Басында кемпірқосақ бар ешкі
Алабасы тауындағы петроглиф
Қолыңызда тек қашау және алдыңызда кенеп ретінде пайдаланатын үлкен тас тақтасы ғана тұр. Осыны ғана қолданып кемпірқосақтың бейнесін қашай алар ма едіңіз? Б.д.д. 2 мың жыл бұрын қола дәуірінде өмір сүрген туындыгер-бақсы үшін бұл мәселе болмаған.
Бүгін бес мүйізді айрықша ешкі бейнеленген петроглиф жөнінде сөз қылмақпыз. Аталған петроглиф Жетісудағы Алабасы тауынан табылып отыр. Оны Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Алексей Николаевич Марьяшев бастаған археологиялық барлау тобының еріктілері тас шоғырының арасынан тапқан.
Жоңғар Алатауының тау бөктерінде орналасқан бұл жотаның климаты айрықша. Айталық тау жоталары бұлттарды торлап қалатындықтан, көршілес жатқан тау сілемдеріне қарағанда мұнда жауын-шашын көп түседі.
Кемпірқосақ пен ешкі — бір-бірімен мүлдем қабыспайтын түсініктер секілді көрінетіні рас. Әрі тасқа қашалған ешкінің жеті емес, бар болғаны бес мүйізі ғана бар. Бірақ ертерек тон пішіп, біржақты пікір айтуға асықпаңыз.
Қола дәуірінде өмір сүрген адамдар үшін ешкі өте қасиетті жануар саналған. Мәселен, грек мифологиясындағы Амалфей ешкінің Зевсті емізгенін және оның мүйізі молшылықтың символына айналған. Ежелгі еврей жұртында текені отардан қуып тастау арқылы, ру өкілдері бүкіл күнәсінен арылады деген сенім болған («күнәһар теке» түсінігі осыдан шыққан). Герман және славян халықтарында ешкі — құнарлықтың, ал біздің даламызды жайлаған халықтар үшін ешкі көк аспанның символы болған. Қола дәуірінде өмір сүрген жұрт ешкіге құдіреттің бейнесі ретінде табынған (солай болғанына еш күмән жоқ).
Ал кемпірқосақтың жеті түсі бар деген түсінік, салыстырмалы түрде таяуда, айталық 18–19 ғасырда ғана пайда болған. Ежелден жеткен дереккөздерге зер салар болсақ, оған дейін жұрт кемірқосақтың бес түсі бар деп санап келген (тіпті кейбір халықтар үш қана түстен тұрады деп білген). Сондықтан петроглифтегі ешкінің бес мүйізі кемпірқосақтың түсін бейнелеуі бек-мүмкін.
Жер бетіндегі барлық халықтың мифологиясында кемпірқосаққа қатысты өз аңызы бар. Мәселен, карен халқында (Бирма) аталған табиғи құбылысты өте қауіпті белгі деп санаған. Ілкіде өмір сүрген халықтардың қиялында шек болмаған. Айталық біреулері кемпірқосақтан садақты көрсе (парсы тілді халықтар), басқалары Жер мен Құдайларды жалғайтын көпір (скандинавтар) деп таныған. Бір халықтар кемпірқосақты түрлі түсті жылан (австралиялық аборигендер) десе, басқалары — екі басты айдаһар (қытайлықтар) деп ойлаған. Бірақ бізді хакастар мен селькуптардың мифтері қызықтырып отыр. Аталған халықтардың түсінігі бойынша кемпірқосақ — көкте орналасқан қақпа я жол, жай емес, онымен таңдаулы бақсы аспан әлеміне қым-қуыт әрі қатерлі саяхатын жасап келетін сиқырлы жол деп түсінген.
Егер сөз етіп отырған петроглифке мұқият зер салар болсаңыз: ешкінің мүйізі аяқталған тұста, антропоморфты бейне қашалған. Аталған бейне еңселі әрі салмақты көрінеді. Бұл оның айрықша беделін көрсетсе керек. Ал ешкі бейнесінің төменгі тұсында ежелгі туындыгер-бақсы тура аспанға қарай бағыт алған түйе керуенін (жолдың символы) қашап салған.
Айтпақшы, хакас және сельпук бақсылары әліге дейін өздерінің аса таяғына кемпірқосақтың суретін салады. Бірақ бес мүйізді ешкінің бейнесі ұмыт қалғанға ұқсайды.