19-ғасырдың екінші жартысы мен 20-ғасыр басы қазақ қоғамына оңай тимеді. Себебі екі империяның таласына түскен қазақ даласын Бірінші дүниежүзілік cоғыстың жалыны шарпып, іле-шала ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ етті. Одан кейінгі Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы да халықты есеңгіретіп жіберді. Алайда осындай күрделі жағдай барысында әуелі Ресей империясының отарындағы, кейін Кеңес билігі үстемдік еткен Қазақстанның тағдыры Қытайдың Шыңжаң өлкесімен тығыз байланысты болды. Осы ретте 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытай асқан қазақтардың тағдыры қандай болды және Қазақстан мен Шыңжаңның өлкеаралық қатынастары қалай өрбіді?
Профессор Нәбижан Мұқаметханұлы арнайы курстың соңғы бөлімінде екі өлке арасындағы әскери-саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды саралап, Қытайдағы қазақтардың тағдырына үңіліп көрді.
Қытайға бағыт алған Ресей мүддесі
19-ғасыр басында Ресей империясы қазақ даласын отарлау саясатын үдетіп, Қытайдың Шыңжаң өлкесімен байланыс орнатуға құлшынды. Осының әсерімен орыс саудагерлері Іле мен Тарбағатай базарларына ұдайы келіп-кетіп, сауда жасап жүрген қазақтардың орнын бастыiЛи Шэн. Қазақстан және оның Қытай Шыңжаңымен қарым-қатынасы. — Harbin: Hilungjiang jiaoyu chubanshe, 2004. – 245-б. . Қазақтардың Шыңжаңның сыртқы саудасындағы үлесі азая берді.

Николай Каразин. Бұқтырма әскери балық аулау кәсіпшілігі қараушысының Қытай амбанын қарсы алу рәсімі, 1891 жыл / Wikimedia Commons
1807 жылдан бастап Ресей Шыңжаңға өз сауда керуендерін жолдай бастады, ал қос державаның экономикалық қатынастары ресми түрде жарты ғасырдан кейін, 1851 жылғы Құлжа келісімінде бекітілді. Ресей саудасы үшін бұл өлкедегі негізгі орталықтар Құлжа мен Шәуешек еді.

Ресей офицері отбасымен қазақтар ортасында. 1885–1886 жылдар / Getty Images
Құлжа келісімінен кейін үш жыл ішінде Ресейдің Шыңжаңға экспорты төрт есе өстіiАлдабек Н.Ә. Тарихы талқыға толы Шыңжаң (XVIII ғ. 1949 ж.). — Алматы: Қазақ университеті, 2024. – 166-б.. Қазақтармен арадағы сауда саясаты негізінде Цин империясы ресейлік саудагерлерге де Құлжа мен Тарбағатайда (Шәуешекте) салық салмады. Осылайша, патшалық Ресей Қазақстан аумағы арқылы Шыңжаң өлкесімен сауда-саттығын жандандырып, өзге мақсаттарда да барыс-келіс жасады. Соның бір мысалы ретінде Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы тамызда Құлжаға және 1858 жылы қазанда Қашғарға жасаған сапарын айтуға болады.

Шоқан Уәлиханов. Қашғар әйелдерінің киімі, 1858 жыл / https://shoqan.kz/
Шекараның бөлінуі
1864 жылы қазан айында Шәуешек қаласында «Қытай мен Ресейдің солтүстік-батыс шекараны делимитациялау келісіміне» қол қойылып, екі жақтың мемлекеттік шекарасының негізгі сызығы анықталды. Осыдан әрі қос империя шекараның екі жағындағы қазақтардың қарым-қатынасын бақылап, басқаруға тырыстыiМұқаметханұлы Н. Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі. — Алматы: Қазақ университеті, 2021. – 137–138 бб. . Алайда Қытай мен Ресей қазақтары шекараның кез келген тұсынан кез келген уақытта өтіп, бір-біріне қыдырып барып-келіп тұрды, ол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмады.
1910 жылы Шыңжаңның дипломатия зерттеу институты жүргізген деректерінде шыңжаңдық ұйғыр, дүнген, моңғол мен қазақтар арасында Қазақстанға барып жұмыс істеушілер көп болғаны айтыладыiШэн Юйньлин, Вэй Чанхун. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алды-артында Орталық Азияда болған Хуацияолар жөнінде зерттеу // Батыс өңірді зерттеу (Xiyu yanjiu). – 1999, №46. – 53-б. . Шыңжаң губернаторы Ян Цзэнсиньнің мына жазбасы сөзімізді дәйектейді:
«Орталық Азияда жүрген хуацяолардыңiхуацяо — шетелде жүрген қытай азаматы немесе диаспорасы көбі қазақ, дүнген және ұйғырлар»i
Шэн Юйньлин, Вэй Чанхун. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алды-артында Орталық Азияда болған Хуацияолар жөнінде зерттеу // Батыс өңірді зерттеу (Xiyu yanjiu). – 1999, №46. – 53-б. .
Ал Ресей азаматтығындағы қазақтар мен басқа ұлт өкілдері Шыңжаңның Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарына барып сауда жасайтын.
Осы тақырып бойынша тағы
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: ИМПЕРИЯДАН КЕҢЕС ӨКІМЕТІНЕ ӨТКЕН АЙМАҚ
Тарихшы Адиб Халид отарлаушылар мұрасы мен мифтер Орталық Азияға деген көзқарасты бұрмалап жатқаны жөнінде не дейді?
Шекараның екі жағында қалған қазақтар арасында жесір, қалыңмал дауы, барымта мен ұрлық-қарлық секілді келеңсіздіктер болып тұратын. Мысалы, 1883 жылдың 25 қаңтарында Цин ордасына жіберілген мәліметте былай жазылған:
«Ресейдің бастарын матамен ораған қазақтары шекарадағы қарауылдарымызды қайта-қайта тонады. Олар жылқы фермасына ендеп кіріп, көп жылқымызды барымталап кетті».
Соған орай шыққан патша жарлығында барлық жағдайға байланысты кінәлілерге жауапкершілік қарастырылатыны айтылғанiЦин патшалығы Дэзун патшаның орда күнделіктері (清德宗实录). 158 т., – 12-б.; Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты (新疆民族研究所). Цин күнделіктеріндегі Шыңжаңға қатысты материалдар жинағы (清实录新疆资料辑录 — Qingshilu Xinjiang ziliao jilu). — Үрімжі: Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты, 1978. 12-кітап, 5459-б. .
Қызығы, Ресей және Қытай билігі қазақтар арасында туындаған мәселені шешуді екі елдегі қазақ билеріне тапсырады. Қазақ билері съезд сотын өткізіп, барлық арыз-шағымды қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары негізінде қарайдыiЛи Шэн. Қытай-Ресей съездерін зерттеу // Шыңжаң қоғамдық ғылымдары (Xinjiang shehuikexue — 新疆社会科学). – 1998, № 4. – 68-б. .

Ресей әскері Шыңжаң, Тибет пен Қырғызстан шекарасында, шамамен 1900 жыл / Getty Images
Қытай мен Ресей қазақтарының бірлескен соты отырысы 1871–1911 жылдар аралығында 14 рет (шағын съездерді есептемегенде) өтіп, он мыңдаған арыз-шағым тексеріледі. Соның ішінде неке дауы жалпы істің қырық пайызына тең болған.
Съезд сотына қатысатын екі елдегі қазақ билерінің саны қарайлас еді. Мысалы, Іледе ең алғаш өткен сотқа Ресей қазақтарынан Шаршуаш би, Жәмеңке би бастаған 62 адам барса, Қытай қазақтарынан Бәйеке би бастаған 60 адам қатысады.
Билер әр істе барынша әділ өкім шығарып, екі ел қазақтарының береке-бірлігін нығайтуды көздеген. Кесілген жазаға сай айыпталушы тарап айып төлейтін. Куәгерлердің айтуынша, сот отырысын тыңдауға келген қазақтар «барын киіп, бақанын қолға алып», сән-салтанатпен келеді екен. Мұны жиналысты көзімен көрген қытай қаламгерлерінің жазбасынан анық байқаймыз:
«Съезд соты жиналысына екі елдің қазақтары ең жақсы аттарын сәнді ер-тоқыммен ерттеп мініп, мерекеге киетін киімдерін киіп келеді»iМа Лянның мәлімдемесі (MaLian zousu — 马良奏诉). Гуанши патшаның 18 жылы (1892 ж.), қазанның 29 күні. .
Тіпті 1902 жылы Кегенде өткен сот жиналысынан кейін екі ел қазақтары ат бәйгесін ұйымдастырып, әділ өткен соттың соңын той-думанға ұластырып жібергенiБәйеке би // Шыңжаң қоғамдық ғылымы, 1995, № 3. – 96-б..
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: Қытайға қашқан қазақтар
20-ғасыр басында Қытай мен Ресей қоғамын түбегейлі өзгерістер шарпыды. 1911 жылы Қытайдағы Синхай революциясы Цин империясы билігін төңкеріп тастап, 1912 жылы Қытай Республикасы (Чжунхуа миньго) үкіметі құрылды. Сол жылы Ян Цзэнсинь Шыңжаң провинциясының генерал-губернаторы қызметіне тағайындалды.

Т.Мияно. Революциялық әскердің Нанкинге кіруі. Түсті литография, 1911 жыл. Wellcome Library, London / Wikimedia Commons
1914 жылы жазда Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, Антанта қатарында соғысқа қатысқан патшалық Ресей 1916 жылы үлкен дағдарысқа ұшырады. Күрделі жағдайды өзгерту үшін Ресей патшасы қазақ және басқа да Орталық Азия халықтарынан майдандағы қара жұмысқа әскер алу жөнінде жарлық шығарды.
Осы тақырып бойынша тағы
1916 ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС
Азаматтық соғыстың басталуы және Қазақ даласы мен Жетісудағы отаршылдыққа қарсы наразылық
Бұл жарлыққа қазақтар мен өзге халықтар наразылық танытып, ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ етті. Алайда патшалық Ресей көтерілісшілерді қан-қасап қырғынға ұшыратып, басып-жаныштады. Жетісу өңіріндегі қазақтар Қытай шекарасын бұзып өтіп, Шыңжаң жеріне босып барды.
Сол жылы 300 мыңдай қазақ пен қырғыз Шыңжаңға өткен. Олардың 250 мыңнан астамы қазақтар еді.
Олардың басым көпшілігі Шыңжаңның Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарының шеткері аудандарында бас сауғалады. Қырғыз, ұйғыр және дүнгенмен ере қашқан он мыңдай қазақ Оңтүстік Шыңжаңның Ақсу және Үштұрпан аудандарына босып кетті.
Бұл жағдай Қытай мен Ресей арасындағы дипломатиялық жағдайды шиеленістіріп жібереді. Себебі Шыңжаң өкіметі бой тасалап барған қазақтарды «босқын» емес, «қашқын» деп қабылдайды:
«Қашып келгендерді қыруға да, бағуға да болмайды. Оларға қол ұшын созсақ — жау елдің бүлікшілерін қабылдап алғанмен тең. Егер қырғынға ұшыратсақ, халықаралық дипломатиялық дау-дамайға қаламыз. Сондықтан оларды кері қайтарғаннан басқа жол жоқ»iЯн Цзэнсинь (杨增新) Өткен жылдар жазбаларының толықтамасы (补过斋文牍 — Buguozhaiwendu). 4-жинақ. .
Ал патшалық Ресей шекарадан қашып өткен қазақтарды қытай әскерінің қолымен жоюды көздеп, құрығанда көтеріліс басшыларын өлтіруді немесе оларды тұтқындауды жоспарлайды. Бірақ оған Қытай үкіметі үзілді-кесілді қарсы болады:
«Ресей қазақтары әскерге барудан бас тартқандар, олардың Қытай жеріне келуі — орыс әскерінің жазалауынан бой тасалауы. Бәрінен абзалы — оларды бейбіт жолмен кері қайтару»iЯн Цзэнсинь (杨增新) Өткен жылдар жазбаларының толықтамасы (补过斋文牍 — Buguozhaiwendu). 4-жинақ. .
Осы жолда Қытай дипломатиялық келіссөз арқылы Ресей үкіметін қазақтарға кешірім жасауға көндіруге тырысады. Алайда Ресей консулдықтары түрлі себепті көлденең тартып, оларды қабылдауды кешіктіре береді.

Семен Чуйков. Көтерілісшілердің Қытайға қашуы, 1936 жыл. Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейі
1917 жылы Ресейде Қазан революциясы жеңіске жетіп, большевиктер билігі орнады. Жаңа өкімет Қытайға қашқан қазақтарға кешірім жариялады. 1918 жылдың өзінде-ақ Шыңжаңның солтүстік-батыс аймағына табан тіреген қазақтар белгіленген тәртіппен шекарадан шығарылды.
Шыңжаңның Қашғар аймағына босқан қазақтар кері қайтарда кезінде шарасыздан жергілікті тұрғындарға сатқан ұл-қыздарын, әйелдерін қайтарып алу мәселесін көтерді. Шыңжаң үкіметі бұл талапты қанағаттандырып, оларды Шыңжаңнан Қырғызстанға қарай өтетін шекарадан шығарып саладыiМұқаметханұлы Н. Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі. – 140-б..

Жетісудағы көтеріліске қатысушылар, 1916 жыл / Wikimedia Commons
Жетісу өлкесінен Шыңжаң провинциясына ауған қазақтар ол жақта екі жылдай тұрақтады. Көбі жол азабынан азып-тозып, аштық пен жұқпалы аурудан опат болды. Бірақ Шыңжаң аймағын мекендеген қазақтар қамқорлық көрсетіп, олардың көрген азабын аз да болса азайтқаны ақиқат.
Төңкерістен кейінгі тапшылық пен сауда-саттық
Ресейдегі Қазан революциясы кезінде Шыңжаң үкіметі Қазақстанға өтетін шекара өткелдерін жауып тастаған еді. Ал соғыстан кейін қуаңшылықтың кесірінен Орталық Азияда астық тапшылығы туындап, оған қоса мал шаруашылығы алапат шығынға ұшырады. Бұл жағдай жаңа құрылған Кеңес билігін Қытайдың Шыңжаң өлкесімен сауда байланысын қолға алуға мәжбүрлеген болатын.
1920 жылы Кеңес билігі мен Шыңжаң алғашқы ресми сауда келісіміне қол қояды, ал 1921 жылы Қорғас өткізу пункті ашылып, Шыңжаң мен Қазақстан арасында сауда қатынастары басталады. Көп ұзамай Шыңжаңның Шәуешек, Ақсу және Қашғар қалаларымен де сауда жолға қойылды.

Қоянды жәрмеңкесі / Ашық дереккөздерден
1925 жылы екі тараптың келісімі бойынша Шәуешек, Алтай (Сарсүмбе), Үрімжі және Қашғарда Кеңес одағының консулдығы ашылып, әр консулдықтың жанынан сауда басқармасы құрылады. Сөйтіп, Тарбағатайдан да шекара өткелі ашылады.
Екі жақты сауда-саттық көлемі артып, Шыңжаң мен Қазақстан арасында көтерме сауда базары ашылып, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мысалы, 1925–1927 жылдары Қарқаралы және Қояндыда өткен жәрмеңкелерде қытайлық саудагерлер көптеп сауда жасаған. Ал 1927 жылы Шыңжаңнан Қазақстанға 500 мың қой (1 қой — 13 рубль), 15 мың бас сиыр (1 бас сиыр — 50 рубль), 2–3 млн тонна сиыр мен жылқы терісі (1 тонна — 5 рубль), 2 млн пұт мақта (1 пұт — 16 рубль) және 50 пұт шикі жібек (1 пут — 27,5 рубль) экспортталадыiЧэн Хуэйсың, Чэн Чао (陈慧生,陈超). Миньго Шыңжаң тарихы ( 民国新疆史). — Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1999. – 199-б. .
1933 жылы Шэн Шицай Шыңжаң генерал-губернаторы болып тағайындалды. Ол өзін Компартияға жақын адам ретінде көрсетіп, Кеңес одағының жан-жақты қолдауына ие болады. Бұл, өз кезегінде, екі жақтың сауда байланысын жаңа деңгейге көтереді.
1937 жылы Жапонияның Қытайға шабуылынан соң, ішкі өлкелер мен Шыңжаң арасындағы байланыстар тоқтап қалған-ды. Сол уақыттарда Кеңес одағы Шыңжаңның бірден-бір сауда серіктесіне айналды. Оның үстіне, жапондар Қытайдың солтүстік-шығыс аумағын жаулап алғандықтан, Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы жол Кеңес одағының Қытайға көмек тасымалдайтын бірден-бір халықаралық қатынас жолына айналып шыға келеді. Алайда 1942 жылы Шэн Шицай Гоминьдан үкіметін қолдап, Компартия мен Кеңес одағына қарсы екенін ашық жариялайды. Содан бастап екі тараптың қарым-қатынасы шиеленісіп, сауда-саттық көлемі күрт азаяды.

Шэн Шицай / Wikimedia Commons
1944 жылы Гоминьдан үкіметі Шэн Шицайдың қызметін ауыстырып, оның орнына У Чжунсиньді Шыңжаңға әкелді. Ол «тату дипломатия» саясатын ұстанып, Кеңес одағымен арадағы араздықты бәсеңдеткендей болады. Сол жылы қарашада Құлжада «Шығыс Түркістан уақытша үкіметі» құрылып, Кеңес одағы экономикалық тұрғыдан оны қолдап отырды. Қазақстанның шығысындағы Қорғас, Бақты және Жеменей (Майқапшағай) өткелдері жанынан көтерме сауда базарларын ашып, айырбас сауда-саттық қайта жанданды.
1949 жылы 15 шілдеде «Кеңес одағы мен Шыңжаң сауда келісімі» жасалып, сол жылы жалпы сауда көлемі 72 млн рубльге жетеді. Кеңестік Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы сауда-саттық үкіметтік һәм үкіметтік емес жүйе арқылы реттеліп отырды. Әсіресе жапон шапқыншылығына қарсы соғыс кезінде Кеңес одағының Қытайға жіберген әскери-гуманитарлық көмегі Қазақстан арқылы Шыңжаңға, одан әрі Ланчжоуға жеткізіліп жатты.
КСРО мен Қытай қазақтарының мәдени байланысы
20-ғасыр ортасына дейін Кеңестік Қазақстан мен Шыңжаң арасында әскери, сауда-саттық қана емес, мәдени байланыстар да жүріп жатты. Әсіресе екі елдегі қазақтар арасында білім беру саласында, сондай-ақ әдебиет пен ақпараттық басылымдарды алмасу болды.
Мысалы, 1930 жылдары Шыңжаң үкіметі білім беру саясатын қолға алып, жергілікті ұлттарды оқу-ағарту ісі оң шешімін таба бастады. 1933 жылы генерал-губернатор Шэн Шицай Кеңес одағының ықпалымен қабылдаған бірқатар белсенді саяси бағдарламаны іске қосып, жергілікті ұлттарға ана тілінде білім беретін мектептер көптеп ашылды. Сол мектептерге Қазақстаннан барған қазақ, татар мұғалімдері тартылып, білім беру жүйесінде Қазақстаннан шыққан оқулықтар қолданылды.

Үрімжі, Шыңжаң, 1956 жыл / Getty Images
Шыңжаң мен Кеңес үкіметі білім беру саласында ынтымақтастықты жолға қойып, қазақ, ұйғыр мен басқа ұлт өкілдерінің жастарын Алматы және Ташкенттегі жоғары білім орындарына оқуға жіберіп отырды. Солардың жарқын өкілдерінің бірі — Әсейін Жақсылықұлы. Ол Ташкенттегі Орталық Азия университетін аяқтап, Құлжаға барып, «Білім жұртын» (педучилище, қазіргі Іле педагогикалық университетінің іргетасы) ашып, оны ұзақ жыл басқарды. Сол дәуірдің куәгері Мұқаш Жәкенұлы былай деп еске алады:
«Алтай аймағынан қазақ, ұйғыр және моңғол ұлтынан Кеңес одағына үш мәрте 27 баланы жіберіп оқытқан»iМұқаметханұлы Н. ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үдерісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы. — Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 28-б..
Расында, Қытай қоғамы республикалық дәуірге қадам басқан соң, оқу-ағарту ісін дамытуға көңіл бөлді. Шыңжаң үкіметі жаппай орта білім беруді қолға алды. 1916 жылы Үрімжіде педучилище курсын ашып, бастауыш және толық орта мектеп оқытушыларын дайындады. 1917 жылы Іленің Күре деген (Қорғас) жерінде «Meng-Ha хue tang» (Моңғол-қазақ училищесі) ашты. Сол білім ордасынан Таңжарық Жолдыұлы, Әбеу Құдышұлы, Нүсіпхан Көнбайұлы сынды белгілі тұлғалар тәлім алды.

Киіз үйдің қаңқасы. Үрімжі, Шыңжаң, 1956 жыл. Tom Hutchins / VCG via Getty Images
1920 жылдары Шыңжаң үкіметі Үрімжіде Өлкелік орыс тілі заң мектебін, Өлкелік орта мектебін және Өлкелік педучилище ашып, мемлекет тарапынан қаржыландырды. Соның ішінде Өлкелік орыс тілі заң мектебіне баса көңіл бөлінген-ді. Өлкелік Білім беру комитетінің басшысы Лю Вэнлунның өзі осы мектептің директоры қызметін қосымша атқарды. Өйткені бұл мектеп болашақта Кеңес одағымен жұмыс істейтін, орыс тілін жетік меңгерген дипломат-заңгер мамандарды дайындауға бағытталған-ды. Ресейдің Үрімжідегі Бас консулдығынан білікті мамандарды оқытушылыққа шақырғанынан-ақ аталмыш оқу орнының маңызын аңғарамыз.

Үрімжі, Шыңжаң, 1956 жыл. Tom Hutchins / VCG via Getty Images
Қалай десек те, 20-ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мен Шыңжаңның өлкеаралық байланысы жан-жақты әрі күрделі болды. Себебі сол кездегі Қазақстан мен Шыңжаңның арақатынасы Кеңес одағы мен Қытайдың дипломатиялық байланысы аясында жүрген еді.
Ал Совет билігі Қытайдың Шыңжаң өлкесіне саяси-әскери, сауда-экономикалық және мәдени-рухани бағыттарда басымдық танытып, Шыңжаңның әлеуметтік дамуына, біртұтастығының сақталуына белсенді ықпал етті. Бұл тұрғыда Кеңес одағы мен Қытай арасындағы жан-жақты байланыстарда Қазақстан мен Шыңжаң өлкесінің аса маңызды дәнекерлік рөл атқарғанын атап айту керек.
