінде иесіз қалған өркениетке тап келеді.

Ян Корнелис Вермейен. Шығыс дастарқаны/ Sepia Times/Universal Images Group via Getty Images

Бұл романды «жоғалған халықтар» жанрының ең алғашқы үлгілерінің бірі деп санауға болады. Аталған жанрдың шарықтау кезеңі 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басына тұспа-тұс келеді, әрі бұл уақыт аралығында осыған ұқсас жүздеген шығарма жарияланды. «Танылған әлемнің»iяғни Батыс географтары мен зерттеушілеріне белгілі аумақтардың шекарасы кеңейген сайын, «экзотикалық» халықтар, мекендер мен әдет-ғұрыптарды сипаттау күнделікті құбылысқа айналды. Бұл жағдай жазушыларды барған сайын ақылға сыймайтын өркениеттерді ойлап табуға итермеледі — мұндай ойдан шығарылған өркениеттер көбіне адам аяғы сирек басатын алыс, қол жетпес өңірлерде жасырынып жататын.

Бастапқыда жанр авторлары Оңтүстік Американың жан баспаған ну ормандары мен Африканың жунглиіндегі, алыс аралдардағы немесе полюстегі жерасты үңгірлерінде өмір сүретін жоғалған халықтар жайында баяндайтын. Алайда уақыт өте келе фантаст-жазушылардың назары Үндістанның солтүстігіндегі ұлан-ғайыр аймаққа ауа бастады. Ұшы-қиыры жоқ далалық аймақ пен Тянь-Шань, Памир, Алтай, Қарақұрым және Гималай тәрізді заңғар тау сілемдерін қамтитын Орталық Азияның кең байтақ аумағы әлі күнге дейін толық зерттеліп біткен жоқ. Ресей империясы Орталық Азия далаларын түбегейлі бағындыруға тек 1880-жылдары ғана қол жеткізді, ол үшін жарты ғасырға жалғасқан қарсылық пен көтерілістерді басып өтуіне тура келді. Шыңжаңды Қытай толық бақылауына тек 1940-жылдардың соңында коммунистер билікке келгеннен кейін ғана ала алды. Британ және үнді әскері 19-ғасырдың басында Кашмирдің таулы тайпаларын бағындырды, ал Тибетті тек бірнеше жыл өткен соң ғана қол астына қаратты. Ал Ауғанстан болса, сол күйі ешқашан толық бағындырылмаған ел болып қала берді.

Амазония мен Орталық Африканың алыс аймақтарының халқы сияқты, бұл өңірлер мен оларды мекендеген халықтар да 20-ғасырдың ортасына дейін, этнографтар мен саяхатшылардың шағын тобын есепке алмағанда, еуропалықтардың басым бөлігіне беймәлім күйде еді.

Түркістандағы сән мен киім. Сол жақта екі татар әйел, содан кейінгі екеу - моңғолиялық қалмақтар, одан соңғы қырғыз шаманы, оң жақ жоғарыда қалмақ әйелінің басы, қасында қалмақ қалпағы және төменде қырғыз қалпағы. 1900 / Bildagentur-online/Universal Images Group via Getty Images

Гелиополис: Орталық Азиядағы грек утопиясы

«Тартарияға саяхат» — осы өңірде өрбитін басқа шығармалардан екі ғасырға жуық бұрын жарық көргендіктен, жалпы ережеден тысқары жатқан ерекше туынды. Оның үстіне авторының кім екені әлі күнге дейін жұмбақ. Элиожен де л’Эпи (Heliogenes de L’Epy) есімі французша болғанымен, бұл бүркеншік есімнің артында ағылшын жазушысы тұрғаны туралы пікір басымырақ. Роман бір саяхатты көзбен көргендей етіп баяндайды. 1663 жылы болған бұл сапар Грекия мен Түркияны кесіп өтіп, содан соң Қара теңіз бен Кавказ арқылы Каспий теңізіне жетеді, одан әрі — Орталық Азияны бетке алады. Басты кейіпкер Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы «Санта-Мария» портынан кемеге мініп, теңіздің солтүстік-шығыс жағалауына түседі де, одан әрі шығысқа — шамамен қазіргі Қазақстан аумағына қарай сапар шегеді.

Автор бұл сапарды шын мәнінде бастан өткерді ме, жоқ па — нақты айту қиын: кейбір детальдар шынайы көрінгенімен кейбірі ақиқаттан алшақ. Мәтінге қарағанда, сапарға барып-қайту бар-жоғы тоғыз айға созылған — бұл 17-ғасыр өлшемімен алғанда ақылға қонымсыз қысқа уақыт.

"Тартария, Қытай, Үндістан" картасын қарап тұрған дін қызметкері. Гравюра. 1653 жыл / Library of Congress

Алайда романның негізгі желісі саяхаттың өзіне емес, Каспий теңізінің шығысында орналасқан, Гелиополис (грек. Күн қаласы) деп аталатын, жойылып кеткен грек колониясын ашуға құрылған. Қаладағы грек тілінде сөйлейтін тұрғындардың айтуынша, Александр Македонский қайтыс болғаннан кейін, Афинаның философтары полистердіңiяғни Ежелгі Грекиядағы қала-мемлекеттердің саясатына көңілдері толмай, отбасыларын жинап, шығысқа қарай жаңа мемлекет құру мақсатында аттанып кеткен. Екі жыл екі ай өткен соң, олар кеме жүзетін өзені жоқ, ең бастысы — иесіз жазық далаға тап болады.

Леон Конье. Гелиополь маңындағы шайқас (Bataille D'Heliopolis), 1837 жыл. Гелиопольдың бай тарихы Элиоженді утопиялық Гелиополисты тудыруға шабыттандыруы әбден мүмкін / Château de Versailles collections

Элиожен (есімі кездейсоқ «күннен туған» деген мағына береді) колонияның диаметрі 95 шақырымды құрайтынын жазады. Бұл аумақ кантондар мен округтерге бөлінген. Орталықта орналасқан шеңбер пішінді Гелиополис қаласында халық жиналысы жұмыс істеген, оған 30 жастан асқан 3000 ер адам, яғни тұрғындардың шамамен төрттен бірі мүше болған. Оңай байқауға болатындай, дауыс беру құқығы тек 30 жастан асқан ерлерге берілген, әйелдерге бұл құқық мүлде қарастырылмаған. Қаланың ортасындағы Храм колония тұрғындарының Күн — планеталар жүйесінің орталығы деген сенімін бейнелейтіндей салынған. Олардың айтуынша, бұл білім оларға осыдан мың жыл бұрын-ақ белгілі болған. Колонияны басқару халық мәжілісі арқылы жүзеге асқан, ал өз кезегінде халық мәжілісі бір адамды бас заң шығарушы ретінде тағайындап отырған. Жекеменшік мүлік мүлде болмаған, ал тағам мен киім-кешек қала қоймаларынан теңдей бөлініп таратылған.

Франческо Донидің 1578 жылы шыққан «Аспан, Жер және Тозақ әлемі» (Les Mondes célestes, terrestres et infernaux) кітабынан иллюстрация. Күн қаласы Кампанелло, Элиоженнің Гелиополисін құруға шабыт берген утопиялық қала ретінде көрсетілген / Alamy

Гелиополис тұрғындарының әңгімесіне қарағанда, олардың басқа мемлекеттермен қатынасы «Ұлы ханға» сый-сияпат жолдауды қамтитын еді, оған жыл сайын 300 жас жауынгерден тұратын алым жолдайтын болған. Дегенмен автор «Ұлы хан» атауын сипаттағанда Great Cham дейтін көне әрі бұрмаланған нұсқаны қолданады. Бұл атау бастапқыда Шыңғысханға қатысты айтылса, кейін Темірге де қолданылған. Алайда бұл мәтінде ол нақты бір тарихи тұлғаға байланбаған беймағлұм билеушіні білдіреді.

Дін мәселесіне келсек, бұл қоғамда Күн «Әлемнің Жаны» ретінде құрметтелген — барша болмыстың ішіндегі ең мейірімді, ең жарқын күш ретінде таниды. Дегенмен ол құдіретті жаратушы Құдайдың бейнесін де меңзейді. Элиожен былай деп жазады:

«Мен олардың арасынан біздің түсінігіміздегі Құдай туралы түсініктің ешқандай белгісін көрмедім. Бұрын айтқанымдай, олардың философиясы толығымен сезімге құрылған».

Ол оларға Жаңа Өсиеттің грек тіліндегі нұсқасын сыйға тартқан, бірақ кітапты бірден олардың үлкен кітапханадағы «Мифология» бөліміне орналастырып қойған. Христиандық сияқты діннің шынайы болуы оларға тым күмәнді көрінеді, сол себепті олар Элиоженді ақылынан адасқан адам деп санап, мазақ етеді.

Англия королі III Уильям Парламентте / Alamy

Қалай болғанда да, бұл роман әдебиеттегі утопия жанрының алғашқы үлгілерінің бірі әрі оның шабыт көзі Англияда болған саяси оқиғалар — әсіресе 1688–1689 жылдардағы «Жасампаз революция» болуы әбден мүмкін. Төңкеріс нәтижесінде ІІ Яков биліктен тайдырылып, таққа оның протестант қызы ІІ Мария мен күйеуі Вильгельм Оранский отырған еді. Бұл оқиға абсолюттік монархиядан парламенттік басқару жүйесіне көшу кезеңін білдірді. Роман авторы өз еңбегін монархиялық абсолютизмге қарсы сын ретінде ойластырған болуы ықтимал.

Бір айдан кейін Элиожен Еуропаға оралады. Онымен бірге кері қайту туралы ұсынысты Гелиополис тұрғындары сыпайы түрде қабылдамай тастайды — олар Элиоженнің Отаны бұлардың мемлекетінен артық деген уәжіне илана қоймайды.

Жанр эволюциясы: жоғалған гректерден құпия монахтарға

«Тартарияға саяхат» ұзақ уақыт бойы өзгеше шығарма ретінде қарастырылғанымен 19-ғасырдың ортасы мен соңына қарай «жоғалған халықтар» жайлы анағұрлым әдеттегідей романдар жарық көре бастады. Орталық Азия Батыс көркем әдебиетінде бірден көзге түсе қоймаса да, бұл өңірдің қалдырған ізі айтарлықтай терең. Қазіргі таңда мен осындай 140-тан астам шығарманы анықтадым — олардың арасында викториандық кезеңнің ұл балаларға арналған шытырман оқиғаларынан бастап, Британ империясының Үндістандағы тәжірибесінен шабыт алған туындылар мен 1920–1930 жылдардағы модернистік әдеби эксперименттерге дейін бар. Тіпті 1930-жылдары жазылған бір румын тіліндегі ғылыми-фантастикалық роман бар — ол Томас пен Люси Аткинсонның Орталық Азияға жасаған саяхаттарына негізделген!

Томас Аткинсон. «Шығыс және Батыс Сібірі: Сібірде, Монголияда, Қырғыз даласында, Қытай Тартариясында және Орталық Азияның бір бөлігінде жеті жылдық зерттеулер мен оқиғалар туралы әңгімесінен» иллюстрация. 1858 / Wikimedia Commons

Бұл романдардың басым бөлігі «жоғалған халықтар» жанрына жататыны таңғаларлық жәйт емес. Өйткені Орталық Азия картасындағы ұлан-ғайыр аумақ 20-ғасырдың ортасына дейін толық зерттелмеген күйде қалып келді. Тұтас бір өркениеттің осындай жырақ әрі кең аймақтарда өмір сүріп, өзге әлемге белгісіз болуы мүмкін деген ой — еуропалық оқырмандардың ой-санасына оңай сіңетін идея еді.

Оған қоса, 20-ғасырдың басында Аурель Стейн сияқты зерттеушілер Гоби мен Такла-Макан шөлдерінен ежелгі көмілген қалаларды тапқан болатын. Ал этнографтар мен лингвистер Александр Македонскийдің серіктері — көне гректер, шынында да осыдан, 2000 жылдан астам уақыт бұрын Бактрияға қоныстанғанын растағанда, бұл дерек жазушылардың қиялына одан әрі қанат бітірген. Материктің ең қол жетпес түкпірлерінен табылған Будданың алып мүсіндері мен буддалық монастырлар, бұрын-соңды белгісіз болған минералдар мен жануарлар — мұның бәрі фантаст-жазушылардың ой-санасын жаулап алды.

«Дунхуаңның ұлы өнері» көрмесіне қойылған алып Будда, Шанхай, Қытай/ VCG via Getty Images

Бұл жанрдағы ең танымал туындылар қатарында Джеймс Хилтонның «Жоғалған көкжиек» (Lost Horizon, 1933) романы бар. Онда Гималайдағы Шангри-Ла атты құпия аңғар туралы баяндалады — бұл жерде монахтар мәңгілік өмірдің сырын тапқан деген аңыз айтылады. Назар аудартқан тағы бір шығарма — Редьярд Киплингтің «Патша болғысы келген адам» (The Man Who Would Be King, 1888) атты әңгімесі. Ол Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кафиристанға 20 мылтықпен аттанған екі авантюристің оқиғасын баяндайды. Олар бұл алыс аймақта грек өркениетінің ізі сақталған деген сеніммен сонда барып, өздерін патша етпек болады. Бұл екі шығарма да кеңінен танылып, кейіннен экранға да жол тартты.

«Жоғалған көкжиек» фильмінің постері, Роналд Колман ортада және төменгі сол жақтағы жарнама карточкасында, 1937 жыл / LMPC via Getty Images

Киплинг те ең атақты романдарының бірі — «Ким» (Kim, 1901) шығармасын жазды. Бұл шығармадағы басты кейіпкер — Лахорда қаңғып жүрген жетім бала — Кимбалл О’Хара. Ол тибеттік ламаның шәкіртіне айналады, ал кейінірек Британ барлау қызметінің жасырын агенті ретінде «Үлкен ойынға» — Ресей мен Ұлыбритания империялары арасындағы Орталық Азиядағы саяси текетіреске тартылады.

Көптеген атақты жазушылар да Орталық Азия тақырыбына бас қойған. Әйгілі «Ол» (She, 1887) романының авторы Генри Райдер Хаггард осы шығармасының жалғасын «Айшa: Оның оралуы» (Ayesha, the Return of She, 1905)iҚазақ және орыс тіліндегі аудармаларда кейде «Айша» немесе «Аэша» деп те кездеседі атты туынды етіп жариялаған.

Аиша рөліндегі актриса Урсула Андресс «She» («Ол») фильмінде / Alamy

Бұл романның оқиғасы Тибетте өрбиді — басты кейіпкер Холли будда монастырының бас аббатымен кездесіп, ол оған Александр Македонский заманындағы сиқыршы патшайым туралы баяндайды. Әлемге әйгілі жеңіл атлетика жаттықтырушысы және 100-ден аса кітаптың авторы капитан Фред Вебстер (1886–1949) «Жарықтың жоғалған қаласы» (Lost City of Light) атты роман жазған. Онда тамплиерлердің ұрпағы ұмыт қалған христиан қаласын іздеп Орталық Азияға сапар шегеді. Кейіпкер тұтқынға түсіп, қытайлықтардың бақылауындағы зұлмат қалаға тап болады — онда христиандар өздерінің қаласында өмір сүруге рұқсат алғанымен, тек түнгі уақытта ғана шаруаларын жүргізуге құқылы. Әрине, оқиға соңында ол осы халықтың бостандығы үшін күрес бастап, олардың жетекшісіне айналады.

Балаларға арналған романдар және имперлік фантазиялар

Бұл ерте кезеңдегі шығармалардың көпшілігі «жоғалған халықтар» жанрының классикалық үлгісіне жатады. Олар көбіне гректер немесе басқа да жойылып кеткен қауымдар — викингтер, крест жорықтарына қатысушылар, ежелгі парсылар, тіпті неандертальдықтар туралы баяндайды. Дегенмен бұл туындылардың едәуір бөлігі жай ғана шытырман оқиғалы проза әрі негізінен жасөспірім оқырмандарға арналған болатын.

Жюль Верн де Орталық Азия мен Сібірге арналған екі роман жазған. Оның алғашқысы — «Михаил Строгов» (Michel Strogoff, 1876). Бұл шығармада патшаның арнайы шабарманы Михаил Строговтың Шығыс Сібірдегі Иркутск қаласына аттануы жайында айтылады.

Ағайынды Киралфилер қойған «Михаил Строгов» спектаклінің жарнамалық постері, шамамен 1882 жыл / Alamy

Ол патшаның бауырына сатқындық туралы ескертуі тиіс — патшалық офицердің бұл қаланы «татарлар» армиясына беріп қою ниеті бар, ал олардың қолбасшысы — хан Феофар. Екінші шығарма — «Клодиус Бомбарнак» (Claudius Bombarnac, 1893), ағылшын тілді оқырмандарға «Орталық Азиядағы арнайы тілшінің шытырман оқиғалары» атауымен танымал. Бұл роман Каспий теңізі мен Пекин арасындағы жаңа (ойдан шығарылған) теміржол желісінің ашылуын баяндауға барған журналист туралы. Ол сапар барысында жолаушылардың бірі ерекше ерлікке барады деп сенеді.

«Михаил Строгов триумфі» фильмінің постері, , режиссер Виктор Туржанский, 1961 /Alamy

Мансабын журналист ретінде бастаған Дэвид Кер 1870-жылдары Ресейдің Орталық Азиядағы әскери жорығы туралы репортаждарындағы жалған мәліметтері әшкереленгеннен кейін жазушылыққа бет бұруға мәжбүр болды. Нәтижесінде ол осы өңірде өрбитін бірнеше «ұл балаларға арналған роман» жазды: «Бұхарадағы құл бала» (The Boy Slave in Bokhara, 1874), «Жоғалған қала немесе Орталық Азиядағы зерттеуші балалар» (The Lost City, or The Boy Explorers in Central Asia, 1884), «Татар шөлдері арқылы» (O’er Tartar Deserts, 1898) және «Ауғандық Ілдірім» (Ilderim the Afghan, 1904).

«Жоғалған қала немесе Орталық Азиядағы бала-зерттеушілер» кітабынан иллюстрация. Harper & Bros., Нью-Йорк / Internet Archive

Фред Уишоу (1854–1934) «Жоғалған әскер: Орталық Азиядағы орыстар туралы хикая» (A Lost Army: A Tale of the Russians in Central Asia, 1896) романын жазды, ал Чарльз Сквайр — «Ұлы Ханның қазынасы: Қытай Тартариясындағы шытырман оқиға» (The Great Khan’s Treasure: A Story of Adventure in Chinese Tartary, 1902) шығармасын жариялады.

Жасөспірімдерге арналған басқа да шытырман оқиғаға толы романдардың қатарында Джордж Альфред Хентидің (1832–1902) «Нигилист ретінде айыпталған: Сібірден қашу хикаясы» (Condemned as a Nihilist: A Story of Escape from Siberia, 1893) шығармасын атап өтуге болады. Бұл туындының кейіпкері оңтүстікке — Орталық Азияға қарай жол тартады. Осы автордың тағы бір романы — «Үш жорық: Читрал, Тирах және Ашанти туралы хикая» (Through Three Campaigns: A Story of Chitral, Tirah and Ashantee, 1904).

Фред Уишоудың «Ұлы Ханның қазынасы: қытай Тартариясындағы шытырман оқиғалар тарихы» кітабынан иллюстрация / Ашық дереккөзден

Жанрдың танымал үлгілеріне Талбот Мандидің Киберлік мергендердің патшасы (King of the Khyber Rifles, 1924), , Л. П. Лайманның Ханниуэлл ұлдары Гоби шөлінде (The Hunniwell Boys in the Gobi Desert, 1930), капитан В. Э. Джонстың Бигглз Гобиде (Biggles in the Gobi, 1953), Эрженің Тинтин Тибетте Tintin au Tibet, 1958) және Донн Бирннің Мессер Марко Поло (Messer Marco Polo, 1921) атты романдарын жатқызамыз.

Осы рухта жазылған Анна Боуманның Among the Tartar Tents, or Lost Fathers (Татар шатырының арасында немесе Жоғалған әкелер, 1861) атты кітабы 13-ғасырдағы оқиғаны әрі крест жорықтары кезінде әкелерінен айырылып, татар тайпаларының қолына түскен екі бала жайлы баяндайды. Бір рецензент бұл романды былай сипаттаған:

«Ер балаларға арналған, оқиға барысы Үндістан мен Тибетте өтетін  шытырман оқиғалы роман. Таулы асуларда, мұздықтарда және далаларда өтетін көптеген шиеленісті әрі деміңді ішіңе тартқызып оқытатын эпизодтар бар: онда сатқындық, тыңшылар, жыртқыш аңдар, құпия үңгірлер, қарақшылар, қырғын, дауылдар, жер сілкіністері, аңшылық, буддалық тақуалар, қытай комиссарлары, тұтқындар, сикх сарбаздары... бәрі бар».

Шамбаладан ғылыми фантастикаға

Оқиғасы Орталық Азияда өрбитін «жоғалған халықтар» туралы роман жазуда ең өнімді еңбек еткен автордың бірі Мартин Луи Алан Гомпертц (1886–1951) болса керек. Ол шығармаларын Ганпат деген бүркеншік атпен жазған — бұл есімді оған Үндістанда әскери қызмет атқарып жүрген кезінде үнді сарбаздары берген. 1939 жылы бригадир шенінде зейнетке шығып, Дартмурға қоныстанып, өмірін балық аулауға және әдебиетке арнаған. Ол бұл жанрда кемінде сегіз роман жазған. Ең танымал шығармалары — «Харилек: Қазіргі Орталық Азия туралы хикая» (Harilek: A Tale of Modern Central Asia, 1923) және оның жалғасы «Врексемнің романы: Харилектің жалғасы» (Wrexham’s Romance: Being a Continuation of Harilek, 1935). Бұл кітаптар Гоби шөлінің қақ ортасында аман қалған, телепатиялық қабілетке ие ежелгі гректердің өркениетін және олардың моңғол шамандарының бір кланымен билік үшін күресін суреттейді.

Оның осы жанрдағы басқа шығармаларының қатарына «Қар рубиндері» (Snow Rubies, 1925), «Дашиннің дауысы: Таудағы хикая» (The Voice of Dashin: A Romance of Wild Mountains, 1926), «Биік қар» (High Snow, 1927), «Түс айнасы: Шығыстың құпиясы туралы хикая» (Mirror of Dreams: A Tale of Oriental Mystery, 1928), «Тыныштықта сөйлейтіндер» (The Speakers in Silence, 1929) және «Ертегі күмісі: Жолаушының хикаясы» (Fairy Silver: A Traveller’s Tale, 1932) кіреді.

Тағы бір бұрынғы әскери адам, кейін жазушы атанып, 1930-жылдары белсенді түрде шығармалар жариялаған — Марк Ченнинг (1879–1943). Бұл — Үндістанда 20 жыл қызмет еткен Леопольд Джонстың бүркеншік аты. Оның құпия агент Колин Грей туралы төрт романы ғылыми фантастика жанрына көбірек жақын. «Кобра патшасында» (King Cobra, 1933) Орталық Азиядағы аңызға айналған христиан билеушісі Пресвитер Иоанның ұрпақтары Тибеттің жерасты әлемінде тіршілік кешеді. Олардың бар үміті Иоанның монғолдардан құтқаруын күту болады.

«Ғажайыптар кітабындағы (Le Livre des Merveilles) керей ханы Уан пресвитер Иоанн ретінде көрсетілген иллюстрация. 15-ғасыр / Bibliothèque nationale de France

«Ақ питон: Тибеттегі шытырман мистика» (White Python: Adventure and Mystery in Tibet, 1934) романының сюжеті 1930-жылдары өрбиді. Грей Тибетке құпия әрі ұқыптылықты талап ететін тапсырмамен аттанады. Онда саяси диссидент Чорджиев бастаған көтеріліс елді бүлікке бастап, қауіп төндіріп тұрған еді. Грей бүлікшілердің жоспарын бұзу үшін тибеттік монах кейпіне енеді. Бұл сапар барысында ол жерасты патшалығына және Ақ Питон туралы ежелгі сәуегейлікке тап келеді. «Уланған тау» (The Poisoned Mountain, 1935) романында ол Тибет жанартауынан шығып жатқан уытты газдардан Үндістанды құтқарады. Ал «Тоғыз өмірде» (Nine Lives, 1937) кенеттен телепортацияға қабілетті лама мен мысырлық Мысық-Құдай әйел пайда болады.

Еркало ламасериясындағы ламалар биі. 1905 жыл / Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Осы жанрдың ең қызық үлгілерінің бірі — румынның әйгілі жазушысы (және болашақ мемлекет басшысы) Михай Садовяну жазған «Шапқыншылық ұясы» (Cuibul invaziilor, 1930) романы. Ол Томас Уитлам Аткинсонның «Шығыс және Батыс Сібір» (Oriental and Western Siberia, 1858) атты кітабынан шабыттанғаны сонша, романның мұқабасы да Аткинсон салған суреттерге ұқсап кеткен. Садовянудың бұл шығармасы ғылым мен технология халықтардың өмір салты мен дәстүрлерін біржола өзгертіп жібергенге дейінгі тұрмысын, мәдениетін және әдет-ғұрпын қалпына келтіруге бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі болды. Ол әсіресе ежелгі румын жері Дакиямен байланыстыратын Скифияға айрықша қызығушылық танытты.

Кейін Садовяну осы тақырыпта кемінде тағы екі шығарма жазды — «Увар» (Uvar) және «Купала аптасының түндері» (Nopțile de Sânziene). 1930-жылдары ол ғылым мен технология мәдени әртүрлілікке қауіп төндіріп, оны біртектендіруге әкеледі деген көзқарас ұстанды. Ал 1950-жылдары, социалистік дәуірдің идеологиясына бейімделу мақсатында болса керек, «Шапқыншылық ұясы» еңбегі ғылыми-фантастикалық журналда жаңа саясиланған интерпретациямен қайта басылып шықты.

Абрахам Мерриттің «Металл құбыжығы» (The Metal Monster, 1920) атты фантастикалық романының оқиғасы да Гималайда өтеді. Кейіпкерлерге парсы әскерлері қауіп төндіреді, бірақ оларды найзағайларға әмір ететін құдай-ана Норхала мен ғажайып Мақұлықтар (бірігіп қала салатын, сәулесі жойып жіберетін және басқа да керемет қарумен қаруланған тірі геометриялық пішіндер) құтқарып қалады.

Суретші Глен Уайт. Абрахам Мерриттің Argosy All-Story Weekly журналында шыққан «Металл құбыжық» (1920) кітабының мұқабасы / Wikimedia Commons

Мұндай романдардың Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде ондаған түрі жарық көрді. Бұл — «жоғалған халықтар» жанрының алтын ғасыры болды. Алайда 1950-жылдардың басына қарай көркем әдебиеттің алдыңғы қатарына ғылыми фантастика біржола шықты. Жазушылардың назары енді жұмбақ континенттерге емес, зерттелмеген ғаламшарларға ауа бастады. Сонымен қатар әдетте нәсілі басқа «жергілікті халықты» жеңетін «ақ қаһармандар» туралы қалыптасқан сюжет те енді орынсыз әрі ескірген болып көріне бастады.

Джереми Лейн (1893–1963) жазған «Сары адамдар ұйықтап жатыр» (Yellow Men Sleep, 1919) романында құпия агент Кон Левингтон Гоби шөліне «Кореш» (Koresh) деп аталатын затты іздеп барады. Сол жерде ол ежелгі өркениеттің үстінен түседі. Ал Гилберт Коллинздің (1890–1960) «Көрінбейтін көздер аңғары» (The Valley of Eyes Unseen, 1923) романында Тибетте өмір сүріп жатқан гректердің ұрпақтары суреттеледі, олар алып денелі, ғылымы дамыған тіршілік иелеріне айналған.

Тіпті Орталық Азия тарихына шығармашылығының үлкен бөлігін арнаған ғалым Гарольд Лэмб те оқиға желісі осы аймаққа өрбитін кемінде үш роман жазған: «Сұңқардың үйі» (The House of the Falcon, 1921) — Ауғанстандағы саяк тайпасының Тыйым салынған қаласында өмір сүретін ежелгі күнге табынушылар туралы; «Жылжымалы құмдар» (Marching Sands, 1920) — Гоби шөлінде жасырын өмір сүріп жатқан усунь тайпасынан шыққан крест жорықтарына қатысушылар жайлы; және «Шығыстағы бақ» (A Garden to the Eastward, 1950) романының оқиғасы Күрдістандағы Араман атты құпия аңғарда өрбиді.

Харольд Лэмбтың «Жоғалған кішкентай қозылар» кітабының мұқабасы/ Ашық дереккөзден

Шотланд математигі Эрик Темпл Белл (1883–1960) Джон Тейн деген бүркеншік атпен ғылыми фантастика жазған сирек кәсіби ғалымдардың бірі болды. Вашингтон университетінде дәріс бере жүріп, ол бірнеше роман жариялады, олардың кемінде екеуі Орталық Азиямен байланысты. «Күлгін сапфир» (The Purple Sapphire, 1924) романында бір топ авантюрист ежелгі аңғарды тауып алады, онда ерекше қасиеттері бар минералды жұмбақ жағдайда өмір сүретін көне халық өндіріп жатады. Кейін ол «Тыйым салынған бақ» (The Forbidden Garden, 1947) атты роман жазды — бұл шығарма Азияның бір алыс түкпірінен алынған топырақты іздеу жайлы, ал ол топырақта бүкіл адамзатты жойып жібере алатын жұмбақ гүлдер өседі.

«Тыйым салынған бақ» кітабының мұқабасы, авторы Джон Тейн (Эрик Темпл Белл) / Wikimedia Commons

Америкалық сценарист және режиссер Перли Пур Шихэннің «Ғажайыптар құрдымы» (The Abyss of Wonders) романы алғаш рет 1915 жылдың қаңтар айында Argosy журналында жарық көрді. Оқиға Гоби шөлінде өрбиді, онда технологиялық тұрғыдан дамыған қоғам өмір сүретін болып шығады. Кейінірек, 1932–1933 жылдары, оның «Шамбалаға апаратын қызыл жол» (The Red Road to Shamballah) романы жарияланды. Бұл туындыда басты кейіпкер Пелэм Шаттак ежелгі монахтан Құбылай ханның аңызға айналған қылышын алады. Осы қасиетті қарумен қаруланған Шаттак Гималайға аттанып, империяны біріктіріп, мифтік Шамбаланы құруға тырысады.

Николай Рерих. «Ригден Джапо әмірі», 1933 жыл. «Шамбалаға апарар Қызыл жол» кітабы Николай Рерихтің басқа көптеген шығармалары секілді Шамбала жайлы аңызбен байланысып тұр / Nicholas Roerich Museum, New York / Fine Art Images/Heritage Images/Getty Images

Маған оқиға желісі Орталық Азияда өрбитін «жоғалған халықтар» жанрындағы тағы отызға жуық белгісіз романдарды табу мүмкіндігі туды. Олардың кейбірі шынымен назар аударуға тұрарлық болса да, көпшілігі — ұл балаларға арналған кәдімгі шытырман оқиғалар. Қалай болғанда да, Екінші Дүниежүзілік соғыс жақындаған сайын және әлем картасындағы «зерттелмеген» нүктелер азая түскендіктен бұл жанр оқырманды жалықтыра бастады да, көп ұзамай сәннен шығып қалды. Бүгінде олардың тек әсерлі мұқабалары мен айбынды атаулары ғана осы дүниелерді жан-тәнімен сүйетін коллекционерлерден аман қалған экземплярларын іздеуге итермелейді. Ондай кітаптар кейде бірнеше жүз доллар тұруы да мүмкін. Қажет болса, оларды әлі де табуға болады.

Рой Дж. Снеллдің «Пантера көзі» кітабының мұқабасы/ Ашық дереккөзден

Көшірілді