Ұмтыл Зарыққан
Үрімжідегі жалғыз сәтті еске алу
Осыдан он неше жыл бұрын
Үрімжінің ескі көшелерінің бірінен
Көнетоз тағаның сынығын тауып алғаным есімде.
Қолыма алып ұзақ қарадым және,
Қайсы тұлпардың тұяғынан түсті екен деймін іштей,
Қайсы ұстаның қолынан шықты екен деймін тағы,
Ұстаған қолдарым қалтырамаса да,
Көзіме булығып жас келмесе де,
Кеуде тұсымды марғау бір кек тырнағанын сезем.
Сол сезім бойыма күш бітірді ме,
Тағаны құлаштап жол шетіндегі қорымға лақтырдым.
Сәлден соң:
Уысымда қып-қызыл Айдың сыңғыры ғана тұрды.
Ұмтыл Зарыққан — ақын. 1987 жылы 26 желтоқсанда дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.