Саланшақ – тұмар – бесік

Алашұбар кілемшенің киесі қандай?

Киіз үйдің алдында, кілем үстінде отырған текелік отбасы. С. М. Прокудин-Горский фотосы (1911)/Alamy

Саланшақ — түрікмендердің осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан дәстүрлі бесігі. Бастапқыда ол ағаштан жасалған кергіш таяқтарға бекітіліп, киіз үйдің қабырғасына алабажақ баулармен ілінетін, жүннен тоқылған түксіз шағын кілемше болатын. Бүгінгі таңда саланшақтардың түрі әжептәуір өзгергенімен, көптеген өңірлерде әлі де көне әдіспен жасалады.

Саланшақ түрікмендер үшін әрқашан да аса қадірлі дүние болатын, ол тек тұрмыстық зат қана емес, сонымен қатар тылсым сыры да бар еді. Саланшақты жасауға ерекше «құтты күні» кірісетін. Денсаулығы мықты болып өсетін сәби үшін саланшақтың өзі де «құтты бесік» болуы мүмкін еді, ол соңынан ұрпақтан ұрпаққа өтіп, онда бірнеше атаның балалары тербетілетін. Шетінеп кеткен немесе ауру болған сәбилер жатқан «құтсыз» бесіктерді өртеп жіберетін. Бос бесікті тербету өте нашар ырым болып саналатын — наным бойынша бұл сәбидің ауыруына немесе тіпті рудың үзіліп қалуына әкелуі мүмкін еді.

«Саланшақ» балалар бесігі. Түрікмен КСР, Красноводск облысы, Кумдаг кенті. 1980 жылдар/Ресей этнографиялық мұражайы

«Саланшақ» балалар бесігі. Түрікмен КСР, Красноводск облысы, Кумдаг кенті. 1980 жылдар/Ресей этнографиялық мұражайы

«Саланшақ кілем» дүнеиеге келетін балаға арналып әдейі тоқылатын, ал оған салынған барлық өрнектер тұмар болатын. Оны нәрестенің әжесі, келіннің енесі тоқуға тиіс еді. Кейде оны үйдің үлкен келіні немесе болашақ ананың өзі тоқитын. Саланшақтың пәле-жаладан сақтайтын функциясын ең әуелі тұмар-өрнектер, олардың реттілігі мен орналасуы қамтамасыз ететін. Түрікмен кілемдерінің барлық ою-өрнектері негізінен алғанда киелі болып келеді. Түрікменнің ең кең тараған ою-өрнектерінде, дөңгелек гөл мойынтұмарларында ең бір көне рәміздер, судың, Жердің, киелі өсімдіктердің белгілері тұспалмен жасырылған. Гүл, қызыл гүл сияқты өсімдік өрнектерінің тұмарлық мәні өте күші болып келеді, олар нәрестеге сұлулық сыйлайтын. «Ислими», «пудак» — өскін, бұтақ өрнектері денсаулық беретін.

Түрікмен кестелеу үлгілері/turkmenportal.com

Түрікмен кестелеу үлгілері/turkmenportal.com

Гөлдерде жыл маусымдары жасырылған, мысалы, ай мен жұлдыз өрнектерінен түнгі аспанды тануға болады. Ою-өрнектерде аң мен құстың бейнелеріне негізделген сарындар жиі кездеседі — «ит топан», «гуджук изы» — иттің, күшіктің ізі, «жылан изы» — жыланның ізі, «дырнак» — құстың тырнағы. Осы аң-құстың барлығы нәрестенің қорғаушысы болып, одан жын-шайтанды аластатуға тиіс болатын. «Гочак» рәмізі өте кең таралған, ол — арқардың мүйізін тұспалдайтын шиыршық өрнек, элемент түрінде түрікменнің көптеген ою-өрнегіне салынған. Арқар — өте күшті тотемдік жануар, бұл рәміз адамды қорғауға және қуат беруге арналған. Түрікмендердің өрнек салу өнерінде ою-өрнектің түсіне де ерекше мән беріліп, әр түстің ерекше өзіндік рөлі болды: қызыл түс байлықты, көгілдір түс тектілікті білдіретін, сары түс тұмар рөлін атқарды, қошқыл-қызыл мен қоңыр түс құнарлылық пен молшылықты бейнеледі. Саланшақтардың әрқашан осындай алашұбар болғаны таңғаларлық жайт емес — кез келген ана немесе әже осы кілемшеге игі тілектері мен рәміздерін барынша көбірек сыйдыруға тырысты.

Түрікмен кестелеу үлгілері/turkmenportal.com

Түрікмен кестелеу үлгілері/turkmenportal.com

Материалдардың маңызы өте зор. Кейінгі кезге дейін шеберлер саланшақ жасау үшін киелі «дагдан» ағашынан (Celtis caucásica) жасалған аспаптарды ғана пайдаланған, түрікмендер одан әлі күнге дейін кез келген базарда немесе туристерге арналған дүкенде кездестіруге болатын бойтұмарларды жасайды.

1 / 3

Анасы немесе әжесі бесікті тербеткенде қолданатын ала жіпке немесе «алляджаға» міндетті түрде тікенекті түйе жүнінен жасалған ерекше қалың тұмар жіп қоса иірілетін, сонда бесікке өрмелеп мінгісі келетін кез келген ұсақ жын-шайтанның көзге көрінбейтін денесін қатқыл жүн түйреп, қорқып қашып кетуге тиіс болатын. Баудың қара мен ақ жіп араластырылып тоқылуының өзі-ақ нәрестені жаман көзден қорғаудың бір тәсілі еді. Нәрестенің жастығының астына тұмар ретінде металдан жасалған заттар мен бір кесек нан қойылатын, себебі металл мен нан күшті бойтұмарлар болып саналды — металл табиғаттың дүлей күштерден қорғауға арналатын, ал нан болса, нанымға сәйкес сәбидің ұйқысының тыныш болып, түсіне қорқынышты нәрселердің кірмеуіне ықпалдасатын. Бесіктің жан-жағына қосымша тұмарлар ілінетін: көбінесе ала моншақ, күміс қоңырау, құстың қауырсыны.

Түрікмен киіз үйінің ішкі бұйымдары мен саланшақ/turkmen.ru

Түрікмен киіз үйінің ішкі бұйымдары мен саланшақ/turkmen.ru

Түрікмен әйелдері бесікті тербеткен кезде нәрестелеріне хувди («hüwdi») әуенін әндететін, оның атауы «хувва-хув, хейя-хей» деген қайырмасынан шыққан. Хувдидің мына бір шумағында саланшақ атауы айтылады:

Allan-allan alaýyn,

Sallançaga salaýyn,

Saňa gelen belany

Daga, daşa ýollaýyni«Алан-алан алайын, саланшаққа салайын, саған келген пәлені тау мен тасқа қуайын»

Түрікмен кестелеу өнері/turkmenportal.com

Түрікмен кестелеу өнері/turkmenportal.com

Қазіргі уақытта түрікменнің көптеген үйлерінен саланшақты көруге болады, бірақ бүгінде оның түр-түсі 19-ғасырдағыдан өзгеше. Түрікмендердің көпшілігі киіз үйлерден қазіргі заманғы үйлерге көшті, сондықтан саланшақты қабырғаға ілу сиреп барады, себебі бұл тұрмыста ыңғайлы емес. Қазір саланшақты ілуге арналған арнайы құрылмалар бар, әдетте ол ақ түске боялған металл қаңқа, оның дизайнынан Күн мен өсімдік негізіндегі сол бұрынғы тұмарлық рәміздерді байқауға болады. Бөстектің өзі де қазір көбінесе ақ түсті болып келеді, кейде ол жарқын бояулы ою-өрнекпен, айшықты гүлдермен және Күн мен Жердің рәміздері — шеңберлермен, шаршылармен және үшбұрыштармен безендіріледі.

Заманауи саланшақ/turkmenistan.gov.tm

Заманауи саланшақ/turkmenistan.gov.tm

Қазіргі заманғы саланшақта бесік тербетуге арналған алабажақ бау да сақталған, енді ол міндетті түрде ала жіп емес, түрлі түсті болуы да мүмкін. Түрікмендер әлі күнге дейін нәрестенің тууына орай сыйға саланшақ тартады, бірақ, өкінішке орай, қазір бұл бесіктер көбінесе фабрикада жасап шығарылады, ежелгі кәсіпшілік біртіндеп тарихтың еншісіне айналып барады, ал көне кілемше бесіктерді көп пәтерлі үйлердің балаларға арналған бөлмесінен гөрі этнографиялық мұражайлардан табу оңай.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

Людмила Береснева. Түрікмен кілемінің сиқыры. «Антиквариат, өнер туындылары және коллекцияға жиналатын заттар», № 39 (2006).

Екатерина Савушкина

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы