Қазақ әйелінің қасыреті

Отыншы Әлжановтың мақаласынан үзінді

Екі қазақ әйелі. Сол жағында - қалыңдық. 1870 жылдыр/Library of congress

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін үзінділерді ұсынады.

Бұрын да бірнеше рет жазғанымыздай, «Дала уәлаяты газеті» 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Дала өлкесіндегі мемлекеттік үгіт-насихаттың құралына айналды. Газеттің негізгі ұстанымы — Ресей империясының Орталық Азияның, әсіресе Далалық өлкенің «жергілікті» халқына «өркениет әкелуші» рөлін насихаттау болды. Газетте қазақтардың тұрмысы, мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы этнографиялық мақалалар да жарияланды, бірақ олардың ғылыми құндылығы көбінесе күмән тудырды, ал кейде тіпті ашықтан-ашық қазақтарға қарсы бағытталған болатын. Дегенмен, патша әкімшілігінің отаршылдық идеологиясын білдіретін мақалалармен қатар, қазақ қоғамы туралы кейбір «прогрессивті» көзқарастағы материалдар да кездесетін. Мәселен, 1894 жылғы тамызда «Дала уәлаяты газетінде» ағартушы және фольклоршы Отыншы Әлжановтың (1873–1918) «Қазақ әйелінің қайғылы жағдайы» деген атаумен бірқатар мақаласы жарияланды. Дәстүрлі қазақ отбасында әйелдердің ауыр жағдайын суреттей отырып, болашақта Алаш қозғалысының және Алаш милициясының жетекшілерінің бірі болған Әлжанов былай деп жазады:

Мұндай ой істер оның қайғы-қасіретінің анық ақырғы салмағының зардабы, бәрінен бұрын көбірек әрине нашар, әлсіз болған сыйлы қазақтың әйелдеріне батса керек. Бұл сыйдан еш нәрсе білмейтін доғал халықтарының әйелдері әлсіз болған соң орындалмайтын және ықтияры жоқ болса керек.

«Дала уәлаятының газеті»/ашық дереккөзден

Автор өз мақаласында әйелдердің дәстүрлі қоғамдағы жағдайына қатысты қазақ фольклорына, оның ішінде ән мен эпосқа сілтеме жасайды:

«Дала уәлаятының газеті»/ашық дереккөзден

Қазақтың байқұс қыздары ата-аналарының әрбір айтқан еркіне көніп оттамастан кішкене балаға да, шалға да әйтеүір кім болса соған тие береді. Ата-аналарына қыздар өзінің еркімен болғанын ашық айтпайды, айтқанымен пайда келтірмейді. Қыздардың зарлап айтқан өлеңдеріне қарағанда ата-аналары саңырау, мылқау және мешкей болып көрінеді, қазақтың қыздары өздерінің ішіндегі қайғы қапасын айтып Құдай тағалаға былай деп мінәжат қылады:

Әйел мен еркекті Құдай жаратыпсың
Пенде қылып жер жүзіне таратыпсың.
Еркекті біздерден күшті қылып,
Оған әйелді қаратыпсың.
Құдайым рахметіңнің ашығы жоқ,
Әділ де титтей де арамдық жоқ.
Бар Құдай рахметің қайда кетті,
Кеткен бе әділдігің бізден аулақ.
Ұрады, соғады біз байқұсты,
Біздермен еркек адам мәуде қаны.
Құдайым әрбірімізге көңіл бөліп,
Қорғап және бірдеме берші күшті.

«Дала уәлаяты газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді