Бұл палеолит дәуіріндегі шахмат тақтасы ма?
Ежелгі торкөз өрнектің құпиясы
Сегіз не тоғыз көлденең сызық тік түскен басқа сызықтарды 90 градус бұрыш жасап қиып өтетін кесте көрдік. Бұл палеолит немесе қола дәуірінде шахмат ойыны болған деген сөз бе, әлде біз білмейтін басқа бір үстел (нақтысы, жартас) ойынының тақтасы ма?
Бұл қарапайым суреттің ғалымдарды қызықтырар не құдіреті бар дерсіз. Құдіреті сол: бұл сирек кездесетін сурет түрлі замандағы түрлі мәдениетте бар. Мұндай торкөздерді алғаш рет палеолит дәуірінен қалған мұралардан байқаймыз, сондай-ақ олар қола және ерте темір дәуірінде де сақталған және таңғаларлығы, әлі күнге дейін түрлі халықтың кесте өнерінің дәстүрлі элементі ретінде қолданылып жүр. Демек бұл символдың терең киелі мәні бар деген сөз.
Қандай мән болуы мүмкін? Барлық шаршы әлденеше рет саналды, сызықтардың әлемнің төрт бұрышына қарай бағытталғаны түбегейлі анықталды, бірақ анық жауабы әлі табылған жоқ. Кейбір ғалым торкөзді мал қамайтын қоралардың сызба бейнесі дейді. Енді бірі жыртылған егістік алқабы деп санайды. Үшіншілер бұл тұрғын үйдің немесе елді мекеннің сызбасы деседі. Орнаменталистикаға сүйенсек, көптеген этнографиялық зерттеуде бұл символ құнарлы жердің нышаны ретінде қарастырылады.
Петроглифтерде мұндай торкөздер сирек кездеседі, бірақ мүлде жоқ деуге келмес. Солардың бірі Көкентау археологиялық кешенінде (Абай облысы) осы аттас таудың маңында тіркелген. Ескерткіш ең алдымен үңгірлердегі жоса негізінде жасалған, қоспамен салынған суреттері көпке белгілі. Археологтардың соңғы қазбалары бұл жерде адамдардың мезолит дәуірінде (б.з.д. 15–12 мың жыл бұрын) өмір сүргенін дәлелдеді.
Торкөз өрнегі бар петроглиф жартастардың бірінің жазық бетінен табылған. Оның сызықтары әрең көрінеді, өйткені тастың зеңжары жоқ. Торкөздің жанынан құрбандыққа шалынған деп санауға болатын тұяқты жануарлардың да көмескі фигураларын көруге болады. Бұл торкөздердің мәнін түсіндіру үшін ежелгі адамдардың дүниетанымын, олардың салт-жоралғыларын және ғұрыптық рәсімдерін зерттеуіміз керек. Мезолитте немесе қола дәуірінде ежелгі адамдар бұл жерде қандай да бір рәсімдер өткізуі мүмкін бе? Неге мүмкін болмасын? Өйткені бұл жерден қасиетті тау, сондай-ақ археологтар ежелгі қоныстар мен қорымдардан тапқан жазық тамаша көрінеді.
Осы аймақты тұрғындар әлі күнге дейін қасиетті деп санайды. Мұндағы құнарлы топырақ пен сарқылмас бұлақтар кез келген қуаңшылықта да тіршілікке нәр береді. Малға жайлы, шұрайлы жер ежелден-ақ талай ұрпаққа құтты қоныс болған. Табиғаттың көркемдігі мен ежелгі мәдениеттің тылсым сырлары тоғысқан осындай мекендерді зерттеу — тек өткенімізді танып-білу емес, оны болашаққа асыл қазына етіп жеткізудің айқын жолы.