Тоқтарәлі Таңжарық

Жылқылар

Тоқтарәлі Таңжарық/Qalam редакциясы

Ағартушылық пафосына орай Qalam әлемді түсіндіруді тырысады, сондықтан осы жерде қарастырылып жатқан әрбір тарихи я мәдени құбылыс сан алуан қосымша ақпаратпен ұштастырылған. Бірақ бұл айдардың артық сөз бен әдеттегі түсіндірмелерден ада болуын қаладық. Алдарыңызда біз үшін кейбірде аса ерекше сұлу көрінетін, аты затына сай, заманы мен елі бөлек өлеңдердің үзінділері. Осыған ұқсас мәселе жайлы бір замандас лириктің айтқанындай, бұл түсіндіруді талап етпейді, бәлкім, бұл тіпті қанымызға сіңген дүние.

Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,
Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.
Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын,
Жаңғырып бейуақ кіл аңғар...
Қолымызға құрық ап құла дүзден іздейміз,
Іздейміз оларды —
Көшпенді жылқысын.
Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба... білмейміз,
Біз үшін беймәлім түр-түсі.
Бізді де солардай барады жеміріп,
Уақыт пен қара жол —
Ирелеңдеген қос жылан!
Жалы мен құйрығы сусылдап, төгіліп,
Бұл күнде олар тек түсімде осқырар.
...Іңірде жатқан бір жандайын есінеп,
Тарихым ұмытқан олардың тұяғын.
Мен оны мінемін да-ла-лар төсінде,
Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы.
...Енді үнсіз отырмын
Сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада,
Жусаны бұрқырап
Көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.
Құлазу кейпіндегі
Мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар,
Кісінегім келеді бейуақ...
Шұрқырап...
...Қайда сол үйірлі жылқылар?!

Тоқтарәлі Таңжарық 1982 жылы Шығыс Түркістанның Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген, ақын, «Түн парақтары» жыр жинағының авторы.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы