Алматыдағы зілзала
Сейсмометрдің болмауы және жұрттың алаңы
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін үзінділерді ұсынамыз.
Алматы және оның төңірегі жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан. Бұл бұрыннан белгілі және қазақ тілінде араб тілінен енген зілзала (жер сілкінісі) сөзінің де кез келген сипаттағы апаттар мен катаклизмдер мағынасында қолданылуы ғажап емес. Қалада 1887 және 1889 жылдары ауқымды және жойқын жер сілкінісі болып, қала тұрғындары 1911 жылды ең күшті «Кемін жер сілкінісімен» (4 қаңтар) қарсы алды, ол жүздеген үйді қиратып, ондаған адамның жанын жалмады. Сол жылы жер асты дүмпулерінің көп болғаны соншалық, адамдар шамалы жер асты дүмпулеріне мән берместен қалыпты жағдай ретінде қарады. Бұл туралы «Семиреченские областные ведомости» газетінің №76 (1911 ж.) санында былай деп жазған:
Зілзала
Аз күндерден бері жер тез-тез сілкіне бастады. Үшбу газеттің 69-нөмірінде, 26-мартта 6 дәреже қуатында зілзала болғанын жазған едік, сол күннен соң жердің сілкінісі білінді. 27-март түнде сағат 2 жарымда, 29 мартта 11 сағат 15 минутында, 1-апрелде 4 сағат 30 минут, 2-апрельде күндіз екі мәртебе, ақыры 3-апрелде күндіз мұның ішінде қаттырақ болғаны (4-дәрежеде) үшін ауырлады.
Пржевал үйезiнде Байсауырындан хабарларға көрі онда һәм зілзала тез-тез бола бастаған. Екі айдан бері тыныштап әуелгі қалпына түсе бастаған. Халыққа қазір соңғы сілкінулерден бері қайтадан қорқыныш пайда бола бастады.
Ибраһим Жайнақов
«Семиреченские областные ведомости» газеті Алматыда 1870 жылдан бастап аптасына бір, ал 1884–1918 жылдар аралығында жетісіне екі мәрте шығып тұрған. Бұл өлкенің басты баспасөзі болған. Аталған газетте әлем жаңалықтары, жергілікті оқиғалар, қылмыстық хроника, жарнамалар мен хабарландырулар басылған. Газет қос тілде шыққан және қазақ тіліндегі нұсқасының мазмұны орыс тіліндегі нұсқасынан айрықшаланған және ол «Түземдік бөлім» деп аталған.