«ОДАҚТАС, ҰРАНДАС ЕЛДЕРДІҢ ҚАМҚОРЫ...»

Қазақстандағы 1920−1980 жж. қуғын-сүргін хроникасы

«ОДАҚТАС, ҰРАНДАС ЕЛДЕРДІҢ ҚАМҚОРЫ...»

Самохвалов А. Киров дене шынықтырушылар шеруін қабылдауда. 1935 жыл/Wikimedia Commons

Кеңес Одағында болған қуғын-сүргінді әдетте Иосиф Сталиннің есімімен ғана байланысты дейді, алайда мұндай пайым ақиқатқа қайшы. Елде орнаған билік режимі о бастан репрессияға арқа сүйеген. Профессор Зәуреш Сақтағанова халық бастан кешкен қуғын-сүргіннің мәні мен механизмдерін айқындап, Қазақстан тарихының түрлі кезеңдерінде жүрген қудалау науқандарының ауқымын бағалауға тырысқан.

РЕПРЕССИЯЛАРДЫҢ ТҮП ТАМЫРЫ

Кеңес мемлекетінде тоталитарлық жүйенің орнығу үрдісі мен жүйелі, жоспарлы әрі жаппай сипаттағы саяси репрессиялар қатар жүрді; олар бұрын-соңды болмаған ауқымда өрбіп, халықтың барлық топтарын қамтыған. Алайда қуғын-сүргінді тек Сталин саясатының ажырамас бөлігі деп түсіну ағаттық болар. Өйткені елдегі репрессиялар 20 ғасырдың 20 жылдардың аяғында Сталин билік тізгінін толықтай өз қолына алғанға дейін басталып, 1953 жылы қайтыс болғаннан кейін де тоқтамаған. Биліктің репрессиялық әрекеттерге иек артқан бағдарламасының идеологиялық ұйытқысы В.И.Лениннің «ақтардың әрекетіне жауап ретіндегі қызыл террор туралы» тезистерінен бастау алып, кейін И.Сталиннің социалистік қоғам қаңқасы нығайған сайын таптық күресті де күшейту керек деген теориясымен толыққан. Ол бұл теорияны 1928 жылы 9 шілдеде БК(б)П Орталық комитетінің пленумында сөйлеген «Индустрияландыру және астық проблемасы туралы» (Советское общество, 1997:115) атты сөзінде былай деп айқындап берген: «Біз алға басқан сайын капиталистік элементтердің қарсылығы арта береді, тап күресі шиеленісе береді, ал күші барған сайын арта беретін Кеңес өкіметі бұл элементтерді оқшау қалдыру саясатын, жұмысшы табының жауларын аздырып-тоздыру саясатын, ақырында, қанаушылардың қарсылығын басып-жаншу саясатын жүргізіп отыратын болады...» (Сталин, 1952: 170–171).

Кеңес мемлекетінде репрессия әуелден-ақ билік үшін күрестің негізгі әдісіне айналған, сол күрес жолында шын қарсыластар да, ықтимал бақталастар да, тіпті біреудің қиялындағы «мынау қауіпті» деген тараптар да өмірмен қош айтысты. КСРО-дағы мемлекеттік органдар жазалау шараларын ең алдымен жұртты бойына қорқыныш ұялату арқылы басқаруға болатын қоғам құру үшін қолданған. Әлдебіреудің әрекеті (немесе әрекетсіздігі) мен оған тағайындалған жаза пара-пар келмейтін. Болашақ коммунистік қоғам тұрпатына жат, билікке наразылық білдірген, қарсылық көрсеткен немесе сондай қарсылық көрсетуге қабілетті деген әлеуметтік топтар жазаланған немесе жойылған. Бұған қоса, террор әбден күшейген шақта билік репрессия саясаты арқылы қалың бұқараны елдің халық аз қоныстанған аудандарына жер аудартып, қосымша капитал жұмсамай-ақ ірі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге тегін жұмыс күшін жұмылдыра алды.

Бірақ елдің өзгеше ойлаған немесе дербес пайым білдірген азаматтары Ленин-Сталиннің жаппай репрессиялары аяқталғаннан кейін де қуғын-сүргінге ұшырап жатты. Британ жазушысы Джордж Оруэлл айтпақшы: «Тоталитарлық мемлекет өз азаматтарының әрекетін қалай аңдып-бақылап отырса, дәл солай ойы мен сезімін де әсте уыстан босатпауға тырысады...» (Оруэлл, 1989:245). Кеңес мемлекеті қолданған репрессиялар механизмінің басты міндеті — «homo soveticus-тың» не ойлап, не сезінгенін қадағалау болған.

20 ғасырдың басындағы Павлодар шаруалары / Д. Багаевтың үй-мұражайы, Павлодар

20 ғасырдың басындағы Павлодар шаруалары / Д. Багаевтың үй-мұражайы, Павлодар

Бүгінде Қазақстанда 1920–1980 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны қанша деген сұраққа шамалап болса да жауап бере алатын маман жоқтың қасы. КСРО Ішкі істер министрлігінің материалдарына сенсек, 1921 жылдан 1954 жылдың басына дейінгі аралықта ОГПУ Алқасы, НКВД үштіктері, Төтенше кеңес, Әскери коллегия, соттар мен әскери трибуналдар контрреволюциялық қылмыстар үшін айыпты деп 3 777 380 адамды соттаған. 642 980 адамды өлім жазасына кесті (ГАРФ. Ф.9401. Оп.2. Д.450. Л.214). Қолда бар деректерге сай, сол аралықта Қазақстанда 118 000 адам репрессияға ұшырап, 25 000-нан астамы атылды, 1,5 миллион адамды — 61 ұлт өкілдерін депортациялады (Елеуханова, 2016: 193).

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН КЕЗЕҢДЕРІ

Бірінші кезең — репрессиялар большевиктер билікті басып алған бойда басталып (1917 жылдың қазанынан бастап 1920 жылдардың ортасына дейінгі кезең), ұлттық партиялардың («Алаш», «Шура-и-Исламие» т.б.) және ұлттық автономиялар үкіметтерінің («Алашорда», «Туркестани Мухториат») қызметімен байланысты ұлт зиялыларына қарсы жүргізілген. Солардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов және т.б. болған. Дәл осы кезеңде билік елге беделі жүрген ең білімді, саяси сауатты әрі қоғам өміріне белсене араласқан ұлттық интеллигенцияның элитасын қазақ қоғамынан оқшаулап, алыстатып, ықпалынан айырды. Бұл ретте репрессияға ұшыраған ұлттық элитаның барлық өкілдеріне «қоғамдық-саяси қудалау» механизмінің бірдей алгоритмі қолданылған. Ұлт зиялылары бастапқыда биліктен «шеттетілді», сөйтіп олар мәдениет — білім беру, ғылым саласына: университеттерге немесе ғылыми зерттеу институттарына, газет-журналдарға барып істеуге мәжбүр болды. Араға бірнеше жыл салып, оларды әлеуметтік ортадан оқшаулап, «ығыстырып шығаруға» (үй қамақ, қуғын-сүргін, түрме) қадам жасайтын. 1920 жылдардың ортасына қарай бұрын, яғни 20 ғасырдың басында тұтас қазақ қоғамына ықпалы жүріп тұрған ұлт зиялыларының «алғашқы» (революцияға дейінгі) буыны қоғамдық өмірден тыс қалды.

"Алаш" ұлттық-демократиялық партиясының көшбасшылары. Солдан оңға қарай: А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов/ОМ КФДЖА, Алматы

"Алаш" ұлттық-демократиялық партиясының көшбасшылары. Солдан оңға қарай: А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов/ОМ КФДЖА, Алматы

Екінші кезең — коммунистік партия-кеңес элитасы Қазақстанда кеңес өкіметін орнатқан «қарт» большевиктер мен коммунистердің «жас буыны», БК(б)П Қазкрайкомының бірінші хатшысы Ф. И. Голощекинге, ол 1920 жылдардың ортасынан 1930 жылдардың басына дейін «Кіші Қазан» төңкерісін жасағанда қарсы шыққан кеңес ұлт зиялыларының «жаңа буыны» өкілдерінің репрессиялары. Бұл кезеңде қудалауға ұшырап, тұтқындалғандар: С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, С. Қожанов, С. Меңдешев т.б. Аталған қазақ кеңес интеллигенциясының өкілдері Қазақстанда Ф. И. Голощекиннің әдісімен социалистік қайта құрулар жүргізуге жол бермеуге тырысқан. Олар сол саясаттың салдарын алдын ала болжап білген, билік қазақтардың дәстүрлі көшпелі шаруашылық жүргізу салтын елемей әрекет етсе, қазақ даласының орасан зиян шегетінін ескерткен. Ұлттық партия-кеңес зиялыларының осы тобының оппозицияда болғанына өлкедегі партияның бірінші басшысы Ф. И. Голощекин де, орталық өкімет өкілдері де қатты наразы еді. Өкімет саясатына қарсылық білдіргендер ақырында, 1930 жылдардың ортасына таман, түрмеге жабылып, жер аудартылды.

1 / 2

Үшінші кезең — 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың бірінші жартысында елді жаппай ұжымдастыру және күштеп отырықшы салтқа көшіру кезеңінде шаруаларға (ауқаттылар: кулактар, қазақ байлары, орташа шаруа) қарсы жүрген репрессиялар. Репрессиялардың бұл кезеңінде кулактар мен байлар табын жою науқаны етек алған, сол күрестің арқасында билік «үлкен бетбұрыс» жасап, шаруалар табының «омыртқасын үзді», демек аграрлы халықтың ең мықты, шаруашылыққа бейім, яғни ең ықпалды бөлігінің көзін құртуға мүмкіндік алды. Өкіметтің осы әрекеттері, кезінде қазақ зиялылары (Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, С. Қожанов т.б.) ескерткендей, алапат нәубетке — «Ашаршылыққа» әкеп соқтырды. Большевиктер ұйымдастырған аштықтан, дерттен (кейбір қазақстандық зерттеушілердің айтуынша) 2 миллионға жуық қазақ мерт болды. Билікке елдің аграрлық секторында бәрінен табанды қарсылық көрсеткендер — Қазақстан ауылдарындағы ауқатты, дәулетті адамдар еді. Кеңес репрессиялық машинасының бар қуаты солардың көзін құртуға бағытталды. Елде белең алған «таптық қысым» науқанының ауқымды болғанына қарап, мемлекеттің сол тұста қуатты репрессиялық аппарат құрып үлгергенін аңғарамыз. Бірқатар зерттеуші бұл кезеңді «большевиктердің әлеуметтік-таптық геноциді» деп сипаттайды (Депортированные народы, 1998:52-53). Осы орайда 1930 жылы Қазақстанда алғашқы ГУЛАГ лагерлерінің пайда болғаны кездейсоқ жайт емес, сол кезде тұтқындалғандардың едәуір бөлігі шаруалар болған.

Қазақстандағы ашаршылық құрбандарына арналған сурет. Карлаг мұражайы, Қазақстан. 1930 жж./Alamy

Қазақстандағы ашаршылық құрбандарына арналған сурет. Карлаг мұражайы, Қазақстан. 1930 жж./Alamy

Төртінші кезең 1930 жылдары өндіріс орындарындағы инженерлік-техникалық қызметкерлер мен жұмысшыларды «саботаж әрі зиянкестік әрекет» жасады деген айып тағып, қудалау («Риддер ісі», «Балқаш ісі» т.б.). Бұл кезеңде еркін ойлы техникалық интеллигенция өкілдеріне, инженерлік-техникалық мамандарға, жұмысшыларға «жапон-герман агенттері», «контрреволюциялық ұйымдар», «троцкистер», «оңшылдар», «ұлтшылдар» және басқа да «тыңшы бандалары» деген айдар тағып, репрессиялаған. Қуғын-сүргіннің осы ілегіне себеп болған жайттарды айқындап берген Қазақстанның Ішкі істер халық комиссары Л. Залин 1937 жылғы маусымда сөйлеген сөзінде былай деген: «Дұшпандық пиғылдағы әрекеттерге негізінен саяси, экономикалық, әскери шпионажды, біздің өнеркәсібімізде, көлік, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы саласындағы зиянкестік диверсиялық жұмыстарды, террорға дайындықты... жатқызамыз. Бізге, әсіресе, чекистерге, әлі әшкере болмаған жапон-герман агенттерін, фашист, троцкист, оңшыл, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымдарды әшкерелеп, түгін қалдырмай талқандау міндеті жүктелген...» (АП РК, Ф.708. Оп.1. Д.2. Л.111-112). Дәл осындай желеумен техникалық интеллигенция қатарын да тазалап алған. Қазақстанның ірі құрылыс алаңдары мен кәсіпорындарын басқарғандар да «зиянкестік әрекет жасады» деген айыппен істі болған, солардың ішінде: Я.И. Михайленко, П.П. Спиридонов, А.И. Кельмансон, М.Г. Грольман, П.К. Поддубный, Н.М. Прасолов және т.б. бар. Сол шақта репрессияға ұшырағандар бас бостандығынан айырылып, абақтыға қамалып, атылды.

"Кеңес өкіметі жазаламайды, түзетеді" деген қабырға ұраны. Карлаг мұражайы, Қазақстан / Alamy

"Кеңес өкіметі жазаламайды, түзетеді" деген қабырға ұраны. Карлаг мұражайы, Қазақстан / Alamy

Бесінші кезең «Үлкен террор», 1937−1938 жылдарда жүрген репрессиялар. Оны қуғын-сүргіннің алдыңғы толқындарының шырқау шыңына жеткен түрі, логикалық қорытындысы деп білеміз, өйткені бұл кезеңде билік өзіне қарсы шыққандардың немесе репрессия тетігіне кездейсоқ ілінгендердің бәрін жазым қылған. Осы жолы бұрын репрессияланған, бірақ аман қалғандардың бәрі қайтадан қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді.

1937−1938 жылдардағы репрессиялар кезінде жаппай ату жазасын қолдануға негіз болған құжат БК(б)П Орталық комитетінің 1936 жылғы 29 шілдеде барлық партия ұйымдарына жолдаған құпия хаты. Онда жауапты тараптарға «қырағылық танытып, жауды әшкерелеу» бағытындағы олқылықтарды анықтауға әрі жоюға қатысты ақылға сыймайтын, шамадан тыс қатаң талаптар қойылған еді. Сол жылы Крайком «фашистер, троцкист-зиновьевшілер, тыңшылар, барлаушылар, диверсанттар мен зиянкестердің, алашордалықтар мен басқа да ұлтшыл элементтер топтасқан жау ұяларын аяусыз талқандау туралы» шешім шығарған. «Дұшпандар мен олардың сыбайластарын әшкерелеу жұмыстарын партия ұйымдарының бәрі және әрбір коммунист күнделікті... кез келген салада әрі кез келген жағдайда жүргізуге тиіс» (АП РК. Ф.141. Оп.1. Д.10599. Л.502-503). «Жаудың ұясын аяусыз талқандау» тапсырмасын орындау кезінде, мысалы, «контрреволюциялық топтың» мүшесі деген айдар тағылған адамдар репрессия машинасының уысына түскен.

Мәселен, 1937 жылы БК(б)П Қарағанды қалалық комитеті бюросының отырысында Қарағанды ҚАЭС құрылысы кезіндегі «контрреволюциялық ұлтшыл топтың» әрекеті қаралған, жиында аталмыш топ «жабық кештер өткізіп, онда советтерге қарсы сөз сөйлеп, контрреволюциялық ұлшылдық сарындағы әндер айтқан, осылайша кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық үгіт-насихат жүргізген» деген дерек алға тартылды, осы ретте «контрреволюциялық ұлтшылдық әндер салды» деген айыптың өзі ауыр-тын, азаматты соған бола партиядан шығарып, ісін тергеу органдарына бере алатын (Политические репрессии, 1998:27-28).

1937−1938 жылдардағы репрессиялар кезінде республикалық, облыстық, қалалық және аудандық партия және кеңес органдарының, НКВД органдарының жетекші қызметкерлерінің барлығы дерлік (80−100%-дан астамы) түрмеге қамалып, атылды.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев / Иосиф Будневич / РИА Новости

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев / Иосиф Будневич / РИА Новости

Алтыншы кезең 1930−1940 жылдарда тұтас халықтарды (поляктар, корейлер, немістер, шешендер, ингуштер, Қырым татарлары, месхет түріктері т.б.) Қазақстанға депортациялау. Осы кезеңде халықтарды мәжбүрлеп жер аударту науқаны КСРО аумағында бұрын-соңды болмаған ауқымда жүрген. Жүздеген мың адам нақақтан-нақақ айыпталып, небары 24 сағат ішінде тұрғылықты жерінен көшірілген, солардың ондаған мыңы депортация кезінде қайтыс болды.

ОГПУ (қаз. Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) мәліметтері бойынша, 1932−1933 жылдардың өзінде Қазақстанға жер аударылып келіп қоныстанған елді мекендерде 55441 адам қаза тапқан; 1933 жылы Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген адам санына қарағанда репрессияға ұшырап, жер аудартылып қайтыс болғандар саны 19 есе, ал Оңтүстік Қазақстанда 13 есе көп болды (Бугай, 2011:20). Ресей зерттеушісі Н.Ф. Бугайдың айтуынша, 1940 жылдардағы жағдай да қиын болған: саяси қуғын-сүргін құрбандары жер аудартылғандардың ілегі Қазақстан аумағына толассыз келіп жатты. Депортация кезінде, Қазақстанның ызғарлы климатына бейімделу кезеңінде мерт болғандар санын шамалап қана анықтаған.

Жетінші кезең соғыстан кейінгі онжылдықты, 1940 жылдардың ортасынан 1950 жылдардың ортасына дейінгі уақытты қамтиды. Репрессия жалыны халықтың барлық топтарын әскер қатарындағыларды, соғыста тұтқынға түскендерді, шаруаларды, жұмысшыларды, зиялыларды т.б. тұтас шарпыған. Соғыстан кейін КСРО-да саяси тұтқындарды «мемлекетке опасыздық жасаған аса қауіпті қылмыскерлерді қатаң режимде ұстайтын» арнаулы лагерьлер жүйесі (ГУЛАГ) құрылды. «Үлкен террор» келмеске кеткен сияқты көрінгенімен, елде репрессиялар тоқтамады, ГУЛАГ жүйесі өріс алды. 1953 жылы Сталин қайтыс болған кезде ГУЛАГ-та бар-жоғы 2,5 миллионға жуық тұтқын болған, ал 2,75 миллион адам жер аудартылған (Казахстан: послевоенное общество, 2012:8).

Соғыстан кейінгі сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылардың арасында Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, Қ. Мұхамедханов, Б. Исмаилов, М. Әуезов, Қ. Сәтбаев т.б. болған.

1 / 2

Зерттеушілер соғыстан кейінгі жағдайда айыпты деп танылғандарға шығарылған үкімдердің мазмұны өзгергенін атап өткен. Сот органдары енді, 1930 жылдармен салыстырғанда, өлім жазасын аз қолданып, есесіне айыптыларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыратын болды. Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік архиві материалдарынан алынған деректерге сүйенсек, соғыстан кейінгі онжылдықта репрессияланғандардың 41% — 10 жылға, 31% — 5 жылға, 22% — 8 жылға, 3% — 25 жылға, 2% — 15 жылға және 1% — 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген екен. Саяси себептермен қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбісі (91%) «антисоветтік және контрреволюциялық пропаганда» жасады деп айыпталған: соғыстан кейінгі кезеңде билік өкілдері сөзімен не ісімен кім мемлекеттік құрылысқа қауіп төндіре алады деп тапса, солардың бәріне осындай айып тағылған (Жанбосынова, 2012: 29-30). 1948 жылдан бастап репрессиялар саясатының жаңа кезеңі етек алды: айыпты делінгендерді қудалау, қайта тұтқындау науқаны жүрді.

Сегізінші кезең 1950 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі аралықта «өзгеше ойлайтындарға»: шығармашылық интеллигенция, ғалымдар, партия-совет элитасы мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдеріне қарсы репрессиялар. И.В. Сталиннің өлімінен кейінгі «Хрущев жылымығы» кезеңінде қуғын-сүргін саясаты айтарлықтай бәсеңдеп еді, дегенмен елді бойына қорқыныш ұялатып басқару билік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып қала берді. Бұдан былай репрессиялар жаппай әлеуметтік, этникалық немесе таптық белгілерге қарап емес, жеке-дара қолданылатын болды, қудалау әдістері де «жұмсарды»: ату жазасының орнына түрмеге қамау, психиатриялық клиникаларда мәжбүрлі емдеу, КСРО-дан тыс шығару т.б. амалдары қолданылған.

Көшпенділер. Ақмола облысы, Қазақстан / Нұрмұхамед Имамов мұрағаты

Көшпенділер. Ақмола облысы, Қазақстан / Нұрмұхамед Имамов мұрағаты

Тоғызыншы кезең 1980 жылдардың екінші жартысындағы репрессиялар. Горбачев ішкі саясатта жаңа, неғұрлым либералды қағидалардың орнағанын жариялағанына қарамастан, билік 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысушыларды қатыгездікпен қудалаған. Совет репрессиялық машинасы жүйеге наразылық білдіргендерді аяусыз басып-жаншып отырды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары кезінде Ішкі істер министрлігінің Қазақстанда жүргізген «Метель» («Құйын») операциясы барысында 2,5 мыңнан астам адам зардап шеккен (медициналық мекемелерге жеткізілді, ауруханаға жатқызылды, жарақат алды т.с.с.). Күш құрылымдары 8,5 мыңға жуық адамды ұстады, олардың 103-і сотталды, 800-ден астам адам комсомолдан шығарылды, 300-ден астам студент оқудан шығарылды (История Казахстана, 2010:94).

1986 жылғы желтоқсан оқиғалары туралы көп айтылып, көп жазылды, алайда сыры ашылмаған ақтаңдақ тұстар да аз емес. 1986 жылы желтоқсандағы халық наразылығы жалпықазақстандық сипатта еді, 1718 желтоқсандағы оқиғалардың жаңғырығы республиканың барлық 16 өңіріне жетті, жұрт үн қатты.

РЕПРЕССИЯ МЕХАНИЗМДЕРІ

Репрессияның барлық кезеңдеріне ортақ бірқатар ерекшелік болған. Қуғын-сүргіннің бастапқы кезеңінде қарқынды саяси-идеологиялық дайындық жүрген. Өйткені жүйе «қыспаққа алған» адамдар — қатардағы азаматтар емес, көбіне елге, аймаққа, өлкеге танымал, беделді тұлғалар болған. Репрессиялар тетігіне әдетте озық ойлы, бастамашыл, мінезді әрі жеке ұстанымын қорғауға қабілетті көрнекті тұлғалар ілігетін. Жазаға іліккелі жүрген тұлға неғұрлым әйгілі, көрнекті болса, оған соғұрлым қисынсыз, ақылға сыйымсыз айыптар тағылатын. Репрессиялардың жаңа кезеңі басталарда елде ірі қоғамдық-саяси немесе экономикалық іс-шараларды қолға алатын, бұл үрдіс керісінше де жүрген.

Бақылап тұрған Сталиннің портреті. Карлаг Мұражайы, Қазақстан / Alamy

Бақылап тұрған Сталиннің портреті. Карлаг Мұражайы, Қазақстан / Alamy

Қуғын-сүргін шаралары, әдіс-амалдары әлеуметтік-саяси жағдайға қарай өзгеріп, түрленіп отырды. 1920 жылдардың бірінші жартысында қарсы тараптардың пікір таластыруға, пікір алмасуға біршама мүмкіндігі болған еді (осы кезеңде қолданылған репрессия шаралары — партия және мемлекет құрылымдарынан «ығыстырып шығару», оқшаулау, саяси және азаматтық құқықтардан айыру т.б.), ал енді 1920 жылдардың соңына қарай, «ұлы сталиндік бетбұрыс» кезінде, өзгеше ойлау мен наразылық білдірудің кез келген түріне мүлде төзбеу жағдайы қалыптасып, тиісінше репрессиялық шаралар да күшейе түскен. Дұшпандарды «партия мен халыққа жат элементтер» арасынан іздестірген, «жағымсыздарды қудалау» басталды.

Сондай «элементтерді» ең алдымен партия ішінен, зиялылар қатарынан және елдегі өзгеше ойлайтындар арасынан табатын. Күллі партия, совет, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен баспасөз — барлығы «халық көсемінің» нұсқау сөздерін дереу әрі бұлжытпай орындауға оқталды. Билік нұсқауын іске асыру үшін партияның басқарушы органдары (съездер, пленумдар, конференциялар, ОК саяси бюросы) тиісті шешім шығаратын, олардың негізінде республикалық, содан кейін жергілікті партия органдары ұқсас мазмұндағы директивалар қабылдайтын (Политические репрессии, 1998: 6).

Жаппай қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы әзірленді. Кеңес өкіметінің нормативтік-құқықтық актілерін талдай келе, 1920−1930 жылдарда қылмыстық заңнаманың қалай өзгергенін, «антисоветтік әрекеттер» үшін жазаның қалай күшейтілгенін байқауға болады. Репрессияға ұшырағандардың басым көпшілігі РКФСР Қылмыстық кодексінің контрреволюциялық әрекетке қатысты 58-бабына сай істі болған. РКФСР-дың 1926 жылғы Қылмыстық кодексіндегі аталмыш 58-бабқа сай контрреволюциялық қылмыстардың 17 нақты түрінің 12 түріне қатысты өлім жазасына кесу, яғни ату қарастырылған. 1934 жылдан бері қылмыстық заңнамаға жүйелі түрде өзгертулер енгізе бастаған, оларды нағыз құқықтық базаға құрылған түзетулер деуге келмейді. Террористік ұйымдар мен совет өкіметіне қарсы террористік әрекеттерге қатысты істерді тергеу мерзімі небары 10 күн деп белгіленді. 1937 жылы НКВД органдарына тұтқындарға «физикалық ықпал ету шараларын» қолдануға ресми түрде рұқсат берілді (яғни азаптау заңдастырылды), үкімге шағымдану мүмкіндігі алынып тасталды, өлім жазасын дереу орындайтын болды (AП РК. Ф. 708. Оп.1. Д.53. Л.12).

Тергеуші кабинетінің инсталляциясы. Карлаг мұражайы, Қазақстан / Alamy

Тергеуші кабинетінің инсталляциясы. Карлаг мұражайы, Қазақстан / Alamy

Сталиннің жаппай репрессияларды қолға алуына жол ашып берген БК(б)П Орталық комитетінің 1937 жылғы 2 шілдедегі шешімі. Содан кейін Ішкі істер халық комиссары Ежов қол қойған № 00447 жедел бұйрық шықты, оған сәйкес 4 ай ішінде КСРО-да 268 950 адамды репрессиялау керек болды. Солардың 75 950 бірден өлтірілді. Алайда бұл да жеткіліксіз көрінді, сөйтіп билік жаңа көрсеткіштерді талап етіп, жер-жерден (республикалық және аймақтық деңгейде) «ыңғайласпа жоспарлар» сұратты. 1937 жылы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық комитеті Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1 санатта репрессияланатындар санын 600-ге (75 емес) және 2 санаттағылар санын 1000 адамға көбейту туралы ұсынысын мақұлдады. 1 санатқа «ең үлкен дұшпандар» деген айдар тағылып, ату жазасына кесілетін антисоветтік элементтер жатқызылған, 2 санатқа жатқызылғандар бас бостандығынан айырылып, 8 жылдан 10 жылға дейін лагерьлерге немесе түрмелерге қамалатын (Саяси қуғын сүргін, 1998: 253).

Елде жүрген жаппай репрессиялардың тағы бір ерекшелігі: оларға әдетте істі болғандардың жерлестері, көршілері, әріптестері, қарсыластары мен іштарлық танытқандардың арыз-шағымдары себепші болған. Демек жаппай репрессиялар дегеніміз тек НКВД органдарының ғана «қырағылық» танытқанының нәтижесі емес. Совет елінің біраз азаматы да «қырағылық» танытып, тиісті органдарға көптеп арыз жазған. Қуғын-сүргіннің жаппай сипат алуын осы жайтпен де байланыстырамыз. Арыз сол шақтағы саясаттың жемісі: билік арызданудың осындай түрін құптаған, шағымданатындар мейлінше көп болатындай жағдай жасаған, сондай арыздарға «бірден үн қататын», оларды жауапсыз қалдырмайтын. Партия директиваларының пайда болуына дәл осындай арыздар үлкен септігін тигізген. Бұл ретте сталиндік репрессиялар жүйесін ақтап, оның жауапкершілігін мойындамай отырғанымыз жоқ, алайда репрессияларды зерттеу кезінде осындай маңызды жайттарға жете мән берілмей жүргенін атап өткенді жөн көрдік. Зерттеушілер бұл мәселені көп жағдайда елеусіз қалдырып жүр. Осы орайда біз Қазақстанда (биліктің, НКВД-ның арандатуы, соған итермелеуі салдарынан) жазықсыз жандардың үстінен соншалық көп арыз түспесе, жүздеген (тіпті мыңдаған?) адамның тағдыры соншалық қайғылы болмас еді дегенге кәміл сенеміз. Алайда қазақ тарихнамасында осы пайымды құптайтын еңбектер өте аз. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты Қазақстан тарих ғылымында бұл тақырып әлі күнге дейін дұрыс зерттелмеген.

Архив қорларынан ақылға сыймайтын «саяси» істер туралы деректер табылды. Атап айтқанда, Алматы педагогикалық институтының студенттері «Ішімдік ұрттап, дәм алуға әуестенгендердің қауымдастығын» («Ассоциация любителей выпить и закусить», АЛВИЗ) құрғаны үшін саяси құқықтарынан айырылып, 2−7 жылға лагерьге жабылды. Алматы қаласының студент жастары аталмыш ұйымды 1937 жылы ақпанда құрған еді, сол әрекеттерінің арты не боларын аңғармаған да. Құрылтайшылар ұйым бағдарламасын, жарғысын жазып, тиісті рөлдерді өзара бөліп кімнің премьер-министр, халтура министрі, махаббат құдайы т.б. болатынын айқындап алған. Бұл ретте Қазақ КСР Жоғарғы сотының арнайы коллегиясының ашуға мінген мүшесі жазған хатта «әлгі 20 жасар «халтура министрлері» 27 жастағы, салмағы бес пұт Ш. есімді әйелді махаббат құдайы етіп сайлаған екен» деп атап өткен. АЛВИЗ мүшелері совет өкіметіне қарсы ұйым құрды деп айыпталды. (Политические репрессии, 1998: 37)

Сәуле Сүлейменова. "Желтоқсан. Қазақ жастарының көтерілуі. Желтоқсан 1986 жыл"

Сәуле Сүлейменова. "Желтоқсан. Қазақ жастарының көтерілуі. Желтоқсан 1986 жыл"

Архив құжаттарында әлдебіреуге нақақ жала жапқандар және оларды әшкерелеп, жауапқа тартқаны туралы деректер де бар. Партиялық бақылау комиссиясының Қазақстан бойынша жауапты уәкілі Қаңтарбаев Қарағанды облысында (1938 жылғы қыркүйек) О. есімді партия мүшесі Смағұловтың үстінен арыз жазып, оған «байдың ұлы» деген айып таққаны туралы дерек тіркеген. Соңғысы партиядан шығарылды. Кейін жүргізілген тексеру кезінде «О. Смағұловтың әкесін жеке танымағаны, қайын енесінен бір көзі көрмейтін Смағұл есімді бай туралы естігені» анықталды. Осы дерек сөз болған құжатта: «Смағұловтың әкесі бай болмаған, екі көзі сау, 1934 жылы қайтыс болған, сондықтан О.-ға сөгіс жарияланды. Смағұлов партия қатарына қайта қосылды», − делінген (Политические репрессии, 1998: 243). Коммунист Смағұловтың 1938 жылы жолы болған көрінеді, өйткені сол жылдары «шығу тегін жасырғандар» партиядан қуылып, сотқа тартылып жататын.

Бүгінгі таңда совет тоталитаризмінің репрессиялық саясаты мен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы отандық зерттеулердің қарқын алғанына қарамастан, Қазақ КСР-ында жүрген саяси репрессияларға ұшыраған адамдардың жалпы саны туралы деректер әлі де жоқтың қасы, қуғын-сүргін құрбаны болған азаматтардың барлық санаттары туралы толық ақпарат та жоқ. 74 жылдық совет кезеңін зерттеу мәселесіне қатысты көптеген архив қорлары мен істер әлі де жабық, құпия.

2020 жылы Қазақстан Республикасының президенті Қ.Ж.Тоқаевтың бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мұрағат деректері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыстарына қорытынды әзірлеу үшін Қазақстан тарихшылары мен заңгерлерінен тұратын жұмыс топтары жасақталды. Репрессия құрбандарын ақтау, архив құжаттарын ашу бағытындағы жұмыстарының жаңа кезеңі басталды. Осы бастамалардың нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетер.

ҚОСЫМША ОҚУ

1. Бугай Н.Ф. Л. Берия — И. Сталину: «После Ваших указаний проведено следующее…». М.: Гриф и К, 2011. 510 б.

2. Қазақстанға қоныс аударғандар: уақыт пен тағдыр. А-А., 1998. 428 б.

3. Елеуханова С.В. Положение репрессированных в Казахстане // Реабилитация и память. Отношение к жертвам советских политических репрессий в странах бывшего СССР/ Құрастырған. Рачинский Я. М: Халықаралық Мемориал, 2016. 193–235 б.

4. А.С.Жанбосынова. Мемлекет, қоғам және саясат (Шығыс Қазақстан үлгісінде) // Қазақстан: 1946–1953 жж соғыстан кейінгі қоғам. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. А-А., 2012. 23–31 б.

5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. А-А.: Атамура, 2010. 672 б.

6. Қазақстан: 1946–1953 жж соғыстан кейінгі қоғам. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. А-А., 2012. 324 б.

7. Оруэлл Дж. «1984» и эссе разных лет. М.: Прогресс, 1989. 384 б.

8. 1937–1938 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін. Құжаттар топтамасы. А-А., 1998. 336 с.

9. З.Г.Сактаганова. 1920-1980 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: кезеңдері, зардаптары және оңалту мәселелері. // Отан тарихы. 2021. №3 (95). С.136–145. DOI 10.51943/1814-6961_2021_3_136

10. Советское общество: возникновение, развитие, исторический финал. Т.1 //под ред. Ю.Н.Афанасьева. М.: Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті, 1997. 510 б.

11. И.В.Сталин. Индустрияландыру және астық мәселесі туралы. 1928 жылы 9 шілдеде Бүкілодақтық коммунистік партия Орталық Комитетінің 1928 жылғы 4-12 шілдедегі пленумында сөйлеген сөзі // Сочинения, Т.11. М., 1952. 170–171 б.

12. Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚР ПА). Ф.141.Оп.1.Д.10599. Л.502–503.

ҚР ПА. Ф.708. Оп.1. Д.2. Л.1–112.

ҚР ПА. Ф.708. Оп.1. Д.53. Л.12.

ҚР ПА. Ф.708. Оп.1. Д.53б. Л.4–5.

ҚР ПА. Ф.811. Оп.23. Д.516. Л.1–110.

13. Қарағанды ​​облысының Мемлекеттік архиві (ҚОМА). Ф.1п. Оп.67. Д.134. Л.1–142.

ҚОМА. Ф.1п. Оп.63. Д.200. Л.1–144.

14. Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві (РФ МА). Ф.9401. Оп.2. Д.450. Л.214.

Зәуреш Сақтағанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ