1986-ның желтоқсаны суық болды. Ызғардан қорғалаған Алматы бүк түсіп, бүркеніп жатқан: күн қысқарған, ымырт ерте түсетін, радиодан үйреншікті партия жаңалықтары екпіндете хабарланып жатты. Әдеттен тыс ештеңе байқалмаған. Бірақ ай жартысынан ауа бәрі өзгеріп сала берді. 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында республиканы жиырма жылдан аса басқарған Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен босатылғаны мәлім болды. Оның орнына Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ, Ресейдің Ульяновск облысынан келген партия функционері Геннадий Колбин тағайындалды.
Мәскеу үшін бұл кезекті кадрлық ауыс-түйіс қана болатын. Ал қазақ қоғамы үшін республикадағы маңызды шешімдердің халықпен ақылдаспай қабылданатынының тағы бір дәлелі еді. Бұл жағдай онсыз да ширығып тұрған шыдамның соңғы тамшысындай болды.
Желтоқсан оқиғасын зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепберген сол күндердің хронологиясын арнайы Qalam үшін қайта қалпына келтірді.
16 желтоқсан
Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің V пленумы жиналып жатты. Алайда айтулы жиын бар-жоғы 18 минутқа созылды. Алматыға арнайы ұшып келген КОКП Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Георгий Разумовский Саяси бюро атынан Дінмұхамед Ахметұлына алғыс айтып, орнына жергілікті жұртқа аты-жөні беймәлім Геннадий Колбиннің тағайындалғанын жария етті.
Республикалық радиодан пленум қабылдаған шешiм туралы хабар тарады. Алайда онда құрғақ ақпараттан басқа ештеңе айтылмады, болған жағдайдың мән-жайы түсіндірілмеді. Ертеңіне «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» ақпараттық хабарлама жариялады. Олар да «Қонаев зейнеткерлікке шығуына байланысты қызметінен босатылды, орнына Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.Колбин тағайындалды» деумен шектелген.
Бұл шешімге наразылық сипатындағы толқудың алғашқы легі студенттік жатақханалардан бастау алды. Жастар бірін-бірі көшеге шығуға үндей бастады.
«16 желтоқсанда, пленум болған түнде-ақ, Алматы Театр және көркемсурет институтының* [бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы] студенттері Қ.Айтмұрзаев, Б.Иманғожаев, Ү.Сейтімбетов, А.Қанетов және М.Қасенбаевтар Алматы қаласындағы жатақханаларды аралап, үндеу таратып, ұрандар жазып, қозғалыстың жоспарын жасаған еді»» дейді Конституциялық соттың бұрынғы судьясы, Желтоқсан оқиғасын зерттеуге үлес қосқан заңгер-ғалым Сабыр Қасымов.
Ресми органдар кейін студенттердің әрекеттерін «арандатушылық» және «ұлтшылдық» деп бағалайды.
«Театр-көркемсурет институтының студенттері ұлттық өшпенділік пен араздықты қоздыру мақсатында 1986 жылғы 16 желтоқсан күні кешке шетел тілдері институтының, медицина, зооветеринария және политехника институттарының, ҚазМУ-дің (қазір — ҚазҰУ) химия және физика-математика факультеттерінің, сондай-ақ Киров атындағы зауыттың №2 жұмысшы жатақханасына барып, жастарды оқуын және жұмысын тастап, алаңға шығуға үгіттеген. Сол сияқты, олар студенттер мен жұмысшыларды жаппай тәртіпсіздікке қатысуға арандатқан, ұлттық сипаттағы ұрандар жаздырған»». [Алматы қалалық сотының үкімінен үзінді, 1987 жылғы 20 шілде]
Кейінірек Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Мирошник былай деп мәлімдейді: «Студенттердің бір тобы, Айтмұрзаев, Қанетов және басқалар — барлығы 12 адам, қаладағы алты жоғары оқу орны мен Киров атындағы зауыттың сегіз жатақханасында арандатушылық, азғыру жұмысын жүргізген. Олар саяси жағынан толыспаған жастарды қоғамға қарсы әрекеттерге қатысуға итермелеп, ұлтшылдық сипаттағы ұрандар мен плакаттар әзірлеп, көшелерге алып шыққан».
1986-ның желтоқсанында Алматы көшелерін шарпыған наразылықтың алғашқы ұшқыны осылайша 16-сынан 17-не қараған түні тұтанды.
Желтоқсанға түрткі болған жайт
Зерттеушілер Желтоқсан оқиғасының себептері туралы әлі күнге дейін ортақ пікірге келе алмай отыр. Кей зерттеушілер толқынысты бастап берген оқиғаны — Қонаевтың орнынан алынуын — оның Одақ бастамасының бірін қолдаудан бас тартуымен байланыстырады. 1986 жылдың көктемінде Михаил Горбачев Теңіз мұнай-газ кен орнын Түменмен біріктіріп, бірыңғай өндірістік аймақ құруды ұсынған. Осы жобадан бас тартуы Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынуына ықпал еткен бейресми себептердің бірі болуы мүмкін.
Қазақстанның бірінші басшысын ауыстыру Мәскеу үшін бюрократиялық рәсім болғанымен, оның салдары саяси сипат алды. Қатардағы кадрлық өзгеріске жауап ретінде жаппай наразылық бұрқ етеді деп ешкім күтпеген еді.
Кеңес өкіметі жылдарында Қазақ облыстық, өлкелік комитеттерінде, кейін Қазақстан Орталық комитетінде бірінші хатшы болып жиырма шақты адам қызмет атқарған. Олардың үшеуі ғана қазақ болған. Бір қызығы, бұған дейін Республика коммунистерінің басшылығында қазақтың болмауы бұрын-соңды мұндай ашу-реніш туғызып көрмеген. Яғни Қонаевтың орнынан кетуі Желтоқсан дүмпуін бастап бергенімен, оның себебі әріде жатқанын бағамдаймыз. Мәселен, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін сотталып, Ресейдің Чита облысына айдалған Расылхан Құдайбергенов сол кезде елдегі саяси-рухани ахуалдың күрделеніп кеткенін айтады:
«Ана тіліміз тұсаулы аттың күйін кешіп, дін-тініміз тарылды. Қазақ жастарына табылса — жұмыстың ең ауыры бұйырды. Қалалық тіркеу қайдан, «Жетім бұрыш» жағалау ғана маңдайға жазды. Осы сынды мың сан кедергі жайттардың күн өткен сайын қоюлана бастағанын арман қуып келген Алматыда студент бола жүріп біз де жете сезіне бастадық. Бұлайша жалғаса беруі мүмкін болғанымен, оған деген қарсылық пен наразылықтың түбі бір бой көрсетері анық еді»
Желтоқсан дәл осындай қордаланған наразылықтың көрінісі болды: бұл, ресми насихат айтқандай, «ұлтшылдықтың өршуі» емес, қорлық пен үнсіздікке толы жылдарға берілген жауап еді.
17 желтоқсан
Студенттердің алғашқы легі сол кездегі Брежнев атындағы алаңға (бүгінде Республика алаңы) жинала бастайды. Олардың саны сағат санап өсе берді.
«1986 жылдың 17 желтоқсанында таңертеңгі сабақтарына бармаған бес студент Театр-көркемсурет институтының 150 студентін Брежнев атындағы алаңға алып шығып, ұлтшылдық сарындағы ұрандарын жалаулата айқайлатып, мемлекеттік билік өкілдері, Орталық комитет және Үкімет мүшелерінің жиынды тарату туралы талаптарына құлақ аспаған». [Алматы қалалық сотының үкімінен үзінді, 1987 жылғы 20 шілде]
Республиканың жаңа тағайындалған басшылығы алаңға жиналғандарды Үкімет үйінің терезесінен бақылап, Мәскеуге жедел хабар жібереді. Алдымен митингіні бейбіт түрде тарату туралы нұсқау келеді.
Жастар топ-тобымен көшелерді аралап, алаңдағы нөпірге келіп қосылып жатты. Митингіге қатысушылар «Менің Қазақстанымды» айтып, әндетіп тұрды. Үкімет үйінен митингішілерге билік басындағылар да келді. Алайда ортақ келісім, бейбіт шешім бола қоймады — шенеуніктердің басым бөлігі қазақша сөйлей алмайтын еді. Жиналғандардың мазағына ұшыраған олар «Жігіттер, қыздар, қайтыңдар!» дегеннен басқа жөнді сөз айта алмады.
Алаңда митингішілермен қатар, милиционерлердің де қарасы қалыңдады. Олар әлсін-әлсін қақтығысып қалып тұрды.
Орталықтан, Кеңес одағының түкпір-түкпірінен мұздай қаруланған әскер бөлімдері ағыла бастады.
Қазір кейбір зерттеушілер арасында «алаңға барғандардың ішінде кездейсоқ қызық көру үшін жүргендер аз болған жоқ» деген жаңсақ пікір белең алып жүр. Алайда шараға тартылған қарулы күштер ауқымы бұл пікірді терістейді.
19–20 мыңдық Алматы жасақшыларының қарулы күшінен бөлек, КСРО-ның жеті бірдей қаласынан құрама әскер арнайы ұшақпен әкелінді: Фрунзедегі 5450-ші әскери бөлімнен 100 адам; Ташкенттегі 5452-ші және 3408-ші әскери бөлімінен 300 адам; Челябинскідегі 5426-шы әскери бөлімінен 203 адам; Новосибирскідегі 5427-ші әскери бөлімінен 203 адам; Уфадағы 5424-ші әскери бөлімінен 200 адам, Свердловскідегі 5425-ші әскери бөлімінен 225 адам және Тбилисиден 480 адам.
Алаңдағы трибунаға келген шенеунiктер мен әскерилер «Соңғы рет айтамыз, жатақтарыңа қайтыңдар! Қайтпасаңдар, күш қолданамыз, бәрiң де ертең заң алдында жауап бересiңдер!» деп доқ көрсетті. Митингішілер райынан қайтпады, қайта ширығып, трибунаға қар мен мұз лақтырды.
Орталық комитет бұйрығымен жастарды күшпен тарату басталды. Бұл уақытта алаң мен оған жақын көшелерде 25–30 мың адам, ел ертеңіне бейжай қарамайтын жастар мен студенттер толқып жүрген.
Ертеңіне шеруге шыққан жастарға жаппай нашақор, маскүнем деген айып тағылды. Мысалы, 18 желтоқсан күні «Комсомольская правда» газеті былай деп жазды:
«Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматы қаласында ұлтшылдардың арандатуымен бір топ оқушы жастар көшеге шығып, жуырда болып өткен Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті пленумының шешіміне наразылық білдірді. Тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті, азық-түлік дүкенін, жеке иелердің автомашиналарын өртеп, қала тұрғындарын қорлап, жәбірледі».
18 желтоқсан
Бұл кезде әскер күштері мен милиция алаңды қоршап алып, оған ешкімді жібермей тұрған болатын. Түнгі күштеп таратудан қаймықпаған жастар тағы да топ-тобымен алаңға ағылды.
Митингішілердің тарқайтын түрі байқалмады. Билік басындағылар көрнектi мәдениет, өнер қайраткерлерiн алаңға ертіп келіп, оларға сөз берді. Бірақ жастарға олардың сөзі өтпеді. Қас қарая қақтығыс қайта өрши бастады.
Сол күні кешке қарай КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Михаил Соломенцев Мәскеуден ұшып келеді. Бұл Алматыдағы жағдайдың одақтық деңгейдегі оқиғаға айналғанын білдірді. Шенеуніктің әр тұжырымы мен ескертпесі саяси нұсқау мен бұйрық түрінде қабылданатын.
Бес күннен кейін, 1986 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан КП ОК-нің бюро мәжілісінде Соломенцев:
>«Алматыда қазақтардың саны екі есеге өсіп кеткен!»» деп тепсіне сөйлейді.
Алаңда «Құйын» операциясы басталды. Әскери бөлімдерге қаланың орталығын тазарту туралы бұйрық берілді. Мұздай қаруланған әскер жастарға тарпа бас салды. Әскерилер алаңды тазартып, көше-көшені қуалай жастардың ізіне түсті. Ұсталғандарды ұл-қыз демей аяусыз ұрып-соғып, қыздарды шашынан сүйреп, көліктерге қойша тиеді.
Сапер күрегімен ұрған соққыдан бас сүйегі қатты жарақаттанған Энергетика институтының студентi Ербол Сыпатаев ауруханаға жеткізіліп, көп уақыт өтпей қайтыс болды.
«Арамызда таяқтан бет-жүзі адам танымастай өзгеріп кеткен бір жігіт болды. Оның көзі шығып кетіпті. Содан бізді жеті түнде Шамалған жақтағы жүгері егетін алқапқа апарып тастады. Күн суық. Бәріміз оңбай таяқ жегенбіз. Жолдың бойымен қалаға қарай жүгіріп отырдық. Ешқандай машина тоқтамайды. Зорыққандардың аузынан ақ көбік ағып кетіпті. Әйтеуір, таң ата жатақханаға жетіп жығылдым. Суық қатты өтіп кеткен екен. Бір ай ауруханада жаттым. Соның салдарынан бала көтере алмай қалдым. Мұның бәрі суықтың кесірінен екен»» дейді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, сол күндердің куәгері Гүлнәр Байбосынова [cол кезде Театр және көркемсурет институтының студенті].
17–25 желтоқсан. Қазақстанның басқа аймақтары
Алматыдағы аласапыраннан кейін республикадағы өзге облыс орталықтарында да наразылықтар басталады. Архив деректеріне қарағанда, Жамбыл (қазіргі Тараз), Шымкент, Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, Алға қалаларында, сондай-ақ Шамалған мен Сарыөзек елді мекендерінде митингілер мен ұстап әкетулер болған. Өңірлердегі толқулар 17-сінен 25 желтоқсанға дейін жалғасқан. Түрлі есептеулер бойынша, сол күндері Алматыдан тыс өңірлердегі шеруге қатысқандар саны 2500 адамға жетіпті. Бұл әдейі кемітіліп көрсетілген сан болуы да ықтимал.
Кей қалаларда студенттер шеруі, атқару комитеттері мен партия комитеттері ғимараттары алдында жиналыстар өтеді. Жаппай қақтығыстарға жол берілмесе де, жергілікті ішкі істер органдары мен партия құрылымдарына «қажет болған жағдайда қатаң және ымырасыз әрекет ету» жөнінде нұсқау беріледі. 1986 жылдың желтоқсан айының соңына дейін республикалық баспасөзде «тәртіп бұзушылықтар» мен «қоғамға қарсы көріністер» туралы хабарлар жарияланып тұрады.
Қудалау, сот және өлім жазасы
Жалпы, Желтоқсан кезінде әр ұлт өкілдерінен 2401 адам ұсталған. Солардың ішінде 326 адам әкімшілік жазаға тартылды, қылмыстық тәртіп бойынша 99 адам сотталды, екі адам ату жазасына кесілді.
Мұның сыртында 270 студент оқудан шығарылып, жүздеген жұмысшылар мен қызметкерлер жұмысымен, қызметімен қош айтысты.
Қайрат Рысқұлбеков (Жамбыл), Ербол Сыпатаев (Талдықорған), Сәбира Мұхамеджанова (Өскемен), Ләззат Асанова (Талдықорған) және Кенжегүл Молданазарова (Шымкент) сынды 18–20 жастағы жас өрендер жазықсыз қаза тапты. Атынан ат үркетін алып империя — Кеңес өкіметінің олардан қандай қауіп-қатер көргенін түсіну қиын.
23 желтоқсанда ҚКП ОК Бюросының отырысында Соломенцев былай дейді:
«Бір нәрсе анық, алаңда болған оқиғалар кездейсоқ, стихиялық құбылыс емес. Бұл — ұйымдастырылған іс. Ұйымдастырушының кім екендігі маған белгісіз, табамыз ба, жоқ па — оны да айту қиын. Қалай дегенде де, мұның ұйымдастырылған іс екенін анық айтуға болады... Белгілі бір топ қылмыстық жауапкершілікке тартылады».
Осыдан кейін республикадағы партия органдары студенттер мен интеллигенция арасындағы «ұлтшылдық көңіл-күйлерді анықтау» науқанына кірісті.
Желтоқсан мұрасы
Кеңестік есеп-баяндамаларда Желтоқсан «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп аталды. Шын мәнінде, ол Кеңес одағындағы орталықтандырылған билікке қарсы алғашқы ашық наразылық болды. Бірнеше жылдан кейін осындай толқулар Балтық жағалауы республикаларында, Баку, Тбилиси, Ферғана қалаларында қайта тұтанып, әр жерде Желтоқсандағы ұрандарға ұқсас азаттық туралы сөздер естіле бастайды.
1986-дан бес жыл өткен соң, дәл көтеріліс тұтанған күні, 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдайды. Сол күні Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар да ақталды.
Әлі де ашылмаған құпиясы көп Желтоқсан оқиғасы осылайша қорытындыланды. Әділетсіздікке қарсы студенттер наразылығынан басталған Желтоқсан Қазақстанның жаңа тарихы бастау алатын межеге айналды.
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ
1986 жылдың желтоқсанында Алматы көшелерінде қайғылы оқиғалар өршіп тұрған кезде...
qalam.global