Аңшылар хикаясы
Қазақстанда жолбарыс қашан болды
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
2024 жылғы қыркүйекте Нидерландыдан әкелген екі жолбарыс — аналық және аталық, 20 ғасырдың ортасында жойылып кеткен Қазақстандағы Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру үмітімен Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығына жіберілді. Осыдан тура 133 жыл бұрын өлген жолбарыстың терісі үшін уездік қазынада 15 сом төленген. Бұл туралы Ақмола облыстық «Дала уәлаяты газетінің» 1891 жылғы №8 санында «Аңшылық хикаялары» мақаласында жазылған. Бір қызығы, екі аңшы үлкен жолбарысты өлтірген Талды-Аралда бүгінде «Тыйым салынған арал» немесе «Алатасалғанда аралы» деп аталады, өйткені Қазақстанда және Орталық Азияда жұмыс істейтін жалғыз алапес колониясы сонда орналасқан.
Аңшылардың әңгімесі
6-декабрьде, Талды-Арал деген көлде, Александров қаласының қарсысында тұрған Перовск қаласынан 12 шақырым жерде, қамыс ішінен қабан атамыз деп шыққан Варнаков пен Подсудков дегендер арсыланды (жолбарыс — ред.) өлтіріпті. Аталмыш мергендер арсыланмен жолығып, соғыс қыламыз деп ешқашан ойламаған. Өздерінің мақсаттарына қарағанда мұндай қару қыла алмас еді. Бірақ бұл жерде аңдаусыз кезігіп қалып, өздері әрең деп өлімнен құтылыпты. Олар қамыс арасында арсылан бар деп еш бір ойларына алмастан, қабанды іздей бастаған. Варнаков өзінің иттерін қамысқа жіберіп, қарап тұрғанда иттерінің арсылдағанын естіп, тұра жүгіріп, әлгі жерге жетіп барса, өзіне қарсы шабайын деп тұрған арсыланды көріпті. Қалбырақтап жүріп, анықтап көздеп, мылтығын атып қалғанша болмай Варнаков арсыланның астында қалған. Сонда алдыңғы аяғы жаралы болып қалған арсылан, қолына түскен адамын оңдап, тиісті жазасын бере алмапты. Сонда Варнаков қорыққанынан арсыланның алдына жүгініп отырып алып, бір қолымен қарсылық қыла бастапты. Сонда бір қолы арсыланның аузында болған мезгілде, айғайлаған дауысынан Подсудков жүгіріп келіп, арсыланды мылтықтың құндағыменен тоқпақтай бастағанда Варнаков хайуанның астынан құтылып, екеулеп мылтықтың темірімен ұрып жығып, өлтіріпті. Мылтықтың темірі быт-шыт болып, бөлініп кетіпті. Арсыланның ұзындығы 13 сүйем болыпты. Аталмыш мергендер сол арсыланды Перовск қаласына алып барыпты. Украина деген газеттің айтуынша сол мергендерге сый беруге көрсетіпті. Арсыланның терісі үшін уез началнигі он бес сом алыпты.
«Дала уәлаятының газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.