1976 жылмен қоштасу

Опера әншісі Жұлдыз Баймолдинаның хаты

«Казахстанская правданы»/Qalam

19-ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды.

Дегенмен осы кезеңнің қазақтан шыққан зиялы қауым ағартушылық қызметті белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси, көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды. Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділерімен танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.

Осыған дейін біз юлиан, артынша григориан Жаңа жылы Қазақстанға Ресей империясының және негізінен кеңестік идеологияның ықпалымен келгенін айтқан едік. Кеңес дәуірінде одақтық және республикалық газеттер арнайы жаңа жылдық нөмір шығаруды дәстүрге айналдырды. Олардың мазмұны бір сарынды болды және партияны мадақтаудан, ел басшылығының құттықтауынан, социалистік құрылымның шаруашылық табысы мен келер жылға қойылған мақсатты санамалаудан, сонымен қатар «қарапайым» коммунистердің, республикалық зиялы қауым өкілдері мен өнер қайраткерлерінің хатын жариялаудан әрі аспады.

Мәселен, «Казахстанская правданың» 1977 жылғы Жаңа жылдық нөмірінен Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, танымал опера әншісі Жұлдыз Баймолдинаның хатын оқуға болады. Мұнда әнші өткен жылмен қоштасып, өзінің шығармашылық жетістіктері туралы айтып берген екен. Ұлы Отан соғысының қаһарманы Әбілқайыр Баймолдин — Жұлдыз Баймолдинаның әкесі. Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы Мәншүк Мәметова осы Әбілқайыр Баймолдин басқарған әскери құрылымда болған. Ал Жұлдыз Баймолдина Миланның «Ла Скала» театрында ән салған алғашқы қазақ қызы болды.

Өткен жылмен қоштасу

Аяқталып келе жатқан жылмен қоштаса отырып, өткеніңді саралап, жақсы істерге қарап бағалау — ескіден келе жатқан жақсы дәстүр. Өткен жылдың бақытты сәттерге толы болғанын айтсаңызшы! Соның ішінде жүректің түбінде орын алған ең бір жарқыны — маған және менің жолдастарыма өз көзімізбен көру бақыты бұйырған Целиноградтағы диқаншылар мерекесі болды.

Шығармашылық жолымда өткен жыл екі премьерамен есте қалады. Бұл аса күрделі екі партия еді: Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сара және Вердидің «Травиатасындағы» Виолетта. Әрқайсысы жанымның бір бөлшегіне айналды және сөзбен айтып жеткізе алмайтын қымбат дүние сыйлады. Өткен жыл менің шағын еңбегімің жоғары бағаланғанымен де есте қалды: басқа жас актерлермен бірге мен де Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағына лайық деп танылдым. Өнер адамдарына тән қасиет — ырымшылдық менде де аздап бар секілді, сондықтан арманымды ашық айтудан «қорқамын». Дегенмен жеткізе отырайын: ең асқақ арманым — Жаңа жылда Алматы тұрғындары мен қонақтарына арнап Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсындағы Марфаның партиясын орындап беру.

Жұлдыз Баймолдина,

Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі

«Казахстанская правданы»/Qalam

«Казахстанская правданы»/Qalam

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы