Ақмола облысындағы ақсақалдар кеңесі
Қартың болса, жазып қойған хатпен тең
«Мың рет естігеннен бір көрген артық» деген халықтың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam түрлі дәуірден бізге кеп жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа айдар қосты. Осы аптада ақсақалдар кеңесі туралы фотосуреттерді іріктеп алдық. Ақсақалдар кеңесі — ауыл тұрғындары мен туған-туыстың қарым-қатынасын басқарудың дәстүрлі формасы екенін еске сала кетейік.
Жалпы қазақ қоғамындағы ақсақалдар кеңесі — ауылдың не қауымдық-рулық ұжымның әлеуметтік және саяси өміріндегі маңызды жүйелердің бірі. Ол басқарушылық функцияларды да, сот міндеттерін де атқарған. Ресей отарлауы кезінде де жергілікті халықтың өзін-өзі басқаруы туралы тұжырымдама белгілі бір дәрежеде осы институтқа арқа сүйеді. Дегенмен ақсақалдар кеңесінің атқаратын ісі мұнымен шектелген жоқ: ол адамдар не рулар арасындағы дау-дамайға да белсене араласып, мәселені шешуге қатысып отырды. Сондай-ақ ақсақалдар сайлау да ұйымдастырды: мәселен, би-сұлтандардың сайлауы осы кеңестің қатысуымен жүрді.
Бүгін ұсынылып отырған фотосуреттерді 1895 жылы Ақмола облысында Жюль де Кювервиль түсіріпті. Франция теңіз әскері флоты штабының болашақ бастығы қазақ даласына Сібір мен Орталық Азияны аралаған саяхаты барысында келген екен.