Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары

Аққу Жүрек

Марфуға Айтқожинаның өлеңі

Qalam редакциясы

Ағартушылық пафосына орай Qalam әлемді түсіндіруді тырысады, сондықтан осы жерде қарастырылып жатқан әрбір тарихи я мәдени құбылыс сан алуан қосымша ақпаратпен ұштастырылған. Бірақ бұл айдардың артық сөз бен әдеттегі түсіндірмелерден ада болуын қаладық. Алдарыңызда біз үшін кейбірде аса ерекше сұлу көрінетін, аты затына сай, заманы мен елі бөлек өлеңдердің үзінділері. Осыған ұқсас мәселе жайлы бір замандас лириктің айтқанындай, бұл түсіндіруді талап етпейді, бәлкім, бұл тіпті қанымызға сіңген дүние.

Қайран ғұмыр, өтсе де қиналып күн,

Аққу жүрек!

Жырлармен сырланыпсың.

Айналмайды бұл өмір енді мұңға,

Таң арайлап атқанда,

Нұрланып шың!

Аққу арман, кіршіксіз,

Аққу жүрек,

Алауланып, қиялмен баттың жүдеп.

Алатауда астасып аспанменен,

Аппақ сезім,

Ақ үміт, жатсын түлеп!

Айдындағы сыңғырлы аққу үндер,

Сезіміне тербеліп жатты гүлдер.

Тебіреніп, тəкаппар –

Тағдырына,

Таңырқана таңдайын

Қақты кімдер?!

Құрығынан құтылған қиянаттың,

Көкірекке,

Көп арман, ұялапсың.

Көк шыңынан көк таудың ойға батып,

Көкжиектен барады,

Қиялап күн!

Таң арайлап, алаулап батты күндер,

Алауынан бақытын тапты кімдер?!

Жалбарынып,

Жалғыз-ақ сұрайтыным,

Жырларыма,

Аққудың пəктігін бер!

Марфуға Айтқожина — қазақ ақыны, аудармашы, журналист. 1936 жылы Құлжа (ҚХР) қаласында дүниеге келген. 1958 жылы КСРО-ға қоныс аударған. 1962 жылдан бастап көптеген жыр жинақтары жарық көрді. Түрік, моңғол, орыс және араб ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы