Жыланның жұмбағы
Бұл жұмбақ жылан ба, әлде ертедегі жолаушылардың жол картасы ма?
Жамбыл облысындағы Габайовка жар тастарының бірінде археологтардың басым бөлігі жылан деп танитын суреттер салынған. Шынында да үлкен, уақыт тоздырған тас тақтасының ортасын көлденең қиып өткен екі ирек сызық бұл жорғалаушыларға ұқсайды. Оның үстіне бұл өңірде сұр жылан мен қалқантұмсық көптеп кездеседі.
Кіші Қаратау жотасының табиғаты жайсыз. Жаз айында қапырық ыстық, ал қыстыгүні қар көп жаумайды, бірақ кейде өңменіңнен өтер ызғырық жел соғып тұрады. Осы қорымнан қарасаң, тау етегінде Теріс өзені ағып жатыр, жағалауларын күміс түсті жыңғыл басқан. Бұл — екі елдің шекарасы. Одан әрі Талас облысының алқаптарындағы түрлі-түсті егістіктер және Талас жотасының қарлы шыңдары көзге шалынады.
Қазір бұл жер бос қалған. Алайда қола дәуірінде, шамамен 4 мың жыл бұрын, бұл жерде көне заманның маңызды қасиетті орталығы мен көші-қон және мал айдайтын жолдар болған.
Сондықтан ежелгі суретте шынымен жыландар ма әлде басқа нәрсе бейнеленген бе деген сұрақ туындауы заңды. Осының жауабын табу арқылы біз осы өңірде өмір сүрген адамдардың тұрмысы мен дүниетанымын жақсырақ түсінуге жол ашамыз.
Біріншіден, ежелгі суретшілер, яғни шамандар болжамды «жыландардың» басын бейнелемеген. Бұл тіпті ең қарапайым сызбаларда да сирек кездесетін жағдай. Басы шартты болса да, тірі жаратылыс бейнеленгенде міндетті элемент емес пе?!
Екіншіден, «жыландар» адам мен жануар бейнелерімен еш байланысқа түспеген, олар тек тас жазықтығын екі бөлікке бөліп тұр. Үшіншіден, егер петроглиф орналасқан шатқалдарға жоғарыдан қарасаңыз, олардың пішіндері екі «жыланның» сұлбасынан айнымайды. Сондай-ақ, екі шатқалдың түйіскен тұсынан сәл жоғарыда асу бар екенін айта кеткен жөн.
Бұл бейнелер жылан емес, жолдың сызбалық көрінісі болуы мүмкін екенін дәлелдейтін тағы бір жайт — осы сызықтардың бірінде жүрген теке бейнесі. Айта кетерлік нәрсе, осындай жылан секілді сызықтар мен жануарлардың немесе адамдардың суреттері Қырғызстандағы Саймалы-Таш сынды ірі биік таулы петроглифтер кешенінде де көп кездеседі.
Қорытынды: бұл көрініс — бас кейіпкері жылан болатын ежелгі мифтің иллюстрациясы емес, керісінше, таулы жерлердің шым-шытырық жолдарында жолаушыларға бағыт көрсеткен қарапайым жергілікті карта болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай карта саяхатшыларды сапарға шыққанда қорғап тұратын мистикалық тұмар рөлін де атқарған болуы ықтимал.