Ежелгі шаңғышылар

Сырға толы қола дәуірінің петроглифтері

Шаңғылы аңшылар «төрт мың жылдық» ешкі аулап жатыр/Ольга Гумирова

«Охотники за петроглифами» зерттеушілер тобы 2023 жылы ежелгі суреттердің үлкен шоғырын тапқан Күнгейтас жотасының тік беткейінде шаңғымен сырғанауға екінің бірінің батылы бармас. Жартастар арасында жасырынған суреттерді алғаш Талдықорған тұрғыны Рафаэль Хисматуллин байқап, команда назарына ұсынған болатын. Бұл беткей шаңғымен сырғанауға мүлде жарамсыз — тым тік әрі қаптаған қойтасы бар. Дегенмен дәл осы жерде қола дәуірінің бақсы-суретшілері тас бетіне көп адамның бейнесі келтірілген, мазмұнын бір ауыз сөзбен түсіндіре салуға келмейтін композиция салған. Онда аяғына шаңғы байлаған аңшылар бейнеленіпті.  

Мұндай суреттер Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде өте сирек кездеседі. Норвегияның Нурланн өңіріндегі Алстахёуг коммунасында тас дәуіріне жататын бір шаңғышы бейнеленген. Сондай-ақ Ресейдің Карелия аймағында және Ангара мен Лена өзендері бойында, Байкал көлінің жағалауларынан осыған ұқсас бірнеше бейне табылған. Олар палеолит, мезолит және қола дәуірі секілді түрлі кезеңде салынған екен. Енді Қазақстанның оңтүстігінен, шаңғы мүлдем қолданылмаған деп саналған өңірден де «шаңғышылар» табылып отыр. Бұл жаңалық қола дәуірінде, шамамен төрт мың жыл бұрын Көксу өзені алқабында өмір сүрген адамдар шаңғының не екенін білгенін, оны аңшылыққа пайдаланғанын көрсетеді. Олар шаңғы таяқтарының орнына найза қолданыпты.

Күнгейтас жартасындағы сурет өмірден алынған көрініс пе? Суретшінің шынымен шаңғы көрген адам екені байқалады, себебі шаңғы мен аңшының қозғалысы өте дәл бейнеленген. Алайда бұл көрініс шынайы өмірден гөрі белгілі бір мифтің иллюстрациясы болуы да мүмкін, бірақ оның мазмұны әзірше белгісіз. Қалай болғанда да, біз бұл қасиетті аңшылық сахнасынан батыл шаңғышылардың таутеке аулауы қаншалық қызу әрі әсерлі жүргенін көре аламыз!

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді