ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ 100 ЖЫЛ БҰРЫН НЕ ОЙНАДЫ?
Қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш ғылыми-көпшілік басылымда сипатталған үш халық ойыны

Асық ату / Chat GPT / Qalam
1923 жылы Түркістанда «Сана» журналы жарық көре бастады. Бұл — қазақ тіліндегі кеңестік тұңғыш ғылыми-көпшілік және педагогикалық басылым еді. Оның алғашқы нөмірінде балалар ойыны туралы бөлім жарияланды. Сол заман куәгерлерінің сөзін негізге ала отырып жүз жыл бұрынғы балалық шақтың қандай болғаны туралы әңгімелейміз.
Мақаламызда түпнұсқа материалдың тілі мен орфографиясын сақтап беріп отырмыз.
Бірінші ойын: «Ай-құлақ»
Ай-құлақ — көктемнен бастап жаздың ішінде балалардың ойнайтын бір ойыны.
Ай-құлақты ойнау үшін кешке таман жұрт аяғы басылған соң көп балалар жиналып, өздерінің арасынан үш баланы шығарады — бірін қасқыр, бірін қойшы, бірін ит қылу үшін.
Қасқыр болатын баланың екі шекесіне тақияны тікейтіп, орамалмен маңдайынан байлап, арқасына киім-кешек тығып томпайтып, белін астынан буып қасқыр қылып болған соң, балаларға жуытпай анадай бір бұтаның тасасына жатқызады.
Қойшы болатын баланың үстіне жыртық шапан, басына жаман бөрік кигізіп, қолына бір таяқ беріп, ит болған баланы қасына ертіп, қойдың қасына жатқызады. Қалған көп балаларды қой қылып көгендеп қояды.

«Ай-құлақ» ойынынан көрініс / Chat GPT / Qalam
Біраздан соң қойлар дүр етіп үркеді. Сол уақытта ит те абалап, қасқырмен арсылдасып қалған кезде қойшы да айтақтап, қозыны айырып қалады. Сөйтіп, қасқыр бірде құр кетіп, бірде алып кетіп жүріп, ақырында сол қойлардың бәрін де тауысады.
Міне, осыменен бұл ойын осылай бітіп, екінші басталғанда тағы да бұрынғы жолыменен бастала бермекші.
«Сана» журналында бұл ойынды сипаттап берген автордың бүркеншік есімі — Қара бала. Журналда мұндай лақап аттар жиі қолданылған, себебі 20-ғасырда білімді автор-журналистер жеткіліксіз еді. Бір есім қайталана бермеуі үшін, тұрақты жазып жүрген авторлар осындай амалға барған. Мәселен, журналдың редакторы Халел Досмұхамедұлы «X. Д.», «Х» және «Қара бала», Мағжан Жұмабайұлы «Жәжеке»; Мұхтар Әуезов «Қоңыр» деген бүркеншік аттарды қолданыпты.
Екінші ойын: «Дүмпілдек»
Дүмпілдек — қазақ балалары да ойнаған қырғыз ойыны. 7–8 жасынан тартып 20 жасқа келгенше ойнайды. Еркек балалар менен қыздар араласып ойнай береді. Көбінше түн ішінде ай жарықта ойналады. Жылдың төрт мезгілінің кайсысында болса да ойнала береді. Артықша жайдың күні болады. Күн жылы болса, қораның шетіне балалар жиылады да, «а» деп дүмпілдек ойнағанға кіріседі. Ойынның тәртібі мынадай болады: ойнағандар көп болса 16, аз болса 6 адам болуға тиіс. Андын көбі көп болып кетеді, азы аздық қылады. Екі жақ болып бөлініп, екі жағы да өздеріне басшы сайлайды.
Бір тарапы жерге шапандарын, тондарын дегендей шүмкеніп, тізіліп, үймелектеп жатады. Басшы болған бала қолына ұзындығы 5 кез бен 10 кездің арасындай жіпті (арқанды) алып, бір ұшын жатқандардың біреуіне қарматып, екінші ұшын өзі қармап жатқан балдарын қорғайды.
Енді екінші жағы (жатпағандар) киімдерін жеңілденіп, жалаң аяқтанып қолдарына төбетейлерін, байпақтарын, болмаса құрым жұлығын шешіп алып, жатқандарды қашырып, тиіп-қашып сабай бастайды. Жатқандардың басшысы әлгі жіптің жеткен жеріне шейін тігілерді қуалап, сабатпастан амалын істеп қорғайды. Егер қорғаушы қармаса, тиіссе, іс қылып қашып сабап жүргендердің біреуіне барып тигендігі анықталса, жатқандар тұрып, олардың орнына сабап жүргендер келіп жатады. Оларды да өздерінің бастығы қорғайды.

«Дүмпілдек» ойынынан көрініс / Chat GPT / Qalam
Басшы болған бала, яғни қорғаушы балдардың ішінде пысық, мықтырағы болуға керек. Жүгіргенде қармап ала тұрған, өзі күшті дегендей... Қорғаушы сабап жүргендерді қуып қармағанда жіпті қоя беріп барып қармаса, жетсе, ол есепке алынбайды. Жатқандардың жіп қармағаны да қоя беруге болмайды. Өстіп ойнай береді де, аяғында көп жатпай, көп сабағандардың мөрісі үстем болып, көп жатқандар жеңілгенге есептеледі. Сабаған уақытта еттерін қатты ұрғандай, жанына батқандай қылып жіберуге болмайды.
А деп ойын басталарда бұрын жатып кезек беруге екі жағы да көнбейді. Ол туралы: екі жағы да екі балапан бала алып шығып күрестіреді де жығылған жағы бұрын жатады. Ол болмаса екі күлік баланы алып шығып жарыстырады да қалған жағы жатады. Мұнан басқа шөп жасырып, қара көтен қармап дегендей бірнеше түрлі жеребелері бар. Қай алдырған жағы жатып кезек береді.
Ойнап жатқан уақытта арасында бір шыр-шатақ шыға қалса, балдардың біреуі «ақ шөп басы» деп айта салады. Шөп басы дегені: қорғаушы қарамағанды қойсын, тігілер сабағанды тоқтатсын, сөйлесіп келісейік дегені.
Ақ шөп айтылғаннан кейін тең тоқтап, шатақты бітіреді. Ақ шөп басы айтылған кезде қорғаушының қармағаны, тігілердің сабағаны есепке алынбайды. Егер істеліп қалса, ойынның тәртібін бұзған болып жарамайды. Басшылар тиіп қояды.
Мұнан басқа «шап кетті» деген сөз бар: шап кетті дегені — ойын басталды, қашыңдар, қолға түсіп қармалып қалмаңдар дегені. Мұны да ойынның басшылары айтады. Жатқан балдар ешбір іске қатысуға ақысы жоқ. Олардың ісі — жалғыз жату ғана.
«Дүмпілдек» ойыны туралы мәтіннің авторы өзін Қырғыз деп көрсеткен екен. Бұл лақап аттың артында қырғыз ағартушысы, ғылыми қайраткер Есеналы Арабайұлы тұр.
Үшінші ойын: «Марламқаш»
Марламқаш — жазды күні ойналатын қазақ балаларының көп ойындарының бірі. Бұл былай ойналады: қараңғы түндерде көп балалар жиналып екі бөлінеді. Бір бөлігі киімдерін тастап, алысырақ жерге барып жасырынып жатады. Қалған бөлігінен жасырынғандар қанша болса, бұлар да сонша болып, іздеп ұстауға шығады.
Сонда бұлар іздеп шығысымен айқайлап жүгіріп жүріп айтатыны: «Марламқаш, мені көрсең тұра қаш!» деп, жасырынған балалар үстіне жақындап келіп қалғанша жата береді. Үстіне өтіп келіп қалса табанда ұстатпайды. Онда тұра қашады.
Олардың ойынға жарамайтын жасырақ балаларды киімдерінің қасына қалдырып кеткен белгі — ордалары болады. Соған қарай қашуға тырысады. Егер жеткендері болса, ұстап ордаға дейін арқасына мініп келеді. Бұл міну жеткендеріне үлкен бақ деп санайды. Жеткізбей құтылып кету де қашушы балаларға да сондай бір дәреже. Мінгізгеннің қабақтары түсіп, мінгендерінің көңілдері шат болып, жеткізбегендері қуанып, жете алмағандары қайғырып, жабырқаңқы болып, жете алмағанына ішінен ұялып, барлығы да ордаға жиылады. Екінші басталғанда әлгі қуған жағы енді жасырынып, қашқан жағы енді қууға шығады. Алдыңғы ретше болып кетсе береді.

«Марламқаш» ойынынан көрініс / Chat GPT / Qalam
Бұл ойында қашса құтылып, қуса жететін балаларды таңдасып алып қуады. Мұндай өте асқан жүйрік балаларды сырын білмейтін бөтен ауылдың балаларының ойындарына қосуға болмаса, өз ауылдарының ойынына араластырмай, өздерінше «бұл жүйрігіміз» деп оны құрметтейді.
Бөтен ауылдың жүйрік деген балаларына бәйге атындай ертіп барып, әлпештеп қосады. Бұл баланың жүйріктігіне арналған мойында тұмары да болады. Сондықтан жүйрік болып осындай атақ алу үшін жазды күні балалардың сүйіп ойнайтын ойындарының біреуі осы марламқаш болады.
Бұл мақаланы «Сананың» бас редакторы Халел Досмұхамедұлы бүркеншік есімдерінің бірі Қара бала деген атпен жариялаған екен.
«Сана» журналы Ахмет Байтұрсыновтың араб алфавитін негізге ала отырып әзірлеген қазақ қарпінде жарық көрген. Барлығы үш қана шығарылымы бар: бірі 1923 жылы, екеуі 1924 жылы басылған.

«Сана» журналы, 1923 жыл. Балалар ойыны жайлы мақала. «Ай-құлақ» / ҚР ұлттық кітапханасы
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ