«Қазақтың асыл түбі қайдан шыққан»

Алаша хан, бойдақ жiгiттер және Үш Жүз

Алаша хан кесенесі. 20 ғасыр/ашық дереккөзден

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.

Омбыда шығатын «Дала уәлаяты газеті» Дала өлкесіндегі патша әкімшілігінің жарлықтар мен қаулылар, саяси хроникаларды жариялайтын ресми басылымы ғана емес, сонымен қатар жергілікті халық арасында үгіт-насихат жүргізу секілді идеологиялық қызметтің аса маңызды құралы болды. Газеттің қазақша нұсқасы айтарлықтай маңызға ие болды, өйткені қазақтардың басым көбі орыс тілін білмейтін. «Дала уәлаятының газеті» бейресми айдарларында қазақтардың тарихы мен тұрмысы, мәдениеті туралы жазбаларды біраз жариялағанымен, көбінің мазмұны патша өкіметінің мүддесіне сай бұрмаланып жазылды.

Осылайша, «Дала уәлаяты газетінің» 1894 жылғы №20 санында Ахун Абдурахманов атты автордың «Қазақтардың шежіресі» мақаласы жарияланып, оның еңбектерінде орыс зерттеушісі Григорий Потанин (1835–1920) жазған кейбір әңгімелер қамтылған. Дегенмен аталмыш мақала мен Потаниннің жазбалары арасында бір-біріне қабыспайтын тұстар да бар.

Қазақтың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаяты/Ашық дереккөзден

Қазақтың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаяты

Қазақ деген сөз ноғайдыңiiорысша нұсқасында татардыңсөзі болады, ләкин бойдақ деген сөз. Қазақтардың асыл тегін былай деп айтады. Бұрынғы уақытта Қазан шаһары өз алдына хан болып тұрған заманда Қазан ханының бір ұлы адам жиіркенетiндей болып, ала тәнлі болып туған екен. Қашан есі кірген уақытта бұл баланы көріп, балалар Алаша деп шақырады екен. Бұл бала ызаланып жүреді екен.

Әбден ер жетіп жігіт болған соң бір күн назаланып отырып, мазақ болғанша, бұл жерде тұрмай бір жаққа кетейін депті. Мұнан соң, өзі теңлі бір жүз жас жігіттерді алып, далаға шығып кетіпті. Бұлардың кеткендеріне тәмам бір жыл өтіпті. Атасы ешбір хабар біле алмай, қапаланып, баламның хабарын біліп кел деп, бір биді бас қылып, бір жүз бойдақ жігіттерді жіберіпті. Уа бұлар қайтпапты.

Қазақтың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаяты/Ашық дереккөзден

Мұнан соң, соңынан бір жүз бойдақ жігітті, тағы да бір биді бас қылып жіберіпті. Бұлардың баршасы қайтпастан Алашаны хандыққа сайлап, Алаша хан деп ат қойыпты. Уа бұлар аң аулап, һәм мал бағып тұрыпты. Бір күн көшіп бара жатқан көп сарт керуендеріне жолығып, талап алып, бұлардың еркектерін құл қылып, ұрғашыларын қатын қылып алды. Кейін бұлар көбейген сон бөлініп, әр жаққа таралып кетіпті.

Әуәлгі бір жүздың тұқымы оңтүстікке қарай кетіпті. Олар — Ұлы жүз баласы деп атаныпты.

Ортада қалған бір жүздің тұқымы орнында тұрып қалыпты. Олар — Орта жүз деп атаныпты. Соңғы келген бір жүздің тұқымы солтүстікке қарай кетіпті, рлар — кіші жүз атаныпты.

Бұл себептен қазақтарды қазір де үш жүздің балалары деп атайды.

Ахун Абдурахманов

«Дала уәлаятының газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді