Өлік көму һәм ас беру
Қазақтардың жерлеу рәсімі туралы
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін, тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
1889 жылы «Дала уәлаяты газетінің» (№ 11) санында жарық көріп қазақтың жерлеу дәстүрі, мәйітті арулап көму туралы аса ыждағатпен жазылған авторы белгісіз мәтінде дін мен дәстүрдің бір арнада тоғысып, араласып кеткені анық көрініс тапқан.
Қазақ халқының ұғымы бойынша адамның дүниеден өтерде жүрегі соғуды қойып, жан тәнді тастап, көк кептер баласындай болып ұшып кеткен соң көздері һәм кірпіктері бұратыла жабылып, қандай екені белгісіз адамның жаны тәннен шыққан соң кешікпей-ақ Жаратушыға барады деп біледі. Қаншалық кінәсі бар, қаншалық сол кінәсі үшін жазалы болады яки кінәсіз болса қаншалық Алланың рақметін алатұғынын. Бұларды білген соң қайта қайтып шыққан тәннің жатқан үйіне келеді. Келген соң шыққан тәнге қайтып кірмей, тәннің жанында тұрады. Мұнан соң дүниеден қайтқан адам турасынан хабар бермек үшін біреу шауып жөнеледі. Барша ағайын-туғандарын және жақсыларын хабардар қылмақ үшін.
Хабар беруші мұсылман рәсімі бойынша әр қайсысына айтса керек. «Осындай бір адам Алланың әмірімен дүниеден қайтты, жаны жәннәттық болды. Жаназаға келерсіздер, өлгенді кешіктіруге болмайды, тәнді күн батпай жерге қояды. Сондай-ақ мұсылмандардың рәсімі бойынша дүниеден қайтқан кісінің сол күні қойса керек, күн батқанша) қазақтардың араларындағы әдетінше өлікке мұндай жиылып келетіндері бұрынғы заманнан бері бар. Мұндай болмағы қазақтарға бұрыннан бері рәсім болып қалғаны. Мұсылманшылық жөнімен һәм өлгеннің жалғыз-ақ үй іштерімен туғандарынан басқа барша рулары қапа болып келеді. Егер марқұм бөтен жұртта опат болса, әйелі, бала-шағасы келіседі. Фатиха қылуға. Сол үшін қалай хабар келеді дүниеден қайтты деп, сол уақытта баршалары атқа мініп шабысады. Жаназадан қалмай ішінде болмаққа және бөтен жұртта дүниеден қайтқандардың үйіне тамыр-таныс ағайын туғандары һәм барша руларымен қалған бала-шағаларына келіп көңіл айтады һәм барша шақырылған кісілер дүниеден қайтқанның ауылына қарай шабысады.
Мәйітті қойысып, ішінде болмақ үшін. Барша хабар тапқан адамдар жиылып келіп, мәйіт жатқан үйдің қасында отырады. Жиылып болған соң молдалар дәрет алып және бес яки тоғыз кісі еріп олар һәм дәрет алысып, молдаменен бірге мәйіт қасына келеді қолдарына ақ шүперек орасып алып, мәйіттің тәнін жуа бастайды. Бұл мезгілде молда құраннан дұға оқып тұрады. Мәйіттің тәнін жуып болған соң сүйегіне түскендерге киімдерін береді, Құдай ризалығы үшін. Мәйіт ауқатты болса мәйітті жуып болған соң бірінші қыдермен моллалығы бар тақуа адамдары мәйітті кебіндейді, ақ жұмсақ ақыретпен. Мұнан кейін ақ киізге орап бас-аяғын байлайды, бала бөлегендей қылып. Сонан соң ең жақсы кілемге салып үйінің бір жағына қояды, бетіне шымылдық құрып. Қазақ әр уақытта қабыр қазады, өлгеннің жақындарының өлетінің қасынан. Егерде алыс жерлерде көшіп жүргенде дүниеден қайтса қабырды қазады, биік жерлерден һәм қабырды қаздырады тіп-тік қылып, мұнан соң бір жанынан шығарады лахт мәйіт сиғандай қылып.i
Мәйітті таза арулап болған соң молдалары үйден алып шығады. Әйелі, балалары жыласып қалысады және үйден қырық қадам шыққан соң жаназа оқысады. Жаназасын оқып болған соң, жан тән қасынан кетеді аспанға шығып және әйел-қыздары қабыр басына барып қойыспайды һәм ұрғашылары жылайды мәйітті алып кетіп бара жатқандарында тағы қабырға жеткендерінше. Сондай-ақ қабырға барған соң мәйітті қояды, бетін дәйім құбылаға қаратып.
Қашан кім лахадқа қоярда бас-аяғының байлағандарын шешеді һәм мәйіт көкірегіне дұғалық қояды және лахадтың бетін тақтаймен жауып, оның үстінен топырақпен жабады және қабыр басына қой сояды, байлар болса жылқы сояды. Мәйітті апарған сүйекшілер қырық қадам шыққан соң өлген адам тіріледі, анда екі періште мұңкір-yәңкір келіп, жауап сұрайды. Тірі мезгілде қылғандарының бәрін һәм кіналарына қарай жаза табады және жауап беріп болған соң жан тағы да тәннен шығып Алла тағаланың алдына барса керек. Алла тағала қылған әйдік амалдарына қарап, орын береді. Жанға аспанда қалдыра ма яки аспанменен жердің ортасында қоя ма бір өзіне мағлұм-дүр.
Сүйекшілер қайтып келген соң туғандары өлген адамның сойған қойының яки жылқының етін тартады, қалдеріне қарай. Егерде өлік шыққан үйдің ауқаты жоқ кедей болса ешнәрсе сойылмайды. Бірақ, сүйекшілер келіп дұға қылып, жесір қатын, жетім балаларына көңіл айтып тарқасады.
Жесір қатын байы өлген соң аза қылып басына қара салады. Шәшін жайып һәм бастарын байлап қара нәрселермен яки орамалмен үш күнге шейін һәм үш күн өткен соң басына жаулығын салып, бүркеншікпен жүреді, жыл болғанша.
Бұрынғы өткен уақыттарда қазақ рәсімі былай еді: үлкен кісінің үйіне найзасын қоюшы еді, жалау байлап ақтан, қарадан яки қызылдан әр қайсысының жастарына қарап.i
Жақсы көретін атының аза тұтып құйрығын кесіп қоятұғын. Оған еш мінбейді. Ауыл көшкенде ол атқа үлкен ерінің ертоқымын ерттеп, үстіне киімін жауып, бөркін ерінің алдыңғы қасына іліп, қызы яки жақынының қызы атты көш алдында жетектеп жүруші еді һәм жалаулы найза қызының біреуі қолына алып жүреді, қонатұғын жеріне шейін.
Өлгеннің ағайын-туғандары және ауылдастары бірігіп үшін, жетісін, қырқын һәм жылын берер және анық бір жыл толған соң ас береді һәм қыс күні қазақтар ешқашан ас бермеген. Әр бір бейсенбі сайын құран оқытып, шырақ жағады рәсім бойынша 9 иә 27 шелпек қылып, дұға оқытады. Сонымен қатар бұрынғы уақыттарда қазақтар қырық күні өткенше жоқтаушы еді. Бұл шырақты істеді, өлгенге арнап сойған қойдың майынан 80 шақты қылып һәм жағатын әр бір дұға қылынған мезгілдерінде, екі шырақтан күніне, күн батқан соң һәм бұл шырақты жағады үлкен ұлы егер де баласы үйінде жоқ болса, әйелі қолынан жақса керек. Енді үшбу мезгілде бұл рәсімдері шариғатқа дұрыс болмаған соң қалып келеді.
Өлген кісіге ас беріп ат шаптырады, жылы болған соң. Моласының басына яки ағайын туғандарының қалаған жерінде һәм сол жерге шақырады кісілерді және қыстаудан көшкенде һәм моласының қасына келіп қонғанда яки қасынан көш өтсе, қой сойып яки жылқы сойып дұға қылады ауқаттарына қарай.
«Дала уәлаятының газеті» — 1888 жылғы 1-қаңтардан 1902 жылғы 12-сәуірге дейін Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде «Акмолинские областные ведомоства» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған. Газеттің басты мақсаты — жергілікті халықты үкімет жарлығымен таныстырып отыру.