СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

1-дәріс. Күріш өркениеті

СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Утагава Хиросиге. Күріш алқаптарындағы көктем. 1800 жыл /Getty Images

Солтүстік Корея  сталинизм идеясы үстемдік құрған ел. Рас, Солтүстік Кореяда кезінде экономика, мәдениет саласы және азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мемлекеттің жіті бақылауында болған қоғам құрылған еді. Мемлекеттің қоғам өмірін осыншалық дәрежеде бақылауда ұстауы  ешбір елдің тарихында болмаған жайт. Дегенмен сол қоғамдық тәртіптің ғұмыры ұзаққа бармады. Көп болса 3035 жылдан кейін сыртқы факторлар мен ішкі проблемалардың әсеріне шыдас бермей, біржола күйреді. Көрнекті шығыстанушы-корейтанушы ғалым Андрей Ланьковтың көне дәуірден бастау алып, бүгінге дейін жалғасын тапқан Солтүстік Корея феномені туралы материалы.

Мазмұн

Тарихшылардың Солтүстік Кореяға қызығушылық танытуына екі себеп бар. Біріншіден, 19601990 жылдарда Солтүстік Корея аумағы «мемлекет қоғам өмірін қаншалықты бақылауға ала алады, сол бақылауды (ақпараттық технологиялардың даму деңгейі төмен болған жағдайда) қалай іске асырады?» деген сұраққа жауап беру үшін құрылған әлеуметтік сынақ алаңына айналды. Екінші жағынан, аталмыш жүйенің дағдарысқа ұшырап, ыдырағанының өзі Солтүстік Кореяға ғана емес (не десек те, бұл ел Азияның қиыр шығысында орналасқан шағын әрі соншалықты ықпалды деуге келмейтін ел), сондай-ақ жалпы адамзат қоғамына тән айрықша сипаттардан біраз хабар береді.

1945 жылдан бастау алатын қазіргі Солтүстік Корея тарихын баяндамас бұрын, осы елдің қоғамы мен мемлекеттілігінің дамуына бастапқыда не тірек болғаны туралы бірер сөз айта кеткен орынды. Солтүстік Корея қоғамына тән дара белгілердің түп тамыры тереңде жатыр, олар ерте замандағы Шығыс Азияның мәдени дәстүрлерімен байланысты.

КОЛЛЕКТИВИЗМ МЕН КОНФОРМИЗМ РУХЫ

Корея христиан дәуірінің алғашқы ғасырларынан бастап шамамен екі мың жыл бойына Шығыс Азия өркениетінің бір бөлігі болып саналатын. Мұндағы «Шығыс Азия» дегеніміз географиялық емес, мәдени-тарихи термин, дәстүрлі Қытай мәдениетінің ықпалымен қалыптасқан бұл өркениет, шартты түрде айтсақ, Жапон аралдарынан Меконг алабына дейінгі аумақты қамтып отыр.

19 ғасырдағы корей шенеунігі/Treasure of South Korea No. 1728 19th century Cultural Heritage Administration of Korea

19 ғасырдағы корей шенеунігі/Treasure of South Korea No. 1728 19th century Cultural Heritage Administration of Korea

Қазіргі Жапония, Корея, Қытай (Тайваньды қосқанда) және Вьетнам сияқты елдерді қамтитын бұл өркениет өзінің арғы-бергі тарихында классикалық қытай мәдениеті мен қытай мемлекеттілігі дәстүрлеріне арқа сүйеп келді. Қарапайым сөзбен айтқанда, аталмыш елдердің басты идеологиясы Конфуций ілімі, 19 ғасырға дейін мемлекеттік тілі әрі көзі ашық азаматтар мен озық мәдени орта тілі көне қытай тілі болған (б.з.д. І мыңжылдықтың орта шенінде тараған тіл, Конфуций каноны осы көне тіл үлгісінде жазылған). Конфуций ілімі дін бе, жоқ па деген сұрақ даулы, дегенмен Таяу Шығыста ислам діні, ал Еуропа өркениетінде христиан діні қандай рөл атқарса, Конфуций ілімінің осы өңірде дәл сондай болғаны даусыз. Саяси тұрғыда осы өңірдің барлық елдері алғашқы Қытай империяларының, әсіресе, Тан империясының (б.з. 79 ғғ.) саяси-әлеуметтік жүйесін көшіріп алған.

1 / 3

Шығыс Азия өркениетіне тән бірқатар ерекшелік кезінде оған кірген елдердің қазіргі келбетінен де байқалады (кезінде кірген дегеніміз жөн, өйткені біртұтас Шығыс Азия өркениеті 19 ғасырдың ортасында ыдырай бастаған еді).

Сондай ерекшеліктердің бірі бұл елдердің экономикасы күріш шаруашылығына құрылған. Күріш айрықша күтімді қажет ететін дақыл. Өңделетін алқап бірлігінен шығатын калориялар мөлшері зор, десе де бұл дақылды өндіру үшін біраз тер төгу қажет. Күріш еккен суарма атыздардың өзі күрделі гидротехникалық машинаға барабар. Күріш өсіру үшін әуелі теп-тегіс егістік жер дайындау қажет, себебі жылда көктемде суарғанда жерге су тегіс жайылу керек. Бұдан бөлек, күріш еккенге дейін су жинап, су беруге қажетті қоймалар, арықтар, бөгеттер салып, оларға тиісті күтім жасап отыру керек. Күріштің өзге дәнді дақылдардан айырмашылығы: суарылған егістік алқапқа оның дәнін емес, өнген көшеттерін себеді. Шаруалар күн шыққаннан, кеш батқанға дейін бел жазбай, шыжыған ыстықта, тізесіне дейін келетін лай суда тұрып, әр көшетті қолымен егеді.

1 / 2

Осындай ауыр еңбек төңірегінде қалыптасқан өмір салтының Шығыс Азия халықтарының мінсіз қоғамдық құрылысқа қатысты түсінігіне де әсер еткені ғажап емес. Шаруашылық жүргізудің осындай үлгісі ықпалымен коллективизм, конформизм рухы қалыптасады: қоғам мүшелері бірігіп, ұжымдасып әрекет етеді, көпшіліктің еркіне, әсіресе, басшылардың нұсқауына қарсы шығуға болмайды.

МЕМЛЕКЕТКЕ ҚҰРМЕТ

Жұмыстың ретіне, ауқымына сай бейімделу шарт: күріш атыздарын құрып, оларға күтім жасап отыруға бір үйдің, кейде тіпті тұтас бір ауылдың да шамасы келмейді. Жақсы өнім алуға қажет күрделі ирригациялық жүйелерді еңбекке қабілетті мыңдаған ер адам күш біріктіре жасаған, ал олардың жұмысын ұйымдастыру міндетін атқарған тарап мемлекет болды.

Шығыс Азия мәдениетіне жататын елдерде мемлекет аса маңызды экономикалық функция атқарғандықтан, жұрттың оған деген көзқарасы да айрықша еді. Атап айтқанда, шенеуніктер суару жүйелерін құрып, оларды дұрыс күтіп ұстауға, пайдалануға жауапты болды. Бұған қоса, шенеуніктер құрғақшылық болған жылдары пайдаланатын астық қорын жасақтауға да жауапты еді. Дәстүрлі ауыл шаруашылығының тұрақты түрде өнім бере бермейтін сала екенін және халықтың тығыздығы артып бара жатқанын ескерсек, қор жинаудың аса қажет қызметке айналғаны түсінікті.

"Кореяның қиындықтары". Жапон сарбаздары корейлерге қарсы./Wikimedia Commons

"Кореяның қиындықтары". Жапон сарбаздары корейлерге қарсы./Wikimedia Commons

Шығыс Азия елдерінде халықтың мемлекетті және оның өкілдері шенеуніктерді айрықша құрмет тұтқаны да осыдан. Мұның бір көрінісі: бюрократ шығыс фольклоры мен әдебиетінің сүйікті кейіпкеріне айналған, осы орайда оның рөлі Еуропа фольклорындағы рыцарьдың рөліне ұқсас. Ал рыцарьларға, яғни әскерилерге Шығыс Азия халықтары, керісінше, жеткілікті дәрежеде ілтипат танытпаған, жұрттың оларға көзқарасы «асыл темірден шеге соқпас, жақсы адам әскер қатарына қосылмас» деген қытай мәтеліне сай.

Шығыс Азия өңірі Батыстың отаршыл экспансиясына өзгелерге қарағанда әлдеқайда кеш, 19 ғасырдың ортасында ғана ұшыраған еді. Оған дейін осы өңірде құрылған, бір орталықтан басқарылған мемлекеттердің сырттан келген отарлаушыларға тойтарыс беруге қауқары жететін, сондықтан Батыс елдері бұл аймақтан бойын аулақ салған. Бір қызығы, 1617 ғасырлардан кейін Шығыс Азия елдерінің барлығы дерлік оқшаулану саясатын ұстанып, бөтен елдермен сауда-саттықты, басқа да байланыстарын тоқтатты. Әлемнің өзге елдері бір-бірімен байланыс орнатып жатқан шақта бұл өңірдегі елдер есігін тарс жауып, іштен құлыптап алғандай болды.

КОРЕЯНЫ «АШУ»

Еуропада Өнеркәсіп революциясы басталған соң күштер балансы өзгерді, Шығыс Азия елдері кенде қалды. Батыстың осы өңірдегі нағыз экспансиясы 1839 жылы басталды, сол жылы Британия (дәлірек айтсақ, британиялық Ост-Индия компаниясы) Бірінші апиын соғысын бастаған. Соғыста түпкілікті тізе бүккен Қытай осы уақытқа дейін бірнеше ғасыр бойы жүргізіп келген оқшаулану саясатынан бас тартуға мәжбүр болды. Көп ұзамай (18531854 жж.) коммодор Перри бастаған американ эскадрасының жорығы нәтижесінде Жапония да оқшауланудан шығып, шетелдіктерге есігін айқара ашуға мәжбүр болды. 1870 жылға таман Шығыс Азияның сыртқы әлемнен оқшауланып, ескі саяси әрі әлеуметтік жүйесінің тұтастығын бұзбай сақтап отырған жалғыз елі Корея еді. Алайда оның да ашылатын күні алыс болмады.

1 / 2

Таңғаларлығы, Кореяны «ашып», оны күштеп модерн әлеміне, яғни сол замандағы отаршыл державалар әлеміне кіріктірген тарап Жапония болатын. Өзгені ырқына бағындырған бұл елдің өзі небары жиырма жылдай уақыт бұрын Азия өңіріндегі көп отар елдің біріне айналатындай күйде еді. Бірақ 1868 жылғы Мэйдзи революциясынан кейін Жапонияда радикалды батысшыл модернизаторлар билік басына келіп, қалың бұқараның қолдауына ие болды. Солар жүргізген модернизация және уестернизация бағытындағы реформалар арқасында 19 ғасырдың соңына таман Жапония Шығыс Азияның жалғыз дамыған, заманауи еліне айналды. Жапония Кореяға қысым көрсетіп, 1876 жылы Канхуа шартына қол қойдырады. Бұл құжат ел аумағында шетелдіктердің жүріп-тұруына, сауда жасап, миссионерлік қызмет жүргізуіне рұқсат берген бірқатар екіжақты келісімдердің алғашқысы.

Эдуардо Кьоссонне. Мейдзи императоры. 1888

Эдуардо Кьоссонне. Мейдзи императоры. 1888

Корея тарихының осыдан кейінгі отыз жылы алпауыт империалистік державалардың елді өз отарына, болмаса протекторатына айналдыру үшін күрес жүргізген кезеңі болды. Бәрінен де белсенді әрі агрессив әрекет еткен ел Жапония болатын. Оның өзгелерден артықшылығы Кореяға әлдеқайда жақын жатқанында, сондай-ақ осы елдің сыртқы саудасына айтарлықтай ықпал еткенінде еді. Мұнда Жапонияға әуелі Қытай, кейін Ресей бақталас болған, алайда Жапониямен арада болған әскери қақтығыстарда екеуі де жеңіліп (сол кезде күллі әлемді таңғалдырған жайт), 1905 жылдан кейін Орыс-жапон соғысынан бертінгі біраз жылдар бойына Кореяның тағдырын кім шешеді деген мәселе көтерілмеген, ол 1910 жылы біржола Жапон отарына айналды.

1 / 2

Жапонияның Кореядағы империалистік саясатының бір ерекшелігі ол жаңа отар ел аумағында өндіріс ошақтарын құруға көптеп инвестиция құйды. Елде 1920 және 1930 жылдары ашылған жаңа кәсіпорындар сол заманның озық технологияларының үлгісі саналатын. Жапонияның осындай ұстанымына бірнеше жайт себеп болған. Бастысы жапон үкіметі «біз Кореяны ерте ме, кеш пе, толықтай ассимиляциялап, түбінде корейлер жапондарға айналады» деген пайымда болған. Мәселен, Еуропа отарлаушылары өзіне бағындырған жергілікті халықты ассимиляциялап алу мәселесін тіпті көтермеген, бұған үстем тараптың нәсілшілдігі де, бодандыққа өткен халық санының көптігі де әсер еткен. Айталық, 1930 жылы халық саны 40 миллионға жеткен Ұлыбританияның Үндістанды ассимиляциялап алу жайлы ойы да болмаған, өйткені Үндістан халқының түр-тұрпаты, діні ағылшындардікіне мүлде ұқсамайды, халық саны жағынан да жуық емес (Үндістан халқы сол кезде шамамен 300 миллион адам болған).

Жапонияның Кореяда индустриализация жүргізуіне өзге де себептер болған. Жапония аумағында пайдалы қазбалар жоқтың қасы, ал Корей түбегінде көмір кені, темір, қорғасын, мыс және өзге де түсті металдар қоры бар. Аталған кен орындарының бәрі түбектің солтүстік бөлігінде 1945 жылдан кейін Солтүстік Корея болып бөлініп шыққан аумақта шоғырланған, ал оңтүстік бөлігінің жер қойнауында пайдалы қазбалар жоқ. Сондықтан жапон компаниялары жаңа зауыттарды шикізат көздеріне жақын жерде салуды жөн көрген. Кәсіпкерлер болашақта не болар екен деп алаңдамаған, олар Корея мәңгі-бақи Жапон империясының құрамында қалатынына сенімді еді.

1 / 2

Осы ретте жапондардың Кореядағы отаршыл саясатының кей тұстары апартеидке ұқсас болғанын атап өту қажет: түпкі мақсат-мұрат корейлерді жапондандыру болғанымен, екі халық арасындағы айырмашылықтарды ешкім жоққа шығармады, оларды тіпті заң жүзінде айқындап берген. Іс жүзінде жағдай аталмыш мақсатқа кереғар, ақылға қонымсыз еді: жапон әкімшілігі жергілікті халықтан жапонға айналуды талап еткен, десе де төл салтынан ажырап, барынша жапонданған (тіпті ана тілінен бас тартқан) корейлердің өзін «нағыз жапондарға» тең, император әміріне бас иген жапондарға барабар тарап санамаған. Осындай алалаудың бір айғағы: Кореяға қоныс аударған жапондар көп болғанымен (1944 жылы Кореяда шамамен 900 мың жапондық тұрған, яғни жалпы халық санының 3%-ын құраған), елде 1930 жылдардың соңына дейін жапондар мен корейлер аралас неке құрмаған.

БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ МАРКСИЗМ

19 ғасырдың соңында Кореяда қазіргі заманғы білім беру жүйесінің негізі қаланған. Осы процестегі христиан миссионерлерінің рөлі зор. Кореяда христиандық 18 ғасырда пайда болған, мұнда ол Қытайдан келген. О баста дін миссионерлердің атсалысуынсыз, яғни жазбаша деректер арқылы тарап, тамыр жайған. Ал 1880 жылдардан бастап миссионерлерге елде заң жүзінде қызмет етуге рұқсат берілді. Христиан миссионерлері (көбіне протестанттар, америкалықтар) әуелден-ақ елде заманауи білім беру жүйесін құруға ден қойды. Қазіргі заманғы корей мектептерін алғаш ашқандар да осы Батыс миссионерлері. Корей зиялы қауым өкілдерінің алғашқы буыны христиан мектептерінің түлектері. 20 ғасырдың басында корей баласы дәл осындай миссионерлік мектепте интеграл теңдеулерді шешуді, көпір жобалап салуды үйреніп, бу машинасының құрылысын және іштен жану қозғалтқышының қалай жұмыс істейтінін оқып білетін. Христиандықтың елге алғаш келген кезінен-ақ корейлер оған модернизация діні, гелиоцентрлік жүйе діні, Евклид геометриясы мен Ньютон физикасын дәріптеген дін деп қараған. Христиандардың саны аз болса да (20 ғасырдың басында жалпы халық санының шамамен 1%), олардың корей қоғамындағы беделі артты.

1 / 2

Отаршыл режим орнатқан жапондар да қарап қалмады, олар елде өз білім беру жүйесін құра бастады. Елде отарлық билік жүйесі жойылғанға таяу шақта корей балаларының жартысына жуығы бастауыш (алты жылдық) мектепке барған бұл сол кезеңдегі өзге отар елдерге қарағанда аса жоғары көрсеткіш еді. Бұл жайт жапондардың елдегі мектептерді, әсіресе, бастауыш білім беру жүйесін жұртты жапондандыру құралы деп қарастырғанымен байланысты, өйткені онда сабақты негізінен жапон тілінде оқытатын. Осы ретте білікті жұмыс күшінің де қажет екенін ескеру керек-тін, себебі онсыз жапондардың Корей түбегінің солтүстігінде құрып жатқан өндіріс ошақтары ойдағыдай дами алмайтын.

1 / 2

Қалай болғанда да, шамамен 1920 жылдары көзі ашық әрі модернизация идеясына бет бұрған жас интеллигенттер буыны Корея қалаларының, әсіресе, Сеул халқының айрықша бір әлеуметтік тобына айналды. Осы әлеуметтік ортада жаңа идеология марксизм идеологиясы етек жайды.

Марксизмнің дәл осы ортада кең тарағанының себептерін түсіну үшін жас корейлердің 1920 жылдары қандай сын-қатерлерге тап болғанын білген абзал. Прогресс рухын бойына сіңіріп өскен жас буын өкілдері ескі дәстүрлер құрсауындағы Кореяның жуырда ғана бастан кешкенін әлі де ұмытпаған, олардың ел тарихындағы сол кезеңге көңілі толмайтын. Корея елінің (сондай-ақ Шығыс Азия елдерінің көпшілігінің) бір таңғаларлық сипаты мұнда фундаменталистік ілімдер сол күйі жарыққа шықпады, өріс алмады. Батыстың бодандары күйін кешкен Таяу Шығыс елдеріндегі озық ойлы зиялы қауым өкілдерінің көбісі өз елін азат ететін дара жол іздеу барысында ерте кезеңдегі ислам дәстүрлеріне назар салған. Кореяда осындай бағыттағы ізденіс, сондай көзқарас жоқ-тын. 1910 жылға таман, дәстүрлі Конфуций іліміне адал бірді-екілі қарт интеллигенция өкілін санамағанда, елді Конфуций мен Мэн-цзы өсиеттеріне сай дамыту керек, б.з.д. 5 ғасырда үстемдік еткен, содан бері ұмыт қалған идеалдарға оралу қажет деп ұрандатқан корейлер қалмады. 1920 жылы тұтас Корея халқы ілгері жылжу қажет деген ұстанымда болған. Жас интеллигенттердің бәрі Корея болашақта өнеркәсібі дамыған, бумен жүретін локомотивтері, дирижабльдері бар, болат құятын комбинаттары іске қосылған ел болады деп армандаған. Әлбетте, жұрт «еліміз тәуелсіздігін қайтып алады» дегенге де сеніп бақты корейлердің басым көпшілігі өз жерінде екінші сортты азамат қатарында жүргеніне наразы еді.

1919 жылы 1 наурызда болған халықтық қойылым / ашық дереккөзден алынған

1919 жылы 1 наурызда болған халықтық қойылым / ашық дереккөзден алынған

Сонымен сауат ашқан жас корейлер, қала тұрғындары заманауи қоғам құруды қалаған. Алайда сол қоғамды қалай құрмақ керек және оның жаңа келбеті қандай болмақ деген сұраққа келгенде, озық ойлы жастар ортасында ауызбірлік болмады (дирижабльдер мен болат құю комбинаттары болуы керек дегенге бәрі келіскенімен, жаңа жүйені басқару тәртібіне қатысты ұстанымдар қарама-қайшы еді). Бір жағынан, елде АҚШ-қа бет бұрған әрі біразы протестант белсенділерімен байланысқан оңшыл националистердің рөлі зор еді. Сол ұлтшылдарды отаршылдық жүйе контекстінде нағыз прогрессистер мен модернизаторлар деп қарастыруға болады. Олардың басты мұраты республика түріндегі ұлттық мемлекет құрып, онда нарықтық экономиканың дамуына жол ашу еді.

Дегенмен бұған келіспегендер де болған. Сол кезеңдегі либерализм идеялары Батыс елдері (және Жапония) жүргізген империалистік және отаршыл саясатпен тығыз байланысты болғандықтан, жас корейлердің көбісі бұл бағытты жатсынған. Бұған қоса, дамыған елдерден артта қалған Кореяны тездетіп алдыңғы қатарлы мемлекеттердің біріне айналдыру үшін ақырын жүріп, анық басу жолымен емес, бірнеше қарқынды ұмтылыс жасау жолын таңдау керек деген ойды құптайтындар көп-тін. Сондай адамдар Кореяда 1920 жылдары қатты тараған марксизм іліміне қызығатын.

Осы орайда мына бір жайтты ескерген абзал: Кореяда, жалпы Шығыс Азия елдерінің көпшілігінде тараған марксизм идеологиясы о бастан таза ұлттық сипатқа ие болған. Сол заманда қалыптасқан дәстүрге сай, Еуропадағы және одан өзге аймақтардағы марксистер интернационализм немесе қазіргі тілмен айтқанда, глобализм идеяларына адалдық танытып, өзін жеке бір елді емес, күллі әлемді қайта құруды мақсат еткен дүниежүзілік қозғалыстың мүшесі санаған. 1920 жылдары жас француз, орыс немесе, айталық, бразилиялық азамат барша әлем халқын бақытты ету, «Гренада жерін шаруаларға бөліп беріп», жер бетіндегі әлеуметтік теңсіздіктің көзін құрту үшін коммунистік партия қатарына қосылатын.

Корей жұмысшылары. 1909-1910./Getty Images

Корей жұмысшылары. 1909-1910./Getty Images

Мұндай ұмтылыс 1920 жылдары коммунистік партияға көптеп қосылған жас қытайлар, вьетнамдықтар мен корейлерге де таңсық емес-тін. Дейтұрғанмен олардың көбісі ғаламдық міндеттерге емес, ұлт қамына қызмет қылуға ден қойғанды жөн көрген. Олар коммунизмге ең әуелі алға қойған мақсаттарға дереу жету, экономикасы мен әлеуметтік саласы артта қалған елді қысқа мерзімде өркендетіп, саяси тәуелділіктен арылып, «Қытайды (Кореяны, Вьетнамды) бұрынғыдай ұлы ел етуге» болысатын құрал деп қараған. Шығыс Азия елдеріндегі марксизмге бұрыннан тән осындай ұлтшылдық сарын уақыт өте келе күшеймесе, бәсеңдемеген. Дегенмен өзге де елдердің марксистері билік басына келгенде айнала қоршаған әлемге басқаша көзбен қарап, өз мемлекетінің ғана қамын ойлайтын қайраткерлерге, тіпті ұлтшылдарға айналғанын айта кеткен орынды.

Осылайша 1920 жылдарда Кореяның көптеген жас интеллигенттері (олар әдетте христиан, яғни о бастан модернизацияға бет бұрған әулеттерден шығатын) елге Кеңес Одағынан, Жапония мен Қытайдан келген марксистік мәтіндерге ерекше мән беріп қарайтын. Осы аталған іргелес үш ел Корея коммунистері қозғалысының өсіп-өнуіне жағдай тудырған мекен болып саналады.

КОМИНТЕРН ЖӘНЕ БАСҚАЛАРЫ

Әрине, бұл процесте коммунистердің тұңғыш рет саяси билікті қолына алған елі Ресейдің (кейін — Кеңес Одағының) атқарған рөлі де айрықша. 1917 жылға таман Ресейде жүз мыңға жуық этникалық корейлер тұрған, олар негізінен Приморье аудандарында, яғни Кореямен шегаралас аймақтарда шоғырланған. Мысалы, шегара маңындағы Посьет ауданында тұратын корейлер сол аймақтағы халқының 90%-ын құраған. Корейлер Приморье өлкесіне 19 ғасырдың орта шенінде қоныс аудара бастаған. Басым бөлігі жаңа қоныста үлкен әрі құнарлы жер телімдерін пайдалануға алудан дәмелі (жерді жалға алатын) кедей шаруалар болған. 19051910 жылдардан соң Ресейге саяси мигранттар (Корея Жапония отары болғаннан кейін көшіп кеткен азаматтар) да келе бастаған.

Корей әйелдері. Амур мен Уссури өлкесінің альбомындағы фотосурет. Т.3. 1875-1876 жж. Владимир Васильевич Ланин / Wikimedia Commons

Корей әйелдері. Амур мен Уссури өлкесінің альбомындағы фотосурет. Т.3. 1875-1876 жж. Владимир Васильевич Ланин / Wikimedia Commons

Ресейде Азамат соғысы басталғанда, елдегі корейлердің бәрі бірауыздан қызылдарға қолдау білдірген. Мұның өзі сол шақта большевиктердің жер реформасын жүзеге асыруға уәде еткенімен байланысты, өйткені осында қоныс аударған корейлердің көбісі жер жалдап отырған шаруалар еді. Сонымен қатар большевиктердің ұлттарды алаламайтын қоғам құрамыз деген уәдесі де тартымды-ақ көрінетін (патшалық Ресейде корейлерді алалайтын). Корейлердің ұстанымын сондай-ақ «дұшпаныммен жауласқан тарап менің одақтасым» деген ескі қағидамен де түсіндіруге болады. Большевиктердің Қиыр Шығыстағы басты жауы Жапония еді, ал осы Қиыр Шығысқа қоныс аударған корейлердің басым бөлігі (нақтырақ айтсақ, Ресейдегі корей қауымы элитасының басым бөлігі) кезінде Кореядан жапон боданы болғысы келмегендіктен көшіп кеткен.

Ресейдегі Азамат соғысы жылдарында қолына қару ұстай алатын біраз корей жастары Қызыл әскер қатарына қосылған. Әскер қатарына толық құраммен қосылған бұрынғы корей партизан отрядтары да болған екен: олар корей патриоттары отарлаушыларға қарулы тойтарыс ұйымдастырған кезде, яғни 1910 жылдары жапон отаршыл режиміне қарсы соғысып, жеңілген соң Ресейге ауып кеткен. Қызыл Әскер қатарында борышын өтеген корей жастарының көбісі Азамат соғысы аяқталған соң коммунизмге әбден нанған адамдарға айналып, өздері иланған жаңа «дұрыс» идеологияны туған жеріне алып баруды аңсаған.

Корей коммунистері қозғалысының тағы бір ошағы Жапония еді. Бір қызығы, 1920 жылдардағы Жапонияның саяси режимі Кореядағы отаршыл режимге қарағанда әлдеқайда либералды болған. Корея аумағында өкімет біраз әрекетке тыйым салып, заң бұзғандарды қудалап, түрмеге жабатын, ал Жапонияда дәл сондай әрекеттер қалыпты саналатын, оларды заңға қайшы деп танымаған. Жапон отаршыл билігі Кореяның жоғары білім берудің өзіндік жүйесін құруға деген талпыныстарына қасақылық жасап, жол бермеген. Корея отар болған кезеңде елде бір-ақ шағын университет жұмыс істеген, халықтың 97%-ы корейлер болғанына қарамастан, университет студенттердің үштен бірі ғана корейлер еді. Алайда отаршыл билік корейлердің Жапонияға барып білім алуына жағдай жасаған. Жапонияда жүріп, коммунистік идеологиядан молынан сусындаған жас корейлер елге коммунист болып оралатын.

Ленин Кремльде Коминтерн II конгресінің комиссияларының бірінің отырысында. Кездесуге корей коммунистеріде келген. Мәскеу. 01.08.1920/Фотограф Виктор Булла/РИА Новости

Ленин Кремльде Коминтерн II конгресінің комиссияларының бірінің отырысында. Кездесуге корей коммунистеріде келген. Мәскеу. 01.08.1920/Фотограф Виктор Булла/РИА Новости

Осындай жағдайда Коминтерн Корея коммунистік партиясын құру жұмыстарын қолға алады. 1920 жылдарда Коминтерн дүниежүзі бойынша коммунистік партиялар құруды өзінің басты міндеті санаған. Кореяға келгенде бұл істі ойдағыдай жүзеге асыру оңайға соқпады, неге десеңіз ел ішінде немесе шетелде жүрген корей мигранттары арасында құрылған көптеген марксистік топтар болған, дегенмен бұл басы бірікпеген, өзара араз, дау-жанжалға бейім орта еді. Бұл топтар бірін-бірі бақталас көретін, жетекшілері Мәскеудің көңілін тауып, одан Кореяның болашақ компартиясын тек өзі басқарған топ негізінде құруға қолдауын алуға тырысып баққан. Осы жолда бұлардың бір-біріне жаппаған жаласы, істемеген айла-шарғылары жоқ, осындай қиян-кескі бақталастыққа тіпті азуы алты қарыс коминтерн шенділерінің өзі аң-таң еді.

Кореяның Коммунистік партиясы ақыры 1925 жылы Сеулде өткен астыртын съезде құрылған болатын. Алайда сол партияның ғұмыры ұзаққа бармады. Партия басшыларын жапон полициясы әшкерелеп, көбін түрмеге қамаған (бірақ кейбіреулері шетелге Кеңес Одағы мен Қытайға қашып үлгерді). Бұл аз болғандай, партия ішіндегі алауыздық сол күйі тыйылмады, іштей талас-тартыс оның нағыз саяси күрес жүргізу қабілетіне кері әсерін тигізіп, Коминтерн штаб-пәтеріндегілердің мазасын алды. Ақыры 1928 жылы Коминтерн шешімімен партия таратылған болатын. Партия тарағанымен, Корея коммунистерінің қозғалысы қызметін тоқтатпады. Корейлер Қытай мен КСРО-ның коммунистік ұйымдарында жұмысын жалғастырды. Бұған қоса, Корея аумағында қалған жекелеген коммунист белсенділері мен ықшам коммунисттік топтар қызметін тоқтатпады, олар көбіне кәсіподақтар және жұмысшылар қозғалысымен байланысты болған бұл қозғалыс шамамен 1930 жылы елдің солтүстік бөлігінде басталған индустриализация тұсында етек жайған.

Корея коммунистерінің бір бөлігі (көбіне Сеул интеллигенттері) Қытай аумағына өтіп, Шанхай қаласына жеткен шақта сол жерде бірқатар саяси еркіндіктің сақталуына кепілдік берген Халықаралық сеттльмент күшінде еді. Кейін аталмыш солшыл интеллигенттер Яньань қаласына барып тұрған, онда 1937 жылдан бері Қытай Коммунистік партиясының штаб-пәтері орналасқан.

Ленин ескерткішінің қасында тұрған корей балалары. Өзбекстан 1938-1939 жж. Макс Пенсонның коллекциясынан алынған сурет

Ленин ескерткішінің қасында тұрған корей балалары. Өзбекстан 1938-1939 жж. Макс Пенсонның коллекциясынан алынған сурет

Осы кезде КСРО-дағы корей жастарының айтарлықтай бөлігі жан-тәнімен коммунизмге адал азаматтарға айналды, көбісінің мансабы өсті. Бұған 1920 жылдары КСРО-дағы аз ұлттарға қатысты позитивті дискриминация (оларға арнап артықшылықтар мен квоталар беретін) практикасының да ықпалы болды. Алайда 1937 жылы кеңес үкіметі корейлерді Қиыр Шығыстағы қоныстарынан Орталық Азияға күштеп жер аудартады, бұл КСРО тарихында халықтың ұлтына бола жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған алғашқы мысалдардың бірі. Сол кезде тегі корей зиялылар, әскерилер мен партия қызметкерлерінің біразы репрессияға ұшыраған КСРО-да тұрған корей ұлтынан шыққан адамның, мысалы, орыстар мен татарларға қарағанда, қуғындалып, жапа шегу ықтималдығы әлдеқайда жоғары еді. Дегенмен осы қайғылы оқиғалардың, жалпы алғанда, Кеңес Одағында тұрған көзі ашық, Кеңес өкіметі тұсында білім алған әрі өзін КСРО-ның адал азаматы және коммунистік партияның сенімді сарбаздары санаған корейлердің көбінің саяси ұстанымына кері әсері тимеді.

Осы тұста Маньчжурия аймағында өрбіген процестерге де көз тіккен абзал, сол кезде онда корейлер саны күрт арта бастады. Көп жағдайда корейлер Маньчжурияға жаңа тұрмыс құру үшін қоныс аударған, бірақ арасында саяси себеппен көшіп келгендер де жоқ емес-тін. Бір қызығы, жапон әкімшілігі корейлердің Маньчжурияға кетуіне қарсылық білдірмейтін, қайта қолдайтын. Маньчжурияға ауған корейлер қағаз жүзінде әлі де Жапон империясының құзырындағы азаматтар саналатын: осының өзі жапондардың Маньчжурия, одан қалды тұтас Қытай істеріне араласуына бір ыңғайлы сылтау болған еді.

Жалғасы бар