Поп, миссионер, тыңшы
Қазақ баспасөзі 1925 жылы не туралы жазған
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін, тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
«Өткенге иман, қалғанға береке берсін»
1925 жылы Совет өкіметі Қазақ даласына билігін орнатқан кезде көптеген қазақ зиялылары өздерінің қашанда патша билігі жау болған, еңбекші халықтың мүддесін қорғадым деп кеудесін соққан. Күлкілі фельетон авторы мұны келемеждеп, сол заманға тән пародия жасайды:
«1902 жылдан бастап 1907 жылға дейін Николайдың миссионері (Қазақты шоқындырушы) болдым. Қазақты шоқындыра алмаған соң, Николайдың қызметін тастап, үш жылдай өз еркіммен «Поп» боп жүрдім. Ол да көңіліме жақпады. Содан кейін ахранкеде 2 жыл қызмет еттім. Патша үкіметіне сенімсіз болғандықтан содан былай кейде цензур, кейде тыңшы болып Қазаққа қызмет сіңірдім.
Енді стажымды есептеп отырсам, 1905 жылдан бері Коммунист екенмін!».
«Шаншар» — сатира журналы, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы — «Ақ жол» газетіне қосымша ретінде 1925 жылы Ташкентте шыққан. Жалғыз нөмірі жарық көрген. Бұл жалғыз нөмірінің өзі екі рет басылыпты. Біріншісі сары қағазға 3000 тиражбен, екіншісі түрлі түсті, ақ қағазда 6700 тиражбен жарық көрген. Екеуінің мазмұнында біраз айырмашылық бар. Журнал сатираларында жеңіл сын, нанымсыз әрекеттерді сөз ету жайттары да байқалады.