Жасасын түркі-татар баласы!
«Үш жүз» газетіне жолданған хаттар
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпы қазақ съезінде Алаш автономиясы құрылды. Осы қуанышты оқиғаға байланысты газет редакцияларына оқырмандардан ерекше, жарқын болашақты аңсаған сезімге толы хаттары көптеп келе бастады. Оқырманның «Үш жүз» газетіне жазған хатынан үзінді:
«Орынборда декабрдің 12-сі күні дүние жүзіне «Алаш автономиясы» келген. Кіндігін кесіп, сол сағатта азан айтып, ат қойып, алтын бесікке салған. Шала туған баладай неге асығып ат қойған деуге болмайды. Сағынып көрген баласына атам қазақ бесігінде қыз айттырып, бесіктен шыққан соң аяғын басқан соң-ақ, қарағым, бірге жатсыншы деп, қалыңдығын әперетін.
«Алаш автономиясы» қазақ-қырғыздың тұңғышы. Келген дәулет, кеткен бейнет. Кешегі кеткен қырсық патшалықты, мынау өзі келіп тұрған автономияны көрген қазақ-қырғыздың баласы Алаш! Алаш! – деп ұран шақырысып, құшақтасып, қуанғанынан жыласпақ түгіл сол жерде біреуі жапондарша өзін-өзі бауыздапi
Нұрғали Құлжанов, 1918.
«Үш жүз» газеті 1917–1918 жылдары Петропавлда жарық көрген солшыл басылым. Сайлау кезінде Алаш партиясына қарсы насихат жүргізген. «Үш жүз» газетінің оннан астам саны шығып жабылған.