СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

2-дәріс. Ким Ир Сеннің жұлдызы

СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Ким Ир Сен бейнеленген плакат / Eric LAFFORGUE/Getty Images

Солтүстік Корея — сталинизм идеясы үстемдік құрған ел. Рас, Солтүстік Кореяда кезінде экономика, мәдениет саласы және азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мемлекеттің жіті бақылауында болған қоғам құрылған еді. Мемлекеттің қоғам өмірін осыншалық дәрежеде бақылауда ұстауы — өзге елдердің тарихында болмаған жайт. Дегенмен сол қоғамдық тәртіптің ғұмыры ұзаққа бармады. Көп болса 30–35 жыл жасаған ол сыртқы факторлар мен ішкі проблемалардың әсеріне шыдас бермей, біржола күйреді. Көрнекті шығыстанушы-корейтанушы ғалым Андрей Ланьков көне дәуірден бастау алып, бүгінде жалғасын тапқан Солтүстік Корея феномені туралы баяндайды.

Мазмұны

1920-жылдардың соңында, елдің саясатын негізінен империяның экспансиясын жақтайтындар айқындай бастаған шақта, Жапонияның ерте ме, кеш пе, Қытайға басып кіретіні анық еді. Солай болды — 1931 жылдың қыргүйегінде жапон Квантун әскері Қытайға басып кіріп, оның солтүстік-шығысындағы үш провинцияны (тарихи атауы «Маньчжурия») өзіне бағындырды. Дипломатиялық себептерге байланысты, Маньчжурия аумағын ресми түрде аннексияламай, сол жерде Жапония құзырына бас иген Маньчжоу-Го (орыс тіліндегі тарихнамадағы дәстүрлі атауы) қуыршақ мемлекетін құру туралы шешім қабылданды. Маньчжурияны басып алғаннан кейін, бұл аумақта партизан қозғалысы бас көтерді. Сол шақта жапондар мен олардың қолшоқпарларына қарсы күрескен партизан отрядтарын ұлтшылдар да, коммунистер де, корейлер мен қытайлар да құрып жатқан (дегенмен басқыншыларға тойтарыс беру үшін құрылған қарулы жасақ жауынгерлерінің басым көпшілігі қытайлар болған, өйткені олардың Маньчжурия халқының ішіндегі үлесі үлкен еді). 1932 жылы жазда құрылған осындай отрядтардың біріне сол кезде үй ішімен Маньчжурияда он жылдай уақыт тұрып жатқан жас корей жігіті Ким Сон-Чжу да қосылды.

Фрескада бейнеленген Ким Ир Сеннің бала кезі / Alain Nogues / Getty Images

Фрескада бейнеленген Ким Ир Сеннің бала кезі / Alain Nogues / Getty Images

Алайда бұл азамат әскер қатарында жүргенде алған Ким Ир Сен деген лақап атымен тарихта қалған. Ол бұл есімді кезінде, 1910 жылдары, аты шыққан бірнеше партизан командиріне еліктеп әрі солардың құрметіне деп таңдап алған. Осы аттас бірнеше тұлғаның болғаны біраз адамды шатастырған. Кейде тіпті Солтүстік Кореяның билеушісі Ким Ир Сенді «ауыстырып қойған» екен, арамыздағы көсем — 1930 жылдары Қытай коммунистерімен қоян-қолтық соғысқан Ким Ир Сен емес, яғни «шын Ким Ир Сеннің өзі емес» деген қауесет те тараған. Кейінгі жылдары жарияланған құжаттардан белгілі болғандай, мұндай мәлімдемелер мүлде негізсіз.

КИМ ИР СЕННІҢ ШЫҒУ ТЕГІ

Солтүстік Кореяның болашақ басшысы 1912 жылы Пхеньян маңында, зиялы отбасында (қазіргі заманғы Корей зиялыларының бірінші буыны) дүниеге келген. Отбасы жоқшылық көрмеген, бірақ бай деп айтуға да келмейді, олар, былайша айтқанда, «орташа ауқатты» үй болатын, ауылда тұратын корей қауымының «тұрмысы жақсы деген» 10%-ның ішіне кіретін. Анасы Солтүстік Кореяның болашақ бас қаласы маңындағы жұртқа танымал, ықпалды христиан әулетінен шыққан. Әкесі Ким Хён-Чжик — миссионерлік мектептің түлегі, батыс үлгісінде білім алған. Мұғалімдік етіп күн көрген, арасында басқа да кәсіппен айналысқан. Мысалы, бір кездері дәстүрлі шығыс медицинасы дәрі-дәрмектерін жасап, сатқан деседі.

Кореяның Жапониядан тәуелсіздігі үшін күрескен Ким Хён Чжик. Ким Ир Сеннің әкесі / Wikimedia Commons

Кореяның Жапониядан тәуелсіздігі үшін күрескен Ким Хён Чжик. Ким Ир Сеннің әкесі / Wikimedia Commons

Солай бола тұра, Ким Хён-чжик протестант салтына адал еді, христиан ұйымдарымен белсенді араласқан. Ким Ир Сеннің ата-анасы отаршыл режимге жан-тәнімен қарсы болған.
Бүгінде билік құрған әулет пропагандасы аясында Солтүстік Кореяның ресми тарихнамасында Ким Хён-Чжик — күллі Корей ұлтының азаттық қозғалысын басқарған ең көрнекті қайраткерлердің бірі деген образ қалыптасқан. Шын мәнінде олай емес,
алайда оның 1919 жылы отарлаушыларға қарсы жаппай наразылық қозғалысына қатысып, тұтқындалып, біраз уақыт Жапон түрмесіне отырып шыққаны, босаған соң Маньчжурияға көшіп кеткені рас.
Маньчжурияға ата-анасымен бірге келген Ким Ир Сен сонда Қытай мектебіне барған. Жоғары сынып оқушысы болған шағында жергілікті коммунистер тобымен байланысып, салдарынан қамауға алынып, бірнеше ай абақтыда отырған. 1932 жылдың жазында
бостандыққа шыққаннан кейін Қытай Коммунистік партиясы құрған отрядтардың біріне қосылды. Шамамен сол уақытта Қытай Коммунистік партиясының мүшесі болды,
бұл жайтты Солтүстік Кореяда көп айта бермейді. Ресми национализм тұрғысынан қарағанда, ел Көсемі басқа бір елдің коммунистік партиясының мүшесі бола алмайды. Алайда сол заманда бұл әбден қалыпты жағдай еді: сол кездегі коммунистік қозғалыс қағидаларына сәйкес, әр коммунист өзі тұрған мемлекет аумағындағы коммунистік партия мүшесі болып әрекет етуі керек-тін.

Ким Ир Сен әйелі Ким Чен Сук және ұлы Ким Чен Ирмен. Пхеньян. 1960 жылдар / Getty Images

Ким Ир Сен әйелі Ким Чен Сук және ұлы Ким Чен Ирмен. Пхеньян. 1960 жылдар / Getty Images

Ким Ир Сеннің партизандар қатарына қосылуға
бел байлағаны, әрине, батыл шешім. Жас жігіт өзі сенген идеалдар үшін, корей ұлтшылдығы, корей шаруаларының әділдік туралы дәстүрлі түсінігі мен Кеңес және Қытай ерекшеліктерін бойына сіңірген марксизм-ленинизм идеялары сияқты алуан түрлі дүниелер араласып, ұштасқан идеалдар үшін күресуге бел буды. Еске сала кетейік, Ким Ир Сен қазіргі заманғы үлгідегі орта мектепті бітірген, мұның өзі сол заманда азаматтың елдің саяси, экономикалық және бизнес элитасына қосылуына кепілдік берген. Отарланған Кореяда қалса, Ким Ир Сен биік мансап иесі атанар еді, өз елінде бағы жанар еді, бірақ ол басқа жолды таңдады — соғысқа аттанды. Ким Ир Сеннің партизандық жолы туралы ұзақ әңгімелеуге болады:
кейінгі отыз жылда Қытай, Ресей және Жапонияда сөз болып отырған оқиғаларға тікелей қатысты көптеген құпия құжаттар ашылып, ішінара жарияланып та үлгерді. Ким Ир Сен, жасына қарамастан, Маньчжуриядағы жапондарға қарсылық қозғалысының көшбасшысы ретінде көзге түседі. Осы ретте айта кетерлігі, Солтүстік Кореяның ресми пропагандасының

«Ким Ир Сен 1930 жылдары Қытай Коммунистік партиясынан тәуелсіз, бірақ сонымен ынтымақтаса әрекет еткен корейлердің дербес күшін («Корея халық революциялық армиясы») құрып, жасақтаған»

деген мәліметі шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде, Ким Ир Сен 1940 жылдың аяғында Кеңес Одағына кеткенге дейін ҚКП-ның партизан бөлімшелерінде қызмет еткен, яғни Қытай Коммунистік партиясына қарасты қарулы күштер бөлімшелері командирлерінің бірі ғана болған, анау айтқандай дербес қолбасшы болмаған.

Халық оқу сарайындағы суреттің үзіндісі. Ким Чен Сук пен Ким Ир Сен жапондармен шайқаста / Alamy

Халық оқу сарайындағы суреттің үзіндісі. Ким Чен Сук пен Ким Ир Сен жапондармен шайқаста / Alamy

1937 жылы Ким Ир Сен бастаған отрядтардың шегарадағы Амноккан өзенінің Корея жағындағы жағалауында орналасқан Почхонбо ауылына жасаған шабуылы сәтті болды. Жалпы, партизандар Корея аумағына жорыққа сирек шығатын, жауынгерлердің осы бір батыл операциясы арқасында жұрттың назары жас қолбасшыға ауды, Корей газеттерінде және кейбір басқа елдердің басылымындарында, соның ішінде Кеңес Одағының газеттерінде ол туралы мақалалар шықты.
Дегенмен отызыншы жылдардың соңына қарай Маньчжуриядағы жағдай күрт нашарлай бастады. Жапон жазалаушылары мен олардың жергілікті жақтастарының қарсылығына тап болған партизандар арасындағы адам шығыны артты, сондықтан партизан жасақтары Маньчжуриядан кете бастады. Елден жасырынып шығудың бір ықтимал бағыты — солтүстікке қарай кету еді, ол үшін Кеңес Одағының шегарасын кесіп өту керек-тін. 1940 жылдың соңында Ким Ир Сен осы бағытпен Маньчжуриядан шығып кетеді, қасында өз жасағының он шақты жауынгері мен аяғы ауыр (тұңғыш ұлы Ким Чен Ир ге жүкті) әйелі Ким Чжон Сук болған.iiКеңес құжаттарына сай, Ким Чен Ир, КХДР ресми деректерінде айтылғандай, 1942 жылы емес, 1941 жылы дүниеге келген.

Ким Ир Сен 1944 жылы Жапонияға қарсы соғыс кезінде сарбаздармен бірге / Alamy

Ким Ир Сен 1944 жылы Жапонияға қарсы соғыс кезінде сарбаздармен бірге / Alamy

Жаңа жерге келіп жеткен Ким Ир Сен фильтрациялық лагерьге түсіп, белгіленген тәртіпке сай тексеруден өтті. 1942 жылы Маньчжурияның бұрынғы партизандарынан 88-жеке атқыштар бригадасы құрылып, онда капитан дәрежесін алған Ким Ир Сен батальон командирі атанды. Ким Ир Сен 1942 жылдан бастап соғыстың соңына дейін Хабаровск маңындағы бригада базасында болған — ол осы кезеңде КСРО аумағынан сыртқа шықпаған. 1945 жылы Еуропадағы соғыс аяқталып, Кеңес Одағы Жапониямен соғысқа дайындала бастады. Ұрыс 1945 жылдың 9 тамызында басталды. Кореядағы жапон әскерлері қиян-кескі қарсылық көрсетті, алайда саны әрі дайындығы әлдеқайда артық Кеңес әскері олардан басым түсіп, шамамен он күн ішінде Корея түбегінің солтүстік бөлігін бақылауға алды. Бастапқы жоспарларға сәйкес, бұрынғы Маньчжурия партизандары, сол кезде — 88-Кеңес бригадасының жауынгерлері, Корея мен Маньчжурия аумағындағы шайқастарға қатысуы керек еді. Олар ұрысқа ұмтылғанымен, соғысып үлгермеді: сол кезде жапондардың қарсылығын тез басып тастаған (алайда Солтүстік Корея пропагандасы Корея түбегін азат етуде Ким Ир Сен бастаған жауынгерлер шешуші рөл атқарған дегенді алға тартады). Ким Ир Сенге ерген батальон жауынгерлері Пхеньянға қыргүйек айының соңында ғана жетті.

38-ПАРАЛЛЕЛЬ

Корей түбегіндегі шайқастар бірнеше апта немесе айға созылады деген болжам болғандықтан, Кеңес әскері мен жапондар, сондай-ақ америкалықтар мен жапондар арасындағы шайқастар нақты қай аймақтарда жүреді деген сұрақ туындады. Осыған байланысты түбекті операциялар өрбитін екі аймаққа бөлу туралы шешім қабылданды. 1945 жылы 14 тамызда тиісті ұсыныстар әзірлеңдер деген тапсырма алған америкалық екі жас
полковник (кейін екеуі де биік мансапқа жеткен) қолына түскен National Geographic атты танымал журнал бетіндегі картаны шолып шығып, 10–15 минут ішінде Корея түбегін 38-параллель бойымен бөлген жөн деп тапқан. Сол меже бұларға түбек аумағын шамамен бірдей екі бөлікке бөлетіндей көрінді.

Жапония туының бас үкімет ғимаратынан түсіру. Сеулдегі капитуляция рәсімі. 9 қыркүйек 1945 жыл/Official US Navy photo/USA National Archives

Жапония туының бас үкімет ғимаратынан түсіру. Сеулдегі капитуляция рәсімі. 9 қыркүйек 1945 жыл/Official US Navy photo/USA National Archives

Кеңес Одағы бұл ұсынысқа келісті. Кеңес әскері түбектің солтүстік бөлігінде, ал америкалықтар оңтүстік бөлігінде шайқасады деп
болжаған. Алайда 1945 жылдың 15 тамызында Жапонияның тізе бүккені жарияланды, сол кезде Америка әскері түбектің оңтүстік бөлігіне кіріп үлгермеген. Сол тұста мүдделі тараптардың бәрі түбек аумағы уақытша, көп болса, бірнеше күн не аптаға ғана бөлінеді деп есептеген. Алайда осы өңірдің тарихы өзгеше өрбіп, аталған меже түбінде мемлекеттік шегараға айналып шыға келді.

Осылайша, 1945 жылдың қыргүйек айының соңына таман Кеңес әскерлері Кореяның солтүстік бөлігінің қожайындарына айналды, олардың бұл жер жайлы хабары болмаған. Соғысқа дейінгі кезеңде Кеңес Одағының Қиыр Шығыстағы саясаты негізінен Жапония және Қытаймен қарым-қатынас бағытында айқындалып, Корея сол саясаттан тыс, Мәскеу назарынан тыс қалып жатқан. Бұдан бөлек, 1930 жылдардың соңында Кореядағы жағдайды жақсы білетін, елдің барлау қызметінде, Сыртқы істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік ұйымдарында істеген мамандардың барлығы дерлік репрессияға ұшырады (бұл мамандардың көпшілігі этникалық корейлер болған, сондықтан қуғын-сүргінге көп ұшырағандар да осылар еді). Бастапқыда Кеңес Одағының Солтүстік Кореяға қатысты нақты іс-қимыл жоспары болмаған көрінеді. Сол шақта қырғиқабақ соғыс әлі бастала қойған жоқ, бірақ АҚШ-пен арадағы қарым-қатынас нашарлап кетті. Бұған қоса, сол кезде Кеңес Одағы Жапонияны оккупациялауға қатысудан дәмелі еді, сондықтан бастапқыда Кореяда АҚШ-пен қарым-қатынасын ушықтырмауды жөн көрген. Отаршыл режим құлағаннан кейінгі алғашқы апталарда Солтүстік Корея аумағында бірқатар билік органдары пайда болды, оларды кейін
«халық комитеттері» деп атап кеткен.

Ким Ир Сен жер реформасының орындалу барысын тексеруде. 1947 жыл/Getty Images

Ким Ир Сен жер реформасының орындалу барысын тексеруде. 1947 жыл/Getty Images

Оларды әуелде жергілікті ұлтшылдар тобы құрған, алайда көп ұзамай елдегі жағдайды бақылауға алған Кеңес әскери әкімшілігі халық комитеттерінің құрамына жергілікті коммунистік топтардың өкілдерін де қосуды талап етті. Сол топтар бұрынғыдай астыртын әрекет етуін тыйып, Кеңес әскерлерімен белсенді түрде байланыс орната бастаған. Алайда сол кезде Корея түбегінің солтүстік бөлігінде коммунистер аз еді. Қазір таңғаларлық жайт көрінгенімен, айта кетерлігі, 1945 жылдан бастап Кореяның солтүстік бөлігінде оңшыл ұлтшылдар үстем күш еді, ал коммунистер
ықпалы 38-параллельден оңтүстікке қарайғы аймақта көп болған. КСРО басшылығы үйреншікті стратегиялық логикаға сүйене отырып, Корей түбегінде (тіпті болмаса, оның солтүстік бөлігінде) КСРО-ға достық пейілдегі, мүмкін болса, ең дұрысы — тікелей Мәскеу бақылауындағы мемлекет құру керек деп санаған. 1940 жылдардағы жағдайды ескеретін болсақ, бұл мемлекетте коммунистер айтарлықтай немесе адалын айтқанда, шешуші рөл атқаруы тиіс дегенді білдірді. Алайда Солтүстік Кореяның өзінде коммунистер саны жеткіліксіз екені анық еді, сондықтан 1946 жылдың соңынан бері Кеңес өкіметі Солтүстік Кореяға коммунист белсенділері мен болашақ кадрлық қызметкерлерді әкеле бастады. Солтүстік Кореяның мемлекеттік аппаратын қалыптастыруға ұйытқы болған сол кадрлар негізінен мынадай төрт тараптан жасақталған: КСРО-дағы этникалық корейлер қауымы; Қытай Компартиясында қызметте жүрген корейлер; Оңтүстіктегі коммунист белсенділері; және Кеңес Армиясының 88-бригадасының сарбаздары мен офицерлері.

Ким Ир Сен алғашқы корейлік тапанша-оқшашарды сынақтан өткізуде. 1948 жыл/Getty Images

Ким Ир Сен алғашқы корейлік тапанша-оқшашарды сынақтан өткізуде. 1948 жыл/Getty Images

Солтүстік Кореяға алғашқылардың бірі болып Кеңес Одағындағы корейлер келген, қырықыншы жылдардың соңына қарай Кореяда олардың саны жүздеген адамға жетті. Саны көп болмаса да, бұлардың басым көпшілігі басқару саласының білікті мамандары, инженерлер, партия қызметкерлері, мемлекеттік шенеуніктер болып, өте жоғары лауазымдарды иеленгенін естен шығармаған жөн. Әрине, бұлар Солтүстік Кореяға кенет өз еркімен сұранып, қуана-қуана жетіп келмеген: 1945 жылғы қыргүйектен бері Кеңес Одағы құрамындағы Орталық Азия республикаларындағы корейлер арасынан «Солтүстік Кореяда бір іске жарар» дегендерін анықтап, іріктей бастаған. Іріктеуден өткендердің кейбіреулері ресми түрде әскерге шақырылып, борышын өтеу үшін Пхеньянға аттандырылса, кейбіреулері БКП(б) Орталық Комитетінің арнайы шешімімен жіберілген. Бұл адамдар Кореяның жаңа мемлекеттік және партиялық аппаратының қалыптасуына зор үлес қосқан. Кеңес Одағынан барған сол корейлердің ішіндегі ең көрнекті тұлғалар — Посьет аудандық комитетінің бұрынғы хатшысы А.И. Хегай (Хо Га И) және совет әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері Пак Чхан Ок болған.

1945 жылдың соңында Кореяға Яньаннан (Қытай қолбасшылығының штаб-пәтері) сонда жүрген ұлты корей коммунист жетекшілері орала бастады. Осы орайда мына бір жайтты да ескеру қажет: сол жылдары Солтүстік Кореяға көптеп көшіп келгендердің ішінде Қытай қарулы күштерінде елеулі лауазым атқарған, майданда жауынгерлік тәжірибе жинаған Корей әскерилері болған. Бұрын Қытай әскері қатарында қызмет еткен дәл осы офицерлер мен генералдар болашақ Солтүстік Корея армиясының кадрлық құрамының ұйытқысына айналды. Қытайдан келген коммунист белсенділерінің арасында Чхве Чхан-Ик пен көрнекті линвист ғалым Ким Ду-Бонның орны бөлек еді.

Пхеньяндағы Азаттық Отан соғысы мұражайында Ким Ир Сен бейнеленген қабырға суреті / Eric Lafforgue/Getty Images

Пхеньяндағы Азаттық Отан соғысы мұражайында Ким Ир Сен бейнеленген қабырға суреті / Eric Lafforgue/Getty Images

Солтүстікке елдің оңтүстігінен, Сеулдан келген корей коммунистері де аз болмады. 1945 жылы тамызда Сеулда жергілікті коммунистердің кездесуі өтіп, онда 1928 жылы Коминтерннің шешімімен таратылған Корея Коммунистік партиясының қайта құрылғаны жарияланды. Партия жетекшісі болып 1930 жылдардың басынан бері Кореяда астыртын әрекет еткен Корея коммунистері қозғалысының ардагері Пак Хон-ён сайланды. Сеулда қайта құрылған осы партия бастапқыда бүкіл Корея ұйымы болып саналды, оның юрисдикциясы Солтүстікке де тараған – Солтүстік Кореяның жеке Коммунистік партиясы өзара уағдаластыққа сай Корея Коммунистік партиясынан 1946 жылдың көктемінде ғана бөлініп шықты. Алайда Американың әскери әкімшілігі елдің оңтүстігіндегі оңшыл ұлтшылдарға арқа сүйеп, 1946 жылдың басынан бастап жергілікті коммунистердің қызметіне заң жүзінде шек қойып, оларды ығыстыруға кірісті (бұған астыртын әрекет етіп үйренген коммунистердің іс-қимылдары да әсер етпей қоймады). Нәтижесінде белсенді коммунистердің едәуір бөлігі солтүстікке ауды. Сол адамдардың көбі кейін Солтүстік Корея мемлекеттілігінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан – жоғарыда аталған Пак Хон-ён КХДР-дың алғашқы жылдарында елдің ең ықпалды бес тұлғасының бірі саналған.
Соған қарамастан Солтүстік Кореядағы жағдай кеңес әскерінің түбегейлі бақылауында болды, сондықтан елдің болашақ басшысын совет әскерилері таңдауы керек еді. Ақырында бар үміткерлер арасынан Ким Ир Сенді таңдаған. Дегенмен одан басқа да белді кандидаттар болған (мысалы, барлау қызметі өкілдері Пак Хон-ёнді жақтаған).

Кеңес генералдарының Кеңес Одағына достық пейілдегі режимнің басшысы лауазымына неге Ким Ир Сенді лайық көргенін түсінуге болады. Ким Ир Сен әскери адам болғандықтан, Кеңес әскерінде қызмет еткендіктен, генералдар оны тәуір көрді. Оның Коминтернмен де, жалпы халықаралық коммунистік қозғалыспен де тығыз байланысы болмады. Әлемдік революцияны аңсап жүрген соларға Мәскеудегілер крипто-троцкистер деген жалған айдар тағып, күдікпен қараған. Ким Ир Сен орыс тілін жақсы меңгерген, совет офицерлермен тіл табыса алатын. Сондай-ақ ол қолына қару алып, отарлаушыларға қарсылық танытқан батыр санатында болған – есімі ел аузындағы, яғни бүкіл Кореяға танымал азамат еді.

Осылайша, 1945 жылдың желтоқсанында Ким Ир Сен «Корея Коммунистік партиясының Солтүстік Корея бюросының» басшылығына келді, осы ұйым негізінде 1946 жылдың көктемінде Солтүстік Кореяның жаңа, дербес Коммунистік партиясы құрылды. Ол 1946 жылдың басында кеңес өкіметінің қадағалауымен әрі соның қолдауымен жасақтала бастаған Солтүстік Кореяның прото-үкіметінің басшысы лауазымын иеленді.

Сол уақыт қырғиқабақ соғыстың қыза түскен шағы еді, кеңес өкіметі біртұтас Кореяны қайта құруды екіталай, ең бастысы – Кеңес Одағының мүдделеріне сәйкес келмейтін іс деген ойға бекіді. АҚШ-пен арадағы текетірес жағдайында бүкіл түбектегі жағдай қалай өрбиді деп бас қатырғанша, Кореяның жартысын толық бақылауға алған тыныш көрінді.

КХДР — АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Осындай жағдайда елдегі социалистік қайта құрулардың қарқыны артты. 1946 жылдың көктемінде Солтүстік Кореяда аграрлық реформа жүргізілді, оны бастан-аяқ кеңес әскери әкімшілігі жоспарлап, жүзеге асырған. 1946 жылы тамызда өндіріс саласы мемлекет меншігіне өтті. Теория жүзінде национализация тек ірі кәсіпорындарға ғана қатысты, шағын бизнесті бұрын жапон билігімен ынтымақтас болғандардан ғана тартып алу керек деп топшылаған. Алайда отарланған Кореяның шағын және ұсақ кәсіпорындарының барлығы дерлік кезінде жапондармен істескені белгілі болды. Сондықтан 1946 жылдың аяғында («халық демократиясы» деп аталатын көптеген басқа мемлекеттерден әлдеқайда ерте) Солтүстік Кореяның бүкіл өнеркәсібі толығымен национализацияға ұшырады. Осы кезеңде елде «халық комитеттері» негізінде, бірақ коммунистер мен кеңес өкіметінің қадағалауымен жаңа билік жүйесі қалыптаса бастайды. 1946 жылы тамызда Коммунистік партия Еңбек партиясы болып қайта құрылды – осы атауы әлі күнге дейін сақталған.

Пхеньян орталық алаңындағы мінбе, Солтүстік Корея / Sovfoto/Getty Images

Пхеньян орталық алаңындағы мінбе, Солтүстік Корея / Sovfoto/Getty Images

Осылайша, 1946 жылдың көктемінен бастап кеңес өкіметі Корей түбегінің совет әскерлері бақылауға алған бөлігінде өзіне достық пейілдегі дербес (болашақта – социалистік) мемлекет құру бағытына бет бұрды. Бастапқыда елде уақытша американ-совет протектораты қарауындағы бірлескен, бүкіл Кореяға ортақ үкімет құруға да әлсіз талпыныс жасалған. Тараптар мұндай үкімет құруды көздейтін кеңес-американ келісіміне 1945 жылдың желтоқсанында қол жеткізген. Алайда іс жүзінде осы келісімге қатысушы тараптардың ешқайсысы көрсетілген мақсатқа қол жеткізуге ынталы болмады, бұл жоспардан түк шықпағаны да содан. Сол кезде КСРО-ның ықпалы зор еді. 1947 жылға дейін Солтүстік Кореяның жоғарғы басшыларының маңызды саяси тақырыптардағы сөздері совет әскери басшылығының алдын ала цензурасынан өтетін, цензорлар Солтүстік Корея басшылығы атынан жасалатын мәлімдемелерді редакциялап, тіпті кейде бастан-аяқ жазып шығатын.1946-1948 жылдары қабылданған ең маңызды заңдардың, соның ішінде жер реформасы туралы заң, өнеркәсіпті национализациялау туралы заң және сайлау туралы заң мәтіндерін совет кеңесшілері жазған. 1947-1948 жылдары совет мамандарының белсенді қатысуымен әзірленген КХДР конституциясын Сталин өзі оқып, түзеткен (тиісті құжаттар совет мұрағаттарында сақталған).

Солтүстік Корея астанасы Пхеньянның тұрғындары БҰҰ әскерлерін қарсы алуда. 1950 жыл/Getty Images

Солтүстік Корея астанасы Пхеньянның тұрғындары БҰҰ әскерлерін қарсы алуда. 1950 жыл/Getty Images

Билікке наразыларға (солардың ішінде жапондарға қарсы күрескен оңшыл ұлтшылдар қозғалысының мүшелері басты рөл атқарған) қарсы репрессияларды да кеңес билігі жүргізген. Солтүстік Кореяда қалыптасып келе жатқан жаңа режимге наразылық білдіргендерді 1948 жылдың қыркүйегіне дейін совет заңдарына сай соттап, жазасын өтеуге совет лагерьлеріне жіберетін. Бір қызығы, Сталин қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай сол күнге аман-есен жеткен тұтқындар босатылып, оларға не Кореяға оралу, не Кеңес Одағында қалуға болады деп таңдау берген. Солтүстік Кореяға оралғандардың көбі бостандықта ұзақ жүрмеді, ақыры сондағы лагерьлерге қамалып, көз жұмды. КСРО-да қалғандарының жолы болды, олар бақуатты өмір кешіп, кейбіреулері тіпті биік мансап иелері атанды.

Оңшыл консерваторлар бағытындағы Оңтүстік Корея тарихшылары 1945-1948 жылдары КХДР-да болған жайттарды көбіне шетелдік оккупация және елде қуыршақ режим құру деп сипаттайды. Сол Оңтүстік Кореяның өзінде бұларға қарсы пікірдегі солшыл, дәлірек айтқанда, солшыл ұлтшыл бағыттағы тарихшылар бар, қазіргі заманғы Корея тарихын зерттеуде осы бағыт өкілдері үстемдік құрып тұр. Идеологиялық себептерге бола Солтүстік Кореяға (құрылғаннан кейін алғашқы жылдардағы Солтүстік Кореяға десек болады) ниеттестік танытатын сондай зерттеушілер өз еңбектерінде Кеңес Армиясының рөлін атамай, кеңес өкіметінің ықпалын, оның елді қаншалықты бақылауда ұстағанын толыққанды ашып айтпай (көп жағдайда бұрын-ақ жарияланған құжаттарды көрсетпей, фальсификация жасаудан да тартынбайды), 1945-1950 жылдардағы оқиғаларды жаппай халық революциясы деп сипаттағанды жөн көреді. Аталмыш екі тарих мектебі арасындағы дау ұзақ жылдан бері жалғасып келеді, жуырда шешілуі екіталай, неге десеңіз – ол енді академиялық емес, саяси
дауға айналып кеткен.

Пхеньяндағы Азаттық Отан соғысы мұражайында Ким Ир Сен бейнеленген қабырға суреті / Eric Lafforgue/Getty Images

Пхеньяндағы Азаттық Отан соғысы мұражайында Ким Ир Сен бейнеленген қабырға суреті / Eric Lafforgue/Getty Images

Десе де, бұл дауда екі тараптікі де дұрыс сияқты. Бір жағынан, Кеңес Одағының Солтүстік Кореяны толық бақылағанына ешкім шәк келтірмес, Солтүстік Корея жетекшілері, КСРО-ға қалай қараса да, елуінші жылдардың басына дейін Мәскеудің нұсқауларын бұлжытпай орындауға мәжбүр-тін. Екінші жағынан, 1945-1950 жылдары Солтүстік Кореяда жүргізілген
реформалардың халықтың басым бөлігінің (басым көпшілігінің) үдесінен шыққаны да рас. Ким Ир Сен және, жалпы алғанда, Солтүстік Корея коммунистік қозғалысының жетекшілері қарапайым корейлердің үмітін ақтайтын қоғам құрғысы келді. Сол қоғам – мүлік теңдігі орнаған, төменгі таптан шыққандардың өсіп, дәулетті болуға мүмкіндік туған, бүкіл
экономикалық өмірді мемлекет бақылап-басқаратын және, марксизм терминологиясына салып айтқанда, өндіріс құралдарының бәрі мемлекет меншігіне өткен қоғам болуы керек-тін. Бұл қоғамда шенеуніктер шектен аспай, белгілі бір артықшылықтарға ие болар еді. Қоғамды дана көсем басқаратын еді, оның образы дәстүрлі шаруалар ортасында қалыптасқан аңғал монархизм көзқарасына сай болатын еді. Түп тамыры дәстүрлі шаруалар ортасына
тән нанымдарда жатқан осындай тұжырымдарға қазіргі заманғы ұлтшылдық идеясының да ықпалы қабаттаса кетті.

1962 жылы Мансудэ төбесіне орнатылған Ким Ир Сен мүсіні / Tatlow/ullstein bild via Getty Images

1962 жылы Мансудэ төбесіне орнатылған Ким Ир Сен мүсіні / Tatlow/ullstein bild via Getty Images

Ким Ир Сен және басқа да корей коммунистерінің, тіпті оның болашақ бақталастарының ойындағы кемеліне жеткен Корея индустриясы дамыған қоғамға, солай бола тұра мейлінше автаркиялық елге, яғни өзіне қажеттінің бәрін өзі өндіретін елге айналуы керек еді. Осылайша, Солтүстік Корея жеріне кеңес танкілеріне еріп келген қоғамдық тәртіп моделі корей халқының көпшілігінің қалауына толық сәйкес келген. Сондықтан кеңес өкіметі мен оның коммунист жақтастары қолға алған іс-шаралардың қалың бұқара қолдауына ие болғаны ғажап емес, олар халық революциясына тән атмосферада іске асқан. Былай қарағанда, 1945-1950 жылдары Солтүстік Кореяда төңкеріс болды десе орынды, бірақ ол өздігінен тұтанып, қауырт жүрген революция емес-тін, оны сырттан келіп тұтатып жіберді.

КОРЕЯНЫҢ БӨЛІНУІ

1948 жылға қарай Кореяның біртұтас ел болып қалмайтыны анық еді. Сол шақта Оңтүстік Кореяда дербес мемлекет құрылып жатты. Бұл процесті басқарған адамдар да, Ким Ир Сен мен оның серіктестері ұқсап, тұтас Корея аумағын ішінара бақылап-басқарып отырғанша, елдің өзіне тиесілі «жартысын» толық бақылауға алғанды жөн санаған. Оңтүстікте қалыптасып келе жатқан жаңа режимдегі билік тізгінін АҚШ қолдаған Ли Сын Ман қолына алды. Қартаң тартқан бұл қайраткер оңшыл ұлтшылдардың танымал жетекшісі еді, өзі аса діндар протестант болған әрі өмірінің біраз бөлігін АҚШ-та өткізген. Солтүстік Корея билігі мемлекет құрылысы ісінде совет үлгілеріне еліктесе, Оңтүстік Корея билігі сырттай АҚШ-қа ұқсайтын мемлекет құрумен болды, алайда бұл мемлекет о бастан-ақ ХХ ғасырдың орта шеніндегі Азия мен Африка елдерінде бой көтерген режимдерге тән авторитарлық сипаттан арыла алмады.

Ким Ир Сеннің сарбаздармен бірге келе жатқанын бейнелейтін Солтүстік Корея постері. 1985/Alamy

Ким Ир Сеннің сарбаздармен бірге келе жатқанын бейнелейтін Солтүстік Корея постері. 1985/Alamy

Сонымен, 1948 жылдың басында Корея іс жүзінде екіге бөлінді, бірақ бұл жайтқа Оңтүстіктің де, Солтүстіктің де көңілі толмады. Пхеньян да, Сеул да көп ұзамай елді біріктіруді өзіне міндет санаған, елдің екі бөлінгенін бұлар болашақта ілгері жылжып, дамып, «алға екі қадам» жасауға қажетті амалсыз жағдай, яғни уақытша «артқа бір қадам шегінуге» барабар деп санаған. 1948 жылы Корея аумағында екі мемлекеттің құрылғаны ресми түрде жарияланды. Тамыз айында астанасы Сеул қаласы болған Корея Республикасының құрылғаны, ал қыркүйекте бас қаласы Пхеньян болған Корея Халық
Демократиялық Республикасының құрылғаны жарияланды. Бір қызығы, сол кезде Сеул қаласы КХДР-дың да астанасы болып саналды, ал Пхеньянды – Сеул босатылғанша уақытша
астана бола тұрады деген. Солтүстік Кореяның мұндай ұстанымы заң жүзінде 1972 жылға дейін сақталған: бұл жайт 500 жылдан астам уақыт бойы елдің астанасы болған Сеул қаласының корейлер үшін айрықша мәнге ие болғанымен байланысты еді. Ел аумағы бөлінгенімен, екі жақтағы корей үкіметтерінің әрқайсысы өзін Корея түбегінің бүкіл аумағында билік құрған жалғыз заңды тарап деп таныған. Солтүстік Кореяның ресми ұстанымы бойынша, Оңтүстік Корея билігі – заңды күші жоқ әрі «америкалықтарға бас иген қуыршақтардың» жиынтығы болған. Ал Оңтүстік Корея билігінің көзқарасы бойынша, Солтүстік Корея өкіметі – совет өкіметіне бағынышты «қуыршақтар» мен «көтерілісшілер» еді. Ел бөлінгеннен бері екі тарап та Кореяны біріктіру үшін соғысқа дайындалуға белсене кірісті.

Солтүстік Корея тұрғындары саяси ағарту сабақтарында. 1940 жылдар / Getty Images

Солтүстік Корея тұрғындары саяси ағарту сабақтарында. 1940 жылдар / Getty Images

Сол кезеңде АҚШ-тың Оңтүстік Кореяға жүргізген әмірі Кеңес Одағының Солтүстікке жүргізген әміріндей өктем әрі қатал емес-тін, америкалықтар анау айтқандай оңтайлы бақылау жүргізген деуге келмейді. Сондықтан америкалықтар Ли Сын Манның қолына жеткілікті көлемде заманауи қару-жарақ тисе, оңтүстіктегілер соғыс ашып жіберіп, Солтүстік Кореяны күшпен қосып алуға ұмтылуы әбден мүмкін деп алаңдады.

Мұндай жоспар бар екенін сол кезде Сеулда ешкім жасырмай, ашық айтатын. Содан бертінгі
оқиғалар мен қолға түскен құжаттардан белгілі болғандай, сол сөздер – бос ұран ғана болған екен, сол сөзге сай келетіндей нақты іс те, мүмкіндік те болмаған. Екі тараптың қақтығысуын америкалықтар қаламады, өйткені бұған жол берсе, өздерінің КСРО-мен қақтығысып, сол ұрыс Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кете ме деп қауіптенді. Жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін Америка басшылығы Оңтүстік Корея қарулы күштеріне заманауи шабуылдаушы қару түрлерін беруден бас тартты. Осының салдарынан Корея соғысы басталған шақта Оңтүстік Корея әскерінде танкілер мен шабуылдаушы ұшақтар тапшы болған.

Солтүстік Кореяның басшысы, Ким Ир Сен. 1950 жыл / Alamy

Солтүстік Кореяның басшысы, Ким Ир Сен. 1950 жыл / Alamy

Кеңес Одағы, керісінше, Солтүстік Кореяға қару-жарақты көптеп жіберіп, оның әскерін даярлауға атсалысты – бірақ КСРО мұны Кореяда қақтығыс болғанын қалағандықтан жасаған жоқ (бұған мүлде басқа жайт себеп болған). Мәскеу сол тұста Солтүстік Корея КСРО-ның тікелей мақұлдауынсыз Оңтүстік Кореяға шабуыл жасамайтынына сенімді болған, демек Солтүстік Кореяға жіберген қаруды рұқсатсыз қолданады деп алаңдамады.

1948 жылдан бастап Ким Ир Сен және КХДР-дың басқа да жетекшілері Оңтүстік Кореяға басып кіруге немесе, өз сөздерімен айтсақ (шынымен солай ойлаған да шығар), оны «босатуға» Мәскеудің санкциясын алуға тырысып бақты. Алайда Сталин және кеңес өкіметінің басшылары Пхеньянның осындай табанды өтініштерін елеусіз қалдырып отырды.

Жалғасы бар.