Мағжан Жұмабай
Балапан қанат қақты...
Ағартушылық пафосына орай Qalam әлемді түсіндіруді тырысады, сондықтан осы жерде қарастырылып жатқан әрбір тарихи я мәдени құбылыс сан алуан қосымша ақпаратпен ұштастырылған. Бірақ бұл айдардың артық сөз бен әдеттегі түсіндірмелерден ада болуын қаладық. Алдарыңызда біз үшін кейбірде аса ерекше сұлу көрінетін, аты затына сай, заманы мен елі бөлек өлеңдердің үзінділері. Осыған ұқсас мәселе жайлы бір замандас лириктің айтқанындай, бұл түсіндіруді талап етпейді, бәлкім, бұл тіпті қанымызға сіңген дүние.
Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты.
Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті.
Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлімдесіп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебінін жамылып, тоғай тұрмады.
Балапан баспана таба алмады. Балапан қанат қақты...
Аштан өлетін болды. Ойды-қырды қар басқан. Бір қылтанақ таба алмады. Тоңып, дірілдеп, аласұрып жүрген балапанды көріп: «Қорама кір, қолымда тұр, қалған-құтқанымды берермін», – деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы!
Балапан қанат қақты...
Ойы — жан дәрмен жылы жаққа жетпек, егіз Есіл–Нұраның тәтті суларынан ішіп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдіріне шомылмақшы. Алтайдың етегінде «ух» деп демін алып, Марқакөлдің қаймағында жүзбекші.
Балапан қанат қақты...
Мағжан Жұмабай (1893–1938) — Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, өкілі.