Лабиринт

Мұнда Минотавр болған ба?

Лабиринт. Фрагмент. Құлжабасы/Ольга Гумировам

Минотавр Шу-Іле тауларына достық пейілмен сапарлап келген дей аламыз ба? Оған күмәніміз бар. Өйткені қыз-жігіттің басын жұтқан крит-микен құбыжығы туралы аңыз-әпсананың біздің далаға жаңғырығы да жетпеген. Алайда Крит аңыздарындағыдай лабиринт бізден де табылып отыр. Нақтысы суреті бар.

Мазмұны

Сирек кездесетін петроглифтер салынған тақтатас Құлжабасы шоғырында (Жамбыл облысындағы Шу-Іле таулары) жатыр. Лабиринт суреті киелі орынның орталығынан шеткері жерде орналасқан. Құдды бір бөтен көзден жасырып қойғандай көрінеді. Бәлкім, бұл тақтатаста құпия ақпарат қашаған шығар? Әлде көпшілікке емес, таңдаулы жандарға ғана арналып салынды ма?

Лабиринт суретінің әуелде қасиетті әрі терең мағынасы болғанына еш күмән жоқ. Бірақ ежелгі адамдар оған қандай идея әлде ұғым таңғаны — ғылыми пікірталас мәселесі. Бұл жайлы түрлі нұсқа бар, соның бірнешеуіне тоқталайық.

Лабиринт. Петроглиф суреті. Құлжабасы/Ольга Гумирова

Күнтізбе

Кей ғалымның сөзінше, лабиринттер, оның ішінде бірінші кезекте бір орамды болып келетіні, күнтізбе екен. Ал бетіндегі нүктелер мен таңбалар Ай фазасы әлде Күн қозғалысын білдіреді-мыс.

Ғаламның сызбасы

Енді бір мамандардың айтуынша, ежелгі адамдар сан түрлі қабаттан тұратын ғаламның табиғатына қатысты түсінігін осылайша жеткізуге тырысқан. Құлжабасы лабиринті шамамен б.з.б. 2000 жылдары салынған. Сонда, расымен, байырғы тұрғындар мұндай күрделі абстрактілі мәселелерге бас қатырған ба? Әлбетте. Құлжабасылықтармен сол дәуірде қатар өмір сүрген өзге ежелгі өркениет өкілдерінің жазған-сызғанына қарап, олардың қат-қабат космологиялық теорияларға қызыққанын біле аламыз.

Лабиринт. Құлжабасы. Шу-Іле таулары/Ольга Гумирова

Өмірлік жол

Дегенмен бұл лабиринттер адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі жүріп өтер жолын көрсетеді деген нұсқаны қолдайтын ғалымдар саны басымдау. Дәл осы себепті мұндай суреттерді палеолит дәуірінде пайда болған Ұмай ана (Ұлы Ана) культімен байланыстырады.

Кұлжабасы петроглифтерін зерттеу. А.Н.Маряшев волонтер Сарғазы Нарыновпен/Ольга Гумирова

Барлық жерде бар

Құлжабасы лабиринтіне қатысты тағы бір маңызды деректі айта кетелік. Ғалымдар оны жеті орамды лабиринт ретінде жіктейді. Мұндай суреттерде ортасына қарай орай болып нығыздала беретін, айнала жүргізілген жеті сызық болады. Лабиринтке кіретін есік біреу ғана, ал шығамын десең, ешқайда бұрылмай, келген ізіңмен қайтуға тиіссің. Құлжабасыдағыдай петроглифтер жүз пайыз дерлік сәйкестікпен Ирландиядан Карелияға, Моңғолия мен Үндістанға дейін бүкіл Еуразиядан табылып отыр. Әлбетте, аңыздағы құбыжық Минотавр мекен еткен Критте де бар.

Құлжабасы көрінісі. Мың жыл бұрын да, қазір де мұнда қой бағады/Ольга Гумирова

Бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықта өмір сүрген, тілі бөлек, діні басқа, мәдениеті өзге, салты түрлі өркениеттер неге бірдей сурет сала берген? Мұндай бейнелер несімен маңызды болды?

Бұл сұрақтарға әзірге дөп басып жауап беру мүмкін емес. Бірақ арғы бабаларымыздың қоршаған әлем туралы түсінігі біз ойлағаннан күрделі әрі терең болғаны анық.

Құлжабасы көрінісі. Бір кездері бұл аймақты қалың ел жайлаған/Ольга Гумирова

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді