Қазақ қыздарының аталарына

Қазақ баспасөзіндегі қыз баланы оқыту мәселесі

Алғабас колхозындағы жергілікті мектептегі орыс тілі сабағы. 1939/ашық деректерден

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін, тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.

Қазақ халқы қыз балаға ең әуелі болашақ жар, ана ретінде қараған. Оның білім алып, ел қатарлы жұмысқа тұруынан бұрын ұзатылып, тұрмыс құрып кетуі маңызды еді. Ескі заманда қыздардың қалаға барып білім алуы да мүмкін емес болатын. Қазақтың көп қызы 1314 жасында мал-дәулетті егде тартқан, өзінен біраз жас үлкен кісілерге ұзатылатын. Әйел теңдігі үшін күрес азаттық үшін күреспен тең. Қазақ прозасының бастауында тұрған «Бақытсыз Жамал» романы, одан кейін жарық көрген Алаш қайраткерлері туындыларының дені әйел теңдігі тақырыбын көтерген.

Қазақ баспасөзінде де бұл мәселе шет қалған жоқ. 1911 жылдан бастап, Мұхаметжан Сералин шығарған қазақтың тұңғыш «Айқап» журналында қазақ қыздарын оқыту мәселесі де көптеп талқыланған. Журналдың №7 санында Сақыпжамал Тілеубай қызы арнайы «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақала жазып, қазақ қыздары болашақ ана екенін, бала тәрбиелеу үшін, ұрпаққа өнеге беру үшін қазақ қыздарның білімді болғаны дұрыс екенін алға тартады...

«Айқап» журналының мұқабасы

«Мұхтарам аталарымыз! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абұйыр емес пе? Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абұйыр болмас па екен?

...Шариғат бұйырығынша ер бала менен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп, тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп, тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһилеттік белгісі емес пе? Осы білгірсіз аталарға нық орнап қалған секілденеді. Неге десеңдер, біз қыздарыңызды тәрбиелеуде кем тұтынасыз. Кем тұтынғандығыңыз: ер балаларыңызды оқытасыз да, қыз балаларыңызды оқытпайсыз. Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де, біздерді оқудан мақұрым қалдырасыз...

...Тым болмаса жеті-сегізден бастап, он бес жасымызға шейін оқытсаңыздар қайтеді? ...Біз надан қалсақ, түк те білмесек, дүниеден қор болып өтсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай, кімге болады? Бізді оқыту сіздердің мойныңызға борыш...

...Екінші бір кемге тұтынатұғын орныңыз: қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымызда-ақ біреуге қатындыққа сатып қояыз. Соңғы уақытта екі жас біріне-бірі тең бола ма, болмай ма, оған қарамайсыз. Тек тұз дәмі жарасса жақсы, жараспаса қыз баланың бүкіл ғұмыры жәбір-жапада өтеді немесе дау-жанжал шығуға себеп болып кетеді. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? 60-тағы шал 13-14-тегі қызға тең бе? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіз?

..Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы...

Қазақ қыздары туралы тіпті қолына қалам ұстаған, оқыған ер-азаматтарымыз да ештеңе жазбайды, өзім қалада бірнеше жыл оқығандықтан бұл мәселені көтеріп отырмын...

...«Айқап» журналына һәр кім мұңын жазып жатқан соң, мен дағы басымыздағы кеңесті қозғап жаздым, журналға басылар деп үміт етемін.

Егер басылмаса, ерлер үшін шығарылған екен деп, әйелдер үшін шығарылмаған екен деймін де бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін».

Сақыпжамал Тілеубай қызы

«Қазақ қыздарының аталарына» мақаласынан үзінді

1911 жылы Троицкіден шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» өз кезегінде ұлтты ұйысуға бағытталған жер, тіл, дін, әділ сайлау, әйел теңдігігі сияқты мәселелерге баса назар аударды. Оқу, жаңа мектеп ашу мәселесін барынша көтеруге тырысты. «Айқап» журналының соңғы №88 саны 1915 жылы тамыз айында шығып барып тоқтады.

«Айқап» журналының беттері

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді