Алай патшайымы
Құрманжан Датқаның көзі тірі кезіндегі соңғы суреттері
«Мың рет естігеннен бір көрген артық» деген халықтың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam түрлі дәуірден бізге кеп жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа айдар қосты.
Құрманжан Датқа атымен белгілі Құрманжан Маматбайқызы (1811–1907) — Алай қырғыздарының атақты көсемі және мемлекеттік құрылымдарды басқарған санаулы мұсылман әйелдердің бірі болды. Саяси және әскери мансабы өрлеген кезде оған он мың адамнан тұратын әскер бағынған. Ол басқа қырғыз бектерімен бәсекелес болып, Қоқан ханына қарсы шығып, Ресеймен соғысқан. Салиқалы саясаты мен дипломатиялық шеберлігінің арқасында ол Қоқан хандығында да, Бұхара әмірлігінде де ресми түрде «датқа» (патшайым) болып танылып, Ресей үкіметі оған Ресей императорлық армиясының полковник шенін берген. Ал өз елінде «Ұлт анасы» (қырғызша Улуттун энеси) атанған. Жалпы оның өмірі туралы ұзақ айтуға болады.
Оның өмірінің соңғы жылдарындағы тағдыры өте қайғылы болды. 1893 жылы ұлы Қамшыбек «орыс кеденшісін өлтірді» деген айыппен тұтқындалып, 1895 жылы анасының көзінше ату жазасына кесілді. Құрманжан Ош маңындағы Мады ауылына өз еркімен жер аударылды. 1906 жылдың маусым-шілде айларында Құрманжанның өлімінен алты ай бұрын атақты жиһанкез және Финляндияның болашақ президенті, кеңес-фин соғыстарының батыры, әйгілі «Маннергейм линиясы» өз есімімен аталатын маршал Карл Густав Эмиль Маннергейм Алай аңғары арқылы жол жүріп өткен. Ол Құрманжанның соңғы суреттерін түсірген. Жиһанкез өз естеліктерінде 96 жасында Құрманжан Датқаның ат тізгіндеп, күніне 40 шақырым жол жүріп өтетінін, өйткені күймеде жүрегі айнитынын жазған. Бүгін біз 96 жастағы Алай патшайымының фотосуреттерін көрсетеміз. Топтамада сондай-ақ одан ерте орыс революционері И.П. Ювачев түсірген фотосуреттерді көруге болады.