Соңғы 4000 жылдың ішінде Сирияны жаулап алғысы келмеген әмірші кемде-кем. Тарихтағы тұңғыш император Саргон да, Александр Македонский де, моңғол ханы Құлағу да бұл аймақта бағындырғысы келіп тырысып бақты. Қазір куә боп отырғанымыз да — осы қатардағы оқиға.
1260 жылдың қыркүйек айында қазіргі Израиль аумағындағы Айн-Жалут бұлағының маңында орта ғасырлар тарихындағы айрықша маңызы бар шайқастардың бірі өтті. Ол Таяу Шығыстың ғана емес, бүкіл Моңғол империясының тарихын біржолата өзгертіп жіберді: шайқас нәтижесі Шыңғыс хан негізін қалаған алып мемлекеттің оқшаулана бастауына, сәйкесінше Жошы ұлысының өзіне тән өзгеше бағытта қалыптасуына алып келді, салдарынан екі ғасыр шамасында уақыт өткен соң Қазақ хандығы пайда болды. Бір қызығы, бұлақ басындағы шайқаста Орталық Азиядан шыққан екі ірі тарихи тұлға бір-біріне қарсы тұрды — бұл көп ұзамай Мысыр мен Сирия сұлтаны атанатын мәмлүк әмірі Бейбарыс және моңғол әскеріндегі найман қолбасы Кетбұға еді. Қазақ оқырманы екеуін де жақсы біледі: олар жайлы дастанымыз да бар, кино да түсірдік. Дегенмен Айн-Жалут шайқасында Бейбарыс пен Кетбұға Сирия үшін таласқан болатын. Ақыры аймақ мәмлүктердің қол астына өтті. Ал моңғолдар ұзақ уақыт бойы оны қайтарып алмақ болып әуреленді.
Бұдан аз ғана уақыт бұрын Шыңғыс ханның немересі, өз атымен аталған династияның негізін қалаған (оны Елхан мемлекеті деп те білеміз) Құлағу моңғол әскерін бастап сириялық Хама және Хомс қалаларын, сондай-ақ Алеппо мен Дамаскты басып алады. Осылайша моңғолдар Алеппоны астана еткен, Иран мен Ирақтан бастап Мысыр мен Ливияға дейінгі аралықты алып жатқан, бір кездері ұлы империя болған Айюб әулетін құлатты.
Салах әд-Дин һәм Сирия
Айюб династиясының негізін қалаған адам — Салах әд-Дин. Оны кей адам Ридли Скоттың «Аспан патшалығы» атты эпикалық драмасынан біледі. Фильмде күрдтен шыққан сабырлы қолбасшының 1187 жылы крест жорығы әскерінен Иерусалимді тартып алғаны көрсетіледі. Бұл оқиға Бірінші Иерусалим корольдігінің құлауына, ізінше Үшінші крест жорығының басталуына алып келді.
Сүннит дәстүрін жалғыз хақ жол деп білген Салах әд-Дин Мысырға барып, Мұхаммед пайғамбар қызының құрметіне аталған Фатимидтер династиясының ең соңғы шиит-исмаил халифіне қызметке тұрады. Аз ғана уақыт ішінде ол беделді сириялық қолбасшыларға сүйеніп, уәзір мәртебесіне қол жеткізді, халифтің саяси ықпалын шектеуден танбады, жүйелі түрде елдегі шиизмнің аясын тарылтып, сүннизмді таратумен болды. Ақыры билеуші деген атағы қағаз бетінде ғана қалған халиф өлген соң Салах әд-Дин өзін «Мысырдың сұлтаны» деп жариялады. Көп ұзамай оның назары Сирияға ауды.
Салах әд-Дин Сирияның көп бөлігін тегі түркі Зангид әулетінен тартып алады. Бұл династия Мосул, Алеппо және Дамаскідегі Атабектер мемлекеті деген атаумен белгілі. Сирия жауланған соң Аббасид халифі әл-Мұстадидің өзі Салах әд-Динге «Мысыр һәм Сирия сұлтаны» деген атақ береді.
Арада жылдар өткенде мәмлүк сұлтаны Бейбарыс осы атаққа көз салады. Ол Айюб әулетінің Мысыр мен Сириядағы соңғы билеушісі болған Тұран шахты өз қолымен өлтіреді. Бұл ретте Қыпшақ даласында туған тегі түркі құл-жауынгерлерді, яғни мәмлүктерді қолдап, оларды Мысырдағы әскери элита қатарына қосып отырған осы Айюб әулеті болғанын айта кету керек.
20 ғасырдағы Сирия
Осыдан соң Мысырдағы билік Мәмлүк сұлтанының қолына өтті. Алайда 16 ғасырдың басында «Жауыз» (түр. Yavuz) деген атпен танымал осман сұлтаны Селім мәмлүктерден алдымен Сирияны, артынша Мысырды тартып алып, кезекті рет бұл екі аймақты біріктіріп жібереді. Содан болар, 1958–1961 жылдар аралығында Сирия мен Мысырдың Біріккен Араб Республикасы деген біртұтас мемлекетті құрғаны аса таңғалдыра қоймайды. Бірақ 1961 жылы Сирияда мемлекеттік төңкеріс болады: ел бұл одақтан бөлініп шығып, Сирия Араб Республикасына айналады. Екі жыл өткен соң, яғни 1963 жылдың 8 наурызында алавиттік үш жас офицер ұйымдастырған әскери төңкеріс бұрқ ете қалды (иә, алавиттер мемлекет халқының 10 пайыздан ғана астам бөлігін құрайтынына қарамастан бұл мүмкін болды). Үшеудің ішінде ең жасы және дәреже тұрғысынан төмен тұрғаны 32 жастағы Хафиз Асад болатын. Жеті жыл өткен соң осы Хафиз бір кезде бір қатарда болған серіктестерін биліктен тайдырады. Бұл келесі 54 жыл бойы елді тек Асад әулетінен шыққандар билеуіне алып келді. Мұның ақыры Хафиздің ұлы Башар алдымен елде қанға бөккен режим орнатуымен, кейін ол режимнің бар болғаны он бір күн ішінде құлауымен аяқталды.
Сан түрлі билеуші мен идеологияның ауысуы, шегараның ұдайы өзгеріп отыруы, этникалық, діни және тіл алуандығы, жақын маңда пайда болған империялардың елді қайта-қайта жаулап алуға тырысуы — бұл Сирияның соңғы 4000 жылдағы тарихы үшін қалыпты дерлік жағдай. Елде тек саяси режимдер емес, бүтіндей өркениеттер алмасып келді. Бір ғана Дамаскінің өзі ондаған рет қолдан-қолға өтіп отырды.
Ежелгі Сирия
Біздің заманымызға дейінгі 3 мыңжылдықта адамзат тарихындағы тұңғыш империяның негізін қалаған Аккадтан шыққан Саргон Сирияны жаулап алу үшін төрт рет жорық жүргізді. Ал б.з.д. 2 мыңжылдықтан бастап Сирияның қазіргі аумағы ежелгі дәуірдегі Вавилон, Ассирия, Мысыр, Парсы секілді ұлы империялардың күрес алаңына айналды. Шамамен 3000 жыл бұрын Ассирия патшалығы Сирияны тізе бүктіріп, бүтіндей үш ғасыр бойы билеп-төстеді. Аймақтың «Сирия» деген грекше атауы да осы кезде пайда болған еді. Бұдан соң өңір Вавилония шапқыншылығына ұшырады, бірақ бұл патшалық көп ұзамай парсылардан жеңілді. Парсыларды өз кезегінде Ескендір Зұлқарнайынның әскері қуып шықты. Ал Ескендір өліп, оның империясы құлағанда, Сирия гректердің Селевкидтер әулетінің қолында қалды, алайда кейін аймақты римдіктер жаулап алды. Екі арада, яғни гректер кетіп, римдіктер келгенше, Сирияның Тигран I билеген Армян патшалығының бір бөлігі болғанын да айта кету керек.
Киелі кітаптағы Сирия
Сирия семит тайпалары жайлаған тарихи аймақ Ханаанға да кірді. Финикиялық өркениет осында пайда болып, қала-мемлекеттерді дамытты, ал олардың басты орталықтары қазіргі бізге белгілі Алеппо мен Пальмира болды.
Сириядан бөлек Ханааның құрамына қазіргі Израиль, Иордания, Ливан және Палестина кірді. Киелі кітаптағы «Уәде етілген жер», яғни израильдіктердің Мысырдан шығып баратын тарихи отаны осы Ханаанда деп саналады. Израильдіктердің Ханаанды жаулап ала бастауы және өңірдің тағы бір халқы — филистимдіктермен үздіксіз күреске түсуі осылай басталды. Ханааның біз білетін тағы бір тарихи атауы Палестина осы филистимдіктерден мұра ретінде қалған еді.
Сирия және Араб халифаты
Шамамен сол уақыттан бастап дін аймақтағы қақтығыстарда маңызды рөл атқара бастады және «қасиетті соғыстар» дәуірін бастап берді. Содан бері Сирия Крест жорықтарының, тақуа адам не, керісінше, хақ жолдан тайды деп саналған халифтер күресінің, дінаралық және сектааралық соғыстардың қиысқан тұсында қалып келеді. Ерте христиандық кезеңнің өзінде Сирия монофизиттік пен бейхалкидондық түрлі ағымды қоса алғандағы балама христиандықтың орталығына айналды. Ал Сириядан шыққан Несторийдің ілімі «дінбұзар» деп танылды, оған тыйым салынды, бірақ несториандық Орталық Азияда таралды. Айтпақшы, жоғарыда аталған найман қолбасы Кетбұға осы дінді ұстанған еді.
Сирия мұсылман әлемінің қақ жарылуында да шешуші рөл ойнады. Әділетті халифтердің төртіншісі Әли өлген соң билік үшін қанды соғыс басталды. Онда Сириядағы билік өкілі Муавия жеңіп шықты (астанасын Дамаск еткен Умәйя халифатының негізін қалаған Муавия болатын). Ал Әлидің ізін жалғастырушылар көпшілік мұсылманнан бөлініп шығады. «Сүннитер» (бірігуді қалайтындар) мен «шииттер» (Әлидің жолын жалғастырушылар) осылай пайда болды. Аты айтып тұрғандай, алавиттер (Асад әулеті осы топқа кіреді) шииттерге жақын, алайда салт-жоралғыларда алкоголь ішуі, реинкарнация мен үшбірлік құдайға сенуі және тағы басқа дүниелер олардың исламға кіретініне әлі күнге күмән тудырып келеді.
Сирия екі дүниежүзілік соғыс аралығында
Жоғарыда айтылғанның бәріне Сирияның 400 жыл бойы Осман империясының провинциясы болғанын, бұдан туындайтын барша саяси һәм демографиялық процестердің ықпалына ұшырағанын, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тәуелсіздік алсақ деген үмітпен османдарға қарсы жүрген Араб көтерілісіне қатысқанын, ақыры Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанша Францияның мандатпен басқарылатын колониясына айналғанын қоссақ, бұл елде бейбіт те тыныш өмір тудыратын жағдайдың бола қоймағанын аңғарамыз. Оның үстіне франк-британдық Сайкс-Пико құпия келісімінің ұлттық, діни және тілдік ерекшелерді ескермей, бұрынғы Осман империясына қарасты провинциялар шегарасын (арасында Сирия да бар) өз қалауынша жүргізе салғаны да мемлекеттегі қазір біз куә боп отырған көптеген дау-жанжалдың ушығуына себеп болды. Осы аралықта «Баас» атты панарабтық социалистік партия да құрылып үлгерді. Ол Хафиз Асад режимінің идеологиялық негізіне айналды, ал Қырғи-қабақ соғыс кезінде Сирияның Кеңес Одағымен жақындасуына себеп болды. Бұл эстафетаны кейін Ресей Федерациясы іліп әкеткен болатын.