Қазақстандағы тың игеру мәселесі
Қосестек механизаторының хаты
Таршылық, жұмыстың көптігі, асханадағы тамақтың тапшылығы.
1954 жылы ақпан-наурыз пленумында КОКП ОК «Елде астық өндірісін арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы қабылдады. Осылайша КСРО-да тың игеру науқаны басталып, оның негізгі мақсаты — Қазақстан аумағында орналасқан тың жерлерді жырту арқылы елдегі астық өндірісін арттыру болды. КСРО-ға тән дәстүр бойынша, совет газеттері бұл бастаманы «еңбекшілердің» бір ауыздан қолдағанын және жаңа шаруашылық саясаттың жетістіктерін жарыса жариялай бастады. Алайда бұл науқан ешқандай алдын ала дайындықсыз жүргізілгендіктен, көптеген мәселені жасыру мүмкін болмады. Жолдардың, астық сақтау орындарының, білікті кадрлардың жетіспеуімен қатар, тұрғын үй мен техниканы жөндеу базалары да үнемі тапшылық көрді. Көп жағдайда жоспардың орындалуындағы кідірістерді колхоздар мен совхоздардың басшыларының салақтығына жабуға тырысқанымен, аймақтық басылымдарда ауыл шаруашылық науқанының түбегейлі мәселелерін ашып көрсеткен материалдар да жарық көріп тұрды.
Мысалы, 1954 жылғы қарашада «Актюбинская правда» газетінде механизатор В. Манасыповтың хаты жарияланды. Ол әртүрлі тапшылықтар мен тәртіпсіздіктерге шағымданып былай деп жазған:
«Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Қосестек МТС-тің кез келген механизаторынан сұраңыз, сонда түрлі мәселе мен қиындықтарға байланысты шағым естисіз. Жаз бойы демалысқа бірер күн болса да шыққан механизаторды табу қиын. Трактористер күніне 10–12 сағаттан жұмыс істейді. Әрине, бір күні олар 8 сағаттық жұмыс уақытына көшер. Бірақ қазір механизаторлар жетіспейді, сондықтан кей жағдайда тәулік бойы, тіпті одан да ұзақ жұмыс істеуге тура келеді... Сонымен қатар, кейбір колхоздардың механизаторларға аз төлейтіні туралы шағым жетерлік. Олар бір жұмыс күніне, арамшөп араласқан астық береді...»
Сонымен қатар Манасыпов жатақханадағы тұрмыстық жағдайдың нашар екенін жазады:
«Механизаторлардың бірі пәтерде, бірі жатақханада тұратынын айтады. Жатақхана туралы әңгіме қозғағанда, онда радио, үстел ойындары, кітап пен журнал бар дейді. Бірақ бұл сөздерге сенсеңіз, өзіңіз барып көріңіз.
Төбесі төмен, шағын терезелі бөлме, екі жиналмалы кереует, қисайып тұрған үстел, екі орындық, бұрышта — шелек су мен темір кружка.
Мен трактор бригадасынан Қосестекке келіп, сол жатақханаға бардым. Үстел басында май-май киім киген алты тракторшы «доска» ойнап отыр екен. Осында қонуға бола ма деп сұрағанымда, олардың бірі маған кекетіп:
– Қайда жатсаң онда жат. Біз өзіміз, бауырым, орындықта ұйықтаймыз, – деп жауап берді».
Қанша тырысса да, тың игеру тек қысқа мерзімді нәтиже берді. Сонымен бірге ол экологиялық мәселелердің туындауына жағдай жасады: аудандарда топырақ эрозиясы басталып, мал жайылатын үлкен аумақтар жойылып кетті.
«Актюбинская правда» — Ақтөбе қаласында 1932 жылдан бері шығып келе жатқан күнделікті облыстық газет.