Сұрапыл «90-жылдар»
19-ғасырда қазақтарды несие жабуға қалай мәжбүрледі?
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды. Дегенмен, осы кезеңнің қазақтан шыққан зиялы қауымы ағартушылық қызметті белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси, көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды.
Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділермен танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.
Патша билігінің Дала өлкесіндегі ресми баспа органы саналған «Дала уәлаяты газеті» (мұның Түркістандағы баламасы «Түркістан уәлаяты газеті» болды) халыққа аса мәртебелі бұйрықтар, заңдар, жергілікті биліктің әмір-жарлығы туралы ақпарат берумен шектелген жоқ. Оның маңызды міндеттерінің бірі аймақтың байырғы тұрғындарына «орыс халқының өмірінен алынған көрнекі оқиғаларды» әңгімелеу, «орыс тілін игерудің пайдасын» көрсету болды. Сонымен қатар газет ресми жолдаулар мен әлемдік жаңалықтарға жасалған шолудың арасында «түземдіктердің» өмірінен алынған бірде оғаш, енді бірде карикатуралық деуге келетін жағдайларды беріп отырды. Бұл талай рет жергілікті халықтың қарсылығын тудырды.
Мәселен, «Дала уәлаятының газетінің» 1895 жылдың 22 қазанындағы №40 санында әлдебір саудагерлердің «аңқау», «тұрпайы» қазақтарға үстіне пайыз қосып зат сатып, заңсыз және әділетсіз іс жасайтыны туралы мақала жарық көрді. Бұл «ләпкешілер» сауданың түбіне жеткен пысық қуларды ғана емес, 90-жылдардағы рэкетирлерді де еске салады, себебі несиесін уақтылы өтей алмаған елді соққыға жығады екен.
Саудагерлер халықтан қалай пайда тапты?
Қөп қазақтар бірігіп киім алу үшін, қалаға мал сатуға апарады. Мал сатып, ақшасын алған соң, олар лапкеден пұл қарайды. Көрсе, лапкедегінің бәрі жаңа, әдемі, қызықты. Мұны көріп, байқұс қазақтың көзі алабұртып, ананы да, мынаны да алғысы келеді. Бірақ ақшасы жоқ.
Пұл, ақша жоғы ешнәрсе емес. «Соңынан берерсің» дейді саудагер. Қазақты құрмет тұтып, несиеге пұл береді. Қазаққа азырақ нәрсе керек болса да, саудагер көп пұл тығып, бұған мөлие, сасқалақтайды да қалады. Қазақ мұгша азаптанып сауда жасаған саудагерден азғантай зат алуды ар санайды. Және де сыйлап, құрметті сөз айтқанға ештеңе көрмеген байқұс қырдың баласы еріп, саудагердің не айтқанына көніп кетеді.
Сөйтсе де борышқа батып қалғанын біліп тұрады. Бірақ мұндай әдемі нәрселерді қайтіп алмасын? Қатын, балаларын бір қуанту керек қой. Ол ойлайды, уақытына шейін бір нәрсе берер деп. Сөйтіп қайсы бірлі-жарым қарасы бар бишаралар борышқа кіріп кетеді. Саудагерлер несиеге бек қымбат береді. Мысалы, қол ақшаға 10 тиыннан сататын кезін 25 тиыннан береді.
Қайсы бір саудагер пұлын қырға шығарып, шыттың 6–7 кезін несиеге қойға береді (қой 2 теңге 50 тиыннан 4 теңгеге дейін болады). Мұндай сауда жақсы өтеді. Қазақтар мұны текке берген пұлдай алады. Саудагерлердің несиесін қалай жиятынын өсімқор турадан жазғанда айтқанбыз. Олардың бүйтіп жиятын тақуасы: аңқау қазақтар арты қиын болатынын білмей, бұлардың тұзағына өздері түседі. Міне, несие жиятынның қылатыны осы.
Бірақ қарыздың ақшасын қайтаратын кез келгенде, көпестің бағанағы биязы һәм сыпайы бейнесінен із де қалмайды:
Мен қырдан қалаға келе жатыр едім, даладан екі атты, бір жаяу көрінді, жолықтық. Екеуінің де аттары семіз, қырдағыдай емес, киімі жақсы көрінді. Қырдағы саудагердей өзін жоғары тұтып тұрды. Жаяуы 60-тың ішіндегі адам екен. Өзі шаршаған секілді көрініп тұрды. Бетінде қатқан қан бар екен. Біз сұрап білдік, бұл қазақ саудагерге 8 кез шытқа бір қой бермек екен. Қойын таба алмаған соң несиені, оның тамақ асырап отырған екі сиырының бірін қуып жөнелейін деген екен, ол бермепті. Себебі оны берсе қаңғырып кетемін деді. Саудагерлер оны ұрған екен, бермейтінін көріп, таяқтан еш нәрсе өнбейтінін көріп, оны биге әкеле жатыр екен. Би саудагердің тамыры шығар, оның ісін орнына келтіреді ғой. Аяғы немен біткенін білмеймін.
«Дала уәлаяты газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.