Көйлек киген күзетші
Жүзіңе күлкі үйірер петроглиф
Кейбір оқырмандарымыздың ойында петроглифтерді тек шебер суретшілер, өз дәуірінің танымал шеберлері салған деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Бірақ, бұл – қате түсінік. Қола дәуірінен бастап жаңа кезеңге дейінгі аралықта қашалған бейнелердің бәрі бірдей өнер туындысы деуге келмейді. Алайда бұдан петроглифтердің тарихи маңызы кемімейді.
Жетісудағы Ордақұл қорымынан табылған осы петроглифті көргендердің көбі таңданып тұрып, күлімсіреп, әртүрлі сезімдерге бөленеді. Шынымен де, бұл кейіпкер маңайындағы петроглифтермен салыстырғанда біраз өзгешелігі байқалады. Бала салған суреттей қарапайым әрі шалағай салынған. Алғаш көргенде — үлкен дақтары бар көйлек киген, басына бантик таққан біртүрлі қыз бейнесіне көзіңіз түседі. Бұл суретті салған адам суретші болмағаны анық, бірақ петроглифтің маңызы оның сапасына байланысты емес. Бұл петроглифті жақында тапқандықтан, ғалымдарға оның нақты қай дәуірге тиесілі екенін анықтау үшін түркі жауынгерлерінің және, мүмкін, жоңғарлардың қару-жарағын зерттеуге арналған арнайы әдебиеттерге үңілуге тура келеді.
Иә-иә, Дауылбай тауларындағы шоқының етегінде орналасқан ортағасырлық елді мекеннің үстіндегі жартасқа түркі жауынгері немесе тіпті әскербасы бейнеленген. Бұл елді мекенде қазба жұмыстары әлі жүргізілмегендіктен, мұнда кімдер және қашан өмір сүргені әзірге белгісіз. Бұл толыққанды зерттеулер аяқталғаннан кейін ғана анықталады.
Сурет шоқының төбесіне жақын орналасқан. Осы жерден батысқа қарай үлкен алқап, ал шығысқа қарай кең жазық айқын көрінеді. Қылыш ұстаған жауынгердің дәл осы нүктеде бейнеленуі кездейсоқ емес секілді. Мүмкін, оның міндеті — бір кездері шоқының етегінде өмір сүрген адамдардың тыныштығын күзету болған шығар. Ғасырлар бойы ол өз қызметін адал атқарып келеді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бұл жауынгердің қасындағы петроглифтердің ешбіріне вандализм кеселі тимеген.