СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

3-дәріс. Ядролық апат алдындағы сәт

СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Суретте АҚШ, БҰҰ және Солтүстік Корея күштері арасындағы бітім туралы келіссөздері көрсетілген. 1953 жыл/Ed Vebell/Getty Images

Солтүстік Корея — сталинизм идеясы үстемдік құрған ел. Рас, Солтүстік Кореяда кезінде экономика, мәдениет саласы және азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мемлекеттің жіті бақылауында болған қоғам құрылған еді. Мемлекеттің қоғам өмірін осыншалық дәрежеде бақылауда ұстауы — өзге елдердің тарихында болмаған жайт. Дегенмен сол қоғамдық тәртіптің ғұмыры ұзаққа бармады. Көп болса 30–35 жыл жасаған ол сыртқы факторлар мен ішкі проблемалардың әсеріне шыдас бермей, біржола күйреді. Көрнекті шығыстанушы-корейтанушы ғалым Андрей Ланьков көне дәуірден бастау алып, бүгінде жалғасын тапқан Солтүстік Корея феномені туралы баяндайды.

Мазмұн

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ким Ир Сен 1948 жылдан бері Оңтүстікке қарсы әскери операция жүргізуге Мәскеудің рұқсатын алуға тырысып баққан, алайда 1950 жылдың қаңтарына дейін Кеңес Одағы Ким Ир Сеннің сол талап-өтініштерін мақұл көрмеді: И.В. Сталин Кореяда соғыс болуын қаламады, оған жол беруге болмайтынын түсінді, өйткені мұндай қақтығыс өршіп, Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі ықтимал еді. Сталин сол кезде ядролық қаруға монополиясы бар АҚШ-пен Шығыс Азиядағы шағын коммунистік режимнің амбицияларына бола қақтығысқа түсуге мүдделі емес-тін.

СОҒЫСТЫҢ БАСТАЛУЫ

Алайда 1949 жылдың соңында Сталиннің Пхеньян талап-тілектеріне деген көзқарасын өзгерткен бірнеше оқиға болды. Біріншіден, 1949 жылдың тамызында КСРО-да алғашқы ядролық қарудың сынағы өткізілді. КСРО қарсылас әрекетіне тұсау сала алатындай қуатты ядролық қаруға қол жеткізіп еді, Кореядағы қақтығыстың дүниежүзілік соғысқа ұласып кету қаупі де едәуір азайды. Екіншіден, 1949 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасының құрылғаны жарияланды. Сталин мен Маоның қарым-қатынасы анау айтқандай жақсы болмағанымен, Қытай коммунистерінің жеңісі арқасында Шығыс Азиядағы күштер арақатынасы социалистік лагерьдің пайдасына өзгерді. Үшіншіден, Совет басшылығы сол тұста елдің барлау қызметі тапқан бірқатар құжатты талдай келе (Сталиннің сол құжаттармен таныс болғаны белгілі), конфликт бола қалса, АҚШ міндетті түрде қорғайтын елдердің қатарында Оңтүстік Корея жоқ екен деген пайым жасаған. Мұндай ұстанымды 1950 жылы қаңтарда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дин Ачесон да ашық мәлімдеген, сондықтан Солтүстік Оңтүстікке шабуыл жасаса, соғысқа америкалықтардың араласуы екіталай көрінген.

Келісімшарт кұрметіне арналған ҚХР пошта маркасы. Қытай маркасы 1950 ж. Иосиф Сталин мен Мао Цзэдун қол алысады / Wikimedia Commons

Келісімшарт кұрметіне арналған ҚХР пошта маркасы. Қытай маркасы 1950 ж. Иосиф Сталин мен Мао Цзэдун қол алысады / Wikimedia Commons

Осындай жағдайда, 1950 жылдың қаңтарында Сталин Ким Ир Сеннің әскери операция жүргізуге рұқсат сұрап жолдаған кезекті өтінішіне жауап қатып, келісімін берген. Десе де, 1950 жылы сәуірде Мәскеуде Ким Ир Сен мен Пак Хон-ён қатысқан келіссөздерде әскери операцияға дайындық жайы талқыланған ретте Сталин: қақтығысқа АҚШ араласып кетсе, Кеңес Одағы Корея түбегіне құрлықтағы әскерін жібермейді деп ескертті (авиация тарапынан көмек беріледі деп сол кезде-ақ уәде еткен). Бұл мәлімдемені естіген Ким Ир Сен мен Пак Хон-ён Сталинге мұндай көмектің қажеті болмайды деп жауап берген. Олар Оңтүстік Корея халқы Солтүстік Корея әскерін азат етушілер деп білетінін, оларды қуана қарсы алатынын алға тартқан. Бұған қоса, сол жақта 100 мыңға жуық партизан тауда жасырынып жүр, Солтүстік Корея әскері шегарадан өткен бойда, бұлар таудан түсіп, елдің едәуір бөлігінде билікті басып алады деген. Солтүстік Корея басшыларының өзі бұған қаншалықты сенгені белгісіз. Қалай десек те, КСРО-ның бұл мәлімдемелерді тексеріп алуға мүмкіндігі жоқ-тын: сол кезде Оңтүстікте Кеңес агенттері болмаған, сондықтан корей коммунистерінің «бәрі ойдағыдай өрбиді» деген сарындағы әңгімелеріне сенуге тура келді.

Корея соғысы кезінде КХДР-ны насихаттау / Getty Images

Корея соғысы кезінде КХДР-ны насихаттау / Getty Images

Кейін белгілі болғандай, олар Оңтүстік Корея тауларында жасырын жүрген партизандардың санын асыра айтқан: іс жүзінде 1950 жылдың басында партизандар саны «100 мыңға жуық адам» емес, бірнеше жүзге жуық қана болған. 1950 жылы қаңтарда Сталин жаңа стратегиялық шешім қабылдағаннан кейін, тараптар соғыс операцияларын жоспарлауға белсене кірісті, осы орайда айта кетерлігі, нақты іс-қимыл жоспарларын Пхеньянға арнайы келген Кеңес әскери кеңесшілер тобы әзірлеген. Операция 1950 жылы 25 маусымда, жексенбі күні таңертең, яғни Оңтүстік Кореяның басшылары мен шенеуніктерінің көбісі жұмыс орындарында келіп үлгерген уақытта басталатын болды. Оңтүстік Корея құжаттары мен сол тараптағылардың естеліктерінен білетініміз — солтүстіктің қарсыласқа тұтқиылдан шабуыл жасап, оны есеңгіретіп тастау жоспары толық іске асты: Оңтүстік Корея қолбасшылығы әскери барлау қызметінің жуырда Оңтүстікке ауқымды шабуыл жасалатыны туралы хабарламаларын тіпті елеусіз қалдырып отырған.

Соғыс науқанының алғашқы апталарында Солтүстік Корея армиясы керемет жеңістерге жетіп, көзге түскен. Бұған Солтүстік Корея қарулы күштерінің материалдық-техникалық тұрғыдағы басымдығы да септігін тигізді. АҚШ Ли Сын Манның өзім білемдікке салынып, қауіпті әрекет жасауынан сақтанып, Оңтүстік Кореяға заманауи шабуылдаушы қару бермей қойды, ал Солтүстік Корея болса, сол заманғы стандарттарға сай жаңа Кеңес техникасымен жабдықталған. Солтүстік Корея сарбаздары мен офицерлерінің бұл іске бар ынтасымен кіріскені де маңызды рөл атқарды.

Солтүстік Кореяның әскери бөлімшелерінің нағыз жауынгерлік тәжірибесі де көп еді. 1950 жылы жазда Оңтүстікке шапқан Солтүстік Кореяның алты дивизиясының үшеуі — сол ұрыстан бірнеше ай бұрын Солтүстік Корея армиясына Қытай халық-азаттық армиясынан келіп қосылғандар. Бұрын бұл дивизиялар Қытай халық-азаттық армиясының құрамындағы Корей ұлты өкілдерінен, Маньчжуриядағы этникалық корейлерден жасақталған бөлімшелер еді.

Солтүстік Корея мен Қытай күштері 1950 жылы маусымда АҚШ күштерін жеңгенін атап өтуде / Getty Images

Солтүстік Корея мен Қытай күштері 1950 жылы маусымда АҚШ күштерін жеңгенін атап өтуде / Getty Images

Осы «қытай» дивизиялары Қытайдағы азамат соғысына қатысып, үлкен жауынгерлік тәжірибе жинаған, соғыстың бірінші кезеңінде шешуші рөл атқарған да осылар. Солардың бірі — 6-жаяу әскер дивизиясы (Қытай армиясының бұрынғы 166-дивизиясы) Сеулды басып алды. Бұл ретте ол 102-танк бригадасымен бірлесе әрекет еткен, осы бригада офицерлерінің едәуір бөлігі Кеңес Одағындағы корейлерден, негізінен Қазақстан мен Өзбекстаннан келген бұрынғы механизаторлардан құралған.

Солтүстік Корея күштері күтпеген жерден соққы беріп еді, Оңтүстік Корея әскері тойтарыс бере алмай, кері шегініп, үрейге бой алдырған күйі қашады. Алайда 1950 жылғы шілде айының басында дүрліккен халықтың ешқандай көтеріліске шықпайтыны анық еді. Ел басына осындай алмағайып шақ туған кезде Оңтүстік Корея халқының ұстанымы да екіұдай еді, соғыс пен дағдарысқа тап болған жұрт аман қалудың қамын ойлаған, арасында Солтүстік Корея әскерлеріне белсенді түрде төтеп бергендер де болды. Халық арасында Солтүстікті қолдайтын жергілікті коммунистер де бар-тын, бірақ олардың саны Солтүстік Корея басшылығы болжағандай көп болмай шықты.

БҰҰ СОЛТҮСТІККЕ ҚАРСЫ

Осы орайда 1950 жылы 25 маусымда өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысының да мәні зор болды, сол жиынға КСРО өкілдері қатыспады. Себебі бұл отырысқа «Қытай Республикасының» (яғни Тайвань) өкілі төрағалық еткен (Қытайда 1945–1950 жж. Азамат соғысында елде билік құрған Гоминьдан партиясы жеңілген болатын. Билік Мао Цзэдун бастаған Коммунистік партияға өтті. Гоминьдан болса, Тайвань мен бірнеше ұсақ арал аумағында билігін сақтап қалған. Дегенмен 1971 жылға дейін БҰҰ-дағы Қытайдың орнын Тайвань алып отырған еді). Ал КСРО болса, БҰҰ-дағы Қытайдың орнын Пекинде жаңадан құрылған «Қытай Халық Республикасының» үкіметіне беруді талап еткен, оның бұл талабы елеусіз қалатын, сондықтан сол шақта қалыптасқан дәстүрге сай КСРО мұндай отырыстарға бойкот жариялайтын.

АҚШ өкілі Кореяда КСРО әскери күштерінің бар екендігінің дәлелі ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кеңестік тапанша-оқшашарды көрсетті / Wikimedia Commons

АҚШ өкілі Кореяда КСРО әскери күштерінің бар екендігінің дәлелі ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кеңестік тапанша-оқшашарды көрсетті / Wikimedia Commons

Кейбір тарихшылардың пікірінше, Сталин 25 маусымдағы кеңеске ел өкілін әдейі қатыстырмауды, яғни вето құқығын пайдаланбауға болатын жағдай жасауды жөн көрген, өйткені ол сол кезеңде бұрынғы ұстанымын өзгертіп, қақтығыс ауқымын барынша ұлғайтуға мүдделі болған. Осындай пайымды толықтай жоққа шығаруға болмас, дегенмен оны толықтай растайтын дәлелдердің табылуы да екіталай. Не де болса, 25 маусымда Қауіпсіздік Кеңесі Корей түбегіне БҰҰ-ның экспедициялық күштерін жіберу туралы шешім шығарды. Сол күштер негізінен америкалық және оңтүстік кореялық бөлімшелерден тұрған, алайда сонда Ұлыбритания мен Түркиядан келген әскери контингенттің де елеулі рөл атқарғанын атап өткен жөн.

Оңтүстікке бет алған Солтүстік Корея әскерлері тоқтамады, бірақ олардың қозғалыс қарқыны бәсеңдеді: америкалық авиацияның темір жолдарға әуеден соққы жасауы жиілеп еді, солтүстік кореялық бөлімшелердің өзара коммуникациясы бұрынғыдай жедел болмай қалды. Дегенмен 1950 жылы тамызға таман Корея түбегі аумағының 90%-ға жуығы Солтүстік Корея үкіметінің бақылауына өтті. Оңтүстік Корея әскері елдің оңтүстік-шығысында Пусан қаласының айналасындағы («Пусан периметрі») шағын аумақты зорға ұстап қалды.

ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ ЕЛЕСІ

Осы тұста АҚШ Кореяда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы десанттық операцияны (ауқымы одақтас әскерлердің 1944 жылы Нормандияға қонуымен барабар операцияны) іске асыруға дайындалып жатқан. Күштер Сеулдың аванпорты — Инчхон қаласына келіп түсетін болды. Жоспар бойынша, аталған қалаға келіп түскен америкалық әскерлер оңтүстік кореялық жасақтармен және одақтас контингентпен бірлесе Сеулды лезде басып алып, оңтүстікке ентелеп еніп кеткен Солтүстік Корея армиясының жолын кесіп, оны Солтүстікте қалған тылынан ажыратып, оқшаулап тастауы керек еді.

Бұл десанттық операция жоспары қарсыластарға мәлім болып қалды. Елге сырттан көп ұзамай десант түскелі жатқаны туралы деректер Кеңес барлау қызметіне де, Қытай барлау қызметіне де жеткен, алайда Солтүстік Корея басшылығының темір жолдар мен көпірлерді әуеден бомбылау жүріп жатқан шақта десант келіп түсетін аймаққа әскер жіберуге мүмкіндігі болмады.

Корея соғысы кезіндегі Солтүстік Кореяның антиамерикалық плакаты / Getty Images

Корея соғысы кезіндегі Солтүстік Кореяның антиамерикалық плакаты / Getty Images

Инчхон десант операциясы 16 қыргүйекте басталып, ойдағыдай өтті. Бәрі жоспардағыдай өрбіп, америкалық-оңтүстік кореялық әскерлер (ресми мәртебесі — «БҰҰ әскері») 28 қыргүйекте Сеулды толық бақылауға алды. Осы кезде елдің оңтүстігінде, Пусан маңында шайқасып жүрген Солтүстік Корея әскерлері оқшауланып, байланыссыз қалды. Осыдан кейінгі бірнеше апта ішінде оңтүстікте қалып, қоршауға түскен солтүстік кореялық бөлімшелер талқандалды, аман қалғандары тұтқындалды. Қоршауда қалған Солтүстік Корея жауынгерлерінің бірен-сараны ғана жол тауып, солтүстікке өтіп кетті. АҚШ-Оңтүстік Корея әскерлері Солтүстікке қарсы үлкен шабуыл жасады. Пхеньян 16 қазанда құлады, ал қарашада одақтас әскерлер кейбір аудандарда Қытаймен арадағы шегараға келіп жетті.

Американдық әскерилердің бар ішіндегі «жұбатушы әйелмен» түскен суреті / Getty Images

Американдық әскерилердің бар ішіндегі «жұбатушы әйелмен» түскен суреті / Getty Images

Соғыстағылардың «бағы ауысады» деген осы: 1950 жылы тамызда Корея түбегінің 90%-дан астамы Солтүстік Кореяның бақылауында болса, үш айдан кейін, 1950 жылдың қарашасында, түбек аумағының 90%-ы қарсы тараптың қарамағына өтті. Қытай басшылығының америкалық әскерлердің Қытай шегарасына қарай жылжып келе жатқанына алаңдағаны рас. Пекин Корей түбегіндегі БҰҰ әскерлеріне қолбасшы болған генерал МакАртурдың қажет болса, соғыс науқанын Қытай аумағында жалғастыратындарын меңзегеніне айтарлықтай алаңдаған.

Қытай үкіметі АҚШ-қа әскерлерін Қытай шегарасынан біршама алшақ ұстасын деп бірнеше рет ескерткен, бірақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әдетке салған америкалықтар Қытайдың әскери бөлімшелерінен еш сескенбей, бұл ескертуді елеусіз қалдырған.

Генерал Дуглас МакАртур басқа американдық офицерлермен бірге Инчхонның жанындағы қону аймағына тексеріс жүргізуде / Getty Images

Генерал Дуглас МакАртур басқа американдық офицерлермен бірге Инчхонның жанындағы қону аймағына тексеріс жүргізуде / Getty Images

Осындай жағдайда, яғни Солтүстік әбден жеңілді деген шақта ҚХР басшылығы қақтығысқа барынша араласуға бел байлайды. Біраздан соң жағдай керісінше сипат алды: 1950 жылы қыргүйекте Америка күш қолданып, араласып, Оңтүстік Корея режимін құтқарып алып еді, арада екі ай өткенде, 1950 жылдың қарашасында, Қытай араша түсіп, Солтүстік Корея режимін құтқарған.

Қытай әскери контингентін Кореяға жіберуге дайындық қимылдары 1950 жылдың мамыр айында, яғни Мао Цзэдун Солтүстіктің Оңтүстікке басып кіруге дайындалып жатқанын білгеннен кейін басталған (мұнда егжей-тегжей баяндап беруге болмайтын себептерге сай, Сталин мен Ким Ир Сен өздерінің Оңтүстікке шабуыл жасап, оны азат етпекші жоспарларын Қытай басшысы Маоға әдейі бірнеше ай кешіктіріп жеткізген). Қазан айының басында Кореямен шегаралас аймақтарға біраз Қытай әскері тартылып, тиісті бұйрық алса, Корея түбегіне басып кіруге әзір тұрған. Алайда Пекин бұл шешімді бірден қабылдамады, алдымен Мәскеумен ұзақ ақылдасқан еді. 1950 жылдың қазан айының ортасында Қытай әскерлері жасырынып, шегарадан өтіп, Кореяның солтүстік бөлігіндегі позицияларға шоғырлана бастады.

Мерилин Монро Кореядағы американдық әскерилермен бірге.  1950 жыл / Bettmann/Getty Images

Мерилин Монро Кореядағы американдық әскерилермен бірге. 1950 жыл / Bettmann/Getty Images

Сол сәттен бастап Кореяның солшылдары мен оңшылдары арасындағы азаматтық соғыс өзгеше сипатта өрбіп, ақыры халықаралық қақтығысқа ұласты: бұл, ең әуелі, Корей түбегі аумағында жүрген америкалықтар мен қытайлардың соғысы еді.

БОЛДЫРТҚАН ПАРИТЕТ

1950 жылы қарашада басталған Қытай шабуылы ойламаған жерден сәтті болды. Америка мен Оңтүстік Корея әскерлері төтеп бере алмай, қашуға айналды, сөйтіп, 1951 жылы 4 қаңтарда Сеулда тағы да билік ауысты. Қытай әскерінің ел аумағына тереңдей енуін қаңтардың ортасында ғана, Сеулдан оңтүстікке қарай 50 шақырымдай жерде тоқтатқан. Бұдан кейін америкалықтар қарымта шабуыл жасап, 1951 жылғы көктемнің соңына таман майдан шебі бір жыл бұрын ұрыс басталған жерге таяу аймақтарда тұрақтады. Соғыс кезінде Қытай әскері «саяси бүркеніш» амалын қолданғаны қызық: бұлар АҚШ пен Қытай арасында соғыс оты тұтанып кетпесін деп, Корея аумағында Қытайдың тұрақты әскерінің бөлімшелері жоқ, онда соғысып жүргендер — «Қытай халық еріктілері», бұларға Қытай үкіметінің еш қатысы жоқ деген қауесет таратады. Осы бір дипломатиялық фикцияға өзгелердің нанғаны шамалы, дегенмен мұның жағдайды өршітіп жібермеуге сеп болғаны рас.

БҰҰ күштерінің сарбазы жараланған канадалық сарбазға көмек көрсетуде / Hulton Archive / Getty Images

БҰҰ күштерінің сарбазы жараланған канадалық сарбазға көмек көрсетуде / Hulton Archive / Getty Images

Келесі екі жыл бойына тараптар тірескен соғыс жүргізіп, ешқайсысы жойқын соққы беріп, басым түсе алмады. Қарсыласты титықтатып, күшін сарқу тактикасына ден қойылды. Америка авиациясы Пхеньянды және басқа да өнеркәсіптік орталықтарды тынбай бомбылады. Бұл бомбылаулар ешқандай нәтиже бермеді (қалалар қирап, адам шығыны ғана артты), өйткені Солтүстік Кореяның қарулы күштері, сондай-ақ осы науқанға араласып, оның ойдағыдай өтуіне шешуші үлес қосқан Қытай әскерлері де керек-жарағын тікелей КСРО мен Қытайдан алып отырған, осыған қажетті темір жол желісін америкалықтар толық істен шығара алмады.

Соғыстың ұзаққа созылғаны көбінесе КСРО ұстанымына байланысты еді. Бастапқыда Сталин қақтығысқа қарсы болды, бірақ Кореяда соғыс басталғаннан кейін оның бітпей, ұзаққа созылуы КСРО-ның стратегиялық мүдделеріне сәйкес келетініне көзі жетті. Сталин өзі аса қатты сенім білдірмеген Мао Цзэдун америкалықтармен астыртын сөз байласып ала ма деп қауіптенді. Қазір білетініміздей, ақыр соңында солай болды, дегенмен сол тұста емес, біраз уақыт өткеннен кейін, 1970 жылдары болған. Кореядағы конфликт АҚШ пен Қытайдың жақындасуына кедергі жасап, Қытайдың КСРО-ға қаржылай, экономикалық әрі әскери-техникалық тәуелділігін арттыратын фактор еді. Оның үстіне, Кореядағы қақтығысқа араласқан АҚШ күшін осы аймақтағы істерге жұмсап, әлемнің басқа бөліктеріне барынша көңіл аударуға шамасы жетпейтін күйге түседі-мыс. Осындай жағдайда Мәскеу бітімге келу туралы келіссөздерге қатысқан Солтүстік Корея мен Қытай өкілдерінен АҚШ көне алмайтындай ұстаным танытуын талап етіп, қақтығыс жуырда аяқталмайтындай жағдай тудырған.

Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана КСРО өкіметі Қытай мен Солтүстік Корея өкілдеріне бітімге келу жөніндегі келіссөздерде қарсы тарапқа бұрын мақұл көрмеген бірқатар жеңілдіктер жасауға рұқсат берген. Кеңес Одағының жаңа басшылығы, біріншіден, Сталин ұқсап, Қытай біздің мүддеге қайшы әрекеттерге баруы мүмкін деп сескенбеген (сонысы бекер болып шықты), екіншіден, ішкі істерге, Кремльде басталған билік үшін күреске баса назар аудару керек-тін. Осылайша, 1953 жылы 27 шілдеде Бітім туралы келісімге қол қойылып, Корея соғысы аяқталған болатын.

ТӨРТ ФРАКЦИЯ

Соғыс салдары ауыр еді, ел қирап жатты. Солтүстік Корея қалаларының едәуір бөлігі жермен жексен болды, көп адам қаза тапты, мүгедек болып қалды. Соған қарамастан, бірқатар себепке байланысты, бұл соғыстың арқасында Ким Ир Сен мен оның серіктестерінің — «партизан фракциясы» деп аталатын топтың беделі күшейді. Біріншіден, соғыстан кейін билік бір орталыққа шоғырланды. 1945 жылдан бері Кореяның Еңбек партиясының (КЕП) басшылығы төрт фракциядан: Кеңес, Яньань (Қытай), ішкі (оңтүстік кореялық) және маньчжур (партизан) фракцияларынан тұрған. Осы фракциялардың күші мен ықпалы шамалас болған, ал олардың өзара қарым-қатынасын, адалын айтқанда, тату-тәтті деуге мүлде келмейді — Кеңес дипломаттары әзірлеген құпия құжаттарда осы бағытта проблема бар екені сонау 1940 жылдардың аяғында-ақ айтылған. Ескі партия элитасының басым бөлігі Ким Ир Сенді провинциядан шыққан дала командирі деп таныған, әрине, астыртын күрес жылдарында оның есімін естіген, бірақ оны саясатта жүрген Пак Хон-ён немесе Ким Ду-бон сияқты алыптарға барабар дәрежедегі көшбасшы деп санамаған. Соғыстан кейін бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Соғыс жылдарында партияға қосылған азаматтар Ким Ир Сен бастаған партия мүшесі болып, дәл осы қайраткерді партия мен елдің жетекшісі деп білген.

1 / 2

Екіншіден, Корея соғысы Ким Ир Сеннің біршама дәрежеде Кеңес Одағының ықпалынан шығуға да сеп болды. 1940 жылдардың соңында Ким Ир Сеннің сөз жүзінде КСРО мен Кеңес басшылығына адал екенін жар салғанымен, іс жүзінде өзіндік дара саяси бағыт ұстанатынын аңғартатын алғашқы белгілер байқала бастады. Алайда Солтүстік Корея КСРО бақылауында болған жағдайда толықтай өз бетінше әрекет ете алмады. Десе де, Корея соғысы басталған шақта Корея түбегіне КСРО емес, Қытай құрлықтағы әскерін жіберген еді. Кеңес Одағы авиация жіберумен ғана шектелді. Ұрысқа Кеңес ұшқыштарының қатысқаны елеулі рөл атқарған, дегенмен олардың соғыс барысына, жалпы нәтижесіне шешуші ықпал еткен «Қытай халық еріктілеріне» тең келердей көмегі тиді деуге болмас.

Осы орайда Ким Ир Сен Кеңес-Қытай қарым-қатынастарында туындаған қайшылықтарды өз пайдасына асыра әрекет етуге мүмкіндік алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Ким Ир Сен ең әуелі өз билігін нығайтуға, қалған үш фракцияның көзін құртуға ден қойды. Ким Ир Сен бірінші болып «ішкі фракцияға» соққы жасады, бұл топқа отарлық кезеңде Кореядан кетпей, Сеулдағы және басқа да ірі қалалардағы революциялық қозғалыстарға қатысқан коммунистер кірген. Бұл фракциядан құтылудың жарасы жеңіл еді, өйткені оның шетелде қамқоршылары болмаған. Оңтүстік Кореядан шыққан коммунистерге қарсы репрессиялар 1952 жылы басталды, ал 1953 жылдың тамызында Пхеньянда ашық саяси процесс ұйымдастырылды, оны 1930 жылдардағы Мәскеу сот процестері үлгісінде жасаған.

Ким Ир Сен 1953 жылы Оңтүстік Кореямен бітімге қол қойды / / Sovfoto/Getty Images

Ким Ир Сен 1953 жылы Оңтүстік Кореямен бітімге қол қойды / / Sovfoto/Getty Images

Бұл сот процесінде отарлық кезеңде Сеулда заңсыз революциялық жұмыстар жүргізген жоғары лауазымды партия шенділері айыпталушылар деп танылды. Оларға тағылған айып ақылға қонымсыз мәлімдемелерге негізделген еді: мысалы, айыпталушылар америкалық бір дипломаттың делдалдық етуі арқасында Америка өкіметімен байланыс орнатыпты-мыс (кейін аталмыш дипломаттың сол тұста тіпті елде болмағаны дәлелденген). Соған қарамастан айыпталушылардың бәрі өз кінәсін мойындап, өлім жазасына кесілді. 1955 жылы желтоқсанда бір кездері тұтас корей коммунистерінің көсемі, содан кейін КЕП басшылығындағы «ішкі фракцияның» жетекшісі болған Пак Хон-ёнға қарсы сот процесі өтті. Ол АҚШ-пен Жапония пайдасына тыңшылық жасады деген айып тағылып, өлім жазасына кесілді.

КСРО-дан ІРГЕСІН АУЛАҚ САЛУ

Осы тұста социалистік лагерьді дағдарыс жайлады, Ким Ир Сен бұл жағдайды жаңа мүмкіндіктер туған сәт деп бағалаған. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін КСРО-да өріс алған десталинизация үрдісіне Ким Ир Сен қауіпті процесс деп қараған. Ким Ир Сен, әсіресе, ұжымдық басқару принципінің енгізіліп, Кеңестің жеке басқа табынуды сынап жатқанына наразы болды. Осы кезде Ким Ир Сен КХДР-дағы билік тізгінін толықтай өз қолына алды, елде оның жеке басына табыну жүйесі қалыптасқан, бұл культтің ауқымы Сталин дәуіріндегі Кеңес Одағындағы жағдаймен шамалас еді. КХДР басшылығы Кеңес Одағында жаңадан орныққан «ұжымдық басқару» мен «жеке басқа табынуды сынау» қағидаларын құп көрсе, Ким Ир Сенге және оның айналасындағы бұрынғы партизандарға билікті сақтап қалудың оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті еді.

Шахтада істейтін жұмысшы әйелдер сапта тұр / / Corbis via Getty Image

Шахтада істейтін жұмысшы әйелдер сапта тұр / / Corbis via Getty Image

КХДР басшылығы Хрущев мейлінше насихаттаған «бейбіт қатар өмір сүру принципін» де құптамады. Бұл принцип о бастан Батыстың империалистік елдерімен ымыраласа қарым-қатынас құруды көздеген, ал Солтүстік Корея басшылығы болса, өз елінің осындай саясат салдарынан, яғни алпауыттардың ымыраласуының құрбанына айналудан қауіптенді. Атап айтқанда, Пхеньян КСРО бейбіт қатар өмір сүру қағидаларын берік ұстанса, Солтүстік Кореяның шамасы әбден жетіп тұрғанында елді тағы да күшпен біріктіруге әрекет жасауына жол бермейді деп қорықты.

Жалпы алғанда, КХДР басшылығы Сталин қайтыс болғаннан кейін КСРО-ның ішкі саяси бағытының өзгеріп, бәсең қалыпқа түскенін жақтырмады. Ким Ир Сен және оның серіктестері жаңа Кеңес басшылығының ауқымды тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қолға алғанын, жеңіл өнеркәсіптің дамуына инвестиция салуға және валютаға азық-түлік сатып алуға әзірлігін түсінбеді, мұндай өзгерістерді құп көрмеді. Ким Ир Сен мен оның айналасындағылардың пайымдауынша, социализм жемісін көрдік деп, арқаны кеңге салатын уақыт әлі келген жоқ, анығы — Солтүстік Кореяда осындай күннің ауылы алыс. Корея басшылығы елде ауыр өнеркәсіпті, әсіресе, елді біріктіру мәселесін шешуде ерте ме, кеш пе, қажет болатын әскери-өнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру керек-тін.

Күріш алқабында жұмыс істеп жатқан шаруа әйелін бейнелейтін Солтүстік Корея плакаты / Photo by Eric Lafforgue/Corbis via Getty Images

Күріш алқабында жұмыс істеп жатқан шаруа әйелін бейнелейтін Солтүстік Корея плакаты / Photo by Eric Lafforgue/Corbis via Getty Images

Шын мәнінде, сол шақта, яғни Корей соғысы аяқталған соң Солтүстік Корея басшылығы жүргізе бастаған экономикалық саясатқа тән кейбір ерекше тұстар Кеңес Одағы бет бұрған бағытқа қайшы келген. Атап айтқанда, 1954–1955 жылдары Солтүстік Кореяда жедел әрі қатал ұжымдастыру (коллективизация) жұмыстары басталып кетті. КХДР жүргізген ұжымдастыру салдарынан ел азық-түлік тапшылығына ғана емес, ашаршылыққа душар болды. Жұрт мүшкіл халге жеткен шақта, 1955 жылдың қаңтарында Солтүстік Корея басшылығы КСРО мен Қытайға жүгініп, шұғыл азық-түлік беруін сұраған. Сұраған көмегін берді, ел аштықтан аман қалды, алайда Мәскеу жағдайдың осылай өрбігеніне көңілі толмады. Бір таңғаларлығы,1930 жылдардың басында КСРО-дағы ұжымдастыру (сол ұжымдастырудан халықтың қандай азап көргенін білеміз) жұмыстарын жүзеге асырған жоғары лауазымды тұлғалардың көбісі осы жолы, яғни 1955 жылы Ким Ир Сеннің бұл бағыттағы әрекетін қатты сынап, Солтүстік Корея жағдайында коллективизация жүргіземіз деп асығудың қажеті жоқ деген. Соған қарамастан Ким Ир Сен осы реттегі Н. С. Хрущев пен В. М. Молотовтың анық айтқан ақыл-кеңесін елемеді: 1955 жылдың соңында ұжымдастыру жұмыстары қайта жанданды, алайда бұл жолы асыра сілтеуге жол бермеді, бұрынғыдай аштық болмады.

КХДР-дың социалистік лагерьдегі басқа елдерден тағы бір ерекшелігі: бұл елде 1957–1959 жылдары жекеменшік сауда мен майдагерлік өндіріс біржола жойылды, Пхеньянның бұл қадамына Мәскеу қуанбады. Сол тұста елдегі ауыл шаруашылығы нарықтарын да жабуға әрекеттенген, бірақ өкімет бұл жоспардан бас тартты — кейбір базарлардың қызметіне шектеу ғана қойып тынды. Ақырында, 1957 жылы желтоқсанда Министрлер кабинетінің арнайы шешіміне сай, астық дақылдарының жекеменшік саудасына тұтастай тыйым салынды, ол кезде дәнді дақылдар халықтың негізгі қорек көзі болған. Содан бері дәнді дақылдардың барлық түрлері тек карточка бойынша таратылатын болды.

1953 жылдан кейін Кеңес Одағынан шыққан корейлер (қос азаматтық алғандар, көбісі екі тарапқа да адал, «Кеңес фракциясының» мүшелері) Солтүстік Кореяда «жаңа бағытқа» көшу, яғни десталинизация жүргізу керек деп белсенді үгіт-насихат жасай бастаған. Сондықтан Ким Ир Сен 1955 жылдың соңында «Кеңес корейлеріне» қарсы науқан бастап, олардың кейбіреуін басшы қызметтен кетірді. Алайда осы әрекеттердің салдарынан күтпеген жағдай болды. 1956 жылы көктемде елдегі «Кеңес корейлері» Қытайдан шыққандармен, яғни «Яньань фракциясымен» тіл табысып, Ким Ир Сенге және оның саясатына бірлесіп қарсы шығуды жоспарлай бастаған. Олар Ким Ир Сеннің орнына өз үдесінен шығатын басшыны қоюды көздеген көрінеді.

КХДР азаттығының 10 жылдығын тойлау / Wikimedia Commons

КХДР азаттығының 10 жылдығын тойлау / Wikimedia Commons

Алайда бұлар мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылмаған, олар Ким Ир Сенді биліктен заңды жолмен шеттетуге ниетті еді. Жоспарға сай, КЕП ОК-ның кезекті пленумында оппозиция жетекшілері Ким Ир Сенді сынға алып, ел саясатын қайта қарауды және, мүмкін болса, Ким Ир Сенді жоғары лауазымдардан алып тастауды талап етуі керек еді. Олар Орталық Комитет мүшелерінің көпшілігінің қолдауына ие боламыз, біз ұсынған қарарды қолдап дауыс береді деп үміттенген. Оппозиция бұл жоспары туралы Кеңес Одағы мен Қытай елшіліктерін күні бұрын хабардар еткен. Теория жүзінде, жоспар құрғандар жақсылап дайындалып, жолы болса, бәрін ойдағыдай іске асыруға болар еді, сол тұста кейбір социалистік елдердің басшыларын осыған ұқсас сценарий бойынша ауыстырған. Алайда Кореяда бәрі басқаша болды. Ким Ир Сенді биліктен кетіру әрекеті 1956 жылы 30–31 тамызда өткен КЕП ОК пленумында жасалды. Бұл әрекет сәтсіз шықты. Ким Ир Сен пленумге қатысушылардың өзіне қарсы шығатынын білген, сол себепті «әкімшілік ресурсты» пайдаланып, Орталық Комитет мүшелерінің көпшілігінің өзіне адал болып қалатындай жағдай жасаған. Сондықтан Кеңес Одағына және Қытайға етене жақын он шақты жоғары лауазымды партия шенділерінен тұратын оппозициялық топтың жолын кесіп, оппозиция жақтастарын қызметінен алып тастап, кейбіреуін партиядан шығарды. «Яньань фракциясындағы» бірнеше оппозиция қайраткері қолдаушылары бар Қытайға қашып кетті. Олар болған жайтты Мао Цзэдунның өзіне айтып, шағымданған. Қытай басшысы Ким Ир Сенді жақтырмаған, өзі совет дипломаттарына айтқандай, Ким Ир Сеннің ағат кетіп, Корея соғысын бастап жібергенін үлкен қателік санап, оны кешіре алмады.

 Мао Цзэдун және Ким Ир Сен

Мао Цзэдун және Ким Ир Сен

Басқа бір тараптан, корей оппозициясы және оның Мәскеудегі іс жүзінде өкіліне айналған Ли Сан-чжо (КХДР-дың КСРО-дағы елшісі) Кеңес Одағы басшылығына шығып, елде тәртіп орнату үшін бірлескен Кеңес-Қытай делегациясын жіберуді ұсынған. Бұл делегация Солтүстік Корея басшылығын оппозиция өкілдерін ақтап, өз саясатын Мәскеу жүргізіп жатқан жаңа бағытқа сай (сол кезде оны Пекин қолдаған) етіп қайта қарауға көндіруі керек-тін.

КСРО МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫ

Мәскеу бұл ұсынысты қабыл алып, аталмыш делегация 1956 жылдың қыргүйегінде Пхеньянға аттанды. Оны Кеңес Одағы тарапынан социалистік елдермен қарым-қатынасты қадағалауға жауапты А.И.Микоян, ал Қытай тарапынан — Пен Дэхуай (Кореядағы «Қытай халық еріктілерінің» қолбасшысы болған қайраткер) басқарды. Ким Ир Сен сөз жүзінде көршілес қос держава талаптарына қарсылық таныта алмады, себебі біріншісі оның негізгі қамқоршысы саналатын, ал екіншісі Солтүстік Корея аумағында әскери контингент ұстап тұрған алпауыт еді (контингент саны Солтүстік Кореяның тұтас армиясынан да көп еді). Алайда делегация өзіне жүктелген міндетті орындай алмады: уақыт созып амалдаған Ким Ир Сен еш жапа шекпей, құтылып шықты. 1956 жылдың қыргүйегінде шақырылып, Кеңес Одағы мен Қытай делегациясының қатысуымен өткен ОК пленумында Ким Ир Сен өзін-өзі сынап, тамыз айында өзіне қарсы шыққандардың ақталғанын жариялады. Іс жүзінде бұл мәлімдеменің салмағы болмады — аталған адамдар қызметіне сол күйі оралмады. Келесі жылы Ким Ир Сен Қытай және Кеңес тарапы өзіне қысым көрсеткенде келіскен шешімдерді орындамай, ұзын сүреге салды.

Плакат «Мәңгілік және мызғымас кеңес-корей достығы жасасын!» 1960 ж. Автор: Лавров Алексей Иванович / Wikimedia Commons

Плакат «Мәңгілік және мызғымас кеңес-корей достығы жасасын!» 1960 ж. Автор: Лавров Алексей Иванович / Wikimedia Commons

Бұл ретте Ким Ир Сенге және оның жақтастарына Кеңес Одағы мен Қытайдың арасы суығаны да қолайлы еді, екі алпауыттың қарым-қатынасының нашарлағаны 1957 жылы байқала бастады. Ақыры Қытай басшылығы (жеке Мао Цзэдун және Пэн Дэхуай) Ким Ир Сеннен 1956 жылы қыргүйекте делегация жібергені үшін кешірім сұраған. Мао Цзэдун атап өткендей (сол сөзінің жаны бар), бұл шешімді КХДР-дың ішкі істеріне араласу деп тануға болады. Қытайдың ұлы көсемінің кешірім өтініп, опық жегенін жасырмай білдіріп отырғаны бекер емес-тін: Қытай мен Мәскеудің арасы суып бара жатқан шақта Пекин КХДР-ды өз жағына тартуға баса назар аударған, толықтай өз одақтасы қыла алмаса да, Солтүстік Кореяның Мәскеу жағына шығуына жол бермеу керек-тін.

Осы кезде Ким Ир Сен елдегі Кеңес Одағының ықпалын азайтуды көздейтін шараларды, соның ішінде «жұмсақ күш» сипатындағы шараларды қолға алды. 1950 жылдардың аяғында КСРО мен КХДР арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлай бастады. Солтүстік Корея тарабы КСРО-мен жеке, ресми және ғылыми байланыстарды шектей бастады. Жаңа жағдайда елде КСРО-ға ағалық ақылын айтатын беделді тарап деп емес, қауіпті идеологиялық дерт жұқтыратын тарап деп қараған. Солтүстік Корея студенттерін жиырма жылға жуық уақыт бойы КСРО мен Шығыс Еуропа елдеріне оқуға жіберуге тыйым салынды. Бұл шешімге Солтүстік Кореяның бірнеше студентінің кезінде КСРО мен Шығыс Еуропаға барып, уақыты келгенде елге қайтпай, сол жақта бас сауғалап қалған жайттары да себеп болған.

Бала көтеріп тұрған корей әйелі, ал артқы жағында танк / Getty Images

Бала көтеріп тұрған корей әйелі, ал артқы жағында танк / Getty Images

1960 жылдардың басында Солтүстік Корея поштасы КХДР азаматтарының КСРО-ға жазған хаттарын және елге КСРО-дан жолдаған хат-хабарларды жеткізуді тоқтатты (тыйымға қарамастан хат-хабар алмасып тұрған бірегей тараптар болған). КСРО-дан және өзге де социалистік елдерден шыққан, Солтүстік Корея азаматтарына күйеуге тиген әйелдер 1960 жылдардың басында және ортасында еріксіз ажырасуға мәжбүр болған — солтүстік кореялық ер-азаматтардың бастықтары олардан шетелдік әйелдерімен некесін бұзып айырылысуын талап еткен. Ажырасқан әйелдер мен балаларын шетелге айдап жіберген, олар ондаған жылдар бойына елде қалған күйеулерімен/әкелерімен байланыса алмады. 1950 жылдардың аяғынан бастап Қытай мен Кеңес Одағынан шыққан шенеуніктерді КХДР-дан қуу науқаны жүрді. Олардың бір бөлігі қуғын-сүргінге ұшырап, тұтқындалып, атылды. Алайда мұндай зорлық-зомбылық шаралары көбіне «жағымсыз элементтерге» психологиялық қысым жасауды көздеген. Солтүстік Кореяға бір кездері Қытайдан немесе КСРО-дан келген партия жұмысшылары қалыптасқан жағдайға қарап, Кореяда қалуға болмайды деп, елден өз еркімен кетеді деп топшылаған. Өкіметтің бұл есебі дұрыс шықты: «Яньань фракциясына», әсіресе, «совет фракциясына» кірген бірқатар көрнекті қайраткер 1958–1962 жылдары КХДР-дан кетіп қалды.

Елде осындай саясаттың жүргізілгеніне таңғалудың қажеті жоқ, бұл ретте Ким Ир Сеннің о бастан нағыз коммунист емес, нағыз ұлтшыл болғанын есте сақтаған абзал. Кеңес өкіметі оны көбінесе өзінің геосаяси мақсаттарына жету құралы ретінде қолданып қалуға тырысқан, алайда бұл процестің біржақты жүрмегенін де ескеру керек: Ким Ир Сен де Кеңес Одағы басшылығын өз мақсаттарына жетуге пайдасы тиетін тарап деп қараған. Осы бір бақталастықта түбінде Ким Ир Сен жеңіске жеткен сияқты. Ким Ир Сен айқындап берген мақсатты сол шақта оның жақын серіктестері ғана емес, тұтастай алғанда Солтүстік Корея қоғамы да қолдаған: ол мақсат — Ким Ир Сеннің, қалың бұқараның көңілінен шығатын, соларға тартымды көрінген үлгідегі барынша тәуелсіз корей мемлекетін құру еді.

Жалғасы бар.