Жезтырнақ
Мыс кені мен аңдардың қожасы
Жезтырнақ — тырнақтары жез (мыс) қазақ ертегісінде көп кездесетін жын-пері тектес бейненің бірі. Есіңізде ме? Жалғыз жүрген аңшы бұрын-соңды адам аяғы баспаған елсіз жерге келіп, онда тырнағы жез болған әдемі жас келіншек кейпінде көрінген жын-пері тектес мақұлықты кездестіреді.
Жезтырнақ — ғаламат зор қара күштің иесі. Ол өзінің жер жаңғырықтыратын ащы даусымен құстарды, ұсақ хайуанаттарды өлтіре береді. Осыған ұқсас жез тырнақ я жез тұмшық (жез мұрын) деп аталатын бейне қырғыз халқының, сондай-ақ тувалықтар (чулбус жын я шулбус) мен буряттардың (му-шубун) аңыздарында бар.
Мифтанушы Серікбол Қондыбай жезтырнақ кездескен қазақ ертегілерін өзара салыстырып шыққан.i Ол аталған ертегілерді «Казахская мифология. Краткий словарь» (2005) деген еңбегінде, бертін келе «Арғықазақ мифологиясы» деп аталатын төрт томдық жинақтың екінші кітабындағы «Ұлы аңшылар дәуірі» деген алтыншы тарауда талдаған. Аталған ертегінің бәрі елсіз жерге келген мерген-аңшы жөнінде. Елсіз жер деген сөз тіркесі жезтырнақ көрініс тапқан ертегілердің бәрінде қайталанғандықтан, оның мифтік көтеріп тұрған жүгі бар. Аталған елсіз аймақта аң көп және олар адамнан қорықпайды. Сондықтан мерген аңшының қанжығасы майланбақ.
Бірде кешкі уақытта аңшы от жағып, ет қақтап отырғанда жанына әдемі қыз жақындап келеді. Оны аңшы байқап қалып асқа шақырады. Сұлу қыз тамақ жегенде жеңімен саусақтарын жауып отыруға тырысады. Аңшы осыған қарап бұл қыздың Жезтырнақ екенін аңғарады. Қыз жөнімен кеткен соң аңшы оттың қасына бір томар ағашты әкеліп жатқызып, басына бас киімін кигізіп, үстіне сырт киімін жабады да өзі бір биік ағаштың бұтағына шығып, жезтырнақты күтеді. Жезтырнақ мерген жатқаннан кейін ептеп келіп, жаңағы томар ағашты бассалады. Осы тұста ағашта отырған мерген оны дәл көздеп, садағымен атып түсіреді. Сосын ол Жезтырнақтың сояудай болған тырнағын кесіп алады (ертегінің барлық нұсқасында осылай болады). Ертесі күні аңшының алдынан мыс жылан шығып, аңшы оны да өлтіріп, басын кесіп алады (бұл оқиға кей нұсқаларда ғана кездеседі). Үшінші күні аңшы таутайлақты (хтоникалық мақұлық) кезіктіреді. Аңшы Жезтырнақтың сояудай тырнағын қару етіп қолданып, таутайлақты өлтіріп, тілін кесіп алады (таутайлақ — бір жасар жабайы түйенің төлі). Төртінші күні аңшының алдынан айдаһар шығады. Аңшы оны таутайлақтың өткір тілінің көмегімен өлтіреді. Сосын аңшының алдынан аяқ-асты ақ түсті киіз үйлерден тігілген ауыл ашылады. Онда аңшыны пері-қыз қарсы алады (қыздар). Ол (олар) аңшының жағдайын жасайды: ас-суын беріп, ұйықтатады. Сол бір түні аңшыны күтіп алған қыз бірнеше айдан кейін тоғыз (тоқсан) жолдың торабында оған жаңа босанған нәрестені береді.
Қазіргі уақытта әртүрлі аймақта түн ортасында елсіз жатқан далада пері-қыздар жайлаған ауылға тап болған жігіттің оқиғасын нақты біреудің басынан өткен жайт ретінде баяндау кең етек алған. Сондай-ақ халық ішінде жезтырнаққа қатысты хикаят та жиі айтылады. Мәселен, Абай облысындағы Аягөз ауданының тұрғындары совет кезінде Құсмұрын алтын кенінің жанынан күн батқан соң айналып өтуге тырысқан. Айтуларға қарағанда, кеннің маңайын Жезтырнақ торуылдап жүріп, ары-бері өткен көліктерге шабуыл жасайды-мыс. Тіпті жүргізушілер жүк көлікке түскен тырнақ іздерін де көрсеткен жағдайлар болған.
С. Қондыбайдың пікірінше, жоғарыда сөз еткен оқиғалардың бәрі — таңғажайып баян я аңшылық ертегілер ғана емес, сондай-ақ астарындағы мағынаны ашуға болатын ежелден жеткен мифологиялық сюжетті кемсітуді мақсат еткен реликт іспеттес. Мифологиядағы аңшы — архаикалық мифтерде жиі кездесетін мәдени қаһарман. Сондай-ақ халық арасында аспандағы аңшылық жөнінде баян еткен (аңшы аспан әлемінде ғарышты мекен еткен, шоқжұлдызға айналып кететін бұланды, бұғыны я арқарды қуып жүреді) астральді мифтер де кең тараған. Аңшылық мотиві хтоникалық мақұлықты өлтірген қаһарманның әрекетіне байланған. С. Қондыбай зерттеуінде аңшы-қаһармандар кездесетін ертегілердің түрлі нұсқаларындағы кейіпкердің атына ден қойған: Арғымерген,iArig — арғы беттен келген, ежелгі, өзге әлемдік, қарсы тараптың өкілі, гректің архэ ұғымымен өзектесЕсекмергенiсөзбе-сөз тарқатар болсақ: есек-аңшы болады, бірақ С. Қондыбайдың жорамалы бойынша, аңшының бастапқы есімі Ескімерген — шау тартқан, ескі аңшы деген мағынаны береді. және т.б.
Егер аңшының Жезтырнақпен кездесуіне мұқият ден қоятын болсақ, онда ертегілердің барлық нұсқасында мергеннің Жезтырнаққа ет ұсынғанын көреміз. Аталған әрекеттің астарына үңілер болсақ, онда құрбандыққа шалу ишарасын байқауға болады. Айталық, бұл ежелгі аңшылардың қандай да бір құдайларына, аяқ басқан жердің жарылқаушысына, аңдардың қожасына сый ұсынғаны іспеттес. Аңшы атып алған аңдардың өтеміне Қожайынға «ақы» төлеуге тиіс. Осыған ұқсас мотив тек түркі-моңғол халықтарының арасында ғана кезікпейді. Мәселен, ежелгі грек аңшы-құдайы Артемида классикалық кезеңге дейін Критте аң-құстың қожасы болған. Аңшы түн ортасында Жезтырнақты атып алар алдында шабуылға мұқият дайындалады. Ол алдымен томарға, уақ ағаш, жуан терекке шапанын жауып қояды, яғни адамның киімін киген ағашты әзірлейді. Турасын айтқанда, аңшы ағаштан (томар және т.б.) өзінің бейнесін жасап, оған киімдерін кигізеді. С.Қондыбайдың тұспалы бойынша, осы арқылы:
а) аңшы атып алған аңдарды қайта тірілтудің ишарасын жасайды,
б) мерген рухымен байланысу үшін онгон (қуыршақ) жасайды.
Бұл ишара сондай-ақ тұл жасаумен (марқұмның киімінен немесе сырт киімімен, бас киімімен ағаш жақтау түрінде жасалған бейнесі) де астасуы мүмкін. Ертегінің бір нұсқасында аңшы бертін келе іс жүзінде ағаштың діңгегі болып шыққан әйелге құмартады; сондықтан аталған бейне кездейсоқ болмауы да бек-мүмкін.
Ертегінің кей нұсқаларында аңшы Жезтырнақты бірден атып өлтіреді, ал басқаларында – Жезтырнақ оқ тиіп, жараланады; сосын ол қаша жөнеледі, ал аңшы артынан қуады. Ізін аңдып я тамған қанға еріп аңшы бір үңгірге (өзге нұсқаларда – лашыққа, қосар я күркеге) келіп, қансырап өлген Жезтырнақты көреді. С.Қондыбайдың сөзінше, бұл – ежелгі тәңіриенің тұрағы я соған арналған киетам.
Оның сөзінше: «Жезтырнақтың үйі (үңгірі) – ежелгі мифтегі әйел тәңіриенің (бұл жерде ол Рудың Рух-қамқоршысы, рулық территорияның қатын-қожайыны, Аң иесі, т.б. болып шыға ма? – маңызды емес) кеңістігі. Жезтырнаққа ас берген (ет берген), әлдебір өлтіру имитациясын жасаған мерген енді осы тәңіриеден белгілі бір сыйлық алуға тиіс».
С.Қондыбай Жезтырнақ бейнесін аң-құстардың қожасы, Артемида аңшымен салыстырады. Ежелгі дәуірде аю бейнесінде көрініс тапқан және оған адамдардың шалған құрбандықтарын алып келген әрі тәңірананың өзі кей тұстарда шектен шыққан қаныпезер ретінде бейнеленген. Осы іспеттес ежелгі мифтік бейнені Жезтырнақ ертегісінен кезіктіруге болады. Жезтырнақ археологиялық мифологияда – тәңір-ана, аңшылардың және жабайы аңдардың жебеушісі, ал оны жез тырнақтары – мифтің ежелгі күйінің рудименттері, яғни ол ілкі кезеңдерде тырнақтары сояудай болған жабайы жыртқыш аю бейнесінде көрінген. Бетіне аңшының киімі жабылған томарға келер болсақ, бәлкім бұл ишара ежелде өмір сүрген адамдардың аңшылық жоралғыларда жасалатын, жебеуші құдайға арнайы тарту (құрбандық) ретіндегі әрекет болса керек.
Артемида – айналасындағылар секілді етегі түрілмеген пәк болғанына қарамастан, оған арнап жұрт той алдында құрбан шалып отырған және өз кезегінде, тәңір-ана жаңа босанған келіншектерді жебейтін болған. Артемидадан айырмасы, кейде Жезтырнақ келіншек және ана кейпінде де көрінеді. Осы тұста тама руынан шыққан Сарыбас мерген жөніндегі аңызды мысалға келтірсек болады. Бұл аңыздың басында Сарыбас аң аулап жүріп кешке салым ас пісіріп отырғанда Жезтырнақ келіншекке тап болады. Мұнда да мерген жөніндегі оқиға қайталанады. Айырмасы Сарыбас жалғыз емес, үш бірдей жезтырнақты жолықтырады. Оның екеуін өлтірген соң аңшы жаралы болған үшіншісінің артынан қуады. Аңшыдан қашқан жезтырнақ Қаратаудың үңгірлерінің біріне келіп жасырынады. Соңынан қуған мерген де үңгірге келеді.
Қараса Жезтырнақ үңгірдің түбінде бүк түсіп жатыр екен. Өзі кемпір екен. Ол өлер алдында былай дейді:
«Алғашқы көріп өлтіргенің – қызым, соңғы көріп өлтіргенің – келінім еді. Жынысы еркегіміз – оңбаған, Құдай қарғаған, ант атқан, қарғыс тиген болды. Жынысы әйеліміз – өзің көрген: бірінен-бір өтеді. Өткені бар болсын: түбімізге жеттің. Құдай жаратқан асыл қазына осы үңгірде түгел. Мұның бәрін қопарамын деме, өзің көтергенше алып кет. «Жерұйық» деген осы. Енді айналсаң, саған бұл жоқ».
Сарыбас мерген артынан жұртына хабар беріп, әлгі үңгірдегі мол қазынаны иеленіп, қарық болмақ болып ниеттенеді, бірақ қанша іздесе де әлгі үңгірді енді қайтып таба алмайды.
«Бұл да бір көшпелі дүние екен, ол тұрақтап тұрмайды, бүгін көрсең, ертең жоқ. Құлақ естігенді көз көрмек. Талай жерұйық болғандар қайда кетті?» деген басқа да пәлсапалық ой толғамымен аңыз тамам болады.
Үңгірдегі мол қазына, осы қазынадан «өз үлесіңді ала алсаң, ала ғой» деп аңшыға жезтырнақтың өзінің ұсыныс жасауы тегін емес, өйткені жезтырнақ-кемпір – ежелгі тәңірие, ататектің қамқоршы Рухы; белгілі бір шарттарды орындаған мифтік қаһарман оның қолынан әлдебір материалдық (сондай-ақ рухани) игіліктерді ала алады. Ертегіде Жезтырнақтардың отбасында еркектердің бар екені айтылғанымен, ол негізінен өзі және қызы ғана әрекет етеді. Бұған қатысты С.Қондыбай:
«Жезтырнақтардың тек әйел (кемпір, оның қызы мен келіні) болып суреттелуі – ертегінің тым ежелгі, матриархат заманында қалыптасқан мифтік келтірімдердің негізінде шыққандығының куәсі» деп жазған.
Ал қазақ дәстүрін терең білген Таласбек Әсемқұлов (1955–2014 жж.) ауыз-екі әңгімеде Жезтырнақтың күйеуін қазақтар «кісікиік» деп атайтынын тілге тиек еткен. Қазіргі уақытта аталған сөзді томаға тұйық, көпшіл емес, саяқ жүргенді ұнататын адамға қатысты қолданады. Бірақ он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» еңбегінде,iОн бес томдық. 8-том. — Алматы, 2011. — 744 б. қазақ фольклорында аталған сөз тұлғасы адам тектес, бүкіл денесін жүн басқан мақұлық тәріздес тіршілік иесін білдіретіні жазылған және бұл үңгір адамының қазақша атауы болуы мүмкін деген тұспал да айтылады.
Жезтырнақтың отбасы, әсіресе қызы Сарыбас жөніндегі аңызда ғана емес, сондай-ақ кейбір ертегілерде кездеседі. Мерген жезтырнақтың қолы мен затын (әлгі алтын-күміс түймелерін, не шолпысын, не теңге-моншақтарын, не ақ балтасын) үйіне алып келеді. Мергеннің қызы болады. Кейін осы қыз күйеуге шығып, кетерінде әлгі заттарды сұрайды. Мерген бергісі келмейді, өйткені жезтырнақтың қызы (не әйелі, еркегі, балалары) осы заттарды іздеп келуге тиіс болатын. Бірақ қызы сұрап қоймаған соң, амалсыздан береді. Мергеннің қызы ауылдың шетіне (орманның ішіне) ақ отауын тігіп, түн болған сайын жезтырнақты күтеді, ақыры заттарды іздеп келген жезтырнақты (жезтырнақтарды) өлтіреді.
Бұған қатысты С.Қондыбай еңбегінде: «Жезтырнақтың қызды, келінді болуы да, келтірілген үзіндідегі оқиғаның шешесінен қалған дүниені қайтарып алмақ болған жезтырнақтың қызы мен сол нәрселерді иемденген, күйеуге шыққан, ауылдың (орманның) шетінде ақ отау тіккен мерген қызының тайталасы да кездейсоқ емес. Бұл үзіндідегі «ауыл (орман) шетіне тігілген ақ отау» да, мерген қызының күйеуге шыққанда тек жезтырнақтан қалған бұйымдарды алуы да, тек қана әлгі үйде қоныстанып, түні бойы ұйықтамай жезтырнақтың қызын күтуі де, жалпы, мерген қызының күйеуге шығу оқиғасы да ежелгі мифтегі «қалыңдық», «жезтырнақ әйелдің қызды күйеуге беру ғұрпы» мәселесінің актуалды болғанын көрсетеді. Мұны, «батыстағы ақ үй, ақ үйдегі қыздар кемпір» сияқты мәселелерді қарастыру барысында түсінуге болады. Жалпы бұл оқиғаның астары толық түсініліп болған жоқ» деп жазған. Аңшы қызының ұзатылуы алдында Жезтырнақтың қызының пайда болуы, гректердің Артемида құдайына той алдында құрбандық шалу жорасын еске түсіреді. Тіпті Жезтырнақ бейнесі С.Қондыбай тұспалдағандай матриархатпен байланысты болмаса да (заманауи ғылым 19 ғасырдан жеткен аталған тұжырымды мойындамайды), бірақ ежелгі әйелдік жоралғыларға қатысы бары анық.
Артемида мен Жезтырнақ арасындағы С.Қондыбай келтірген ұқсастықтарға илануға болады. Бірақ бұған қатысты менің өз гипотезам бар. Қазақ ертегісіндегі «Жезтырнақта» оның мыс (жез) тырнағына, ал қырғыздардың «Жез тұмшығында» — жез мұрнына, нақтылар болсақ, тұмсығына ден қойылған. Самұрық (Шыңырау) құстың сипаттамасында темір тырнағы мен тұмсығы айтылады, бірақ осы бір гипотезаны әрмен қарай індете түсер өзге аргументім жоқ.
Жезтырнақтың түр-сипаты, бәлкім кездейсоқ я сақталып қалған мифологиялық ұсақ-түйектерге негізделіп сипатталуы да ғажап емес: «көгілдір түсті көйлек киген жас келіншек», «етегі жезден я мыстан болған көйлек киген», «қозғалғанда көйлегі сылдырлайды», «сұңғыла бойлы, қара-сұр өңді (қараторы) әйел». Сояудай болған өткір тырнақтары темірден, мыстан, жезден я алтыннан жаратылған, «алақаны пышақтың жүзіндей көк темір, саусақтарының ұшы найзадай өткір», «тырнағына киген жезі бар». Мерген Жезтырнақтың «үйінен» кейбір заттарды, мәселен, оның алтын және күміс түймелерін, шашқа тағатын «шолпысын», теңге-моншағын я ақ балтасын алып кетеді.
Жезтырнақ үңгіріндегі темірдің мол болғанына қарап, оның ежелгі аңдардың қожасы болған бейнесіне, темірді өңдеуге байланысты, бәлкім, қола дәуірінде көзешілердің жарылқаушысы, темір кенінің қожасы бейнесі жапсырылған тәрізді. Бәлкім, аталған бейне әу баста антропоморфты болмай, уақыт өте келе ғана бізге таныс Жезтырнақ қалыптасқан болуы бек-мүмкін. Айталық, П.Бажов та Жезтырнақтың бейнесін мыс кенімен астастырған.
С.Қондыбай ежелгі аңшы жөніндегі мифті жалпы астральді (жұлдыздарға қатысты) миф ретінде қарастырады: ертегідегі айтылатын «қисапсыз аң-жануарлар» және «мол жеміс-жидек» деген тіркестер — «түнгі аспандағы самсап тұрған, сансыз, қисапсыз көп жұлдыздар» дегенді білдіреді. Орман-тоғайдың ағаштары, оның жапырақтары да — жұлдыз. Ал аңшының өзі — Орион шоқжұлдызы (оның үстіне түркі мифологиясында аталған шоқжұлдызды аңшының бейнесімен астастырады). Ертегідегі қыздар ауылы — Үркер. С.Қондыбай еңбегінде:
«Нақты мысалдардағы «шолпы», «теңге», «моншақ», «сылдырлаған күміс не темірі», «алтын-күміс түймелері», «ақ балта» дегендердің астарында нақты шоқжұлдыздың (немесе әлдебір аспани-күнтізбелік құбылыстың не мезеттің) бейнесі жатқан да болар, бірақ осы нәрселердің астарын біз толық тани алдық деп айта алмаймыз, басқа да белгісіз мағыналары болуы мүмкін» деп жазған.
Оның тұспалы бойынша, Жезтырнақ астральді мифте «Үлкен ұрғашы аю» шоқжұлдызымен байланысты болуы мүмкін (ежелгі грек мифологиясында «Үлкен ұрғашы аю» шоқжұлдызын Артемида маңайына топтасқан Каллиста нимфасымен байланыстырады) я Орион шоқжұлдызынан кейін актуалды болуға тиіс зодиактық шоқжұлдыздың бейнесі болуы мүмкін. Ал Жезтырнақтың қаны тамған ізі — Құс жолы. Мерген қызының күйеуге шығып, ауылдың (орманның) шетінен ақ отау тігіп отыруы, шешесінен қалған дүниесін іздеп келген жезтырнақтың қызымен жекпе-жекке шығып, оны өлтіру оқиғасы күнтізбелік деңгейде көктем айларына, Үркердің «жерге түсуі» уақытына сәйкес келеді.
Сомен Жезтырнақ бейнесінің тамыры тым тереңге кетеді және оған қарап ежелгі аңшы-мәдениет тасушыны, қола дәуірін, матриархат, астральді мифтердің қалың қабаттарын қайта қалпына келтіруге болады. Жезтырнақ бейнесі әліге дейін шығармашылық тұрғыдан қызықты тақырып болып отыр: Т.Әсемқұлов, шамамен, жиырма жыл бұрын «Жезтырнақ» аңызы желісі бойынша киносценарий жазып шықты. Аталған киносценарий «Орталық Азия мен Кореядағы мифтер, ертегілер мен батырлар жырының мотиві бойынша жазылған Халықаралық конкурстың» (2011) жеңімпазы атанды. Аталған шығармада Жезтырнақ қаныпезер ретінде көрінгенімен, шынтуайтында ол адамдарды абсолютті мораль тұрғысынан жазалайды. Менің Лиля Клауспен бірлесіп жазған «Бату мен достарының алтын тостағанды іздеуі» (2005, 2014 жылы жарық көрген) деп аталатын шығармамда жын-пері бейнесіндегі Жезтырнақ жоғарыда сөз еткен гипотезама сәйкес, Самұрық құсына айналады. Кейінгі жылдары осы ауандағы бірнеше шығарма, айталық, суретші Маргира Тілеубердинаның «Жезтырнақ» комиксы жарыққа шықты.