1895 жылғы жаңа жылдық құттықтау

«Дала уәлаяты газетіндегі» қазақ оқырманның тілегі

В.В. Сапожников. Киіз үйдің іргесіндегі сәнді киінген бүркітші. Марқакөл. Семей облысы, 1895 жыл/Library of Congress

19-ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде

газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да

жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды.

Дегенмен осы кезеңнің қазақтан шыққан зиялы қауым ағартушылық қызметті

белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси,

көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды.

Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділерімен

танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.

Жаңа жыл соңғы жүз жылдай уақыт ішінде Қазақстандағы ең маңызды отбасылық мерекелердің біріне айналды. Алайда қазақтар бұл мейрамды азды-көпті жаппай атап өтуді тек 20-ғасырдың ортасында бастаған еді. Ол кезде кеңес билігі христиандық Рождествоға балама ретінде халыққа осы Жаңа жылды тықпалап, күштеп таңуды қолға алған болатын. Алайда жекелеген қазақтардың Жаңа жылмен құттықтауы бұдан ертерек, тіпті сонау 1895 жылдың өзінде кездескен екен. Бұған «Дала уәлаяты газетінің» Даубай есімді қазақтың ізгі тілегін жариялаған жаңа жылдық нөмірі (№1, 1895 жыл) дәлел:

Жаңа жылды құттықтағаны

Қазақтар, рұқсат етсеңіздер, сізлердің жаңа жылыңыз құтты болсын деп айтпақпын, сізлердің баршаларыңыздың бақытты, ырысты болмағыңызды біз бар көңілімізден дұға қылып тілеп тұрамыз. Көп жылдар, көп айлар, уа көп күнлерге Алла Тағала бала-шағаңызды, мал-басыңызды аман-есен сақтап, ырыс-нәсіп бұйырып тұрсын. Әрқашан болса да Алла Тағала сізлердің дұғаларыңызды, тілектеріңізді қабыл қылып, ақ жолға салып, бәле-жаладан, жын-шайтаннан сақтап тұрсын. Жаңа жылыңыз тоқ, ырыс-нәсіпті, тыныш һәм жал шайнап, құрт жеп, қымыз ішіп, бет-ауызы майға батып жүрсін.

Үйде ұры, өтірік болмай, науқас-сырқау болмай, адамларыңыздың бәрі бірге тойып, бірге өскен кісідей болып тату жүрсін. Күн сайын үйің күлкі, той, мереке, бәйгеге толып, таң атқаннан кешке шейін жас адамдары күліп-ойнап, сауық салып, өлең айтып жүрсін.

Келер жазымыз жаңбырлы болып, шалған шөп кісі бойы болып өсіп, малыңыз семіз болсын. Бұл көрген Жаңа жылыңызда Құдай тағала, пайғамбар, әулиелер һәм ата-бабаңыз барша істеген істеріңізге рыза болып тұрсын. Әмин!

Жазушы қазақ Даубай

«Дала уәлаятының газеті»/ашық дереккөзден

«Дала уәлаятының газеті»/ашық дереккөзден

«Дала уәлаяты газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы