Белгілі мәдениеттанушы, жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловтың «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» кітабы автордың мифология, тарих және этнография, қоғам жайында әр кезеңде жазылған еңбектері мен мақалалары топтастырылып жарық көрген еңбегі.
Таласбек Әсемқұлов — қазақтың күй өнерін әдеби мәтінге айналдырған санаулы жазушылардың бірі. Оның еңбектері жастар арасында ерекше беделге ие болып, тәуелсіздік кезеңінен кейінгі қазақ руханиятына айтарлықтай ықпал етті. Дәстүрлі соцреалистік идеялардан бас тартып түркі дүниетанымындағы күй өнері, мифология, эпостық жырларға философиялық тұрғыда инттелектуалды қайта интерпретация жасады. Сонымен қатар қазақтың ақыл-ой санасын жаңаша тәпсірлеп, Қазақстандағы деколониалды дискурстың қалыптасуына айтарлықтай әсер етті.
Кітапта жарық көрген кейбір мақалалар ерте уақытта жазылғанымен, сәбет одағы кезеңінде ғалымның зерттеулері идеология шеңберіне қайшы деген желеумен көпшілігі жарияланбай қалып отырған. Ал кейінгі зерттеу мақалалары мен сын еңбектері мерзімді басылымдар мен интернет порталдарда жарық көріп, оқырманның ерекше ықыласына бөленіп қана қоймай, жас әдебиетшілердің іздеп оқитын маңызды мәтіндерінің біріне айналды. Тіпті Қытайдағы қазақ оқырмандарына дейін жетіп, жазушының еңбектері төте жазумен көшірме кітапша түрінде шығып кең таралды. Таласбек Әсемқұловтың әрбір мақаласына көз жүгіртсеңіз, қазақ руханияты мен мәдени өміріне деген шексіз сүйіспеншілігін көре аласыз. Солардың ішіндегі ең ерекше мақаларының бірі қазақ эпостарының наративтері мен мифологиялық мәні туралы және түркі халықтарына ортақ Алпамыс жырының Гомердің Одиссейімен мазмұн ұқсастығы туралы жазған еңбегі.
«Махабат… Бұл неткен сезім? Ол қайдан шығып, қайда талпынады?»
Бұл — мақалада жазылған Түркі бақсының, түркі дүние танымының мәнін ашатын ең маңызды рухани сауалы. Таласбек Әсемқұлов түркі әлемінің поэтикасы ислам келгеннен кейін исламның ортодоксальдық мораліне айналып, мифтердегі түркі құдайлары десакрализацияланғанын, яғни тәңіртекті қаһармандардың бәрі өз қасиеттерінен айырылып, қарапайым діни адамдар қатарына қосылғаны туралы баяндайды. Сонымен қатар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» секілді эпостық жырлардың мифтік сипатын түбегейлі жоғалтпағынмен, заман тезінен өтіп мазмұн жағынан жаңарып отырғанын айтып, оның мифтік қырларына үңіліп, шығарманың наративтерінен Гомер дастандарындағы ұқсас мазмұндарды жаңаша талдайды.
Мәселен, Алпамыс батыр жырындағы тәңіртекті қаһармандардың образы, Алпамыстың жалмауыз кемпірдің айласына ілігіп құдыққа тасталып кейін одан өзін құтқарып шыққанан кейін құтқаруға көмектескен патша Тайшынның қызы ессіздік тәңіриесі Қаракөздің қасында қалып жадын жоғалтуы, елінде қалған сүйіктісі Гүлбаршынға қара түннің ұлы Ұлтанның үйленбекші болғанын түсінде көріп есіне түсіріп еліне қайтып оралып Ұлтанды тас талқан етуі Одиссей дастанын еріксіз есіңе түсіреді. Бұндай ғашықтық ерлік дастандарындағы өзара ұқсас наративтерді Қобыланды батыр дастандарында да кездестіре аламыз.
«Адам рухының шарықтауы, өрлеуі қандайлық шексіз болса, ата-бабаларымыз мирас еткен қазақ мәдениетінің әлемі де сондайлық сарқылмас байлық»
Таласбек Әсемқұлов мақаласында адам рухының эволюциясы және оның дамып, шарықтау шегіне жетудегі қазақ эпостары, аңыз-әпсаналарының маңызы туралы сөз қозғайды. Қазақ эпостарында Платон айтқан эйдостың өзегі барын алға тартып, ғаламның жаратылысы, дүниенің құрылымы мен ретін айқындауда маңызды рөл ойнайтынын сөз етеді. Мәселен, адам психологиясы негізінде дүниеге келген аңыз-эпостарда дуалистік идеялардың адамның сантүрлі бір-бірімен қайшы келетін, қала берді бір-бірімен үйлесім табатын сезімдері қалай қабысатынын жазушы «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу», «Қобыланды батыр», «Алмапыс батыр» эпостары негізінде көрсетеді. «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу» лирикалық эпосындағы дуалистік идея махаббат драмасына, ал, одан кейін Иран және Жоңғар хандығымен сан ғасырлық соғыстардың салдарынан «Алпамыс» және «Қобыланды» эпостарындағы тиранға қарсы күрестің тақырыбына айналады деп жазады ол. Дуалистік идеяларды сөз ете отырып, «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу» эпосында екі Құдай — Сарыбай мен Қарабай туралы айтады. Сарыбай — жарық күннің киелі бейнесі, ал Қарабай — қараңғы түннің образы, Қозы — мәңгілік таңның образы болса, оның ғашығы Баян — таң жұлдыздарының бірі болар. Эпостың негізгі өзегі махаббаттың қандай сезім екенін, оның бастау бұлағы мен соңының қайда бастайтыны туралы сауалдардан тұрады.
Қазақ танымында жылқының образы әртүрлі мағынада интерпретацияланады. Таласбек Әсемқұлов өз сөзінде «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлудағы» сан жетпес жылқы әлем мен кеңістіктің бейнесі екенін, ал кейін ол адам бойына дендей еніп, оның жанына айналатынын жазады. Мұндағы кейіпкер Мамабике адам жанының қайғысы мен мұңын бейнесін сомдаса, Қодар мен Қарабай адам жанының қатыгездігі мен қулығынан хабар береді. Егер адам жүрегіне Мамабике енсе, оны қайғы билейді, ал Баян мен Қозы иелік етсе, жер бетінде махаббат пен ізгілік, бейбітшілік пен береке салтанат құрар еді.
Бұл жердегі дуализмдік текетірестер адам өмірінің мәнінің оның бойындағы асыл және опасыз қасиеттердің ішінара шайқасының нәтижесінде туатынын көрсетеді. Таласбек Әсемқұлов жалпы қазақ мәдениетінде адамгершілік, ар-намыс пен мейірім сынды ізгі қасиеттердің ілкі дәуірден бері бәрінен биік танылғанын, сондықтан «Басқаның қорғансыздығы сенің арыңа айналатынын» алға тарта отырып, әлем тарихында басқаның әлсіздігін таптап-жаншитын жыртқыш-халықтардың жеңіске жеткенін сөз етеді.
Мәселен, жоғарыда атап өткен «Алпамыс» эпосындағы мыстан кемпірдің образы, оның жеңіс пен серпілістің символы саналатын Алпамысқа қарсы зұлымдық образында қандай қияң-кескі сұмдықтар ұйымдастыратыны тағы да екі дуалистік идеяның шайқасына алып келеді. Адам рухы мұнда да ұзақ уақыттық күйзеліс ұйқысынан оянып, бір серпін табуға, әділ өмір жолындағы күреске бастайды. Қайткен күнде Таласбек Әсемқұлов сөз еткен эпостардың образдық және символдық мәндері әлем әдебиетіндегі адамдық құндылықтармен үйлесім тауып, қазақ мәдениеті түсінігіндегі адамның ізгі қасиеттерімен түйісіп жатыр.
Жалпы алғанда «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» кітабы қазақ руханиятына қосылған сүбелі еңбек. Тіпті тақырыпқа арқау болған мақаланы автор Ирандағы құпия архивтен кезек ала алмай досы Лев Гумилевтің әріптестік жанашырлықпен өз кезегін беруінің арқасында хатқа түсірген көлемді деректерінің бірінен өрбіп шықты.
«Мен «кеңестік тарих» деп аталатын ғылымның қалыптастырған жалған ғалымының масштабынан шошындым. Сыртқы түрі шын тарихқа ұқсайтын, аты шыққан авторитеттерге сілтемелері бар ұланғайыр жалған хикая».
Кеңес заманындағы тарихи идеологиялық цензураларға қарамастан батыл жазып шыққан Таласбек Әсемқұлов «Мен «кеңестік тарих» деп аталатын ғылымның қалыптастырған жалған ғалымының масштабынан шошындым. Сыртқы түрі шын тарихқа ұқсайтын, аты шыққан авторитеттерге сілтемелері бар ұланғайыр жалған хикая. Тұтастай хикаяға емес, оның кейбір тұстарына ғана күмән келтіріп көріңіз, содан соң не болатынын көресіз. Берісі — қоғам тарапынан, ғылыми әулет, әріптестер тарапынан айыпталып, атақ-абыройдан айырылып жұмыстан қуыласыз. Арысы — абақты мен бір түйір қорғасын. Бүгінгі қазақ біздің бұл айтқанымызға сенбеуі мүмкін. Бірақ кеңес заманында тарих ғылымының сиқы осындай болатын, себебі тарих — идеологияның ең басты құралы», – деген түсінікпен қазақ руханиятына аянбай еңбек етіп маңызды зерттеулер қалдырды.
Кітапта жарық көрген өзге мақалалар арқылы оқырман автордың қазақ халқының этномәдени сөздікке арнап жазылған мақалаларын, күйші Тәттімбет туралы толғамдарын, Аңыз жайындағы аңыз, роман мен поэмалар туралы сыни шығармаларын оқып қазақ дүние танымына тереңдей алады.
«Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» кітабын ұсынған «Меломан» дүкені.