Қаратаудағы шайқасқан түйелер

Саяхатшылар Құдайының петроглифі

Түйелердің төблесі. Рендеринг/Ольга Гумирова

Ежелгі дәуірде керуен жолдары арқылы тек адамдар ғана емес, сондай-ақ идеялар мен ілімдер де саяхаттаған. Түркістан облысындағы Қаратаудың, Арпаөзен деп аталатын киелі орнында тасқа қашалған шайқасқан түйелердің бейнесі соның жарқын дәлелі.

Арпа өзендегі бетін зең басқан тік жартаста тұрысы ерек, арпалысқан екі түйе бейнеленген: бірі қарсыласының аяғын, ал екіншісі — өркешін тістеп тұр.

Арпаөзендегі түйелердің төбелесі/Ольга Гумирова

Жалпы түйені бейнелеу — б.д.д. 3–2 мың жыл аралығында өмір сүрген Орталық Азияның барлық халықтарының арасында (оның ішінде Қазақстан да бар) кең тараған. Алайда Арпа өзендегі тастарда қашалған түйелер тек мініс көлік я аңшылықтың нысаны ғана емес, сондай-ақ тотем немесе рудың түп атасы ретінде бейнеленген алуан түрлі композициясымен айрықшаланады.

Ғалымдардың сөзінше, жоғарыда сөз еткен сахна екі бастаудың, түн мен күннің қарсылығының құдіреті мен күшін паш еткен, шамамен Вэрэтрагн (үнді-ирандық халықтардың соғыс және жеңіс құдайы) жөніндегі мифтің иллюстрациясы. Миф бойынша, аталған Құдай 10 түрлі сипатта көрінген. Соның бірі түйе болған деседі.

Бірақ осы тұста «Соғыс пен жеңіс құдайының керуен жолына қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындайды. Мамандардың сөзінше, жұрт Вэрэтрагн Құдайға бертін келе жолаушылардың да жебеушісі ретінде дұға ете бастаған көрінеді. Өйткені ежелгі дәуірде жауынгерлер бірнеше жыл жорықта жүргендіктен, әскерге ұзақ жолда сәттілікті серік еткен Құдай, бейбітшілікті көксеп жолға шыққан жолаушыларды да жебейді деген сенім орныққан.

А.З. Бейсенов пен А.Н. Марьяшевтың «Жетісудің ерте темір дәуіріндегі петроглифтері» кітабынан алынған кесте, О. Гумированың сызбалары.

Петроглифтердегі шайқасқан түйелердің бейнесі ерте тас дәуірі мен қола дәуірінің соңында (шамамен, бірінші мыңжылдықтың ортасынан біздің дәуірімізге дейінгі аралық) аса танымал болған. Сөзімізге сол дәуірге тиесілі әртүрлі киелі орындарлан табылған тау-тасқа қашалған суреттер мен қазба жұмыстары кезінде табылған айылбас, тұмарлар мен сүйектен жасалған бұйымдарға салынған түйе бейнесі дәлел бола алады. Осыған ұқсас сюжеттер таңбаланған артефактілер табылған аймақтардың алуандығы таңдандырады: Түркістан облысындағы Арпа өзен петроглифтері; Орынбор облысындағы I Пятимар мазары; Оңтүстік Орал маңындағы атақты Филиппов қорғаны; Батыс Қазақстан облысындағы Бесоба қорғаны; Орталық Азиядағы Тоголок, Маргиан; Хакасия өлкесіндегі Сулек петроглифтері.

Аталған тізімді әрмен қарай тізбектеп кете беруге болады. Осы іспеттес бейнені Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері мен тарих ғылымдарының докторларынан құралған команда Алматы облысындағы Аққайнар және Жетісу облысындағы Алабасыдан да тауып отыр.

Ежелгі құрлық жолының бойында орналасқан өзге де киелі орындардан осы іспеттес бейнелер табылуы бек-мүмкін. Өйткені ілкіде жол ұзақ әрі қатерлі болғандықтан, жолаушылар саяхатшыларды жебейтін Құдайдың қолдауына мұқтаж болғаны анық.

P.S. Мақалада А.З. Бейсенова мен А.Н. Марьяшеваның «Петроглифы Раннего железного века Жетысу» деп аталатын кітабынан алынған, О. Гумирова салған кесте көркемдеуші құрал ретінде қолданылды.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді