Ең тылсым түс
Көк — қазаққа ғана түсінікті сөз
Қазақ тілінде көп мағыналы сөздер жетіп артылады, бір сөздің сан алуан мағынасы филология саласының білгірлерін де таңғалдырып жататыны бар. Сол сөздерді зерттей отырып қазақтың, тіпті түркі әлемінің этногенезін танып, тереңіне бойлаймыз.
Осы бір ғана көк сөзі арқылы қазақ дүниетанымындағы ең киелі категорияларды ұғынуға болады, сонымен бірге ең қарапайым ұғымдардың реңкін де жеткізеді.
«Көк» сөзі бейне бір биік тау секілді. Шыңына шыққан соң ғана мағынасы толық ашылатындай. Иә, таудың құзар шыңынан да биіктеп аспанға қол созайық. Талдағалы отыраған «көк» сөзі аспанның түсін бейнелеп қана қоймай, ең жаһандық-трансценденттік-құдайлық мағынадағы аспан ұғымының өзін де білдіреді.
Көк тәңірі — Аспан құдайы
Қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбаева былай деп жазды:
«Екі ішекті домбырамен немесе қылқобызбен орындалатын музыкалық қысқа шығарманы білдіретін «күй» сөзі этимологиялық тұрғыдан «КӨК» («аспан, жоғары, құдайлық») деген сөзден шыққан. Қазақтар күйді «Тәңірдің сыбыры» дейді және күйлерді, яғни сол сыбырды естіп, оны қарапайым адамдарға жеткізе алатын таңдаулы сазгерлерді қастерлеген».
Бұл сөздің құдіретті мәні ерте орта ғасырларда Сары теңізден Қара теңізге дейінгі аралықты қамтып, дүркіреп тұрған Ұлы Түркі қағанатының кезінде пайда болды. Орталық Азия тектес бірқатар халықтардың, соның ішінде қазақтардың ата-бабалары болған бұл империяны құрушылар өздерін Көктүріктер, яғни аспан түріктері деп атаған.
Алматылық зерттеуші Алексей Никонов «Тәңіршілдік. Адамзат руханиятының бастауында» деген кітабында: «Тәңірдің ең кең таралған эпитеті ретінде Көк Мөңке Тәңірі немесе Мәңгі Көк Аспанды білеміз», – деп жазды. Түркі семинарындағы баяндамасын былай деп жалғады: «Түркілердің ең жоғары тәңірінің тағы бір атауы «КӨК Тәңірі» болуы мүмкін, ол «Аспандағы Құдай» деп аударылады. Бұл атау көне түркі жазбаларында кездеседі».
Бұл туралы шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Кенже Торланбаева былай дейді:
«Тәңір сөзі өте көне және алғашында аспанды, ал уақыт өте келе көктегі рух ретінде құдай мәніне ауысқан. Оны ата-бабамыз Көк тәңірі деп бекер айтпаған, яғни көктегі Тәңір дегенге саяды».
Немесе, мысалы, Алматының іргесіндегі Көкжайлау деген биік таудың атауын алайық. Бір жағынан оның аты Жасыл жайлау деген мағынаны білдірсе, тағы бір мәнінде көктегі, қасиетті жайлау дегенге келеді және бұл кездейсоқтық емес. Әйгілі қазақстандық археолог Александр Горячев теңіз деңгейінен 1450–1740 метр биікте орналасқан бұл шатқалда тастан жасалған бұйымдардың қалдықтары бар екенін, бұл жерде қола және темір дәуірлерінің тоғысында көне киелі орын болғанын көрсетеді. Әрине, бұл мекенге көктен ерекше кие қонған.
Осы қасиетті ұғымның ұясына мынадай сан түрлі мағынасы бар сөз тіркестері ұйысқан:
КӨКке бағу — Жоғарыдан, аспан жақтан тілеу.
КӨКтен сұрағаны жерден табылды — Аспаннан, алыстан іздегені жерден табылды.
КӨК қасқа айту — Құрбандық шалу (Аспанға/Құдайға) (мал (жылқы) сою).
КӨКке құлаш ұру — Ұлылыққа, асқақтыққа ұмтылу.
Бұл сөзді «аспан күші» деп түсіну де Тәңіршілдік дәуірінен бастау алады және осындай қатал идиоматикалық тіркестерде көрініс табады.
КӨК АТСЫН! — Аспанның киесі ұрсын! (қарғыс)
КӨК кәріне ұшыра! — Аспаннан, төбеңнен бір кесел келсін! (қарғыс)
КӨК соққыр! — Төбеңнен бір соққы тисін! (қарғыс мәніндегі сөз)
Түстің дүниені қабылдауға әсері
Көк, көгілдір, жасыл, сұр сияқты түстердің, сондай-ақ олардың көгілдірден сұрға дейінгі өтпелі реңктерінің бір сөзбен КӨК деп белгіленуі «түркілік дальтонизм» деп аталады. Бұл мүлдем әділ сөз емес, өйткені түстердің бұл тобын қабылдаудағы тұрақсыздық тек түркілерге тән емес. Біз көктемде көкшіл жапырақтар мен көк шөпке тамсанатын сол қытайлар мен жапондардан да осындай нәрселерді байқаймыз.
«Қазақ және алтай тілдеріндегі «көк» және «кёк» колоронимдерінің дамуы мен семантикасы» атты еңбегінде авторлары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы Майя Әбжапарова мен Новосибирск университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Наталья Широбокова лингвомәдениеттану мен когнитивтік лингвистика тілдің халықтың рухани, мәдени және діни матрицаларымен байланысын қалай көрсететін қызықты зерттеу жүргізді.
Зерттеу нәтижесінде түркілер арасында аспаны көк, шөбі жасыл, суы күміс, ауасы мөлдір еуропалықтарға қарағанда, аспан, ауа, су мен шөптің бірлігін сезіну әлдеқайда тереңірек көрінеді.
Ешбір жағдайда «көк» сөзінің табиғатын, қолданылу аясын тіл жұтаңдығымен немесе тілдің дамымай қалуымен түсіндіруге болмайды. Керісінше, көптеген үйреншікті тіркестерде КӨК сөзі тағы бір сөздің тіркесуін, яғни нақтылауды қажет етеді. Сонымен бірге бұл тіркестерде КӨК сөзінің үстеме әрі өте маңызды мағынасы «шын, нағыз, кәнігі» дегенді білдіреді.
Мысалға «көк су», «көк жайлау (жап-жасыл дала)», «мұздай қара көк», «тұздай көк» тіркестерін алсақ болады.
Табиғат құбылыстарын, адам қасиетін күшейтіп сипаттау үшін де осы көк сөзі жалғанып айтылады. Мысалы: «Көк аяз» — қатты аяз. «Көк жалқау» — нағыз жалқау, еріншек.
«Сонымен қатар КӨК компоненті тұрақты комбинациялардың бір бөлігі ретінде когнитивтікiяғни аналитикалық функцияны атқарады — ол адамға бағалау сипатын береді», – деп жазды В.Д.Нарожная, С.Н.Қожахметова, ф.ғ.к., доцент, Шымкент мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры М.Ю.Шингарева өзінің «Колористік компоненті бар орыс және қазақ фразеологизмдері: экспрессияның этнолингвомәдениеттік аспектісі» атты ұжымдық жұмысында. Мысал ретінде, «мылжың», «сөзуар» мағынасын беретін бірқатар фразеологиялық бірлік-синонимдерді қарастырсақ, «көк мылжың», «көк ауыз», «көк езу» дейді. Ал шайпау, ұрыс-керіс іздеген, жауыз әйелді «көк айыл», «көк долы» деп сипаттайды, ал ештеңеге қабілеті жоқ әйелді «көк инені көзіне түрте білмейді» деп айтқан. Бір адамның сау тамтығын қалдырмай сабауды «көк ала қойдай етті/қылды» деп жеткізеді.
Арық адамды немесе аштықтан қажыған үй жануарының сыртқы түрін сипаттағанда «көк бақа» фразеологизмін қолданған. Ал «көк ми» деп ақылсыз, алды-артын бағамдай алмайтын, оң-солын танымаған адамға қарата айтылады.
Түрлендіруші сөз
Көріп отырғанымыздай, көк сөзі фразеологиялық бірліктерде, мақал-мәтелде, жұмбақта және басқа да тұрақты тіркесте әр алуан кейіпте көрініс береді. Қазір көптеген тәжірибелі филологтар ата-бабамыздың неліктен кейбір тіркестерде көк сөзін қолданғанын болжай алмай келеді.
КӨК асық — күш-қайрат жоқ (малға қатысты).
КӨК берен — мықты, күшті, қайратты (адамға қатысты).
КӨК жас — майсыз ет.
КӨК жұлын болу — қатты әлсіреу (таяқтан, дерттен т.б.).
КӨК мұзға отырғызу — алдау, сан соқтыру.
КӨК өзек — азық-түлік пен жем қоры таусылатын көктем мезгілі.
КӨК өрім — жасөспірім, жас.
КӨК салпақ — қыс аяқталар мезгілдегі лай, лайсаң, балшық.
КӨК тамыр — бақыр тиын.
КӨК тас — құлпытас.
КӨК тиын жоқ — бір тиын да жоқ.
КӨК тұқыл — сақал-мұрты жоқ, тып-тықыр боп қырынған адам.
КӨК түйнек — Ішек түйілуі.
КӨК шулан — арлан (қасқыр); тәжірибелі, көпті көрген, (адамға); бурыл, қылау тартқан (сақал, шашқа қатысты).
КӨКке қарау — Тәкаппарлану, өзгелерден өзін биік санау.